• Әдебиет әлемі
  • 24 Желтоқсан, 2018

ЖАНЫМА ЖАҚЫН АДАМДА, ЖАТЫРҚАУ ҚЫЛЫҚ БАР НЕГЕ?

Мұратхан ОРЫНТАЙҰЛЫ

1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің филология факуль-тетінің түлегі. Республикалық «Рәміз-дер Отансүйгіштіктің бойтұмары» атты жыр мүшәйрасының жүлдегері. Өлеңдері мерзімді басылымдарда «Жас толқын», «Жыр қағанаты Жұматай» атты ұжымдық жинақтарда жарияланған. Алматы облысының Ескелді ауданында ұстаздық жолда еңбек етеді.

Күзгі жаңбыр Қара кеш, жаңбырлатқан күздің айы, Жауынды, осы мезгіл бізге ұнайды. Ой мүжіп, оңашада тұрған бастан, Ақ тамшымен таласып мұң құлайды. Жас үзіп жанарына түнге дейін, Қара аспан салғызбады-ау, ірге кейін. Тірі жанға тіл қатпай жатып қалдым, Қыңырайып мінезім күзге бейім. Қош айтып туған жердің ауасымен, Жаңбырлы кеш өзінен адасып ем. Шайылып ақ жауынға әлі келем, Жол аршып тұмандардың арасымен. Жақын тартып, жанаспай кісіменен, Жүрегім жылқы болып кісінеген. Қамалып қараңғыда елеңдеген, Жанымды жабырқатпай түсін, Өлең! Жапырақ Уілдеген жел ызыңы бір мұңлы, Қалыңдатып кеудеңдегі кірбеңді. Тас түрмеге талықсытып қамайды, Елес беріп өліміңнен бір белгі. Алдамшы күн ғұмырымнан жас ұрлап, Жауған жаңбыр жүрегімнен тамшылап. Тәтті өмірді қия алмайтын жанымдай, Жел өтінде қалтыраған жапырақ. Аяп кетем, аяп кетем мен сені, Қайсы мезгіл езер екен еңсені. Сабағыңнан үзілерсің жер құшып, Сендік ғұмыр, мендік тірлік өлшемді. Кеңге салып жайлансақ та арқаны, Бар ма өмірдің тарқамайтын арқауы?! Сары жапырақ, тағдырымыз тамырлас, Екеуімізді бір қара жер тартады. *** Сұрамашы, менен ештеңені, Білерім таң атады, кеш келеді. Ауылымды сұрама, аймағымды, Сұрама өскен елді, өскен жерді. Өскен жерім аңырап қалып қалған, Қобыздай күңіренем тарыққаннан. Тәкаппар тауларының ұшқынымын, Найзағай жарқ еткенде жанып қалған. Найзағай жарқ еткізіп сызат салған, Сол сызат сыздатады ұзақ таңда. Желмін мен желпіп өткен әр төбені, Ойлашы, есер желде тұрақ бар ма?! Уілдеймін, соғамын, ысқырамын, Құтырынам, жынданам, қыстығамын. Қайда асығам белгісіз, қайда барам?! Бір жаққа жетуге әйтеу ышқынамын. Болмайды желде тұрақ, өмір, мекен, Болмашыға өзімді көңілді етем. Көз ұшынан көк-жасыл сағым болып, Желмін мен, жүйрік желмін, соғып өтем. Алматы түні Алматы түні қандай, Түнге қарап көңілің құбылардай. Алатаудың айбаты аспандаған, Аты аңыз-кешегі ұлылардай. Алматы түні қандай, Қайнаған тірлігін-ай, тыным алмай. Салқыны саяқсытып жіберсе де, Жып-жылы, жанға шипа мұңы бардай! Алматы түні тымық, Қураған гүлдері де тұр ынтығып. Ағыны көліктердің көзге ілінбей, Миым тоқтап, ойларым тұр ұмтылып. Мұқаң айтқан кешегі сайқал қала, Қала ма?! мені көрсе байсал бола. Құрама тағдырлардың әсері ғой, Болмаса сөзіміз жоқ айтарға да. Алатауға жантайып төсін ашқан, Сұлуым ыңырсиды есі қашқан. Булықсып бал сезімге жатыр бөгіп, Көрпесі бүлкілдеген-еркін аспан. Көздерді қандыратын көркін малып, Алматым-құштарлықтың төркіні анық. Есентайды жағалап қайтсам ба екен, Сұлтекең мен Омарды ертіп алып?! Алматы түні қандай, Қадаламын, әкемнің құны бардай. Тас мүсін боп табанда қатсам, шіркін, Әдемі әсерімді бұзып алмай. Құлақтар Ей, естігіш құлақтар! Есің кетіп ессіз-көзсіз сөздерге, Ар ұятың, обал-сауап өлгенде, Сен біреуді кебінсіз-ақ жерлеп ең, Тағы кімді әкелесің жерлеуге?! Ей, елеңдегіш құлақтар! Елпек сөздің ыңғайына иіліп, Тәңіріңе өп-өтірік сиынып, Жаның ашып, жаназасын оқыдың, Жалған-жалған күйініп. Ей, өлеңші құлақтар! Өлі сөзге қармақ сап, Өз-өзіңді алдап бақ. Бел майыссын ауыр-ауыр күнәдан, Жер қайыссын сендер таққан кінәдан. Ей, ұзын құлақтар! Үнің өсіп, күнін кешіп жартының, Тұрағы жоқ, қаңбақ желге қалқыдың. Жер астында жездей қақтар ар оты, Қансыратар қаңқу сөздің қаңқылы. Ей, құлақтар! Оразалы ақынның рухына Ақын өткен кешеде, жыршы да өткен, Шиырлап біздер жүрміз құр сүрдекпен. От ауызды, орақ тіл – Оразалы, Ғұмыр шолақ, қиылып қыршын кеткен. Шашасына шаң жұқпас айбозым-ай, Жұмыр жердің жүрегін дүрсілдеткен. Айызыңды анаңдай қандыратын, Өрнек сап ойда-жоққа гүл суретпен. Теңеу сөзбен термелеп, түйін түйіп, Өлең сөзді иіріп ұршық еткен. Алланың сөзін сөйлеп, әмірін айтқан, Бір құдірет сыбырлап тылсым көктен. Құралайды көзге атқан мергенім-ай, Сөзін мірдің оғындай мінсіз еткен. Жүрек-қола, қамалың-тас болса да, Қызыл тілі қылыштай қыршып өткен. Ғасырда бір туатын пайғамбарым, Әппақ болып туылып, кірсіз кеткен. Дүние-ай, обалың аз опасызсың, Өмірді осыншалық құнсыз еткен. Жаным жылап түсімнен оянамын, Есімнен шықпайтұғын пірсің неткен. Бойымды қайда апарып жасырамын, Ойымды тынықтырып тыншы кеткен. Ораз ағам, жәнатта жатыр ұйықтап, Бейіштің нұры сүйіп, мұңсыз еткен. Оймақтай орын тепкен оғыланым-ай, Ақыныма аза тұт, күрсін көктем! Желтоқсан Жаралы желтоқсаным, Заманның соғып өткен кер соқпағы. Еркіндікке ентіккен ерлерімнің, Бастарын қағып түскен қолшоқпары. Желтоқсан ызғарлы айым, Жел мүжіп қалтырайды қыздар-қайың. Бір ескерткіш қоя алмай мың жүрекке, Жылайды жырлар дәйім. Желтоқсан азаттығым, Рухы мұқалмаған қазақтығым. Шоқтанып қоламта да жылтыраған, Алауы алаулаған қазақ тілдің. Желтоқсан аппақ арым, Арасы ақ-қараның. Аспаннан төгіліп тұр, Ақ мамық мақталарың. Қаңтар Ақ моншақ төгілгенде құбылып қар, Мен сүйетін қаңтар да жылымық бар. «Періштенің кіршіксіз қанаты» ғой, Ағаштағы аппақ гүл, шұғынықтар. Қар борап қапелімде бүгін тағы, Бейіштің шашылған-ай, ырыс-дәні. Сыртымнан сүйген суық-қайратым ғой, Ішімді жұпар ауа жылытады. Құлағымнан төгілтіп тәңір күйін, Жанымның жарылқады-ау жарым күйін. Көп адамдар қаңтарды жек көретін, Қайтеді, Қардай болып қалу қиын... *** Өтіп жатыр өмірдің, Қоңыраулы көші. Есі кеткен көңілдің, Табылмайды қошы. Өтіп жатыр мына күн, Жүрегіме жүк артып. Көшкен бұлтқа тұрамын, Еретіндей құмартып. Өтіп жатыр уақыт, Сағат тілі шық-шық. Отырамын мұнартып, Қиялымды құс қып. Өтіп жатыр мезгілдер, Ұрланғандай қамығып. Қайда барсам кезігер, Жалбаң қағып жалғыздық. Айта алмаған датымды, Кірпігіне жасырып. Ағын судай алқынды, Минуттарым асығып. Өтіп барып бір адам, Жоғалғандай есі. Кітабымда шықпаған, Сұрағаны несі?! Неге Жүрегім сыздайды неге, Нұр өңім мұздайды неге? Жанарым жабырқау тартып, Қандарым қызбайды неге? Ескі мұң улайды неге, Ескі әуен тынбайды неге? Алтын күн ақшамды төгіп, Аспаннан құлайды неге? Сөздерде суық бар неге, Көздерде қулық бар неге? Жаныма жақын адамда, Жатырқау қылық бар неге? Жастықты ұрлайды неге, Өмірді бұлдайды неге? Жалынған жалынышымды, Уақыт ұрмайды неге? Сезімде селкеу бар неге, Түсімде қорқау бар неге? Өртеніп неге кетпейді, Өзегін өрт алған кеуде?. *** Қаңтардың құрығын-ай, Даланың суығын-ай. Жарты айдай жансарлаған, Көңілдің сынығын-ай. Бір сарын күндерім-ай, Сары шұнақ бүргенін-ай. Тарылып өрісімнің, Талықсып жүргенім-ай. Беймаза бәрі-бәрі-ай, Қамығу арылмады-ай. Уайымым басып жатқан, Даланың қалың қары-ай. Өмірдің сүрдегін-ай, Шешілмес күрмеуін-ай. Жанымның үнсіз жылап, Өтірік күлгенін-ай. Қыс ұзақ түндерім-ай, Қыстығып үндерім-ай. Сырымның сырлы қақпа, Ілгегін ілгенім-ай. Орта Мына күн бе, мына күн, Мына күнде тынамын. Арасына сап қойған, Ыржаң менен тыржаңның. Әй-дейді де, бүй-дейді, Бір бұтаққа тимейді. Шаң боратып жел сөзбен, Желдей есіп гулейді. Жүрегің де киелі, Өртенеді, күйеді. Дарақы үндер жаныңа, Түрпідейін тиеді. Таныс әрі бөтенім, Қырттар менің не теңім. Жалп-жалп еткен жапалақ, Жар ғой оның мекені.

453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы