• Шежіре
  • 25 Желтоқсан, 2018

ТАРАЗЫ

1. Өтейбойдақ – да Винчи: ғалымдар айқасы

Бұрындық бастаған қазақ әскері Сығанақ пен Аркөкті бағындырып Шайбаниді Маңғыстауға қуып жіберген жылы Еуропада шекесі торсықтай бір сәби дүниеге келді. Бұл сәби қылышпен емес, қаламмен әлемді өзгертуге болатынын дәлелдеген Коперник болатын. Кейін бұл сәби корольдердің өзі табанын сүйген Рим папасын қалтыратқан жаңалық ашып, айды аспанға бір-ақ шығаратын болады. Ал, әзірге ол белгісіз бір поляк шаңырағында іңгәлап жатқан нәресте ғана. Коперник Күнді тоқтатып, Жерді айналдырса, қазақ ауылынан шыққан елеусіз бір шипагер өздерін медицинаның отаны санайтын Қытайды мойындатар кітабын жазып жатты. Әз Жәнібектің қанша жұрттың ішінде Өтебойдақтың көзінде от барын жазбай тани білгені қайран қалдырады. Ол тұста ел ішінде палшы, ем-дом жасайтын шипагерлер көп болатын. Олардың бірі мерейі асып хан сарайында, енді бірі қара халық арасында күн кешті. Тумысы бөлек, шипагерлік тағдыр маңдайына жазылған дарынды әз Жәнібек өз ордасына шақыртты. Мұның өзі бір хикая. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалса керек. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтейбойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қояды. - Қандай ауруды емдеу қиын? - Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын. - Ал, оның алдын алуға бола ма? - Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан. Жәнібек Өтейбойдаққа халықты емдеп күн өткізуге болатынын, бірақ пенденің ғұмыры өлшеулі екенін айта келіп өзінің қара сақалын ақ қырау шалған жасына дейін оқып-тоқығанын, көріп көңілге түйгенін, бәрін-бәрін жинап бүкіл халықтың игілігіне арналған кітап жазуды тапсырды. Осы кезге дейін сан аурудың емін тапқан, алайда халық оны пәлсапашы деп білетін Өтейбойдақ мойнына атан түйе ыңыранатын міндет алғанын сезді және жасы жетпіске келген қария ғұмыры жеткенше осы кітапты жазып, ханға табыстауға уәде берді. Әз Жәнібек жүзі жадырап, қарияға ризашылығын білдіреді. Алланың қалауымен Өтейбойдақ жасы 85-ке келген шағында 15 жыл бойы тер төгіп, осы кезге дейін ешбір халықта жоқ кітапты қойнына қыстырып хан ордасына келді. Бұл кезде Флоренцияда болашақ гений Леонардо бар болғаны 26 жастағы жігіт, ал Өтебойдақ бабамыз жасы 80-ге келген қария шағы. Хан ордасында емшінің әкелген кітабын парақтап әрі-бері аударыстырған сұлтандар кейін бұл кітап әлемді мойындатарын білмеді. Бұл кітап кейінгі да Винчидің анатомиясынан асып түспесе кем соқпайтын туындыға айналды. Қазақтың қарапайым шалы ілім іздеп Стамбул, Бағдат шарлағанда Авиценнадан кем емес даңққа бөленер еді. «Шипагерлік баян» кітабы былай бас-талады: «Өтейбойдақ Тілейқабылдың ұлымын. Ата тегім Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын». Еуропада қарапайым жұрт шешектен қырылып жатқанда біздің бабамыз мұның емін ағылшын ғалымы Э.Женнерден 320 жыл бұрын жазып тастаған болатын. Бір қызығы шешекке қарсы ем 1796 жылы ғана табылды. Кітапта өсімдіктерден алынған 854 түрлі, жануарлардан алынған 455 түрлі шипалық қасиеті бар емдік дәрілердің тізімі, адам мүшелерінің 430-ға тарта атаулары, мыңнан аса дәрі және 4577 рецепт берілген. Медицаның отаны саналатын Қытай 1997 жылы «Шипагерлік баянның» құндылығына бас иіп, «Мемлекеттік бірінші кітап» деп жариялады.

2. Қазанның құлауын  қайқы қылышпен түсіндіретін тарихшыларға қарсылық

Күздің қара суығында Мәскеу билеушісі IV Иван 150 зеңбірек, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласына келіп жетті. Бұл уақытта Қазан бар - жоғы 30 мың сарбаз жинап үлгерген еді. Жау әскерінің саны бес есе, ал, қару-жарағы 20-30 есе күшті екенін қамалдағылар үрейлене мойындаған. Бұл шайқасқа Құлшәріп молда, ноғай Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр, атақты Шора батырдың інілері – Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікейлер қатысты. Сонымен татарлар астанасы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас басталды. Жау әскері көп уақытқа дейін бөгеліп, беті қайта басаған еді, ең ақырында IV Иванның бұйрығымен зеңбіректер гүрсілдеп қоя берді. Еділдің бойы қырылған адам дауысы мен атылған зеңбірек үніне тұнып кетті. Кезінде Бату хан құрылысын бастап, кейін Ұлық Мұхмед жаңартқан атақты Қазан шахары қираған үйіндіге айналды. 500 мың қазандық түрік-татарлар қаза тапты, қаншама қыз-келіншектің ары тонауға түсті. ІV Иван: «Әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар» –деген пәрмен берді. Бастары кесілген, қолдары шабылған өлі денелерді Еділмен төмен қарай салмен ағызылды. Бұл өліктерді көріп шошынған Астрахан жұрты орыстар келмей тұрып берілудің қамына кірісті. Ноғайлар мен астрахандықтар мұндай сұмдықтан зәрелері ұшты. Ал, Ысмайыл өзінің одақтасы ІV Иванның кім екенін енді түсінді. Оның қолында қандай қару бар екенін енді ұғынды. Бұл жан шошырлық оқиға туралы тарихи деректерде былай жазады: «Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып өтіп, бергі бетке шығатын еді». Қазан оқиғасы – түркі халықтарының жұлдызы сөне бастағанын көрсетті. Бұл жалғыз Қазанның құлауы емес, өзге де ордалардың маңдайына ерте ме, кеш пе тиетін шоқпардың қандай болатынын ұқтырды. Ажалмен талай бетпе-бет келіп, Қазанды қорғап қалған Сафа Герейдің сүйікті жары Сүйімбике енді оның қас жауы Шах Әлиге күшпен тұрмысқа шықты. Ал, оның ұлы Өтеміс Герей мұсылмандықтан бас тартып, шіркеуде шоқындырылды. Өтеміс Герей енді «Александр» деп аталды. Бұл бәрінен бұрын нағашы атасы Жүсіп бидің ішін тырнап, жүрегін қан жылатты. Сүйімбике ноғай биі Жүсіптің туған қызы болатын. Қазанның күл-талқаны шыққанын көзімен көрген ол өзінің антиорыстық көзқарасына толық сенімді болды. Көреген бидің көрген көкжиегінде көшпенді елдің күні батуға таяғанды. Олардың әрқайсысы өз әлдерінше тұяқтарын соңғы рет сермеп қалуға ұмтылды. Соңғы кездері тарихшылар мен көзі қарақты оқырмандар арасында Қазан, Астрахан мен Сібірдің құлауына, Алтын Орданың бөлшектеніп, іріп-шіруіне өзара қырқыспен қатар көмек қолын созбауымен байланыс-тырып жүр. Мысалы бір ғана Қазан трагедиясын алайық. Қырық күн бойы Иванның мұздай қаруланған армиясына қарсы тұрған Қазанға ноғай биі Жүсіп қол ұшын созып көмектескенде немесе Хақназар ханның әскері үлгеріп келгенде бәлкім Қазан қаласы тағы да аман қалар ма еді деген екі ұшты ойлар айтылып жатады. Әрине, тарихқа «солай болғанда бұлай болар ма еді» – деген нәрсе жүрмейді. Сонда да тарқатып айтып көрейік. Жарайды делік, Хақназар ханымыз келіп көмектесті, Жүсіп би жанын салып Қазанды қорғап қалды деп есептейік. Бұл жолы Иванның әскері кері шегінді. Бірақ орыстар тағы келеді. Сосын тағы келеді. Бұл табиғи заңдылық. Хақназар мен Жүсіп бір рет, екі рет, тіпті бес рет құтқарып қалса да Қазанның құлайтыны анық болатын. Себебі өзіндік өнеркәсібі жоқ, мануфактура, саяси жүйесі ескірген, феодалдық құрылыстан өте алмаған, әлеуметтік-экономикалық жүйесі артта қалған, экономикалық мешеулікке ұшыраған елді жанындағы күшті мемлекеттің түбі басып алатыны анық. Сол себепті Қазан трагедиясын саяси процестермен ғана байланыстыру үлкен қателік болар еді. Мұндай жағдай тарихта жүздеп кездеседі. Алақандай ғана аралдық мемлекеттер саналатын Англия мен Жапония өздерінен жүз есе үлкен мемлекеттерді тізерлетті емес пе?! Арада 200 жыл өткенде дәл осы трагедия өзіміздің басымызға келді. Біздің тарихымызда болған 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістердің барлығының жеңіліспен аяқталуының басты кемшілігі әлеуметтік-экономикалық артта қалуымыз себеп. Ұлттық буржуазиясы жоқ ел түптің түбінде өзгенің жеміне айналатынын тарих бізге көрсетіп берді. Қазан қаласы дүрбелеңге түсіп, біздің жырауларымыз Ұлы даланы қоңыр домбырасымен күмбірлетіп үйілген өліктерді, қан сасыған даланы жырлап жатқанда Иван Грозный митрополит Макариймен кездесіп, енді бүкіл орыс даласында кітап басу ісін бастамақ ойын айтады. Осы жылы оған Дания елінен Мәскеуге кітап басу шебері Миссингейм келді. Орыс жұрты тың жаңалықтан тосырқамады. Мәскеу одан әрі өрлей берді, өрлей берді. Сол себепті түркі тектес халықтардың тарихына үңіліп, жеңілісінің сырын айтқанда бұл халықтардың экономикалық-әлеуметтік мәселелерін ешқашан ұмыт қалдыруға болмайды. Біздің тарихымыз тек атыс-шабыс-тардан ғана тұрмайды. Осыны түсінетін кез жетті.

3. Құрдымға кеткен елдер

Азия құрлығында түркі тектес тайпалар ішінде Ресейдің отарлауына қатты қарсылық көрсеткен қазақ халқы болса, Африка жерінде отарлаушы Еуропамен алғаш қақтығысқа түскен елдердің бірі осы Бенин. Португалдар Үндістанға барар жолда ең алдымен Африка жері арқылы жүріп өтті дедік. Бұл 1500 жылдардың шамасында еуропалықтар мың жерден отты қаруы болса да қара құрлыққа ішкерілей ене алмайтын. Олар бар болғаны жағалауда орналасқан қалаларды ғана қорқытып, сонда билік құрды. Мұндай территориялар Африканың 10 пайызына да жетпейтін. Ал, еркіндік сүйгіш африкалық жауынгер тайпалар құрлықты ойқастап тіршілік ете берді. Америка жерінде плантациялар құрылып, ірі монополист компанияларға арзан еңбек күші керек болды. Физикалық тұрғыда әлдеқайда қуатты, сом тұлғалы африкандықтар таптырмас құлдың жұмысын жасай алатын. Бірақ есіңізде болсын ол кезде қазіргідей қара нәсілділер құл болады деген түсінік атымен жоқ болатын. Себебі солтүстік Африканың құл базарларында өзі сары, көзі көк еуропалықтар, орыстар, грузиндер мен черкестер, болгарлар мен румындар сатылатын. Енді, Еуропа үлкен шығынға бармай-ақ бас білдірілмеген осынау қара нәсілді еркектерді сатып алу үшін айлаға көшті. Бұл үшін оларға делдалдар қажет еді. Олар бениндіктерді қару-жарақ пен ақшаға сатып ала бастады. Ал, Бенин билеушілері Африка түкпірінен топырлаған құлдарды португалдарға ұстап беріп отырды. Жағалаудағы Еуропа кемелері зар жылаған алып денелі қара адамдарға лық толды. Осылайша ірі көлемде құл саудасы қалыптасты. Даланың тағы аңындай тіршілік еткен бұл қара адамдар Атланттың жүрек айнытар айдынында бірнеше ай жүзе отырып Америкаға жеткізілді. Жол бойы жүректері айнып, теңізге үйрене алмай палубада құсып, одан қалса қожайындарының шектен тыс қаталдығы, бас білдірілмеген асауларды қанша апта аш ұстап азаптауының кесірінен әр кемедегі 100 адамның 70-і өліп тынатын. Бірақ бұл саудагерлер үшін айтарлықтай шығын емес. Себебі 30 адамды арзымайтын ақшаға айырбастап алу бизнесмендерді одан әрі байытты. Осылайша Америкаға жетпей жатып бұл адамдар құлдық психологияға үйрене бастады. Сонымен өмірбойы бостандықта шалықтаған африкалық адамдар топ-топ болып құлдыққа айдалып кете барды. Бұл қасіреттің бастамасы ғана. Бенин әміршілері егер бізде отты қару болса, біз бүкіл көршімізді бағындырамыз, сөйтіп дамыған Еуропа елдерімен иық тірестіретін күнге жетеміз деп ойлады. Иә, алғашқы жылдары бәрі керемет болды. Ақ адамдар бениндіктердің қолына қару ұстатып, өздері қызығына қарап тұрды. Отты қарумен жарақтанған бениндік әскер көршілерін бірінен соң бірін бағындырып алды. Жаулап алу қорытындысында Бенин нағыз әскери империяға айналды. Енді, алып империя құлдырай бастады. Бағындырған жерлер қаңырап бос қалды. Себебі онда жұмыс істейтін адамдардың бәрі құлдыққа сатылған еді. Шаруашылық түгел дерлік күйреді. Азып-тозған жұрт егін салып, жер жыртуды қаламады. Уақытша пайдаға малданған билеушілер қамсыз тірліктерін одан әрі жалғастыра берді. Қару асынған елден енді шаруалар жан-жаққа қаша бастады. Оңтүстік Нигерияда осындай қашқындар қаптап кетті. Тіпті, Бениннен қашып шыққан Гинува деген патша ұлы осындай қашқындардың басын қосып Варри корольдігінің негізін қалайды. Осылайша құр қаруға иек артқан бір кездегі алып империя Бенин өзінің қалай азып-тозғанын аңғармай да қалды. Айналып келгенде құр сүлдері қалып, бірін-бірі қырған жұртты ағылшындар келді де колонияға айналдырды. Ал, Бениннің ағылшындарға қол сермеуге де қауқары қалмаған-ды. Осы тарихи сабақ бір кездері біздің елшілеріміз Мәскеуге барып, отты қару алғанда біз ешкімнің отарына айналмаған болар едік деген жалған үмітке елітуге болмайтынын ұқтыруы керек еді. Себебі қаруды пайдаланып, қалай адам өлтіруді игергенімізбен ол қаруды өзіміз жасап шығара алмасақ, өзгенің аузына қарап телмеңдеумен өтеміз. Алысқа бармай-ақ қояйық. Бенин тағдырын қайталаған жанымызда мемлекет бар. Бұл – жоңғарлар.Швед тұтқыны Ренат осы бір көшпенді халыққа зеңбірек құю, оны пайдалануды үйретті. Мұның ақыры не болды? Тоз-тозы шығып, қансыраған жауынгер халық жер бетінен мүлде құрып кетті емес пе? Португалдар Бенин еліне қару ұстатса, орыстар Жоңғар еліне мұны білдіртпей жүзеге асырды. Оқиға былай өрбіген еді. Орыстардың I Петр патшасы билікке келе сала шведтермен соғысады. Полтава тұсында болған соғыста шведтің Ренат есімді офицері орыстарға тұтқынға түседі. Осы тұтқын патша жарлығымен өзге аудандарға емес, дәл жоңғарлармен шекаралық аймаққа Ямышев (қазақша Жәміш) бекінісін тұрғызуға аттандырылады. Экспедицияны Бухгольц бастап олар жолда келе жатқанда ойрат қосындарына кездейсоқ ұшырап осы кезге дейін ым-жымы бір екі жақ соғыса кетеді. Жоңғарлар осының алдында ғана Сібір шекаралық шептеріне қанша рет елшілік салғаны, тіпті Мәскеуге дейін барып қайтқаны белгілі. Ойраттар не үшін патша адамдарына шабуылдайды? Сонымен не керек, орыс жасақтары шегініп, Ренат кездейсоқ тұтқынға түседі. Ойраттар арасында 20 жыл өмірін өткізген Ренат оларға бұрын мүлде бейтаныс болған отты қарудың құпиясын ашты. Бұл туралы Ренаттың өзімен құпия кездескен Ресей елшісі Л.Угрюмов былай дейді: «Швед офицері Ринат 1729 жылы ойраттарға 4 фунттық 15 дана зеңбірек, кіші калибрлі 5 дана зеңбірек, 10 фунттық қысқа стволды 20 жана зеңбірек жасап беріп, оларға қалай қолдануды үйретті». Ренаттың тұтқынға түсуі кездейсоқтық па, әлде қолдан жасалған дүние ме? Бұл жағын оқырманның өзіне қалдырдық. Себебі басты мәселе бұл емес. Ғылым мен жаңалығы жоқ ел түбі бодандыққа түсетіні анық. Бұл дәлелдеуді қажет етпей-тін аксиома. Үнемі айналыста болмаған нәрсе түбі ескіреді. Ескі нәрселерден, көне дүниелерден құтыла алмасаңыз жаңа нәрселер келмейді. Жаңадан келген бірен-сараң дүние қордаланып қалған ескі нәрселердің қасында өз қасиетін жоғалтады. Бұл иістеніп кеткен тамаққа таза тамақты араластырғанмен бірдей дүние. Ақыр соңында әбден қансырап әлі құрыған бениндіктерді Англия, ал, жоңғарларды Ресей қалпақпен қағып алды. Ғылым мен білімге арқа сүйемеген елдің тағдыры трагедиямен аяқталатыны бізге сабақ болса екен.

Рысбек Рамазанұлы тарихшы, «әлем халықтары Жазушылары одағының» мүшесі

565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы