• Білім-ғылым
  • 15 Қыркүйек, 2018

Тіршіліктің «көкесі» – туризм

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Қазақстан Республикасында туризмді әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялады. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы Туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, ал, 1997 жылы «1997-2003 жылдар кезеңінде Ұлы Жібек Жолының тарихи орталықтарының өркендеуі, түркі тілді мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтау және туристік инфрақұрылым құру» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында аталған саланың айрықша маңызы атап өтілген. «Туризм мәселесі – Қазақстан үшін өте маңызды және шұғыл шешуді қажет ететін көкейтесті мәселе болып табылады. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдегі туризмді дамытуға ерекше мән беруде. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында «бүкіл елдегі туризмді дамыту орындарын зерттеу керек, олар аз емес» деген болатын. Ал, Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық үдемелі дамуы Бағдарламасында Қазақстанда туризмді дамытуға бөлек тармақ арналған. Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес, мемлекет өзінің іскер серіктестерімен бірлесіп, мемлекеттің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылысын жүргізуді жүзеге асырады. Ең алдымен, Маңғыстау облысында «Кендірлі», Ақмола облысында «Бурабай» және Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле» сияқты халықаралық туристік орталықтарын, курорттары мен демалыс аймақтарын құру жөніндегі үш ірі жобаны атап кетуге болады. Келешек өңірлік жобаларға Ақкөлдегі «Шарқұм» демалыс аймағын, «Қатон-Қарағай» емдеу-сауықтыру кешенін, «Шеберлер ауылы» этнографиялық кешенін, сондай-ақ Алматы облысындағы «Талхизды» жатқызуға болады. Осыған қоса сол өлкенің өткені мен бүгінін салыстыруға, тұрмыс-тіршілігін тануға мүмкіндік мол болары анық. Әлем экономикасының 10 пайызын бүгінде туризм саласы құрайды. Қазақстан да бұл секторды экономиканың тағы бір қозғаушы күшіне айналдыруды көздеп отыр. Елімізде туризмді дамыту үшін қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайдың бәрі бар. Тәуелсіздік алған соң оларды жаңғыртуға бағытталған біраз шара қолға алынды. Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында елімізде «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Аталмыш компанияның алғашқы міндеті – еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау болса, екіншісі – осы салаға инвестиция тарту. Соңғы жылдары ел үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап, әсіресе, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу стратегиясы бойынша нақты міндеттемелер жүктеп отыр. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізе алады. Сондай-ақ, мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналу. Бұл бағдарламаны дамыту үшін мемлекеттің бюджет қорынан 59 миллиард теңге бөлінген. Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстанды 2020 жылға қарай жаһандық деңгейдегі туристік орталықтың біріне айналдыру. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сондай-ақ Алматы қаласы тау туризмінің даму ордасы ретінде қарастырылады. Аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 миллионнан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Мәселен, түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістандағы сакральды орындардың маңызы әлемдегі ең мықты деген өңірлерден әсте кем емес. Зеренді мен Бурабайдың тура өліара тұсында Қараүңгір деген шағын ғана мөлдір көл бар. Ортасын бөліп жатқан ештеңе болмаса да, осы Қараүңгір көлінің бір жағының суы – тұзды. Тұщы жақта балық көп. Ал, тұзды жақта тіршілік атаулы атымен жоқ. Есесіне оның емдік, шипалық қасиеті басым. Кереметі сонда, бір көлдің аясындағы осындай ғажап құбылыс ешқандай бөгетсіз, араға тартылған тас бөгетсіз жүзеге асып тұр. Көл туралы сөз етсек, тылсым сырға толы Алакөл, Шайтанкөл, Сабындыкөл, Айнакөл сияқты отандық брендтер туралы ұзақ әңгімелеуге тура келеді. Демек, туған өлкемізде таңдай қағып, тамашалайтын жерлер аз емес. Шын мәнінде, Қазақстанда туризмді дамыту үшін әлі игерілмеген орындар көп. Өкінішке орай, ел аймақтарындағы өлкетану туризмінің даму деңгейі өте төмен. Өз шешімін күтіп отырған маңызды мәселе – республикамызда керемет туристік ресурстардың болуына қарамастан, ішкі туризмнің әлі жеткілікті дамымай отырғандығы, оларға көрсетілетін туристік қызметтер де көп болмағандықтан, көптеген қазақстандықтар шетелге саяхаттауды жөн көреді. Ел экономикасын көтерудің бір жолы – туризм саласын дамыту. Ол үшін отандық демалыс орындары шетелдік шипажайлардан кем түспеуі керек. Сол деңгейге жетпесек те, оған жету жолы қарқынды даму үстінде. Бұл ретте еліміздің әр өңірінде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Кей кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегімен жергілікті туризмді өркендетуде белсенділік танытуда. Туризм саласын қолға алып жатқан кәсіпкерлерге соңғы жылдары мемлекет зор қолдау көрсетуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттар және субсидиялар, төмен пайыздық шарттармен несиелер берілуде. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің үйлесімі арқасында түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Осы орайда өңіріміздің сұлу жерлерін қонақтарға паш ету мақсатында кейбір облыс орталығында арнайы экскурсиялық бюро жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы əлемдегі елдердің ішінде аумағы бойынша тоғызыншы орында, қарлы мұздақтардан бастап құмды бархандар мен тау шыңдарына дейін барлығы бар. Қазақстанның жеке аймақтарында таңқалдыратын түрлі табиғи ландшафттар мен адам қолы тимеген жабайы табиғат, бай тарихи жəне мəдени мұралар, белсенді демалудың таусылмайтын мүмкіндіктері бар. Осының бəрі Қазақстанда ішкі туризмді дамытудың жəне шетелдік туристерді қабылдаудың үлкен əлеуеті бар екендігін көрсетеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәліз бойындағы туристік кластерлер де маңызды жобалар болып табылады. Тұтастай алғанда халықаралық стандарттарға сай келетін 48 нысан құру көзделген. Жаңа туристік бағыттар пысықталуда, соның ішінде қала туризмі, белсенді және санаторилік демалыс, тарихи-мәдени туризмге көп көңіл бөлінеді. Қазақстанда 9000-нан астам архео-логиялық және тарихи ескерткіштер, 118 ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, оның ішінде 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парктер орналасқан. Ең танымалдары Алматы облысындағы «Алтын Емел» және «Іле-Алатау ұлттық паркі», Павлодар облысындағы «Баянауыл», сондай-ақ Ақмола облысындағы «Көкшетау» және «Бурабай» болып табылады. «Тамғалы Тас» жартас суреттері, Шарын шатқалы, «Әнші құмдар» және сақтардың «Бесшатыр» қоры-мы секілді көрнекті жерлерді көріп тамашалау кім-кімге де үлкен әсер берері анық. Экотуризмді тарату үшін «Іле-Балқаш кемелер жарысы» және «Ертіс меридианы» сияқты іс-шаралары ұдайы ұйымдастырылып отырылады. Республика тау шаңғысымен айналысуға барлық жағдайларды ұсынады. Бұл салада ол әлемдегі барлық биік таулы мемлекеттермен бәсекелесе алады. Бұл үшін Алматының жоғарында орналасқан «Шымбұлақ» және «Медеу» жоғары тау кешені, сондай-ақ Ақмола облысындағы Бурабай демалыс аймағы бар. Бұлардың бәрі Қазақстанның тұрақты дамуы және оның беделінің жоғарылап, әлемде танылуына ықпал жасап отыр. Туризм дегеніміз қонақтарды тек қарсы алып, орналастырып, шығарып салу ғана емес. Саланы дамыту үшін баға саясатын келушілерге ыңғайлы ету қажет, құндылықтарымызды жақсы жағынан көрсетуді үйрену керек. Ол үшін жергілікті халықтың тұрмысын түзеп, мәдениетімізді дамыту да маңызды. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын қалыптастыруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналып үлгерді. Туризм саласының жылдан-жылға маңызы артып, халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде көп мемлекеттер аталмыш салаға баса назар аударуда. Міне сондықтан, Қазақстан туризм саласын дамытуға ерекше назар аударып, еліміздің туристік әлеуетін қуаттандыру үшін нақты шараларды жүзеге асыруға тырысуда. Бұған мүмкіндік мол, тек адамға зерде мен біліктілік қажет, жас буынды да дайындап, таным мен тәжірибені ұштастыратын күн туды. Қазақ жасы жақсылыққа әрдайым дайын.

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы