• Әдебиет әлемі
  • 25 Қаңтар, 2019

Біле білсең жұлдыз деген, жарқыным, Ақын ішкен қайғылардың қалдығы...

Абылайхан ҚУАНЫШЕВ

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті.

О, табыт!

Шайыр шерімнің шындығын ашып, Өмір өлігін тербедің. Сайқал қайғының мұңды үнін басып, Өлтірдің, бірақ өлмедің!

Күйбең тірлікте данасың бәрің Жаныңды жалмап өтпелі үн. Жатыр мен табыт арасындағы Шаһарға шерім көп менің.

Құрсағын қысып қытымыр тірлік, Құлын қылықты шеттеген. Мың тілек мұнда мұңын ұқтырып Мың жүрек жыры өтпеген.

Тіксінген тағдыр тиегін түйреп, Талауға тастап байғұсын. Бір шайыр кетті, сүйегін сүйреп, Батыстың басып қайғысын.

Бақырдың байлап қиялын керім, Бақыт па, әлде, бағыт па?! Өлеңнен өлсем сиямын дедім, Мұқаңдар сыйған табытқа.

Жесір үнімнің бұлыңғыр әні, Зұлымның мәнін күтеді. Бақыттан туған ғұмырдың бәрі, Табытқа келіп бітеді...

Жол кешу

Иә, Тәңірім, жар бола көр!

Қарғанып барып қадалды жасын өпірем Тағдыры шермен шырмалып ғасыр өтіне. Қан құсып, сор мен сортаңнан қара жамылып, Кәрі қырат тұр қор болып қасіретіне.

Құзғынға толы көгінде зарлы үн, мұң басым, Кектенген көңіл бұлқынды қағындырғасын. Бір тамшы тағдыр сорлатты. Сор қылғандайын Бабырдың басын, болмаса, қабірдің қасын. Күрең жол. Шайқас. Арыстар туласып өткен, Қамыққан көңіл қайралды сұм қасіреттен. Қайтадан келіп сілкінді Махамбет тағдыр Әділдікті айтып, арамға қу басы кеткен.

Шер ішкен елді, қайырсыз мұң шыдатқан ба? Тасыр тағдырға боздады сыңсып ақпанда. Аспаннан қан боп тамдыңдар бөрі байрақты Өлексе жұтқан құзғындар қыңсылатқанда.

Өр кеуде жерде тапталды. Зары жыраққа құс болып кетті. Егілді бәрі бірақ та. Табыттың мұңын сәт сайын боздатып біттік Мағжанның үнін сағынған кәрі қыратқа.

Жалғаннан жала жабылып асылға көрдей, Тамшыдан қайғы төгілді, жасыннан төнбей. Меңіреу мұңның киесіз мазарын сипап, Жатсыңдар әлі бұлқынып ғасырға көнбей.

Жарқ етіп қайта жасындай сөну кенетте. Зар заман куә тажалша төну демекке. Қан жұтқан кездің қайғысын көтерем қалай, Болмаса, жаным, бізге де өлу керек пе?!

Түн кешу

Адамның басы Аллаға доп па, Алла да көзін ашып қарасын. Ұлықбек

Ақиқаттың азалы үнін тыңдар кім? Ар алдына сор сіміріп мың бардым. Мұңдарынан сезіктенем ғасырдың, Жылуына күмәнім бар жылдардың.

Құдіретке қан сорғалап тұрды ұдай, Қара түнге кім жұтылмад сұмдық-ай. Мұңсыздарға пайғамбарың түк емес, Табыт үшін туғандар да кіл Құдай.

Уақыт-ұлы. Ұлылыққа сала бер, Күнәсі көп тағдырды ұстап барады ел. «Көп кешікпей қауышармыз» дегендей Миығынан күліп жатыр қара жер.

Түнді сүйем. Білем, жаным, күйікті ол Жұлдыздардың жанарынан жиып шер. Жарық түскен жерді сүю түк емес, Мықты болсаң, түнектерді сүйіп көр.

Түнектерден тым тасырлы тұнады ой, Тажал иісін иіреді тұла бой. Түннің жұтқан пенделері қаншама Түнді сүймеу күнә ғой.

Жүректерден жұлып алып бар әнді, Кімге апарып кісінетем наламды. Адалдықтың арлы үмітін жерлеп кеп Біз қашанғы жек көреміз ғаламды.

Көңілдердің көз жасынан толы Ай да, Түнектерден қанды қайғы борайды, ә?! Тірілерді жүрегім де қалап жүр, бірақ, Құдайларды сүю деген оңай ма?!

Адасқақ

Сәттер сұлу бола ма? Сезінбедім. Жалғыздықты кім көрді көзімдегі? Түн артынан тыныштық сығалайды, Жоғалтқандай жасырдым өзім нені?....

Мен білемін Кім күлді шам ішінен, Ғайып келді сәулесін сәл ішіп ем. Жүрегімде жоғалған жанар жатыр Ажал жұтып қойғандай түн ішінен. Түн ілінді үркіген кірпігіме Көз жасымның күнәсін сілкіді де. Жалғыз ақын мен бе осы қайғысынан Мұңын үнсіз көметін күртігіне?

Мен жоғалғам біржола түн ішіне Тұмандардың жол таппай жүрісінен, Мұңнан қашып жүрем де, Ең шарасыз Сәтімді өртеп отырам мұң ішінен.

Сеземісің? Жылдарымның жасырмай сөзін іште Тағдырдың күнәсімен көз іліспей Жанарыңды ақырын мұңға бөлеп, Құмға сеуіп келемін өзім іштей.

Кәрі мұңдар Мен оралсам кезіп жүр жолымды әлі. Сорым бәрі! Түсінем... Тарам-тарам күнәсі оның бәрі кері оқылған Құранның қолындағы. ...Тағдыр жылап барады өз ішінен...

Сағынған ба?... Мен өлтірген жүректің тазалығын. Сағымдардан бір бейкүнә бикештің аза мұңын сіңдіріп ап, жанымды жұтып қойған Ең аяулы сезімге назалымын.

Біздер неге? Түн моласын таба алмай бізден бөтен, қасіретті шарабын қанға малып, бақырлардай баз кештік күзден көкем. Жесірі көп жылайтын анау түннің қарғыс тамған құтысын жұтына алмай жұлдызы жоқ тұманға сіңіп кетсек. Іздер ме екен?...

Біздер неге? Ажал тамған ақ қардан бақыт кештік. Шаттық өлген бермейді уақытты ешкім. Мәлім. Білем! Күнәларға тоналттым тәнімді мен; Жанымды мен жоғалттым, Бәріңді мен. Жүрегімнің жанарын жаба қалсам Інжіл ұстап отырған Тәңір көрем; Қыздың жасы көмкерген қабір көрем. ...Сормен үнсіз сырласты сағым неге?...

Кәрі мұңдар Мен оралсам кезіп жүр жолымды әлі. Сүрлеуі көп соқпақтың соңындағы Талайымның қайда екен орындары. P.S Қолындағы жүрекке Аят оқып, сор ымдады. Қос қасірет жас тамған түнді кешті Пенделік деп түсініп оның бәрі.

Кеш...

Сәт

Тым аяулы сәтімізді құрбан ғып, Ақын болдық Құдайы жоқ ғасырға. Жалғыздықта жылап тұрған сырды аңдып, Тамшымызбен түнге ағызып жібердік, Сайқалдығын жасырған.

Көше кезген тағдырлардың күмәншіл мұңын ішіп, уын ішіп тасып ек. Сосын барып түн қойнына тығылдық, Жұтып тұрып, жұтылу да қасірет.

Сәт ішінен сағым күлді. Біздерді сағынышқа жерлейтұғын тым аңғал. Сарғаюмен сағынбаспын күзді енді Жастан да ауыр күнәм бар.

Тым көңілсіз, түсініксіз кездердің Жұлдыздарға айнала ма бар мұңы. Біле білсең жұлдыз деген, жарқыным, Ақын ішкен қайғылардың қалдығы.

Мен ішпеген сырлар қанша?! Белгісіз... Мен сүрмеген тағдырлар да мың тарау. Ақын деген ғасыр емес. Өз мұңы өз иесін өлтіретін жылдар-ау.

Жүректерден жылап шыққан сорадан Өз қаныммен тамызайын кімге өлең?! Күнәмді ішіп мәңгілікке жоғалам, Ең соңғы рет жұлдыз аққан түнде мен...

Кеш...

Жартас (әкеге сағыныш)

...бұлт ауады будақ-будақ толқынына мұң іліп, мың құбылтып. Кәрі жартас түңіліп, басқа біткен мардымсыз шыңды үгілтіп ғасыр кешті шығарып сап сапарға асыл көшті. Сосын... Мұңды қысып қойнына жылап алды, «Күнәларды» қайғыдан сұрап алды кешірілмес! Тағдырымен тіресті есі кірмес, Талайына дақ түсті өшірілмес. Жалғыздықта артқа тастап бұла күн, бұла бағы бұлт құбылды көгінде сұрамады мұң түкірді басына жын алаңы. Кешіп жүрген күні де құрамалы қасіреттен. Жартас еді өрлігі асып өткен талайларды, Күркіресе аспанды жасыны өпкен. Басы кеткен менсінбей Ұмайларды. ...бұлт ауады будақ-будақ толқынына мұң іліп, мың құбылтып. Кәрі жартас сырды ұғынтып алды мына. Тағдырына қасқайып тіресті кеп аямайтын өлсе де мұңлығын түк. Өз көзінен тамызып бар жасты кеп! Жайық жатыр етекте алқашты көп түнетумен Жартас-жүрек кәрі кемпір бөксесі шыңына ұқсад күн өтумен. Көз жасынан құралған бұлағына Батып кетті бір мезет жылады да. P.S. ...басқа барар жерің жоқ білем сенің Ей, Жартас қамдана бер жұмағыңа...

392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы