• Білім-ғылым
  • 19 Қазан, 2018

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – КЕҢСЕ ТІЛІНЕ ҚАШАН АЙНАЛАДЫ?

Қазақстан Республикасындағы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын ақпараттық қолдау және түсіндіру мақсатында көптеген игі істер атқарылып жатқаны белгілі. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясатының нәтижесінде төзімді, толеранттық тілдік орта қалыптасқаны ақиқат қана емес, маңызды саяси-әлеуметтік құндылықтардың бірі болып отыр. Кез келген халықтың ғасырлар бойы қордаланған мәдениетінің асқар шыңы – сол халықтың тілі екені баршамызға түсінікті. Сондықтан да еліміздің көзі ашық, көңілі ояу бар азаматы ана тілімізді теңдесі жоқ ұлтымыздың алтын қазынасы деп бағалап, қастерлеп, сол қазынаның болашақ ұрпақ сусындайтын рухани бұлағының сарқылмас көзіне айналуын армандайды. Кеңес дәуірі кезінде сырттан келген өктем күштің салдарынан ауқымы тарылып, болашағы бұлыңғыр бола бастаған ана тіліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап мемлекет қамқорлығына алынып, бүгінде күн санап өрісін кеңейтіп келеді. Соның арқасында ана тіліміз жойылу үдерісінен түбегейлі ажырап, Қазақ елінің тұғырлы мемлекеттік тілі болып қалыптасуда. Сол тұғырлы мемлекеттік тіліміздің жетілу деңгейі бүгінгі қоғамның барлық әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани, ғылыми-техникалық сұраныстарынан туындайтын функцияларын толық қанағаттандыратындай жағдайға жетуі тиіс. Осы бағытта елімізде атқарылып жатқан үлкен шаралар бар, бірақ соған қарамастан әлі де атқарылатын, қосымша пысықтауды қажет ететін міндеттер де аз емес. Жер бетіндегі барша халықтың тілі – заманның ағымына, адам тіршілігіне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың ықпалы салдарынан әртүрлі өзгерістерге ұшырап отыратыны табиғи құбылыс. Соңғы кезеңде етек жайған жаһандану және интеграциялық процестердің салдарынан көп халықтың тілі жойылып, саны аз халықтардың тілдеріне жоғалу қаупі төніп, ал, дамыған тілдер өз өрісін кеңейтіп жатқаны белгілі жайт. Соның бір айғағы ретінде мынадай фактіні келтіруге болады. Қазіргі кезеңде жер бетінде қолданыста жүрген жеті мыңға жуық тіл болса, дүниежүзі халықтарының 70 пайыздан астамы бар-жоғы 40 шақты дамыған халық тілінде сөйлейді екен. Демек, осы аталған үрдістердің ауқымы кеңейген сайын жер бетінде өмір сүріп жатқан көп халық өкілдерінің басқа дамыған тілдерге деген қызығушылығы артып, өз тіліне деген сұранысы азаятыны, соның салдарынан олардың ана тіліне жоғалу қатері төнетіні ақиқат. Ағымдағы үрдістерге баға беріп отырған ғалымдардың болжауы бойынша, осы ғасырдың ортасына таман қазір қолданыста жүрген тілдердің жартысына жуығының аясы тарылып, бірте-бірте жоғалуы мүмкін. Бұл – көпті алаңдатып отырған күрделі проблема. Осы жағдайларды ой елегінен өткізсек, бірнеше сұрақ туындайды. Біріншіден, аз халықтар тілдерінің пайдалану арнасының жыл сайын тарылып, құрдымға кетуінің негізгі себебі қандай және осы проблеманы біз түбегейлі зерттеп, тиісті нәтиже шығардық па? Екіншіден, біздің ана тіліміздің даму бағыты мен қарқыны ғылыми-техникалық прогресс пен жаһандану процестерінен туындайтын қоғамның бүгінгі қатаң талаптарына сәйкес келе ме? Үшіншіден, тіліміздің бүгінгі Ата Заңымызда жазылған мәртебесі оның болашағының жарқын болатынына кепіл бола ала ма? Төртіншіден, бүкіл дүниежүзі батыстық өркениеттің ықпалында екені белгілі. Демек, осы жағдайда біз тіліміздің тазалығын сақтау мақсатында оны интеграциялық үрдістерден дараландыруға тырысқанымыз жөн бе? Бесінші, біз ана тілімізді қалай және қай бағытта дамытқанымыз жөн? Аталған сұрақтардың туындап, көптеген ұлтжанды азаматтарды елеңдетіп отырған бір себебі бар. Ол тіліміздің даму барысында орын алып отырған кейбір орнықсыз жағдайлар. Солардың кейбіреуін атап өтсем деймін. Біріншіден, егемендік алған алғашқы кезден бастап тілімізді жандандырамыз деген ниетпен соңғы уақытқа дейін айналымда жүрген, бүкіл халыққа түсінікті, ағылшын, не Батыстың дамыған тілдерінен енген сөздердің орнын ұмыт болған, ешкімге түсініксіз, ерте заманда парсы, не араб тілінен енген сөздермен жаппай алмастыру басталды. Оған мысал ретінде халықтың санасына зорлап енгізуге тырысып жатқан «сынып», «рәміз», «рәсім», «мүшайра», т.б. сөздерін келтіруге болады. Сонымен қатар, парсы тілінен еніп, мыңдаған жылдар бойы айналымда жүрген сөздердің этимологиясын түсінбеудің салдарынан соңғы кезде кейбір орнықты сөздердің мағынасын өзгерту үрдісі басталды. Мысалы, парсы тілінде «қалампыр» деп «ащы қызыл бұрышты» атайды. Жалпы, бұрыш деген сөз де парсы тілінен енген (парсы тілінде – мурч). Бұл ерте заманда енген сөз болғандықтан бүкіл түрік тілдес халықтар ащы қызыл бұрышты қалампыр (каламфур) деп атайды және біз де солай атап, өлеңге қосып, әндетіп айтып жүрдік. Ал, енді соңғы кезде кейбір аудармашылардың кесірінен «қалампыр» деп «гвоздика» гүлін атай бастапты. Бұл тіліміздің тарихына балта шауып, қорлағанмен тең жағдай емес пе екен? Халықтың мәдениеті мен тілі жеке дара дамымайтыны белгілі. Қилы заманнан бері көршілес халықтар бір-бірімен араласып, сауда-саттық жасап, үйлесімді тіршілік атқарғанының арқасында бір халықтың мәдениеті мен тілі екінші елдің мәдениетіне үлкен ықпал жасайтыны тарихтан белгілі. Осы тұрғыдан келгенде біздің тіліміздің дамуына парсы тілінің қосқан рөлі ерекше. Өйткені, біз үш мың жылға жуық мерзімде осы халықтың озық мәдениетінің ықпалында болдық. Соның әсерінен біздің тілімізде айналымда жүрген сөздердің 40 пайызға жуығы осы парсы тілінен енген сөздердің еншісіне тиесілі екені, ал, ғылыми категориялар, түсініктер, атаулардың басым көпшілігі парсы тілінен еніп, бүгінгі күні ана тіліміздің төлтума бөлігін құрап отырғаны баршаға аян. Соның айғағы ретінде бүгінде кең қолданыста жүрген, түбі парсы тілінен енген жеміс-жидектер (алма, анар, алша, алхор, т.б.), көкөністер (қарбыз, бадыран, пияз, баклажан, сәбіз, қалампыр, райхан, т.б.), жануарлар (піл, зіл (мамонт), арыстан (немесе арслан, аслан), ат, маймыл, т.б.), апта (дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, т.б.) атауларын келтіруге болады. Енді қазір аталған терминдерсіз ана тіліндегі көптеген сөздерді елестету мүмкін емес. Заман өзгерді. Дүниежүзілік аренаға ХV ғасырдан бастау алған индустриялану үрдісінің алғы сапында болған Ұлыбритания қара үзіп алға шығып, өз мәдениеті мен ғылыми-техникалық жетістік-терінің құдіретін әлемге мойындатты. Сон-ың арқасында ағылшын тілі әлем халықтарының ортақ коммуникация жасайтын құралына айналып, жаңа дәуірдің ғылыми-техникалық категорияларын қалыптастыратын басты тілі болып отыр. Бұл – заманның талабынан туындаған объективті заңдылық. Олай болса, біз қазіргі жаһандану, интеграциялық процестер мейлінше дамып, егеменді еліміз дүниежүзі қауым-дастығының толыққанды мүшесі болып танылып отырған заманда жаңа ғылыми-техникалық түсініктер мен категорияларды парсы, араб тілдерінен іздегеніміз жөн бе, әлде өркениетті халықтар секілді ағылшын тілінен енген категориялардың пайдалану өрісін мейлінше кеңейткеніміз дұрыс бола ма? Егер дүниежүзі халқын жарқын болашаққа бағыттайтын даңғыл жолдың сыртында қалғымыз келмесе, онда бізге де осы даңғыл жолға түсудің мүмкіндіктерін қарастыру керек секілді. Екіншіден, ұзақ мерзім қолданыста жүрген сөздердің төркінін түсінбеудің салдарынан түрік тілінен орыс тіліне енген сөздерге қазақ тілінде жасанды балама сөз табу сәнге айналып барады. Шынында да бұл біздің ана тіліміздің заманның ағымына сай дамуын тежеп, тоқырауға ұрындыратыны сөзсіз. Осы тұрғыда бір-екі мысал келтіре кеткен жөн болар. Мысалы, «баклажан», «кабачок», «курага» деген сөздер орыс тіліне түрік тілінен енген. Осы сөздердің орыс тіліндегі этимологиясына қарасаңыздар, онда орыс ғалымдарының дәл осындай тұжырым жасағанын байқайсыз. Соған қарамастан егемендік алған жылдар ішінде кейбір атаулар бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Оны мемтерминком бекітіп, сөздіктер мен оқулықтарға енгізіп, халықтың санасына сіңіруге тырысып бағудамыз. Үшіншіден, тілімізде бұрыннан айналымда жүрген халықаралық терминдердің түп-тамырын түсінбеудің салдарынан, орыс сөзінен қашу керек деген ниетпен орнына жасанды балама табу үрдісі пайда болды. Иә, соңғы кезеңде әлемде қалыптасқан жағдайға назар салсақ, онда терминдер мен ғылыми категорияларды қалыптастырудың ортақ тәртібі орныққанын байқаймыз. Ертеде парсы, латын тілдері ғылыми категориялармен толықтырылған тіл болса, қазіргі заманда жаңа терминдердің қайнар көзі ағылшын тілі болып отыр. Содан соң жануарлар, өсімдіктер, музыкалық аспаптар немесе басқа заттар тек ерекше бір елде ғана кездесетін болса, онда сол жергілікті тілдегі атауларды өркениетті елдің ғалымдары бұлжытпай алып, өз тіліне бейімдеп, айналысқа енгізеді. Соның арқасында ол халықтың тілі жаңа терминдермен толығып, ұдайы дамып отырады. Мысалы, халқымыздың еншісіне біткен музыкалық аспап домбыраны еш елде «күй таяқ» деп атаған емес, атамайды да. Ол бар халықтың тілінде өзінің домбыра деген мәртебелі атына ие. Олай болса, біз неге пианиноны, роялді – күйсандық деп атауымыз керек. Сол секілді біздің кеңбайтақ елімізде ғана жиі кездесетін «қарсақ» деген жыртқыш аң барша дамыған тілдерде «қарсақ» деп аталады. Олай болса біз неге гиппопотамды – су сиыр деп атауымыз керек және оған қандай ғылыми негіз бар? Егер гиппопотамды – су сиыр деп атасақ, онда сөзсіз осы жануар мен біздің күнде көріп жүрген сиырымыздың арасында генетикалық жақындық бар деген сенім пайда болады. Ал, ғылыми зерттеулер гиппопотамның мұхитта өмір сүретін китпен тұқымдас екенін дәлелдеп отыр. Сол секілді еңбектеген сәбиден бастап, барша халық «жираф» деп атайтын жануарды «керік» деп атаудың не қажеті бар?! Ал, витаминді бүкіл дүниежүзі дәл солай атайды. Жалпы, бүкіл дүниедегі халықтың реңдері әртүрлі болғанымен барлық адамдардың жаратылыстары бірдей, ауыратын сырқаттары да ұқсас, сондықтан қазіргі медицинада аурулардың аттары мен соларға қарсы пайдаланатын дәрілердің атаулары бүкіл әлемде негізінен біркелкі стандартқа келтіріліп, барлық жерде бірдей аталады. Бүкіл әлемде анальгин, аспирин, пенталгин, витамин секілді атаулар еш өзгеріссіз пайдаланылады. Ал, біз витаминді дәрумен деп атауға тырысып жатырмыз. Бұл сөздің түбірі дәрі ме, әлде дәру ме? Бұдан жобалап аударған атаулардың бәрімізді шатастырып, әсіресе, өскелең ұрпақты әр алуан ойға қалдырары ақиқат. Төртіншіден, біз әсірелеп, жобалап сөйлегенді ұнататын халықпыз, алайда ғылым мен техниканың дамыған заманында санамызға орныға бастаған ғылыми категорияларды орнымен, ұқыпты пайдалануды жолға қойғанымыз жөн. Сонда ғана біз ана тілімізді заманның қатаң талаптарына бейімдейміз. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда бізде кемшілік көп. Соған бір ғана мысал келтірейін. Біз физика, астрономия пәндеріне ғалам деген сөзді ғылыми категория ретінде енгізіп, жастардың осы категорияны орнымен пайдалануын талап етудеміз. Ал, журналистер мен кейбір тіл мамандары «интернет» деген сөзді «ғаламтор» деп қолданғанды ұнатады. Бұл – әрине, орыстың «всемирная паутина» деген балама сөзіне еліктеуден туындаған нәтиже. Орыс тілінде қалыптасқан қатаң талапқа сай әр түсінік орнымен пайдаланылады. Бұл жердегі «весь мир» деген бүкіл жер шары деген ұғымды білдіреді. Бұл орнықты шешім, өйткені, шынында интернет бүкіл жер шарын торлап алды десе болады. Ал, біздегі жағдай қалай, соған тоқталайық. Біз орыс тілінен «вселенная» деген ғылыми категорияны ана тілімізге «ғалам» деп аударып, барлық оқулықтарға енгіздік және дұрыс жасадық. Енді осы категорияны ұқыпты пайдаланғанымыз жөн. Қазіргі жағдай сын көтермейді. Себебі, біз бұл категорияның мәнісін түсінбей, кез келген жерге орынсыз пайдалануды әдетке айналдырдық. Ғалам – шексіз дүние, өйткені. ол жүз миллиондаған галактикадан тұрады. Солардың ішінде біз өмір сүріп жатқан галактика да бар. Біздің галактикамыз да шексіз кең, оның бір шетінен екінші шетіне дейін жарық сәулесі миллион жылдан астам уақыт жүреді. Осы галактиканың бір шетінде күн жүйесі орналасқан. Оның төңірегінде сегіз планета бар (бұрынырақ тоғыз деп келгенбіз). Соның бірі өзіміз өмір сүріп жатқан жұмыр жер. Интернет бүгінде тек жұмыр жерді торлап отыр, бірақ ол күн жүйесін, галактиканы немесе ғаламды торлап алуы мүмкін емес және оның адамзатқа қажеті де жоқ. Ендеше біз интернетті ғаламтор деп атап, барша халықты шатастырмағанымыз жөн секілді. Қазіргі кезеңде тіл проблемасы туралы әртүрлі пікірлердің айтылып та, жазылып та жүргені рас. Қазақ тілі мемлекеттік тұғырлы тіл мәртебесіне ие бола тұрып, қосымша тіл қалпынан құтыла алмай отырғаны көпшіліктің намысына тиюде. Егер біз ендігі кезекте жоғарыда аталған проблемаларды жан-жақты талқылап, ана тіліміздің дамуын дұрыс жолға қоймасақ, онда қазақ тілі бүгінгі бишара күйінен шыға алмайды. Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтқанда, «Ой орнықты, тұжырым тегеурінді болу үшін қолданылатын «құралдарды», терминдерді саралап алмай болмайды». Тіл туралы Заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген қағида бар. Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір не көп, жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктер ала-құла. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әртүрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырды. Қайбір басылымдар сөзжасамның неше түрлі нұсқаларын ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, аударылмайтын бірде бір сөз болмауы керек. Қазақ тілінде термин қабылдаудың ғылыми принциптерін негіздеп, қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген, термин жасауда тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалану керектігін жақтаған ғұлама ғалымдарымыздың бірі Құдайберген Жұбановтың өзі де халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен еді. Керек жерінде ғана аударған жөн шығар. Алайда оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік. Мысалы: «Қылтимаға шығып, шаптырмаға қарадым» деген сөзге қалай күлмейсіз. Мұндай әрі айтуға ұят, әрі мүлдем түсініксіз тәржімелерді өздеріңіз де кездестіріп жүрген шығарсыздар. Газетті – «жариядат», минералды – «арасан», энциклопедияны – «мағлұтнама», технологты – «жасалымгер», таблетканы – «түймедақ», дражені – «қаптама» десем, қайсыңыз түсінер едіңіз. Қазіргі кезде осындай келеңсіз тенденция бар. Жаппай тәржімалау мен бет-бетімен термин жасаушылық осыған жеткізіп отыр. Қазақ тілін қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру үшін ең алдымен қазақ тілін өз ұрпағымыздың тілі ретінде қалыптастыру мәселесі тұр. Неге десеңіз, қазіргі таңда қазақтар төл тілін біліп-білмеуі жағынан біркелкі емес, бірнеше топқа бөлінеді: қазақ тілін ана тілі дәрежесінде білетіндер, қазақ тілін екінші тіл ретінде білетіндер, сөйлеу тілінде қиналып, орысша араластырып сөйлейтіндер және қазақ тілінен бейхабар, мүлдем білмейтіндер. Сонымен қоса, қазақ тілін білсе де, ресми орындарда сөйлемейтіндер, сөйлесе де қазақ тілінің тағдырына немқұрайды қарайтындар, білу міндетті емес дейтін халық қалаулылары, ақын, ғалымдар, әкім-қаралар баршылық. Қазіргі күні бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елбасы жүзеге асқан бастамаларды баяндай келе, «еркін ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негіз қаладық» деді. Еркін ұлт болу- негізгі бағыт, ендеше, еркін ұлт болу үшін оның белгілі дәрежеде тілдік сана-сезімі болуы шарт, ана тілінен безген, өзге тілге телмірген ұлт ешқашан еркін бола алмайды. Мемлекеттік тілді барша қазақстандықтарды біріктіруші факторға айналдыру өзге ұлт тілінің есебінен болмайды, өзге ұлттар өз тілімен қатар мемлекеттік тілді меңгеріп, қостілді болуы шарт. Бұл – әлеуметтік сұраныс, өзге ұлт өкілдері осыны сезінуі қажет. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін кәсіби талап қойылу керек деп ойлаймын. Мысалы, тиісті құжатың болмаса, көлік рөліне отыра алмайсың ғой. Оны талап ету – кәсіби талап қою екені белгілі. Тілге де сондай талап керек. Мысалы, өткен ғасырдың 20 жылдары 42 мамандық бойынша қазақ тілін білу кәсіби талап болған, бүгін неге солай талап қойылмасқа. Кәсіби талапты адам құқығын шектеумен шатастыруға болмайды. Демек, мемлекеттік тілді білуді талап ету- адам құқығын әсте шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы басқа ұлт өкілдерінің кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей жағдай туғызу болып табылады.

Нұрлан ҚҰМАР

334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы