• Шежіре
  • 28 Қараша, 2018

ЛӘҢГІ немесе Шиелі мен Қожатоғайдың арасы

Адам іштен сезімтал боп туады. Қарап отырсаң, ерекше жаратылыс иелерінің бәрі бала күннен сезімтал. Гоголь де, Достоевский де, Чехов та, Абай мен Әуезов те, Шоқан мен Шаһмардан Есенов, осы күнгі біртуар математик Асқар Жұмаділдаев та бала кезінен болмысы бөлек біртуар жаратылған тұлғалар. Асқар бала кезінен серуеншіл, мектепте жүргенде-ақ жан-жағына жалтақтап қарап, мұражай біткеннің бәрін аралап шығатын. Ақыры, өз дегеніне жетті. Оны білгесін айтып отырмын. Зиялының бәрі осындай. Ұлттық дәстүрді ұстанып, тірлікте адамдық танымды алға салғандар да солар. Олардың қимыл-қарекеті де өзгеше, қимылы шалт, не істесе де жылдам істеп, уақыттың алдына шығады. «Пәленшенің баласы сондай екен» деген ел-жұрттың есінде қалған сөз де аз емес, бірақ олар елді таң қалдырып, өз дегендеріне жетті. Ұлттық дәстүрді ұстанатындар да солар. Ол кезде, социализмнің алқызыл алауы желбіреп тұрған шақта, ауылда ләңгі ойнау үрдіс еді. Ләңгі ойнау – ұлттық ойынның көрінісі болатын. Қысқы каникулда ауылда ләңгі тебуден жарыс өтетін. Футболы жоқ, хоккейі жоқ ауылда, 15 минуттық үлкен үзілісте ләңгінің небір «финттері» көрсетіліп, өкшемен теуіп, маңдаймен қағып алатын майын ішкен үздіктер есімі ел-жұрттың жадында қалатын; жиналысқа түсіп, болашағына күмәнмен қарайтын күдіктілер қатары да толыға түсетін. Біздің мектептен осындай «үздіктердің» екі-үшеуі Дене шынықтыру институтына түсті. Ол кезде Дене шынықтыру институтына түсу – әкең тіріліп келгенмен бірдей дәреже еді. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісшілерінің арасында біздің шағын мектептен 3 ләңгіші істі болды. Олар сотталды, бірақ намысты қолдан берген жоқ. Бәрі Қайрат Рысқұлбековтің дос-тары, өмірден өз жолын тапқандар. «Ымырт» пен «Сергелдеңді» қайталап оқып отырып, «Тәуелсіздікті кімдер алды? Халық па, билік пе?» деп ойға батамыз. Көгілдір экранды дүр сілкіндіріп жүргендер де солар. Ал, пәлсафа ілімінде кейінгі он жылдықта ой бөлісіп, талғам таразысын толықтырып жүргендер кімдер? Бажайлап қарар болсақ, ләңгі теуіп, есекке теріс мінген жігіттер өнбойымен озық тұр. Секен Дорженов «Кімді зиялы дейміз?» атты мақаласында («Заман – Қазақстан», 4 шіл-де, жұма, 1997 ж) зиялыларды былайша тоғыз тарауға бөліп, айшықтап ашығын айтады: «Біріншісі, тіптен он жылдан артығырақ уақыт өтсе де, 1986 жылғы ұлы ұлт-азаттық көтерілісі шындықтарының толық ашылмай отыруы... Ақиқатты айту емес, шындықты жауып-жасыру нағыз қылмыс екенін оншалықты сезінбейміз. Әлде Кеңес өкіметінің кезіндегідей «50 жыл өтсін!» – деп, 2036 жылды күтеміз бе? (Иә, 1986-ның шындығы ашылып, ел тарихына алтын әріптермен жазылады деген үмітіміз бар). Екіншісі, төзбеске төзу мен ғажайып үнсіздік, былайша айтқанда, соқыр мергенге, тілі кесілген шешенге айналдырылуымыз (Мылқауға да тіл бітер). Үшіншісі, әлі де ақ пен қараны, әділдік пен әділетсіздікті, тіптен, адам мен қорқау қасқырды ажырата алмау. Ал, кейінгілерін ажырата білгендері, оны ашық айта алмауы (Уақыт бәріне куә. Уақыт сөйлетеді). Төртіншісі, ішіп-жем, дүние-мүлік, байлық жинаудан басқа мәселелерде дүниежүзілік деңгейге шығуға әрекеттің аздығы, тіптен жоқтығы десе де болады. Жоғары мәртебелі Президентіміздің «Ғасырлар тоғысында» деп аталатын кітабында: «Алпысыншы жылдардың аяғынан бастап, біздің ғалымдардың әлемдегі көрнекті ғалымдар санына қосылуы күрт азайып кетуі де тегіннен тегін емес», – деп (20 бет) әділ-ақ жазған. Бұл пікірдің ар жағында үлкен философиялық түйін жатқан сияқты. (Бұған да уақыт куә). Бесіншісі, хас таланттарды дер кезінде көру, оларға мемлекеттік қамқорлық жасауды тиісті деңгейде талап ете алмау (Хас таланттар өзін-өзі дәлелдейді. Оған шетел асудың керегі жоқ). Алтыншысы, әрбір зиялының өзін-өзі жете білмеуі, шектен тыс менменсудің көбеюі, өз бойынан адамға тән еш кемістік таппауы (Менменсу зиялыға жараспайды. Өз жерімізде сұлтан бола білуіміз керек). Жетіншісі, «насилие истиной гнуснее всех убийств» деген екен бір ойшыл. Осындай құнды пікірді зиялылардың өмірлік принцип етіп ұстай алмай отырғандары (Зиялы құнды пікірді қорғай білуі керек). Сегізіншісі, тіптен, қарама-қарсы ойлар-дың, шығармашылық пікірталастардың нағыз бірлікке, прогрестің серпілісіне әкелетін қозғаушы күш, жол екенін әлі де жете түсінбеуі (Шығармашылық пікірталас тиылмайды. Оған жол ашық). Тоғызыншысы, Кеңес өкіметінің кезіндегідей-ақ, қоғамның ең ақылдыларының, білімділерінің, имандыларының, интеллектуал-дыларының биліктің негізгі салаларынан әлі де шеттетіліп отыруы, бағаланбауы, көзге ілінбеуі, т.б. (Қит етсе шетел асып кететіндер «Өз жері – өлең төсегінің» бетке ұстарлары болуы керек. Билік те, зиялының шапағаты да солардың қолына өтуі тиіс). Иә, не шықса да ләңгі тепкендерден шығады, не шықса да өз тілінде сөйлеп, тура айтатындардан шығады. Шүлдірлегендердің бір ұрты ішінде. Қаланың баласы – қатал. Ауылдың баласы – иманды. Шиелі мен Қожатоғайдан да зиялылар шыққан. Мені мен Аманхан сияқты. Асқар (Жұмаділдаев) әлемге әйгілі математик. Аманханның ағылшыншасы кімнен кем. Оның да «I love you»-і бар. Шиелінің маңы толы қытай. Мұнай кенішіндегілер солардың тілінде шүлдірлеп жүр. Қожатоғайдың өз кәсібі бар. Онда бала балиғатқа толғанда дәрігерге барып, табалдырық тоздырмайды. Үш-төрт түтінге бір оташы. Бұл да мынау теңге-көк қағаздың божысын қаққан заманда өзін-өзі жарылқап, жыңғылдың күлін ем қылғандарға қат кәсіп. Білегін түрінген бұрынғы ләңгішілер қатал. Шыр еткен сәбидің қас-қағым сәт тәнін ауыртып тұрып, олардың болашаққа бекем бел буып бара жатқанын біледі. Жамбасқа жанып- жанып алған өткір бәкінің ұшында ұрғашының ләззаты мен еркектің атбайлары атойлап тұрғандай. ...Аттың оң жағынан мініп, қымыз ішіп тұрып, қазақша сөйлей алмай қалатынымыз несі?! Осыны көріп тұрып, ләңгі ойнаған кездерімізді де еске алып қоямыз. Біреулерден біртүрлі сескенетін де сияқтымыз. Жасқаншақтық жақсы қасиет емес. ...Не шықса да ләңгі ойнағандардан шығады.

Қуан Боқайұлы

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы