• Айтарым бар...
  • 25 Қаңтар, 2019

КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕ МЕ?

Нұрлан ҚҰМАР

немесе балаларымыздың тілі неге өзге тілде шығады?

Қазақстан Республикасындағы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын ақпараттық қолдау және түсіндіру мақсатында көптеген игі істер атқарылып жатқаны белгілі. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясатының нәтижесінде төзімді, толеранттық тілдік орта қалыптасқаны ақиқат қана емес, маңызды саяси-әлеуметтік құндылықтардың бірі болып отыр. Мемлекетіміз егемендігіктен бұрын, 1989 жылдың аяғында Тіл туралы қабылдаған заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген еді. Осылайша тұңғыш рет қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Конституциясының ¬7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі баян етіліп, заңды түрде күшіне енді. Сөйтіп, қазақ тілі дамуының жаңа кезеңі басталған болатын. Осылайша қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені ақиқат. Ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Дегенмен де кемшіліктер аз емес. Мәселен, қазақ тілінде сөйлеуге кейбір жастар әлі күнге дейін именетіні байқалады. Бұл жағдай күнделікті өмірде жиі қайталанып жүргені жасырын емес. Мәселен, қоғамдық көлікте не болмасын жоғары оқу орындарында қазақ жастары бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлеседі. Ол аздай қазіргі жеткіншектеріміз енді халықаралық тіл болып саналатын ағылшын тілінде сөйлеуге жаппай көшуде. Бұл жерде қазақ жастарының еліміздегі «Үш тұғырлы тіл» жобасын әлі толыққанды түсінбейтіндігі аңғарылады. Өйткені, Елбасымыздың өзі әр қазақ баласы бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлесу керектігін, ал, ресми және халықаралық тілде содан кейін меңгеру керектігін атап өткен болатын. Ал, кейбір қазақ отбасында жағдай керісінше болып жатқаны өкінішті-ақ. Ана тілін әлі толық меңгермеген баласына өзге тілді үйретуге келгенде құмар. Осы тұста, А.Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялысының тіл үйренуге қатысты мына пікірін еске түсірген жөн: «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт». Демек, ана тілінің нәрімен сусындап, жалпы тілдік қабілетін жетілдіріп, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланған балаға екінші, үшінші, төртінші тілдерді үйретуге болады. Ал, көзімен көргенін және құлағымен естігенін тілімен жеткізуді үйрене қоймаған, басқаша айтқанда, қалыпқа түсіп үлгермеген балдырғанды бөгде тілді үйренуге, оның заңдылықтарын меңгеруге мәжбүрлеудің ұтымдылығы күмән тудырады. Сондай-ақ орта білім беретін мектептердің өзінде оқушылардың үш тілді бірдей деңгейде меңгеруі де сирек кездесетін жағдай. Мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі, негізінен тілдерді тереңдетіп оқытатын гимназиялар түлектерінде басым деуге болады. Сондай-ақ ауылдық жерлер мен қала мектептеріндегі оқыту бағдарламасы бір болғанымен, шәкірттерінің тілдерді меңгеру дәрежесі әртүрлі екендігі де аян. Мұны жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары да (ҰБТ) дәлелдеп отыр. Сондықтан, қандай мектеп болмасын, ең бірінші кезекте шәкірттерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі, яғни қазақ тілін жетік меңгеруі міндеттелуі тиіс. Ал, одан бөлек, екінші, үшінші тілдерді білу, меңгеру мәселесі адамның болашақ кәсібіне, таңдаған мамандығына сәйкес анықталатыны сөзсіз. Бұдан басқа қазіргі бүлдіршіндердің тілі ағылшынша шығуына интернеттің де ықпалы зор болып тұр. Бұған дәлел, қазіргі балалар «You Tube» көп кіретін болыпты. Тек видео көрсетілімге негізделгендіктен бұл сайт орыс және ағылшын тіліне басымдық береді. Осындай сайттан қандай тәлім-тәрбие алуға болады. Осыған дәлел ретінде әкесі белгілі қазақтілді қаламгер, ал, анасы Қызылорданың Жаңақорған ауданынан шыққан қазақы тәрбие алған отбасын бұрыннан жақсы білемін. Тәрбиесі де, тұрмыс-тірлігі де, отбасында тек таза қазақша сөйлейтін баланың тілі ағылшынша шығады деп ешқайсысы ойламаған болатын. Әкесі «көк деші десе блу» дейтін көрінеді. Бұның себебін таппай, олардың өздері біраз әуре болды. Бір күні ата-анасы баласын ертіп қала ортасына апарып қыдыртыпты. Баласы қайта-қайта «ай уонна айскрим» деп қоймапты. Ағамыз бен жеңгеміз оның не сұрап тұрғанын түсінбей, ақырында «қане, көрсетші» дейді. Баласы балмұздақ сататын дүңгіршікке апарыпты. Сөйтсе, ұлы «мен балмұздақ жегім келіп тұр» деген екен. Ата-анасы үйде бір ауыз өзге тілде сөйлемесе, бала ол сөздерді қайдан үйреніп алған? Жай үйреніп қана қоймай, күнделікті қазақшаның орнына жиі қолданып жүр. Мәнісін зерттеп көрсе, бәріне кінәлі «You Tube» сайты болып шықты. Кезінде «Орыс тілін білмесең, нан жей алмайсың» қағидасын өзгертіп, қазақ тілінің мәртебесін асқақтату керек. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдан оқуға келген ағаларымыз бен әпкелеріміз қаламаса да, орысшаны әйтеуір үйренді ғой. Сол кездің талабы мықты болды. Кеңестік дәуір өтті. Ендігі кезекте тілімізді тиісті дәрежесінде қолдансақ нұр үстіне нұр. Қоғамымызда бағдарламалық бағыт ұстаған «Рухани жаңғыру» ғасырлар бойы езіліп келген ұлттық тілге деген сананы жаңғыртудан бастау алуы қажет. Ұлттық сана мен рухтың күші орасан, оның алмайтын қамалы жоқ, шығар биігі асқар. Қазақ тілі мемлекетімізде өзінің басты орнын ала алмай келеді. Ана тілінің тұғырына көтерілуі үшін бір емес бірнеше жыл керек. Ол үшін көптеген заңдарды жаңадан қарастырып, өзгертулер енгізілсе, қазақ тілін оқып, үйренудің талаптарын күшейтсе, тілге деген құрмет те күшейер еді. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер пайда болды. Көш жүре келе түзеледі демей ме, алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі жақсаратынына сенімдіміз.

911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы