• Әдебиет әлемі
  • 25 Желтоқсан, 2018

Сен үшін ойым ап-айқын болар, Ашулы тұрған кітаптай...

Әбілқайыр ЕРЖАНҰЛЫ

1999 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Аудандық, облыстық, қалалық мүшайраларда жүл-делі болған. Қалалық колледж студенттерінің «Себерміз кең далаға өлең дәнін» өлеңдер жинағына туындылары басып шығарылды. Қазіргі уақытта Қазақ көлік және коммуникация академиясының 3-курс студенті.

Жел баласы Дауылдардан ерекше сый табамын Көңілімнің көлдеткен күй табағын. Сеземін, дүние есігін ашқанымда, Самал желдер басымды сипағанын. Есімде асау желмен алысқаным, Алып ұшқан ойымды ғарышқа мың. Әлсіз сәби аяққа тұра алмастан Желге ілесіп, дауылмен жарысқаным. Желдерменен тазарған жаным анық, Бағындырғам дауылды бағына алып. Самалдардың сырларын ұғып жазып, Ақын болдым ойларды қағып алып. Жел ойыммен тауларға ұрынғанмын Күйін кешіп ойсыз бен жын ұрғанның. Есімде ең алғашқы махаббатым Самал келіп сипаған бұрымдарын... «Тайфундарым» тыңдайын айтарың бар, Мені тыңда, ойларды қайтарыңдар! Ақ ұлпамен арманды аяладың, Қара бұлтты қараңғы жайпадыңдар. Бағыт бердің өмірді анық көріп, Адасқанда ақ жолға алып келіп. Жанымды жалғыз болған тастамадың Жатса дағы ілгері халық теуіп. Шамам келмей кетеді таласуға (Жел дегенді ұқпайды қала сірә). Ей адамдар, кінә артып қаралама Базына айтып, желдердің баласына! Асау желдер, ұқтырған ауыл дәмін Араладым Алатау тауын да мың. Кешір, сұлу Алматы, таба алмадым Бір өзіңнен туған жер дауылдарын! Досыммен сырласу Ақыным айтшы, жүрегің сенің неше рет күйіп қалды отқа!? Ызғарлы күнде, күйініп өту, ақынға салған заң боп па!? Жалғыз боп туып, жалғыз боп жүрген, жабырқау қалған жаныңның Бар сырын біліп, түсінген досты, жоғалтпа жаным, ардақта! Түсінер досың, дауылдан сақтар, қайтармай ғана бетіңді, Бұл қызық ғұмыр, қалайша қосты, тағдыры ұқсас екі ұлды!? Өзінің жанын, түсінбей жүрген, көңілі бөтен ақынның, Жанына серік, өмірде мынау, аз болып қалған секілді. Бар шақта менің жанымда болдың, тұрса да қарсы бар ғалам. Тек өзің үшін, шалдығып қалсаң, жетелер шыңға нар болам! Мен сүйген қызға, бата алмас шақта, сырымды айтып беріп ең, Сен сүйген қызға, бар сөзді жиып, ғашықтық өлең арнағам. Өмірдің жолы, тым қиын болып, құлардай болып құзға мың, Мен күйіп тұрсам сен дағы шоқ боп, суынсам сен де мұздадың. Заманның заңын, адамның заңын, аттап-ақ күнде жүрсең де, Еш уақытта да, достықтың заңын ардақтым менің, бұзбадың. Көрерсің досым, бұл қоғам әлі, алдыңа талай төсер сын, Себебі, сен де, өзгеден ерек, еркіндік сүйген есерсің! Сен үшін ойым ап-айқын болар ашулы тұрған кітаптай, Мен сені досым, түсінбей қалсам, үндемей ғана, кешерсің... Құдірет (Әкеме) Әке, сені білмейді деп ойлама, Өзің жайлы толғанатын ой дара. Ғұмыр саған әділетсіз болса да, Үнсіздікпен жауап бердің жай ғана. Адам қазір көп сенеді құлаққа, Естілмесең алынбассың сұраққа. Құдіретті, Жаратушы Алла да Үнсіздікпен бақылайды бірақ та. Момын жаның үн қата алмай күйінді-ау, Мүмкін емес жан айқайың тыйылмау. Жарқылдаған найзағайдың күшінен Үнсіз жердің қозғалғаны қиындау. Шаршадың да, құлазыдың, тыңбадың, Ақ көңілің жатқа естілмес тұңған үн. Шат-жадыман көрінетін көзіңде, Мен білемін жасырынған сыр барын. Берем саған мақсатымның тек төрін, Көп ақтарып ғұмырыңның беттерін. Көрсем, үнсіз мойынында құнсыздар Ойнақ салар заман болып кеткенін. Қасиет (Анама) Терең теңіз бастау алар бұлақтан, Күн күш алды «Ана» деген шырақтан. Бар көңілін таба алмасаң анаңның, Орын іздеп жүрме дағы жұмақтан. Кәрілік кеп, уақыт қалай зырғыдың ?! Анам күліп жүрсе ғана құндымын. Кәрі анаңның хабар күткен бір күні – Тәтті өмірден алшақтатар бір күнің. Қияларға өзгелермен тең қонып, Әр жасыңа пәк көңілі келді өліп. Ренішінен аққан әрбір көз жасы, Намысыңның төгілгені көл болып. Өстің, өндің, қанат жайдың, жетілдің, Бір-ақ күнің, бар арманы жетімнің. Анаң шашы - жасы жетпей ағарса, Қаралығы деп білемін бетіңнің. Ғұмыр мәнін жасырады көздері, Өз ұлыңдай көре алады өзгені. Бұл өмірде тірі болып өлгенің – Кәрі анаңның жалғыздықты сезгені. Жартаста өскен қызыл гүл Қыз деген әсем гүл сынды, далаға жайнап төгілмек, Иілген ғажап сан гүлге, жүректе дағы орын көп. Қыз затын ойлап жүрдім де, түс көрдім тылсым ғажайып, Ертегі түсім өзіме, бір кезде кетті өңім боп. Қыз біткен гүлге айналып, әлем бір жаман бүлінді, Кез келген гүлді жұлуға, боларын еркек ұғынды. Қалампыр, Раушан, Қызғалдақ көркінен көрді кесірді, Жауқазын, Нәркес, Пиондар ашылмай жатып жұлынды. Кей гүлдер ерді ұнатып, қасірет атын «Күн» көрді, Қуанту үшін ер затын, Баршындар күтті түндерді. Жұлынған сабақ гүлдеді, жұпардан бірақ айрылып, Жаңа өмір үшін жайқалып, шығарды «Ер» деп гүлдеуді. Тікені түсіп бойынан, жапырақтары қысқарды, Жұлынып, қайта гүлдеумен, еркекке әрбір ұсталды. Қыс бітсе жалаңаштанып, асыға гүлдеп Бәйшешек, Тек үйде өскен ақ гүлдер, сұмдықтан мынау тыс қалды. Далаға шығып байқадым, қалмады құны бар гүлдің, Айтыңдар маған бар гүлдер, түбіңді неге шаң қылдың?! Кеттім де бір кез адасып, жартастан көрдім қызыл гүл, Жұпары жанды жай қылды, сыйлығы ма екен тағдырдың?! Самалдан, күннен қызғанып боламын оның жанында, «Қамысты» қайтем жағалап «Жар» гүлім жалғыз барында?! Аймалап гүлін бір күні, қорқамын жұлып алам деп, Тамырмен алам, жайқалсын, тек қана менің бағымда. Шуағын төкпей қызарса, жылусыз нұр мен күнге сын. ( Шын гүлдің сырын білмейміз, әр гүлді жұлып жүргесін). Жеріңнің «Гүлін» сыйлай біл, жұпарын шашып аңқысын. Қыз сүйсең жұлма жүрегін, өзіндік бақта гүлдесін!

428 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы