• Бас мақала
  • 25 Желтоқсан, 2018

Бір уыс топырақ (Жауынгер күнделігінен)

Ержан СҰЛТАНБАЕВ

Түркістан облысында 1968 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультетінің түлегі.

Күз. Қарашаның қара суығы адам тұрмақ, жер дүниені ызғарымен қарып өткендей. Долы желі бірде өрекпіп, бірде ашуын басып, төмен түседі. Жел өтінде қалтыраған селеу мен желегінен айырылған тал қамыс басын жұлқылай шайқап, әлденеге ауыр күрсінеді. Ызғардан ба, жоқ әлде табиғаттың осы бір сұрқай тартқан көрінісінен бе, дене түршігеді. Мүлгіп жатқан дала қойнауы тыныштығын қарға-құзғынның қарқылдаған дауысы жиі бұзады. Ел іргесінен шалғайда жатқан, алыстан қараған жанның назарына бірінші жалт еткен күмбезі ілігетін зиратта сол үнсіз әлемге құлақ түріп жатқандай. Зираттың сол жағында шеттеу жайғасқан қабірдің басына көк тас қойылыпты. Тас қабірдің қойылғанына қанша уақыт өтсе де, алғашқы өңінен қатты өзгере қоймаған. Қайта жауын-шашынның таза суына шайылып, жаңғыра, жалтырай түскен. Сол қабірдің жанында басын төмен иіп, сұңғақ бойлы, сымбатты солдат тұр. Ол әлден уақытқа дейін тапжылмады. Көзін жерге қадап, ауыр ойдан еңсесін көтерер емес. Солдат әкесімен іштей ұғынысып, сөйлесіп тұр. Әкесі оны үнсіз, көзін жұмып, тыңдап жатыр. Ал, ол мұның бәрін шын өмірдегідей қабылдағысы келеді. Тіпті: – Есіңізде ме әке: «Балам, осылай үлгілі оқы. Білім алсаң, елің үшін жақсы азамат болып ер жетесің. Осыны көрсем, маған шын бақыт» деуші едіңіз. Міне мен сол сіздің ақ тілегіңіздің алғашқысын орындадым – дей, жаздадым. Бірақ неге екені белгісіз, үндемей тұрып қалдым. Алғашқы ойды кейінгі ой тұсап, тыным бермейді. Ермек елгезек болып, ержетті. Мінезі де ашық-жарқын, Уәдеге берік, іске ұқыпты. Мектепте оқып жүргенде газет беттерінде мақалалары шығып тұрды. Әлі есінде «Береке-85» тақырыбы бойынша байқау болды. Сол байқауда жүлделі орынды жеңіп алып «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кішкентайынан зерек өскен Ермектің таудай талабына сүйсінген әке: «Өркенің өссін. Талабыңа нұр жаусын, балам» деп, алғашқы сәтті қадамымен құттықтап жатып, маңдайынан сүйген. Әке ернінің табы маңдайынан әлі кетпепті. Ынтық сезім, алабұртқан көңіл әсерінен «Балалық шақпен сырласу» новелласы туды. Мұнда ол өзінің келешекте журналист болатындығын армандаған. Соны бала қиялымен жеткізген. Әкесі мұнысын бірден ұқты. Төсек тартып жатқан әкесі баласын шақырып алып, ұзақ сырласты. Содан «Ермегім оқуға барғанша айығып тұрып кетсем жарар еді» деп іштей жабығып, жанарына жас іркіген. Жанын жегідей жеген құсалы дерті, бұл арманнан біржола қол үздірді. Сонда да болса ажалға дес бермей, бала көңілін жұбатумен болды. – Балам, – деген көңілі қобалжып, мұнысын жасырғысы келгенмен, дауысы бір түрлі дірілдеп шықты, тағдырға налып, жасыма. Өмірдің қиындығы тек бұл емес алдыңда әлі талай асу бар. Тағдырдың қым-қиғаш жолы алдыңнан кесе-көлденең шықса, тайсақтама. Жалықпай күрес. Еңбек ет. Сонан сұм ажал қарап тұрмады. Ардақ тұтқан әкесін араларынан алып кете барды. Әке соңынан қалған шаңырақтың бар салмағы Ермекке түсті. Өмірдің ащы сабағы әкесі айтқандай күтіп-ақ тұр екен. Ол әскерге аттанды. Ауған елінің таулы өлкесі ерекше. Әр жота, белдің арасы жұмбақ әлем. Ең алдымен жауынгерлік қызмет сақтыққа тәрбиелейді екен. Өзіңді-өзің қорғай білуің керек. Дұшпанның осал тұсын да лезде аңғаруға тиістісің. Әйтпесе мүлт кетуің ғажап емес. Осындай өмір мен өлім арпалысқан сәттерде талай жауынгер серіктері көз алдында жан тапсырды. Қоштасудың ащы дәмін сонда көп татты. Ауған жері оны төзімділікке, батылдыққа шыңдады. Ерлігі еленіп, өңіріне наградасын тағып оралды. Сұм ажалдың қармағына талай мәрте ілініп барып, қайтқан Ермек туған елге есен-аман оралғандығын әкесінің көз жұмар алдында берген ақ тілегінен деп жорамалдайды. Онда жүріп өзіне-өзі серт берген. Аман қайтсам алдымен, әке зиратына тағзым етемін деп шешкен. Міне, қазір ол сол сертінен шығып тұр. Қолындағы бір шоқ гүлін иіліп, қабір басына қойды. Сосын қалтасындағы түйілген бір уыс топырақты жайлап ашты да, төмпешік қабірдің жанына төгіп, қолымен бір сипап қойды. Әскерге аттанып бара жатқанда шешесі «ел ырымы қате кетпес, қайда жүрсең де туған жердің топырағы демеу болсын күтіп сақта, мойныңа таққан бойтұмарың болсын» деп еді. Туған елді сағынып, әке-шешесін ойлағанда шынымен-ақ медет болған, оңаша қалып сырласқан осы бір уыс топырақ. Қарашаның қара суығынан бой түршігеді. Зират іші сұрқай тартып, – қураған шөп қурай ғана ызындайды. Шөп басып, ат ізі салынбаған кейбір қабірге Ермек аянышпен көз тосады. Ұмыт болған кейбірінің төмпешігі білінер білінбес. Бәлкім ол тұрған жерге де бір кездері қабір қойылған болар. Ермек аяғының астына қарады. Оны кім білсін.

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы