• Айтарым бар...
  • 25 Желтоқсан, 2018

Ең қымбат қазына – адам

Деңгелбай Төлебаев Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушы.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауының екінші бөлімінде - ойлау негіздері, ақыл – ой мен шығармашылық қабілеттерін дамыту туралы айтқан еді. Осыған орай, өз пікірімді білдіріп қазіргі студенттерге, болашақ мұғалімдерге ой бөлісейін деп жазып отырмын. Сөз – сөйлеушініңойын, сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінезі де болып табылады. Сондықтан кісінің тәрбиелік деңгейін, мінез-құлқын көбіне сөзінің сипатынан байқауға болады.Қазақ халқында «Өнер алды қызыл тіл», «Тіл-тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жақсы сөз жан сүйіндірер, Жаман сөз жан күйіндірер» деген мақалдарымыз бар. Бұл халқымыздың тіл құдіретін танытады әрі рухани байлығын көрсетеді. Халық қашанда сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің парқына және қай жерде қалай сөйлейтініне айрықша мән берген. Сөйлеу әдебін сақтаған. Үлкендер сөйлегенде, кішісі тыңдай білген. Сөйлеудің ең жақсы қасиеті – ой-пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізу болып табылады. Алтын, күміс, гауhардың қымбат саналуы – олардың аздығы, тазалығы десек, қысқа қоспасыз, ұғымды айтқан сөзде қадірлі. Орыстың аса шебер жазушысы А.П.Чеховтың «Краткость – сестра таланта» - деуі де сондықтан. Ғұламалар «көп нәрсенің қадірі болмайды» дегенді айтады. Мұның сөйлеуге де қатысы бар. Бұрынғының даналарынан «Қанша көп сөйлесең, сонша аз айтасың» деген нақыл қалған. Әйтеуір сөйлей алады екенмін деп тасыраңдамай абайлап сөйлеу – ақылдылық, инабаттылық белгісі, өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін, байқап, бағамдап сөйлеудің мәні ерекше зор. Қазақтарда«айтылған сөз, атылған оқ», орыстарда «сөз шымшық құс емес, ұшса қайтып ұстай алмайсың» деген мақалдар бар. Әйгілі авар ақыны Расул Гамзатовтың: «Сөйлеуге үйрену үшін адамға екі жыл керек, ал тіліне ие болуға алпыс жыл керек» - дейтін әзілінде үлкен өмір шындығы, терең мән бар. Сөйлеу кем дегенде екі адамның тілдесуінен тұрады. Кейде мұндай сөйлесуде әр кім өзі көбірек айтып қалуға тырысады, екінші адамның да айтқысы келіп отырған сөздері барын ескере бермейді. Ал сөйлеу әдебі сол екінші әріптесіне үнемі назар аударып, оның да қалаған кезінде, өз ой-сезімін білдіруіне мүмкіндік беріп, сезімталдық көрсету. Бұл сөйлесудің мәнін арттырып, екі жақтың да қанағат сезімін тудырады. Көпшілік жағдайда сөйлесуге қатысқан адамдар өздері өте мінді санаған ой-пікірін ортаға салып, бір-біріне жаңалықтарды тың деректерді жеткізгісі келеді, өзін толғандырған мәселелер жөнінде басқалардың салиқалы, дәлелді пікірін білуге талпынады. Сондықтан ондай сөйлесуге жеңіл-желпі қарамай өз тарапынан лайықты ілтипат көрсетіп, ұстамды, ойлы жауап беру парасаттылық болып табылады. Атақты Әйтеке бидің «Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсіңдер», - деуі соған меңзейді. Ана тілінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелік, әдептілік өлшемі болып табылады. Оның мәні: әр азаматтың ана тілін Отанындай, туған халқындай, ата-бабасындай сүйіп, ардақтап, ол тілін сөйлеуді тәңірінің ұлы сыйындай көруінде. «Тілімнен жаздым» деп қателесіп қалмас үшін алдын ала ойланып алуды әдетке айналдыру жақсы қасиет болып саналады. Бұл өзі ғылымда да дәлелденген шындық. Сөйлеудің қасиеті, әдептілігі мен әдемілігіне қоса шындығыда болу керек. Жалған айту, өтірік сөйлеу кісілікке жатпайды. Сөйлесетін адамның мінез-құлқын, мәдени деңгейін, өзіндік ерекшеліктерін, ескерген жөн. Мәселен, орынсыз әзіл айту немесе тыңдаушыға қызықсыз әңгіме суырықпақтап тұрып алу, көңіліне дық түсіретін жөнсіз мақтау не айыптау, әйелдердің айталық жеке басына қатысты жайларды тәптіштеп сұрау және сол сияқты тағы басқа әңгімелер әдептілікке жатпайды. Сөйлеуге қатысты әдептіліктің тағы бір түрі – орынды, әділ сөзге тоқтау. Ердің құнын екі сөзбен шешкен дана шешен халқымыздың ата-салтында жүйелі уәжге тоқтамаудан өткен пәтуасыздық жоқ. Ондайлар туралы халық: «Аталы сөзге ақымақ тоқтамайды», деп қатты кейіс білдірген. Шешендік өнердің үздік үлгілеріне жатқызуға болатын би-шешендердің ұланғайыр айтыстарының бірде-бірінде айтылған әділ сөзді аттап өтушілікті кездестірмейміз. Ал суырып-салма айтыскер ақындарымыз әріптестері сөзден сүріндірген жерде дереу тоқтап, жеңілгендерін мойындап отырған, онымен де қоймай, әлгі айтысты жалпақ елге жария етіп айтып жүрушілер де өздері болған. Демек сөз қадірін танып, мойындау, ірілікті, кісілікті білдіреді. Сондықтан, білім беру мекемелерінің оқу – тәрбие орындарының, ата-аналар мен қоғамдық жұртшылықтың, барша ұлтжанды азаматтарымыздың күллі күш-жігері, төл ұрпақтың жүрегіне ана тілін жаратып өсіруге, қазіргі заманға сай өз тілімізді дамытуға болашақ ұрпақтарымызды баулуымыз керек.

552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы