• Әдебиет әлемі
  • 15 Қыркүйек, 2018

Менің әкем Қожа

Альфия Адамбек Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті

Журналист қауымы әңгімешіл келеді ғой. Алайда алдарыңдағы жазбаның иесі аса әңгімеге зауқы жоқ. Жазғанды тәуір көреді. Сонымен не жазамын?.. Балалық шағым жайлы жазайыншы. Оған себеп «ата сақалым аузыма түссе де» (сондағысы кәмелеттемін). Бердібек Соқпақбаевтің «Балалық шаққа саяхатын» оқып жүрмін. Бердібек атамыз неше жасында жазғанын білмедім, әсте танылғасын жазған болар. Мені де бір күн емен бір күн ел танып, арқа қағар. Сол кезіме тұздық болсын деп өмірбаянымды қазірден бастап жазып жатырмын. Қыстың қамын жаз ойлағандық та (Мүмкін Алла жазып кітап болып қалар. Алайда қазір кітап шығара салу оңайдың тірлігі болды ғой. Мендегі арман, құндылыққа табан жақын дүние болса игі... Бұйыртса!). Мен туған Адамбектер әулеті аса бай емес. Бірақ абыроймен қарын тойдырып, ел батасымен өсіп-көгеріп жатқан үбірлі-шүбірлі екен. Жайың Жаннаттан болғыр апам 13 кұрсақ көтерген «Батыр ана». Оның 11-і адам болып, жер басып кеткен де, Алла тақияға тар қылды ма қайдам, әлгі екеуінің талқанын кем қылыпты. Екеуі деймін-ау, және бір қызын азапты қайғы шарпып өтіп, мезгілсіз сәтте мәңгілік сапарға алып кетпеді ме?! Қапы қалған қайран апам-ааааай! Сол кезде бір құрсақты жарып шыққан сіңлің де опат болмады ма? Қалай зар қақсадың екен? Кімнен көріп, лағынетіңді кімге айттың екен? Жә, ол қаралы оқиға жайлы кейінірек сөз қозғаймын. Сонымен, мені дүниеге әкелуге себепші болған әкем бар емес пе, сол апамның тұңғыш ұлы. Алдында бір әпкесі бар. Әңгімені апама алып келіп тірей бердім ғой, айтпасқа болмас. Біздің апа «алтын құрсақты ана» екен ғой, шіркін. Жетпіс бірде тұңғышы, жетпіс екіде біздің үйдің отағасы, жетпіс үшінде және ұл, жетпіс төртте төртіншісі қыз бала. Осы төртеуі бар емес пе, осы төртеуі, әжесінің балалары болған. Атамның анасы қара шаңырақта қалған да, аталарыма еншісін беріп шығарып салған ғой үйінен (Атамның әкесі соғыстан шолақ болып келіп, оңалмаған деседі. Ол кісі жайында білерім аз). Қара шаңырақтың қамшы ұстары болып әкем қалған, әлгіндегі аға, әпкелерім бар. «Қазаны басқаның қамы басқа» демекші, әженің балалары бір ананың жатырын шыққан тумаластарын «бауыр» деп көрсін енді. Керісінше, әжені көруге келген бауырларын ( ойын баласы, оның есесіне ата-анасының қойнында жүрген балалар қайдан «әже» іздеп келсін, ойын қуып келеді де) ұрып-соғып, ақ тер, көк тер қылады екен. Жәйдан-жәй ұрса өздері айыпты боларын біледі де, алдын ала жоспар құрып, үйден кетірудің амалдарын жан-жақты қарастырады-мыс. Топ басшылары – әкем. Охооо, менің әкемнің есерлігін бауырларымның ешқайсына бермеген. Қыңырлығына келер болсақ бір басқа, көштің басы менен бастап, кенжемізге дейін өз дегенін істетпеске болмайтын, кежегеміз кейін тартып тұратын өте нәшәр адамдармыз. «Күшіне қарамай көже де тасиды» ғой. Әрі қанның тартқаны осы мінез болғаны да. Сонымен неше жылдар өз дегендерін істеп, атой салып жүрген әкем бастаған топтың бір күнде шаңырақтары шайқалады. Әжеміз жарықтық дүние салып, қара шаңырақ бос қалады. Бұл үшеуін (төртіншісі есейе келе «сатқын» болып шыққан) ата-анасы жылап-сықтауына, қырсығуына қарамай өз үйлеріне алып кеткен (Екі үй де бір көшенің бойында орналасқан, тек әженің үйі төменде, атамыздікі жоғарыда болған). «Түйенің дәуі көпірге келгенде таяқ жейд» дей ме атам қазақ?! «Өгізге туған күн бұзауға да туып», әкемнің кіші бауырлары, «ата жаулары» қарулансын кеп. Үйіне келген әкемдерге күн бермей, 80 жылдардағы «хит» әннің сөздерін өзгертіп кеп, «Тауда көп-көп доланалар, Тоғайдан келген дуаналар» дейді екен шулап. Әкем шырақтар басынан сөз асырсын ба, ал, содан атой басталсын (Ауыл тегіс төменгі жақты «тоғай» дейтін). Әжеден ажырамай өскен әкем өз шешесін «ана» деп атамайтын. Атымен атар, кейде, жеңге дер. Ана былай тұрсын әкесінен де именбейтін сондай қайсар адам болған екен де. Оны бүгінде бауырлары жыр қылып айтып отырады. «Еееей, сенің әкеңнің таяғын жедік қой әбден», – деп бастайды әңгіменің төркінін. «Өзі жарытып сабақ оқыған адам емес, бізге кеп шүйлігетін де қоятын. Сабақ оқымаған мені ше, мені төргі үйде қағулы тұрған шешеге апарып іліп қойған ғой қаныпезер» – деп, үйдің сүт кенжесі айтарын айтып алып, көзінің қиығымен «әкемді келіп қалмады ма?» – деп жәймен қарап қояды. Одан әкем жайында сөз қозғалса бүкіл бауырының жамырай кеп айтатын бір қызықтары бар. Әкемнің нағашы жұрты осы ауылда. Бір күні нағашылатып, не жұмыстармен барса, жолығып қалса жын-шайтан көргендей едірейе қалатын топ бауырлары нағашыларының үйінде жаңадан шыққан фотоаппаратпен суретке түскелі жатыр екен. Ол зат бәріне таңсық, не екенін айырып, ажыратып жатқан жан пендесі нағашылары ғана. Сонымен, әкемнің шығар жаны көзіне көрінгенде, бауырларына деген махаббаты қылаң беріп (шын ба, өтірік пе?), «Ойбааай, анамен қазір атып тастайды. Қашыңдар да қашыңдар» деп қиқулаған ғой. Соғыс дегеннің не екендігін ақсақалдардан естіген балалар да, қаз-қатар тұрған қалыптары улап-шулап, айқайлап табандарын жалтыратқан. Нағашылары не болғанын аңғара алмай, абдырап қалды деседі. Сонымен ауылды басына көтеріп, өкпелерін ала жүгірген әкемнің бауырлары, ошақ маңында жүрген анасының жанына барып бірақ тоқтасын да, не болғанын айтып берсін. «Есуас, ерке, жеңілтек, жұрттың зәресін алғаннан өзге дымға қажеті жоқ, неме» деп, апам байғұс бар білген жаман сөздерін айтып жылап жатқанда, менің әкем әжемнің берген ыстық шәйін ішіп, «қатырдым, ә!» деп малдасын құрып жатқан екен. Жаза берсең ішегіңді үзетіні көп те, оған орын тапшы. Мына бірін жазайыншы. Мектеп десе теріс айналып, «бармайм да, бармайм» деп бебеулейтін, кейде, қызық үшін барып қайтатын әкеме мұғалімі «2» қойып жіберген ғой. Сыныптастары әрі қыздарының алдында «2» алғандағы ұяты жіберсін бе, әкем жылап-сықтап, шағымданып әжеме барған. Әже де қызу қанды адам болса керек, әлде әкемді ерекше жақсы көре ме, есегінің алдына әкемді өңгеріп алыпты да, мектепке тартыпты. Айқай, шу. Әлгі «2» қойған мұғалім, әженің туысы екен, өлердегі сөзін айтып, «енді «2» қоймаспын, балаңыз оқымаса оқымай-ақ кетсін, оңды бағасын қоям да отырам» деген жанұшырып. Соның бәріне куәгер болып отырған әкем, көзінің қиығымен ұстаздың келбетіне, бір алған екілігіне қарап миығымен күлген екен де. Қандай бұзық, ә! Бірде, әжем әкемді ертіп алып, Шардарадағы баласінікіне қонақтатып барыпты. Ойын құмар әкем көп қабатты үйді таңсық көріп, таң қалып бір кіріп, бір шығып жүрген де, қызық болсын деп бүкіл қабатқа ортақ жарықты сөндіріп тастаған ғой. Ал, содан, әжемнің баласы әкеме ұрыссын кеп. Әжем де қарап тұра ма, «балама тіл тигіздің» деп, баласы жалынып-жалбарынса да үйден шығып кеткен екен. Сонымен, әжем мен әкем түн жамылып ауылға қайтыпты. «Әпкеме жездем сай» деген осы да. Немесе, «бір сұмырайға бір сұмырай қызыл іңірде жолығады» деген бар дағы. Мұны есітіп ішек сілем қатсын. «Менің әкем Қожа ғой» дедім көзіме күлкіден үйірілген жасты сүртіп.

471 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы