• Әдебиет әлемі
  • 15 Қыркүйек, 2018

Көшедегі сабылған көп көліктің, Көңілсіз барасың ба бірінде сен...

Арқалық ӘМӘЛИЯТ

1998 жылы 10 наурызда Қытай Халық Республика-сының Санжы облысында дүниеге келген. Қазір Қ.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенті.

*** Айна. Бұрын. Қарасам, уылжыған жас екем, Ол – сені сүймеген кезім. Айна. Бүгін. Қарасам, көзім бұлдыр, мас екем, Бұл – мені сүймеген кезің. Үміттене қарасам, айна беті жарық нұр, Ол – сенің құлпырған сәтің. Сәл мұңая қарасам, қағазға жас тамып тұр, Бұл – менің жыртылған хатым. Күліп тұрып қарасам, кетірді мұң сәнімді, Ол – сенің бақытты кезің. Жылап тұрып қарасам, ақын екем кәдімгі, Бұл – менің бақытсыз өзім. Жарық айнаға жастығын, құрбан еткен бал күнін, Ол – сенсің, үміті алдаған. Сынық айнаға тапсырған, талғамсыздау тағдырын, Бұл – менмін, ұмыта алмаған. *** Мұңдарыммен симай мына шаһарға, Санам-масаң, әлденеге аңдулы ой. Бейуақытта шығып кетем сапарға, Сапарым сол – қаңғу ғой. Сенсіз бақтың үнсіздігі батады... Баяғыдай жақын емес жел ескен. Ару-қайың қолын бұлғап жатады, Ал, мен әлі арылмағам елестен. Жалғыздығым жалтақ-жалтақ қарайды, Мені қашан адалдыққа сенер деп. Олда сосын күнтізбені санайды, Коктем қашан келер деп. Көкке қадап жанарымның бар нұрын, Үміттенем, аспан мені көрердей. Күз ұрлаған бақытымның барлығын, Жыл құстары қайта әкеліп берердей. Қаратаудан еріп түсіп бір қайғы, Көктем үні естіледі белестен. Әлде біреу, маған қолын бұлғайды, Ал, мен әлі арылмағам елестен... *** Ел қызғанып, болатын заман күндес, Мен бір жолмен жүремін адам жүрмес. Ол жолда дінді ешкім де жақтамайды, Ұжымағыңды ешкім де мақтамайды. Тек жарыққа бастайтын күллі адамды, Мен бір жолмен жүремін тым қараңғы. Ол жолда – тағып алған қайың сырға, Досым, бірге жүруге дайынсың ба?! Біреулер жол емес, ол – түрме дейтін, Мен бір жолмен жүрем, ел жүрме дейтін. Ол жолда – тек адамдық – дін болады, Үнсіздік – мемлекеттік тіл болады. Досым- ау Сағыныш қой ол жолдың аты мәлім, Жүр енді, сол жолға мен шақырамын. Қимайсың ба, Күніңді сен де мендей, Болмайықшы, сол мұңды жеңбегендей. Көрдің бе, ізін әне көнелердің, Ізі анау – АЙБЕРГЕНОВ Төлегеннің. Емен менен көмкерген гүл етегін, Ізі анау емен ақын – Жұмекеннің. Ләйла деп хаттар жапқан алдаспанын, Ізі ол Жұматайдай марқасқаның. Болды енді қарай берме, із жетеді, Осы іздер ертең бізді іздетеді. Жол осы мен жүретін таңдап алған, Сені де, күтсін, Досым, арман алдан. Еш ізді қайта баспа, алтын көкем, Өз ізім осы жолда қалсын десең! *** Бөлмеде сағыныштан басып қырау, Көшеде шаттығынан тоналған күз. Қараңғыға сіңуге асықтың-ау, Іңірден қызыл шарфы оранған қыз. Аңсаған арманыңа жетіпсің ғой, Барлығын көңіліңнен өшірдің сен. Аспанға сүмбіле боп кетіпсің ғой, Мен жерде мұң теңізін кешіп жүрсем. Тағы баяғыдай, сол, жүдеу үнім, Көрдім мен сығанға да бал аштырып. Еркесі боп алыпсың күн елінің, Мен сорлыны ай жаққа адастырып. Күте-күте бұл күнде көңіл кіршең, Көктем келсе, сен қайта гүлдейсің бе?! Қайтеді осы өңімде өмір сүрсең, Түсімнің баянсызын білмейсің бе?! Мезгіл жылап, тайды деп бастан бақыт, Жапырақтан орамал оранған күз. Амансың ба, ақ гүлін аспанға атып, Күнмен бірге көгімнен жоғалған қыз. Хабарласшы! *** Кеше де сен ойымда, бүгін де сен, Сағынбасам дәл бұлай бүлінбес ем. Көшедегі сабылған көп көліктің, Көңілсіз барасың ба бірінде сен. Ботана бұлттар боздап салатын ән, Күзгі жаңбыр – меңіреу, қала тұман. Адасып кеттің бе сен әлдеқайда, Өзімшіл пенделердің арасынан. Төсіне менмендіктен қадап шынар, Мені де сол пенделер мазақ қылар. Оралмашы, өтінем, қайта оралу Оралмай кеткеннен де азап шығар. Шағылып қалмас менің тауым оған, Сағыныш-дерт қой, бәлкім, сауыға алам. Мен де бір күн адасам, сен сияқты, Сол күні, мүмкін сені тауып алам. Бүгін де сен ойымда, ертең де сен, Жүрек қылын өзің біл шертем десең. Сағынбасам дәл бұлай дала кезіп, Сағынбасам, дәл бұлай өртенбес ем. *** Қарашаның қабағынан жыл аунап, Беймаза шақ. Тырна қайтқан тыраулап. Құстар әнін шырқап тұрмыз, тек үнсіз, Мен және де құлазыған мынау бақ. Шығар деуші ек, алдымыздан күз күліп, Аңғал едік, алдап кетті бізді үміт. Біз көктемде көп жүретін көшемен, Келеді әне, баяу басып қыз жігіт. Айтатындай сан жапырақ алақай, Құлап жатыр, тағдыр ғой деп талапай. «Ағай, ағай, гүл алыңыз» деп әлгі шыға келді гүл сататын балақай. Алыс кетіп ауылынан күдіктің, Қыз ұялды, отын жағып үміттің. Міне қызық, былтырғы мен сияқты, Гүл алуға ақшасы жоқ жігіттің... Сан сынақты алдан шығар ұға алмай, Қу тірліктің қамытынан шыға алмай, Сәлден кейін, кетті ақыры екеуі, Махаббаттың бақшасынан гүл алмай. Керегі не, бір соқпаққа сан іздің, Адалдықтың ақ жолында жан үздім. Ал, мен былтыр қарызға алғам сол гүлді, Сондықтан да, махаббатқа қарызбын. Қосылмадық. Тағдыр бізді арбаған, Тағдырынан асып туған бар ма адам? Оқасы жоқ, мені сол гүл мүсіркеп, Опасы жоқ сені сол гүл қарғаған. Құлағында тырна үні тыраулап, Тағы күзбен қоштасып тұр бұл аумақ. Гүлсіз қайтқан екі ғашық секілді, Үнсіз тағы бара жатыр жыл аунап...

655 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы