• Қоғам
  • 15 Қыркүйек, 2018

ҰЛЫ КӨШ ҰЛАҒАТЫ

Нұрлан ҚҰМАР

Қазақстан Республикасының Прези-денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғаш рет астананы Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы ойы барша қазақты мұратына жеткізетіні анық. Бұл шешім біздің Тәуелсіздігімізді айғақтайтын нақты да жарқын мысал. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы көшіру туралы шешімін сонау 1997 жылдың күз мезгілінде жариялады, 1997 жылдың аяғына қарай Алматы қаласынан Астана қаласына ұлы көш басталды. 1998 жылдың көктемінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана деп өзгертілді. Елдің жаңа астанасына лайықты қалалар ретінде көптеген ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде Жезқазған қаласын да ұсынған болатын. «Жаңа астана ежелден ұлт ұясы саналған Ұлытаудан салынсын» деген пікірлер де болды. Бірақ Елбасы құрған комиссия тиісті мәселелерді қарастыра келіп, лайықты деп санаған Ақмолаға тоқтады. Сол кезде Ақмола қаласында 290 мыңдай ғана адам бар еді. Елбасының таңдауы өте дұрыс жасалды. Өйткені, Ақмола тоғыз жолдың торабындағы, еліміздің кіндік тұсына орналасқан қала болуы-мен ерекшеленетін. Астананың Ақмолаға ауыстырылуы елдің, жердің тұтастығын сақтап қалуға алғашқы сәттен бастап игі әсерін тигізді деп нық сеніммен айтуға болады. Ұлы Далада қазаққа қасиетті орда болған мекендер көп. Ықылым замандардағы Жетісудағы шаһарлардың Талас пен Шу аңғарларындағы кенттердің, Жайық пен Ертіске дейінгі қалалық орталықтардың ізіне түссек, қазақ даласындағы астаналар тарихын сақ дәуірінен бастауымызға тура келеді. Ал, ғалымдардың соңғы зерттеулерінде Қазақ хандығы Сарайшық пен Сығанақта және Түркістанда билік құрғаны туралы ескі тарих сыр шертеді. Ал, Қазақ қоғамының мәдени және ағартушылық бағытына аянбай еңбек еткен Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары туралы шежіре бірнеше том кітаптарға жүк болары кәміл. Ел астанасын Алатау баурайындағы ару қала Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшіру туралы идеяны алғаш көтерген, Сарыарқа төсінде ХХІ ғасырдың әсем қаласы бой көтеруіне, өсіп-өркендеуіне аянбай тер төккен ел Президенті Н.Ә.Назарбаев болатын. Мемлекет басшысы Астана қаласының әрбір құрылыс алаңын, әрбір нысанын өзі бақылап, тікелей өзінің қатысуымен жүзеге асырды. Әрбір ана өз баласын көзінің қарашығындай бақылап, алақанымен баптап, аузына нәр тамызып, аялап күтіп, әлпештеп өсірсе, қазіргі таңда Қазақстан Елордасын – Елбасының төл қаласы деп атауға толық негіз бар. Менің де Астанаға жылына кем дегенде бір рет жолым түседі. Әр барған сайын әйтеуір бір жақсы өзгерісті, бір үйдің болсын сәнденіп жатқанын, қатарға қосылғанын байқап қайтамын. Жүрегім елжіреп, туған өлкенің дамып жатқанын, сәулет өнерінің озық үлгілері саналатын нысандарға көзімді алмай қараймын. Суретке түсіріп, сақтап, анама көрсетуге асығып тұрамын. – Ойпырым-ай, мен 10 жыл бұрын барғанда бұл жерде ескі үй, клуб, кітап дүкені бар еді, енді айнала тіпті, танымастай өзгеріпті ғой, – деп анам сүйсініп, Елбасына, халқына амандық тілеп, мерейленіп қалады. Ондайда мен қатты қуанамын. «Бәйтерек» туралы ертегіні балажан анам туған-туыстардың кішкентай балаларына айтып беруден жалықпайды. Сосын менің қасиетті орында, биікте, қолымды қойып әр кезде түскен суреттерімді де қоса көрсетіп отырады. Елбасының мәдени орталық мұражайы, «Пирамида» деп аталатын Бейбітшілік пен Келісім сарайының, «Хан Шатырдың», «Думан» ойын-сауық кешені, «Қазақстан картасы – «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Әуенді фонтандар бағының келбетіне көз тоймайды. Бәрінде де, ең бастысы, ұлттық нақыш, ұлттың келбеті бар екенін сезіп, жаным жадырайды. Күн сайын құлпырып келе жатқан Астананы әрбір ұлтжанды адам секілді өте жақсы көремін. «Астана келбеті – ұлт келбеті» деп Елбасы айтқандай, бұл – шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы. Астана – толассыз түлеу, дамылсыз даму үстіндегі әсем қала. Астана – жұртымыздың жан жүрегі! Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев астанаға байланысты өз толғанысын былай жеткізеді: «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана – ол Астана! Қай тілде де, ұғымды, ұран тәрізді». Елбасымызға осындай ұлы ойды әкелген де ұлттық рух және салт-дәстүр шапағаты. Қайта жаңғыру жолындағы бабаларымыздан мирас болып қанымызға сіңген салт-дәстүр тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді тудырады. Әлбетте, жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау. Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша мән беру – Отанға деген ерекше ықылас туғызады. Бұл өз кезегінде халықты ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Астана атауы халқымыздың рухани, экономикалық өрлеуіне алып келетін символдық қалқан болса керек. Сөз жоқ, Астана – Қазақстанның мақтанышы, көз қуанышы болып отырғаны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы атқарылып жатқан ісінің арқасында болып отырғаны жасырын емес. Елорда Азия құрлығының солтүстігінде кең қанат жайып, жарқырап-жайнап бой көтерген ару да әсем қала. Бүкіл ел абыройының асқақ көрінісі, мемлекетіміздің мақтан тұтар айнасы. Әлем халықтарының көпшілігі туристік, дипломатиялық сапармен қонаққа келіп, Елордамыздың жылдан-жылға көркейіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқынын үдей түскеніне таңырқай да тамсана қарайды. Бүгінгі таңда Астана әлем елдерінің тарихында шапшаң жылдамдықпен қарыштап, инфрақұрылымдық сатылардан тайсалмай, өсіп-өркендеп келе жатқан еңселі шаһарлардың бірі де бірегейі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астананың Қазақстанның Елордасы болуға әбден лайықты екенін іспен дәлелдеді. Әрине, қуаңшылық, қатал климат жағдайында қазіргідей көздің жауын алатын ғимараттарымен, ескерткіш-монументтерімен, көрнекі орындары, саябақ-гүлзарларымен қайран қалдыратын Елордасын тұрғызу кез келген басшының қолынан келе бермейтін биік белес. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласында туған жер тақырыбына орай қазір барлық елді мекендер мен қалаларда көрнекті орындарды айшықтап, киелі жерлерді көркейтуге күш жұмсалуда. Еліне еңбегі сіңген, мүйізі қарағайдай азаматтар осы идеяны қолдап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» әрекет жасауда. Туған жерлеріне ат басын тіреп, жаңа құрылыс жобаларын жоспарлап, жастардың жағдайын түзеуге біржолата көңіл бөлінуде. «Ер туған жеріне, белін бекем буған жеріне» деген тәмсіл осыған орай айтылса керек. Бұдан басқа Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесінің өтуі де Елбасының арқасында іске асқан мемлекеттік маңызы бар шаруа. «EXPO көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновацияны игереді» деген еді Елбасы Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде. Иә, еліміз бұл көрмеге «Болашақтың энергия-сы» тақырыбын ұсынуының өзіндік сыры бар. Өйткені, қазіргі әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Қазақстан осы көрмені өткізу арқылы әлемнің қажеттілігін өтеуді басты орынға қойып отыр. Міне, сондықтан да, Қазақстан «жасыл экономикаға» бет бұрды. Елбасы мен Астана – егіз ұғым. Елорданың дүниеге келуі де осы Тәуелсіздіктің арқасында болды десек, артықтық етпейді. Тәуелсіздік – қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау, біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оны көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз, саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде, біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап, болашаққа жеткізу біздің еншімізде екені көңілге мақтаныш ұялатады. Біздің әрбіріміз «Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын» деп мақтанышпен айта алатындай деңгейде оқуға, ізденуге, еңбектенуге тиіспіз. Ал, осы игі істерді ең алдымен Елбасының өзі халқы үшін жасап берді емес пе?! Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасымыздың көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих бетінде алтын әріптермен жазылды. Астана осынау 20 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай. Астананың көркіне не бір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі болып қала бермек. Сол бейне қашан да көз алдымда. ...Астанаға барғым келеді де тұрады.

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы