• Бас мақала
  • 28 Қараша, 2018

ЖЕРДІ ТАНУ – ЕЛДІ ТАНУ ДЕСЕК ТЕ...

Нұрлан ҚҰМАР

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев елдігімізді нығайтатын 5 институттық реформаны іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-қадамы бойынша «Туристік кластер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторларды тарту» туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта Елбасы Жолдаулары мен ел дамуын айшықтайтын мемлекеттік бағдарламаларда туризм кластерінің дамуына ерекше мән беріп, Қазақстанды туристер үшін тартымды елге айналдырудың бағыт-бағдарларын көрсетіп келеді. Соңғы жылдары елімізде туризмнің барлық түрлері дамуға қарай бет алды. Бүгінде туризм дүниежүзілік ішкі өнімнің 10 пайызын құрап, өте маңызды роль атқаруда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылға дейінгі Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасақтау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасы нақты орындалуда. Мемлекеттік бағдарламаның басты ядросы туристік картаны жүзеге асыру болып табылады. Республика бойынша бағдарлама 60 нысанды қамтыса, оның 50 нысаны жергілікті деңгейде, 10 нысанның ұлттық деңгейде мәртебесі бар. Мемлекеттік маңызы бар он нысан қазіргі таңда 3,2 миллион келушілерді қабылдап отырғаны айқын. Келешекте бұл орындардың 13 миллион келушілерді қабылдауға мүмкіндігі бар. Аталған саланы жандандыру үшін бес жыл ішінде 5 миллиард инвестиция тарту қажет және ал, оның 30 пайызы бюджеттен бөлінеді. Қалған инвестиция жергілікті бизнес арқылы қаржыландырылады. Әрине, жобаларды іске асыруда инженерлік-коммуникациялық, кәріз желілері секілді инфрақұрылым және ең бастысы – мемлекеттік қолдау шаралары керек. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Міне, осыған байланысты елімізде туризмді дамытуға көп көңіл бөлніп келеді. Әсіресе, Жетісу өңірі туризмді дамыту мәселесіне ерекше мән беруде. Жетісу жеріндегі туризм кейінгі жылдары Алматы облысы экономикасы тіректерінің біріне айнала бастады. Асқар таулары мен айдын көлдері астасқан, орман-тоғайлары мен құмды өңірлері жарасқан өлкеде аталған салаға зор көңіл бөлінуде. Жетісу жерінде туризм саласы өркендеп келеді. Десек те, тау туризмі кенже қалып отыр. Сондықтан, Алматы облысының билігі таулы аймақтарды саяхатшылар үшін қолайлы етіп, жағдай жасауға кірісті. Әлемге әйгілі Шарын мен Көлсай сияқты көркі көз тартатын жерлерге қазір ат ізін салатын шетелдіктер көп. Мәселен, Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылдық округіне инвесторлар тартылып, арнайы орындарды салу жоспарланды. Сондай-ақ, осы игі бастамаға елді мекенде туып, түлеп ұшқан жастар да көмектесіп жатыр. Олар Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында қаржы жинап, ауылға кіреберіс қақпа салып берді. Жаһанға жар салып, жарнама жасамаса да, Жетісудің көрікті жерлеріне келетін турис-тер аз емес. Әрісі Америка, берісі Еуропадан ат арытып, ағылғандар таулы аймаққа құмар. Сондықтан, олар әуелі Кегеннің кереметтерін көру үшін дүлдүлдер әнге қосқан Үш Меркі, айтулы Қарқара, Тоғызбұлақ, жердің көркі Жалаңаш сияқты ауылдарға бас сұғады. Жұртпен етене танысады, терең тарихына әбден қанығады. Қазақстан Республикасында туризмді әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялады. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы Туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, ал, 1997 жылы «1997-2003 жылдар кезеңінде Ұлы Жібек Жолының тарихи орталықтарының өркендеуі, түркі тілді мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтау және туристік инфрақұрылым құру» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында аталған саланың айрықша маңызы атап өтілген. «Туризм мәселесі – Қазақстан үшін өте маңызды және шұғыл шешуді қажет ететін көкейтесті мәселе болып табылады. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдегі туризмді дамытуға ерекше мән беруде. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында «бүкіл елдегі туризмді дамыту орындарын зерттеу керек, олар аз емес» деген болатын. Ал, Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық үдемелі дамуы Бағдарламасында Қазақстанда туризмді дамытуға бөлек тармақ арналған. Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес, мемлекет өзінің іскер серіктестерімен бірлесіп, мемлекеттің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылысын жүргізуді жүзеге асырады. Ең алдымен, Маңғыстау облысында «Кендірлі», Ақмола облысында «Бурабай» және Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле» сияқты халықаралық туристік орталықтарын, курорттары мен демалыс аймақтарын құру жөніндегі үш ірі жобаны атап кетуге болады. Келешек өңірлік жобаларға Ақкөлдегі «Шарқұм» демалыс аймағын, «Қатон-Қарағай» емдеу-сауықтыру кешенін, «Шеберлер ауылы» этнографиялық кешенін, сондай-ақ Алматы облысындағы «Талхизды» жатқызуға болады. Әлемде дамыған елдердің көбісі туризмге ерекше мән береді. Өйткені, бұл сала – мемлекет үшін табыс көзі. Өкінішке қарай, Қазақстанда көрікті жерлер мен тарихи нысандар көп болғанымен қызмет көрсету, жол мәселесі, маркетинг бір ізге қойылмаған. Оның үстіне бағалары да айтарлықтай қымбат екені жасырын емес. Аталған мәселелер өз шешімін тапса, отандастарымыз Анталия емес, Алакөлді бетке алар еді... Мысалы, 2016 жылы шағын ғана мемлекет – Сингапурге 16,4 миллион турист келген. Соның арқасында туризмнен түсетін табыс 13,9 пайызға өсіп, 24,8 миллиард долларға жеткен. Қазіргі таңда елімізде экотуризмді дамыту мәселесі де өзекті болып отыр және туристердің кез келген нысанға қолжетімділігі мәселесін шешу қажет. Дүниежүзілік тәжірибеге жүгінсек, қазіргі таңда ұлттық табиғи парк-тер жақсы дамыған бизнес көзі болып отыр. Қазақстанда, өкінішке қарай, мұндай орындар жоқтын қасы. Сондықтан, бұл саланы дамыту негізгі міндеттердің бірі болып отыр.

706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы