• Мәдениет
  • 25 Қаңтар, 2019

СПОРТ – ЕЛ НАМЫСЫ

Сайыпқырандарымызға сәтті жыл болсын!

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыруды және спортты халықаралық дәрежеге сай дамыту бойынша көптеген игі істер атқарылып жатқаны жасырын емес. Еліміз Тәуелсіздігін 1991 жылдан алғалы бері әлем халқы жер бетінде Қазақстан мемлекеті бар екендігін толық білді. Бұған спортшыларымыздың қосқан үлесі шексіз. Кезінде Елбасымыздың өзі мемлекетімізді дүниежүзі екі жағдайда, біріншісі, Елбасының ресми сапармен барған кезде және спортшыларымыз жүлделі болған кезде таниды деп тегіннен тегін айтпаған еді. Егеменді ел қоржынына алғашқы алтынды бұдан 25 жыл бұрын, яғни 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиадада атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов салып берді. Бірақ өкінішке орай, содан бері қысқы ойындардан алтын алып, Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелеткен спортшыларды көрмедік. Елімізде бұдан сегіз жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында VII Қысқы Азия ойындары өткені белгілі. Дүбірлі бәсекеде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола, яғни барлығы 70 жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алғаш рет бірінші орын алған еді. Құдайға шүкір, жазғы Олимпиададан қазақ спортшылары жүлдесіз қайтқан емес. Себебі бокс, күрес, ауыр атлетика сынды оң жамбасымызға келетін спорт түрінен жерлестеріміз үнемі жүлде алып келеді. Биылғы мешін жылғы олимпиада еліміз үшін Тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған жетінші Олимпиада ойыны болмақ. 1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп «Біріккен команда» құрамында өнер көрсетті. Ал, жеке ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы олимпиадада қатыстық. Шаңғышы Владимир Смирнов бұл дүбірлі доданың соңғы күнінде 50 шақырымдық алыс қашықтықта алтыннан алқа таққан болатын. Осылайша В.Смирнов Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы олимпиада чемпионы атанды. 1996 жылы АҚШ-тың ХХVI Атланта олимпиадасында өткен додада спортшыларымыз алғаш рет жазғы олимпиадада бақтарын сынады. Атлантада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші орын) еншілеп қайтты. Араға 4 жыл сала Сиднейде өткен ХХVIІ Олимпиадада ұлттық құраманың құрамы арта түсті. 130 спортшы 17 спорт түрінен бақ сынады. Онда жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс (жалпыкомандалық есепте 22-ші) еншіледі. 2004 жылы Афинада өткен ХХVIІІ Олимпиадада Қазақстан құрамасы 17 спорт түрінен сынға түсіп, барған 119 спортшы 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы орын) иеленді. 2008 жылы Бейжіңде байрағы көтерілген ХХІХ додада еліміздің намысын 132 спортшы 22 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшылар ірі жетістікке Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиадасында қол жеткізді. Олимпиаданың алғашқы жартысында жалпыкомандалық есепте тіпті Ресейден де озып, ТМД бойынша бірінші тұрған күндеріміз болды. Азуын айға білеген спорттық держава, әр Олимпиадаға бірінші орынды ғана мақсат етіп баратын көршімізді солай бір қапы қалдырдық. Велошабандоз Александр Винокуровтың арқасында жарыстың алғашқы күнінде-ақ қоржынында алтыны бар аз ғана елдің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Одан соң ауыр атлеттеріміз төрт бірдей алтынға қол жеткізді. Жеңіл атлетикада үш қарғып секіру сайысы бойынша біздің Ольга Рыпакованың алдына ешкім түсе алмады. Жарыстың соңғы күнінде «қазақтың салмағы» атанған 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Серік Сәпиев бізге жетінші алтынды алаң иесінен жұлып әперді. Жеті алтын, бір күміс, жеті қоламен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынды иемденді. Бұл – үлкен жетістік. 115 спортшымен аттанып, 20 спорт түрінен жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Соңғы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен олимпиадада 17 медаль олжалап, өз тарихында жүлделердің саны бойынша рекорд орнатты. Алғаш болып алтын жүлдені ауыр атлет Ниджат Рахимов олжаласа, жүзуден Дмитрий Баландин, бокстан ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов топжарып, олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдеге Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов (екеуі де бокстан) Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), қола жүлдені Отгонцэцэг Галбадрах (дзюдо), Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (екеуі де еркін күрестен), Иван Дычко мен Дариға Шакимова (екеуі де бокстан) олжалады. Осылайша Қазақстан құрамасы жүлде алған 86 мемлекеттің ішінде 22-ші орынға көтерілді. 17 миллион халқы бар Қазақстан 170 миллион адамын көз қуаныш етіп отырған мемлекеттер (Нигерия, Пәкістан, Бангладеш) бағындыра алмаған шыңға шықты. Биылғы 2019 жылы олимпиада ойындары өтпесе де, келесі жылы Жапонияның астанасы Токио қаласында өтетін төрт жылдық дүбірлі додаға қатысуға арналған лицензиялық жарыстар жиі өтпек. Сондықтан, биылғы бәсекеде спортшыларымызға сәттілік тілеп, олимпиадаға көбірек жолдама жеңіп алуды қалаймыз. Сонымен қатар ең бастысы сапа болсын дейміз. Сайып қырандарымызға сәттілік тілейік, ағайын!

Салтанат ҚАЖЫКЕН, журналист

27 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ою-өрнегіміз сөйлеп тұруы тиіс
Келесі мақала Неге қазақ мәдениетін әлем әлі білмейді?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы