• Білім-ғылым
  • 23 Мамыр, 2018

«Жасыл экономика» – біздің жанымыз

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі

Қазақстан соңғы 100 жылдықта экологиялық мәселелер бойынша көптеген қиындықтарды басынан өткерді. Кезінде Аралдың құрғап кетуі, Семей полигоны сияқты үлкен экологиялық апаттар бүкіл жұртшылыққа мәлім. Адамдардың денсаулығы нашарлап, бұрын адам баласы естімеген ауруларға кезігіп жатқаны жасырын емес. Сонымен қоса су және энергия ресурстарының тапшылығы байқалып отыр. 2013 жылдың жазында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Қазіргі уақытта осы Жарлық бойынша елімізде қарқынды жұмыстар жасалып жатқаны белгілі. Осы ретте, «жасыл экономика» ұғымына түсінік бере кетелік. «Жасыл экономика – Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін табиғи шикізат қорларын тиімді және рационалды қолдану арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына жеткізетін табысты экономика. Электр және жылу энергиясының генерациясы, газ өндіру, су ресурстарын пайдалану, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, өнеркәсіп қалдықтарын басқару және тұтыну, көлік және жол инфрақұрылымы – жасыл экономиканың негізгі секторлары болып саналады. Жасыл экономика күрделі сұрақтардың басты шешімі болып табылады. Оны дамыту арқылы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын қысқарту, табиғи қорларды үнемдеп тұтыну, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз. Жаңа экономиканың стратегиясы табиғи технологиялардың дамуына инвестицияларды тартып, ел экономикасын жаңа белеске жеткізеді. Экологияға бағытталған жасыл экономиканың жарқын болашағы бар екеніне біз сенеміз. Негізінен, «жасыл» экономика үшін және «G-Global-ды дамыту коалициясы» «жасыл» экономика мен әлеуметтік инновациялар бойынша келісілген үкіметтік емес ұлттық қоғамдық ұйым болып табылады. Ерекше атап өтерлік мәселе, бұл әлемдегі «жасыл» экономика бойынша өзін-өзі қаржыландыратын жалғыз қоғамдық бірлестік. Коалицияның басты міндеті «жасыл» өсім қағидаларын енгізуге көмек көрсету үшін, экожүйелік тәсіл негізінде өңірлердің кешенді дамуы мен «жасыл» инновациялық инфрақұрылым үшін, «жасыл» экономикаға өту үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес, ғылым мен билік органдарының мүмкіндіктері мен күш-жігерін жұмылдыру болып табылады. «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деп дана қазақ халқы айтқандай адам әр кезде де табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады және өз қызметі арқылы табиғатқа әсер етеді. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау үшін экономикасы жоғары деңгейде дамыған елдерде материалдық, мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында табиғат пен оның байлықтарын тиімді пайдалануға және қайтадан қалпына келтіруге арналған көптеген қоғамдық және мемлекеттік іс-шаралар атқарылуда. Адамның өндірістік әрекетінің экологияға тигізетін жағымсыз әсерін белгілі бір дәрежеде шектеп, табиғи қорларды ұтымды пайдалану ежелден бері адам баласының көкейтесті мәселелерінің бірі болып келді және қазіргі техниканың дамыған заманында ғаламдық мәселеге айналып отыр. Кезінде Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз экологиялыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», – деді. Қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу қазір қолға алыну үстінде. Табиғатты таза сақтау бойынша «жасыл экономика» жобалары жасалып, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Соның бірі – күн нұрынан қуат өндіру болса, екіншісі – жел энергетикасын заман талабына сай қолданысқа енгізу, сол арқылы табиғатты таза сақтау. Елбасы Жолдауындағы он жаһандық сын-қатерінің дені азық-түлік қауіпсіздігіне су, табиғи ресурстарды, энергетикалық, тағы да басқа адам өміріне қажетті дүниелерді таза сақтай отырып, дамыту жолдары айқындалғанын көріп отырмыз. Сол секілді, «жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында атқарылатын шараларға құқықтық, экономикалық, ғылыми негіздер қалай отырып, табиғатты керегімізге қарай игеру, игерілген байлықты тиімді тұтыну, яғни, байтақ жеріміздің әр түп жусанын сақтау көзделген. Осындай елдік істі мінсіз атқарудың заңнамалық жол-жосығын Президенттің таяуда бекіткен «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығында жан-жақты дәйектелген. Атқарылатын жұмыстың арғы жағында ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, ден-саулығын жақсарту, тіпті, көңіл-күйін көтеру – бәрі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаға тәуелді екені анық. «Жасыл экономика» бағытын таңдаудың негізінде осындай ғұмырлық істер ілгері жүріп жатыр. Мұны жүзеге асыру кезінде азаматтар еңбек етумен қатар, ненің тиімді, ненің залалды екенін танып, білгені дұрыс. Жалпы, «жасыл экономика» 3 негізгі қағидаға сүйенуі керек. Оның біріншісі – халыққа жоғары деңгейде, халықаралық дәрежеде қызмет көрсету, әр жұмысты уақыт талабына сай үйлестіре дамыту, екіншісі – елдің өркендеуі үшін қолға алынған «жасылға» жұртты жұмылдырып, жұмыспен қамту саясатын орнықтыру, үшінші – осының бәрін нарық механизміне бейімдеп, толық меңгеріп шығу. Ауылдың көркеюі, өсіп-өнуі арқылы халықтың тұрмысын оңалтуға болады. Олардың айналысып отырған шаруасына сай экология талаптарынан мағлұмат беру – біздің басты міндетіміз саналады. Әсіресе, пайдаға аспай жатқан жерлерді игілікке жарату, су көздерін зая жібермеу жағы да өзекті проблемалардың бірі болып есептеледі. Ал, қала, ауыл, елді мекендердегі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде экологиялық талаптарды сақтай отырып, көгалдандыру ісі биік дәрежеде болуын ойластыру керектігі түсінікті. Кейбір ескі ғимараттарды бұзып, орнына жаңа тұрғын үй немесе мекеме мекенжайын тұрғызу барысында экологиялық талаптар бірінші кезекте ескеріліп, көгалдандыруға бөлінетін жер алдын-ала жоспарлы түрде шешілсе, ұтылмасымыз анық. Өмірдің нәрі де, әрі де су екені мәлім. Тіпті, кейбір өзен-көлдердің ернеуінен төмендеп бара жатқаны қай-қайсымыздың да жанымызға батпай қоймайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Соңғы 60 жылда Жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өсіпті, осы жүзжылдықтың ортасына қарай, көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда», деп қадап айтуы тегін болмаса керек. Осы жағынан келгенде таулы аймақтардағы таза суды сақтау, ластамау жайын жұртшылық әр сағат сайын есте ұстағаны ләзім. Сондай-ақ «Жасыл экономика» аясында энергия тапшылығынан құтылу үшін – жаңару энергиясын қалыптастыру керектігі туындауда. «2018 жылы әлеуметтік-экономикалық тиімділік әкелетін экономикалық шешімдер барынша назарға алынды. Мәселен, «Алматы-2020» даму бағдарламасының басты қағидалары қаланың басты қаржы құжаты әкімшілік бағыт бойынша емес, қалалықтардың әлеуметтік қажеттіліктері негізінде құрылды. Келер жылы «нөмірі бірінші бағыт» ретінде көгалдандыруға, абаттандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше мән беріледі, яғни, қаланы дамытуға бюджеттің үштен бірі жұмсалады. Алматы қаласында көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге шамамен 170 миллион теңге бөлінеді. Мәселен, Алатау, Бостандық және Әуезов сынды үш ауданда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады, бұл шара үстіміздегі жылдың күз мезгілінің соңғы күніне дейін созылады. Абай, Абылай хан, Достық және Назарбаев көшелерінде ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша көгалдандыру қылқан жапырақты ағаштар мен өсімдіктерді орнату негізінде болады. Айта кететін жайт, ағаштарға санитарлық тазарту жүргізу жоспарлануда. Туризм саласы – бұл табиғатпен етене байланысты. Бүгінде Алматыда 569 туристік ұйым бар. Олардың дені шетелдік демалыс орындарымен жұмыс істейді. Мәселен, жыл сайын оңтүстік астанадан сыртқа 3 миллионға жуық адам сапар шегеді. Соңғы кезде туристік агенттіктер отандық демалыс орындарымен бірлесіп, ішкі туризм форматын жетілдіру ісін қолға алуда. Мысалы, бұған дәлел шырайлы Шымкент жақтағы Түркістан мен Отырарға да барушылар көп. Тек бір Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жылына 1 миллионнан астам адам зиярат етеді екен. Бұдан басқа, «Қазақтың Швейцариясы» деп аталған Бурабайға да шет-шеттен туристер көп ағылады. Әсіресе, елімізде Ресей, Қытай, Түркия, Әзербайжан мен Грузия, тіпті Ираннан да демалушылардың қатары көп. Жалпы туристік әлеуеттің артуы транзиттік логистиканың дамуымен тікелей байланысты. Мәселен, соңғы 5 жылда республикалық маңызы бар 34,2 мың шақырым автомобиль жолдары, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырым жол салынған. Теміржол желілерінің ұзындығы 1 854 шақырымға ұлғайды. Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-інде жөндеу жүргізіліп, 11 жолаушылар терминалы салынды. Инновациялық үдеріс ғылым салалары-ның тоғысуы мен бірігуіне ғана емес, сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына да әсер етті. Осылайша елдің экономикасын, экологиясын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар жасалып, еліміз қарқынды дамуда. Табиғатпен етене байланысты туризм саласының шешілмеген мәселесі көп екені даусыз. Экология саласындағы мәселелер сауатты, жүйелі әрі жауапкершілікпен қолға алынса, елімізде туризм де дамиды. Сонымен, «жасыл экономика» біздің жерімізде қылтиып өскен бір түп жусан, шым құдықтан татқан бір қауға шелек су дер едім. Екеуі де қазақтың жанындай мөлдір, біз оны сақтау үшін күресуіміз керек. Демек, «жасыл экономика» – біздің жанымыз, ұрпақтың алысқа естілер үні боп қалады.

5801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы