• Шежіре
  • 24 Желтоқсан, 2018

Бірліктің бізде жарқын үлгісі бар

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идея-сын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно-мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсіністік ахуалы қалыптасты. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Қазақстандағы полиэтникалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, сөз жоқ қазақ мәдениеті. Бұдан кейінгі орында орыс мәдениеті тұр. Дәл қазір өзге ұлт өкілдерінің діні мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тірлікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмауда. Іргеміздегі Ресейдің өзі әлі күнге дейін Кавказ бен Орталық Азияның кейбір халықтарына қатысты жағымсыз көзқарастан арыла алмай отыр. Өркениеттің шыңына шықты деген Францияның өзінде Ислам дініне қатысты қайшылықты көзқарастар туындап, үлкен мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Осындай жайттарды еске алғанда еліміздегі қалыптасқан толерантты қоғамның мәні мен мазмұнын жете түсіне бастайсың. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астана төрінде әлемдік дінбасылардың құрылтайын өткізіп, төрткүл дүниедегі тәрбие мен бейбітшілікті, лаңкестікке қарсы күресті талқылау бүгінде маңызды ғаламдық іс-шараға айналып отыр. Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқымыздың күнделікті өмірінің дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сондай-ақ, бізде толерантты қоғам арқылы ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берілгені жөн. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақыттарда жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының көркейіп дамуына қолайлы жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандас халықтардың шынайы достық пейілдерін паш етеді. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады. Дүниежүзінде көп ұлтты мемлекеттер баршылық. Алайда, саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көп ұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі сала алмаған дәл Қазақстандай мемлекетті әлем бүгінде феномен ретінде қабылдайды. Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Мұнда әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрін көркейтудің мүмкіншіліктер аясы кең. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам этнос пен 18 конфессия өкілдері бейбіт әрі тату өмір сүріп жатыр. Республикада еліміздің барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы