• Мәдениет
  • 25 Шілде, 2018

Тулақ хикаясы

Жанар ӘБДІШОВА 1950 жылы дүниеге келген. Тұңғыш әңгімелері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Арман қанатында» атты жас жазушылардың жинағында жарық көрген. 2014 жылы «Өмір сүргім келеді», 2017 жылы «Өмір сүрсем... кеш емес» атты әңгімелер топтамасы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдады. Туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші осының бәрі Шәмшия мен Ысрайылдың базардан кілем алуынан басталды. Қып˗қызыл, көздің жауын алатындай гүлдері бар, үлкен кілемге жабыса кеткен әке˗шешесінің «кір көтерімді, осыны алайық!» деп, тықақтап, қадалғанына қарамай, жоғары оқу орнында ұстаз болып қызмет ететін қызы: «Это не модно!» − деп, шекіт˗шекіт сарғыш гүлдері бар, ақ кілем алдырып, ат шаптырым, қонақ күтетін бөлмесіне төсеттіріп қойды. Міне, сол кілем аппақ болып, ағараңдап жата бермей, аяқ басқан жерлерін кір шала бас-тады. Шәмшия ары қарап, бері қарап, «Ваниш» деген сұйық сабынмен сүрткен болады. Бірақ оған болар емес... Содан амалы құрып, аппақ кілемді ары сипалап, бері сипалап, есіне бұрын сойған, тұз сеуіп кептіріп, жүнін алам деп, сақтап қойған асыл ешкілердің терілері түсті. Күнге жайып, жібектей желкілдеген аппақ жүнін шаш жуатын сұйық сабынмен жуып, сірке суын қосып, суық сумен шайқап жіберіп еді, бұйраланып, күлтеленіп, жалтылдап шыға келді. Нағыз тулақ болды. Шәмшия бұнымен тоқтап қалмай, «жүнін алам ба...» деп, қоймада сақтап жүрген қазақи қойлардың терілерін арнайы цехқа апарып, тон тіктіретіндей даярлап, илетіп, оны да жуып, күлтелендіріп, ақ кілемнің адамның аяғы көп тиетін жерлеріне төсеп қойып еді, бөлменің сәнін кіргізе түсті. Келген қонақтарға шетел киноларындағы байлардың едендеріне аюдың, жолбарыстың терісін төсеп қойған көрінісінен кем әсер етпейтін, әрі бұрынғыдай «кір болып қалды ау!» деп, тызақтап, мазасы кетпейтін болды. Тулақтарды далаға шығарып, күнге жая салса, болмаса қарға бір екі рет қағып қағып алса, иіс қоңысы кетіп, шаң тозаңы түсіп, күлтеленіп, жүні желбіреп, жайнап шыға келеді. Бір күні қызы дәріс оқуға келген, шетелдегі оқу орнының атағы дардай профессорын қонаққа шақырғанын айтты. Ол қазақтың үйін көргісі келеді екен. «Арақ құймаңыздар, тек қана шарап ішеді!» − деген соң, Талғарда шығатын, ең жақсы деп мақтаған салмақты, ұзын мойын, ішінде қоңыр қызыл сұйықтығы бар бөтелкенің екеуін әкеп қойды. Айтулы күні келген қонақты Ысрайыл мен Шәмшия жаны қалмай күтті. Қазысын да, қартасын да жамбаспен қосып асты. Қазақтың қымызын да, шұбатын да әкеліп, ас та төк қылып күтті. Қонақ тамақты опырып жеп онша жарытпаса да, шараптан алдымен иіскеп алып, шайқап˗шайқап, дәмін алғандай, аз˗аздан ұрттап отырды, әрі жерде жатқан жүні күлтеленген тулақтарға қарай берді. Ақыры қасындағы аудармашы арқылы көруге рұқсат сұрады. Тулақты да, иленген терілерді де аударып˗төңкеріп көріп, қатты ұнатқанын айтты. Шығарып саларда, ұнаған тулақ пен теріні қонаққа сыйға тартатындарын айтып еді, аудармашы: «Кеденнен алып өту мүмкін емес, арнайы рұқсат қағаз алу керек!» − деген соң, мекен˗жайын жазып алып, «салып жібереміз!» деп, уәде берісті. «Уәде – Құдай аты», айтқан соң, салмаса, жібермесе болмайды... Сонымен екі˗үш тулақты орап алып, Шәмшия білгіштердің айтуымен, «Мемлекеттік инспекция комитеті» деген мекемеге барды. Үш бөлмеге орналасқан қызметкерлердің үлкен бастығы, оның орынбасары, тағы үш көмекшісі – тіпті, кіреберістегі бөлінген кішкентай күзет үйшігінде отырған сақшыға дейін өзіміздің қаракөздер. Жұмыстары жайлы сияқты, алдарында шайы, күлкілері де жарқын˗жарқын шығады. Қызметкер қыздар да реңді екен. Сахнаға шығатын әртістер сияқты бәрінің көздері сүрмеленген, кірпіктері найзадай болып терілген, қияқ қастары керілген... Қарауға тек көз керек... Келген жұмысын түсіндіріп еді, «жазыңыз!» деп қағаз берді. Ол өзіне берілген қағазға сыртта ілулі тұрған мекеменің аты˗жөнін әспеттеп айшықтап, бастықтың аты˗жөнін сұрап алып, алдына «мырзаға» деген сөзді бадырайта өрнектеп, мекенжайын тәптіштей түгендеп,осы «шапкенің» астына үлкен әріппен ортасын ала «Өтініш» деп жазды. «Мен, Шәмшия Арқатова, Францияға иленген үш тулақты жіберуім үшін ресми түрде рұқсат берулеріңізді сұраймын» – деп, қолын қойып, күнін, айын, жылын жазды. Бұл қағазды көзін қара бояумен қасына шейін үлкейтіп, бояп қойған, үкідей сары қыз алысымен, бәрі түпкі бөлмеге кіріп кетті. Ал, шықсашы... Шыдамы таусылған Шәмшия келгендерді қызметкерлерден бөліп тұрған әйнекті тоқылдатты. −Ау, жарқындарым, менің жұмысым не болды? Рұқсат бересіздер ме, жоқ па? – деді қадалып. Төргі бөлмеден шашы үрпиіп, сары қыз шықты. −Апай, былай ғой... – деді даусын сағыздай созып, − бізде бәрі орысша жазады. Мынаның тексін қайта жазсақ қайтеді? – деді. Шәмшия өрекпіп кетті. −Сонда не?! Бәрің қаракөзсіңдер! Мен де қазақпын! Орыс тілінде әкеміздің басы қалды ма? Егемен ел болғанымызға он сегіз жыл болды ғой?! Тек қана ана тілінде жазамын! Болды, айттым – бітті! Болмаса, ағылшынша жазыңдар, мен сол саланың маманымын, − деді көгеріп. Қыздар тағы түпкі бөлмеге кіріп кетті. Жарты сағаттан соң, бір еркек шықты. −Апай, бізде мәтіннің бәрі орысша даярланған. Сосын мына «тулақ» деген сөзді қайдан тауып алғансыз? Бұндай сөз жоқ қой қазір, ешкім бұндай заттарды пайдаланбайды, әрі айтылмайды... Диалект деп жазыпты сөздікте... Орысша жаза салайық, − деді. −Жоқ, «тулақ» деген сөзді ұмытсаңдар, иленген, өңделген, (обработанные) терілер деп жазыңыздар, − деді Шәмшия қадалып. – Тулақ әдеби тілде бар сөз. Мұхтар Әуезовты, Ғабит Мүсіреповты оқыдыңдар ма? Диалект болар еді... егер есіктің ілгегін «шөтке», шелекті «бақыр», сыпыртқыны «сібірткі», қиярды «бәдірек» немесе «огірчік» деп жатсақ... Қазір тулақты ешкім төсемейді десеңіз бір жөн! Бірақ бұл жерден де қателесесіздер! Байлардың үйіндегі екбетінен еденде жайрап жатқан аю, жолбарыстың терілері тулақ емей немене!? Олар да тура осы қазақтың технологиясымен өңделген, біздің үйден көрген көп отбасы осындай тулақтарды төсеп қойды. Күнге жая қойсаң, шаң тозаңы өзінен өзі түсіп қалады, әрі жылы, әрі табиғи... – деді Шәмшия қызынып. – Осындай ата-бабамыз қолданған заттарды жандандыруымыз керек шамамыз келсе... – деді. – Сендер болсаңдар, әлі қазақша құжат толтыруға дәрменсіз болып отырсыңдар! – деді күйініп. − Ойпырмай, апай, өзіңізді өзіңіз ұстап тұрсыз ғой. Орысша жазса, бағана бітіп кететін жұмыс еді, − деді қиналып. − Жоқ, тек қана қазақша жазамын, − деді Шәмшия, − екі сағат болды келгеніме, енді осы жұмысты қазақша жазбасаңыздар, мен қонуға әзірмін, − деді көзі алайып, кеберсіген ерні тобарсып. Сары қыз: − Апай, словарьда «тулақ» деген сөз жоқ. Бастығымызды шақырдым. Қазір келеді. Мына «рұқсат беруіңізді сұраймын» деген сөздердің орнына «фитосанитарлық сертификат қажет пе екен» деп жазамын, − деді. Оның қаламсабынан олақ оралған жіптей ығы жығы болып, «аяғына оратылып», жазылып жатқан әріптерге қарап тұрған Шәмшия «мейліңіз!» деп айтайын деп, аузын аша берді де, жылан көргендей шошып, көзі адырайып: − Сіздің атыңыз кім? – деді сұраулы кейіппен түйіле қадалып. − Алтын, − деді. − Алтын болсаң, бол! Мынау қатеңіз не? – деді ажырайып. − Қайсы? − «Қажетпекен?» деген сөзді біріктіріп тастағаныңыз не? «пе» − сұраулық шылау, «екен» − көмекші етістік. Бәрі бөлек жазылады. Бұл сұрымызбен ана тілі қайтып оңалады? Масқара ғой, − деп Шәмшия шарасы құрығандай өңі қашып. – Бастықтарыңызды шақырыңыздар! – деді даусын көтеріп. Соның арасынша қарны кебежедей, сұр костюмді жігіт ағасы кіріп келді. Жалт қараған Шәмшия, – Сіз бе, осы жердің бастығы? – деді қадалып. − Мен. Сәлеметсіз бе, фамилиям Тектемісов, айта беріңіз, − деді. − Сәлеметсіз бе! Мына жерде ылғи өзіміздің ұлттың өкілдері істейді екен... Көріп қуанып қалып едім бірақ келгеніме үш сағаттай болды, жұмысым бітпей жатыр. Мәселе қызметкерлеріңіз маған керекті құжатты «орысша жаза салайық!» деп, мен «қазақша жазамын!» деп қасарысқанымнан тоқтап тұр. Мына тулақтарға қазақша жазылған фитосанитарлық сертификат алмай кетпеймін. Қызметкерлеріңіздің бәрі қазақ тілінде құжат толтыра алмайтын сауатсыз екен. Шара қолданыңыз! – деді өңі күреңітіп, сөмкесін ашып, құтыдағы қан қысымын түсіретін дәрісін ішіп. Соның арасынша көлікте күтіп отырған Шәмшияның қосағы келді. − Не болды? Үш сағат болды ғой... Өшірет пе десем, ешкім жоқ. Неге айғайлап жатырсың? – деді. Сары қыз: − Ой, ағай, мына кісіге керек қағазыңызды орысша жазып бере салайық десек, көнбей жатыр. Бағана бітетін еді жұмысы, − деді шағымданғандай. − Сөйте салмайсың ба? Қанша сағат болды!? Өзің де, біз де шаршап кеттік! Не керек осы «орысша», «қазақша» дегеннің!? − деді күйеуі жазғыра. − Жоқ, қазақ тілінде жазылсын. Осыдан орысша толтырылса, баспасөз бетінде талқыға саламын! – деді Шәмшия ерні дірілдеп. Сонымен құжат даяр болды. Онда «Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инпекциясы. Сізге Алматы қаласынан Франция мемлекетіне шығарылатын өңделген теріге фитосанитарлық сертификат берілмейтіндігін хабарлайды. Өңделген терілер карантиндік бақылауға жататын өнімдердің тізімінде тіркелмеген. Бастық: Қ.Тектемісов. Орындаған А.Б.Ирекжіпова. 397 50 47. 002089» деген нөмірі бар, бір жапырақ қағазды алды. Шәмшия тулақтарын алып, берген уәдесін орындауға асығып, Бас почтаға келді. Құжатын көрсетті. Ондағылар ары қарап, бері қарап, «біздің тізімде бұндай сөздер жоқ» деп, кері қайтарды. Сол күні Шәмшияның аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, «Жедел жәрдем» шақырылып, ауруханаға түсті. Шәмшия уәдесін орындай алмады... Осы кезге шейін есіне түссе, кеуде тұсы сығымдалып, кеңсірігі ашып кетеді...

758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы