• Әдебиет әлемі
  • 25 Қаңтар, 2019

«Таулар алыстаған сайын биіктейді»

Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал, дарын – Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне бұйыртқан қиял-ғажайып нұры. Ата күші, Ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі, тірліктің тоқсан тарау иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға қып қалыптастырады. Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кем емес. Солардың бірі-жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген қазақтың ару ақыны, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары мен «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған халық жазушысы Фариза Оңғарсынова. Әркімнің туған жері – тал бесігі. Туған жерге, туған елге деген махаббат әр адамның жүрегіндегі асыл қазынасы. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған. Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдеріне арқау етті. «Ауыл десе, жайлайды жанымды үміт, Сонда ғана атардай таңым күліп. Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат Мені мәңгі тартатын сағындырып...» деп түп қазығы – туған ауылына деген махаббатын білдіреді. Фариза өлеңдері оқырмандардың жан азығына айналған қымбат дүние. Көркемсөз майданында ақынға, жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намыс-қойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиет-тердің асқар биігінен көрінген ақын. Фариза жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа, ерлікке, нәзіктікке, ананы, әкені, туған жер, адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті. Фаризаның атақты «Өлең» атты өлеңінен ақынның әлденеден мұңайған кезінде, біреудің «пысықтығынан» жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерігенін көргенде, Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы поэзиясы болғанын көреміз. Бұл мына өлең-жолдарында анық көрініс тапқан: Дара күндерімнің, Нала түндерімнің, Серігі болғаның үшін, Сенімі болғаның үшін, Мен сені аялаймын. Көңілді, жайлы күнімді, Азапты, қайғы-мұңымды, Өзіммен бөліскенің үшін, Қапам мен жеңістерім үшін, Менің мынау қиындау тағдырым болып О баста көріскенің үшін. Өлең, мен сені аялап өтем!» Ақынның тұңғыш кітабы «Сандуғаш» атты өлеңдер жинағы. Кейіннен «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Асау толқын» «Дауа» т.б өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайлы «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын» «Қарғыс» сондай-ақ «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Мүшәйра» т. б. поэмалары жарияланды. Ақынның беріліп, шабытпен кең жырлаған тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Ақын жырлары алғашқы сезімді, құмартуды, адамның басындағы кейбір сәтсіз сезімдер, біреуі сүйіп, екіншісі сүймеген, біреуі адал екіншісі опасыз сияқты құлап-жығылу сәттерін бейнелейді. Тыңдаушының сезімін баурап, аққу арманның үніндей, сағыныштың сазындай естілетін махаббат жайлы әсем де әсерлі өлеңдер, сезім айдынындағы ғашықтардың назды сырына айналды. Фариза Оңғарсынова әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі. Оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғазиза Жұбановаға, күйші Дина Нүрпейісоваға, «Бибігүл – ән» жыры Бибігүл Төлегеноваға, «Назқоңыр» Роза Бағлановаға, «Жыр анасы» Мариям Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері Әлия мен Мәншүкке арналған. Оңғарсынованың көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Ф. Оңғарсынова – биік сезімнің ақыны. Оның көңіл-күй ырқына тез берілетіні, жаны тез жараланатыны да осыдан. Бүгінгі адам жанына, сезіміне оқыс әсер ететін жағдайлардың көптігі өлгендердің ғана жанын ауыртпайды. Фариза көңілін жайлаған адалдық, әсемдік, жақсылықты ғана мұрат тұтқан арман-тілек күнделікті өмір қайшылықтарымен үйлесімге келмейді де, ақын сезіміне кері әсер етеді. Фариза апамыздың өлеңдері әр тыңдаушының жүрегіне терең ой салып шабыттандырады. Қаншама жанды қара өлеңмен жұбатып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген сондай қайталанбас тұлға, поэзия падишасы ақын Фариза Оңғарсынова адалдық, намысқойлық, жаны да, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көрінген ақын. Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңді күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсақ, әрине, қателеспейміз. Жан-дүниемізді байытатын, қиналғанда рухани байлығымызды кеңейтетін халықтың сүйікті ақыны, өмірін өлең деп ұққан, қазақ жырында өзіндік ақындық әлемімен аты шыққан Қазақстанның халық жазушысы Фариза апамыздың дүниеден өткеніне де біршама уақыт болып қалды.Уақыт ағыны еш жүйрікті жеткізбей сағымдай сырғып барады. Десек те, «Таулар алыстаған сайын биіктейді» деген, жауһар жырды жүрегіне жинаған поэзия патшайымының бейнесі алыстаған сайын биіктей түсуде...

Н.Рсымбетова

709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы