• Әдебиет әлемі
  • 02 Қыркүйек, 2011

Адамдар өмірді күліп бастайды...

«Жалындап өткен жас ғұмыр». Дәл осы атпен маусым айында Алматы қаласындағы Студенттер сарайында тележүргізуші, журналист, әнші Руслан Бөлебайды еске алу кеші өтті.

Зымыраған уақыт, ә дегенде марқұмның бақилық болғанына да екі жылдың жүзі айналыпты. Күнде таң сәріде Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» арқылы Алашын ұйқыдан оятатын осы бір балғын жүзінен балалығы кете қоймаған бейне әлі жұрттың есінен шыға қоймаған болар?.. Одан қалса, әнші, продюсер Майра Ілиясованың жыл сайынғы «Сағындырған әндер-ай» жобасын әрі жүргізіп, әрі өзі ән салып жүретін Руслан Бөлебайдың өзі сағынышқа айналып шыға келеді деп кім ойлаған?

Осынау игілікті шараның ең басты ұйытқысы – марқұмның қарындасы, ағасының шығармашылық мұрасын жинақтаушы, жанашыры Айнұр Бөлебай. Естеріңізде болса, Русланның өмірден озғанына жыл толғанда оның кішкентайынан журналист болып қалыпасқанға дейінгі жергіліктіден бастап, республикалық деңгейдегі түрлі басылымдарда жарық көрген материалдары мен фотосуреттері, марқұмның журналистік жолда бірге жүрген достары, қаламдастары, телеарнадағы әріптестерінің естеліктері негізінде «Айдындағы аруыма» атты жинақ құрастырған осы Айнұр болатын. Артынша Русланның туған ауылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында еске алу кеші болды. Биыл дарынды журналист, тележүргізушіні еске алу кеші республикалық деңгейде өткелі жатыр. Басты ақпарат демеушісі Қазақстан ұлттық арнасы, негізгі ұйымдастырушыларының бірі – Русланның эстрадаға аяқ басуына себепкер болға продюсері Алтынбек Рахметов. Айта кетерлік жағдай – бүгінде Р.Бөлебайдың атындағы «Ақ айдын» атты қор құрылғаны. Президенті Ербол Кәрімұлы.

Өң мен түс...

Кейде түсіңнің өңге айналып, керісінше біз өң деп атайтын мына өмірдің кей жағдайын түсіміз болып шыққанын қалайтын кездер болады. Сен мені сол екеуінің қақ ортасында қалдырдың. Білмеймін, өңім қайсы, түсім қайсы? Бірінде сен бар едің, екіншісінде ғайыпқа айналдың.

Досым! Асыл досым! Қайда екеніңді, сен тұратын мекен-жайды білмесем де, менің саған хат жазғым келді. Қолыма қаурысын қаламымды алдым. Неден бастасам екен?

Амансың ба?

Дегенім, орынды ма, орынсыз ба, білмей тұрғаным... Сен тұратын мекенде бәлкім бұл сөз күлкілі шығар, бәлкім, күлмейтін де шығар,  білмеймін. Бір жағынан, бәрі де бұрын осы жақта болып кеткендер емес пе, сондықтан түсінер...

Қайда болсаң да, қандай қалыпта болсаң да, әйтеуір бармысың?

Жанымыздағы кезіңдей жүзің жарқырап жүр ме екен? Әлде...

Соңғы рет екеуміз кездескенде, яғни... біз сені шығарып салғаннан кейін тура 40 күн өткенде түсіме енгеніңде, жүзің сынық көрініп еді... Бала секілді бұртиып қалушы едің ғой, дәл солай тоң-теріс отырдың да қойдың. Ұзақ үнсіздігіңе төзе алмаған өзім бардым жаныңа. Көзің боталап тұр еді.

– Сендер мені ұмыттыңдар ғой!

Манадан бергі үнсіздігіңнің сырын сонда барып ұқтым.

– Жоқ, досым, о не дегенің? Біз сен жайлы жиі айтып отырамыз, сағынып жүрміз. Өзің ғой аяқ асты кетіп қалған, бізге тіпті мекен-жайыңды да қалдырмапсың, – деп әрі ақтала, әрі кінә арта жауап беріп жатырмын.

Мұнымнан мұңың қалыңдай түспесе, қабағың ашылған жоқ.

– Оның ешбірін естігенім жоқ... Естілмейді екен ғой мұнда. Қайдамын өзі?.. Тек Құранның әуені ғана құлағыма келеді...

Осы сөзден соң орныңнан тұра бердің де, жоқ болып кеттің. Әлде мен оянып кеттім бе екен?.. Білмеймін.

Досым! Мен сені осылай атауға құқылымын ба, оны да білмеймін. Есесіне, сені бүгінде «досым болып еді...»,  «екеуміз үйленгелі жүр едік...» деушілер көбейіп кетті. Солардың қайсысы шынында өзің барда батылы барып «досым» деп, сол сөзіне сай достық ниет таныта алғаны, әрине, өзіңе ғана аян. Тек осындағы жағдайдан сен хабардар жүрсінші деп жазып жатқаным ғой. Сен жайлы өлең, ән, клиптер де жарыса жазылып жатыр. Бірақ сенің рөліңді ойнаған актерлардың бірінің де саған бір мысқал да ұқсамайтыны болмаса. Оқиғаның да ойдан шығарылғанын, әлдекімдердің қиялының жемісі екенін сен білесің ғой, досым. Екінші бір жағынан сен жайлы бір шығарма тудыруға деген бұл таластың өзі бір кездері өзің айтқан «Мен өзімді танытамын әлі, көрерсіңдер» деген сөзіңе дәлел болғандай. Сен шынында өзіңді танытып қана қоймай, мойындаттың да. Тіпті сенің біздің арамызда жүрсең де, жұлдызыңның жарқырай көкке өрлеп бара жатқанын біріміз байқамағанбыз да ғой. Оны тек аспаннан ағып түскенде барып көргеніміз, өкінішті...

Ағып түсті деймін, бәлкім, керісінше сен жеті қат көктен де жоғарыда жүрген шығарсың? Сондай бір таза, жарық, нұрлы әлемде. Мен сені сондай жақта деген оймен ғана өзімді жұбатып жүрмін. Жылап қалған анаң, қарындасың, достарыңды да шамам келсе, солай жұбатам.

Досым, қазір мұнда әппақ қар жауып тұр. «Нұр жауып тұр!» деп қуана жүгіруші едік қой бұрын. Сен, мен және тағы бір құрбымыздың қаңтардың қақаған күнінде қала сыртындағы сырғанаққа барғанымыз есіңде ме? Сарышұнақ аяз сақылдап тұрса да, өңірімізді ашып тастаған үшеуміз бір шанаға отырып алып жоғарыдан ылдиға зуылдай жөнелдік. Солай неше сағат жүргеніміз есімде жоқ. Ымырт түсіп, қас қарайғанда әрең қайттық. – есіңе түсті ме, күлдің бе?

Бірақ... сол түні менің қатты қызуым көтеріліп, екеуіңнің күні бойғы  рахаттарыңды бір тиын қылдым емес пе?

Айтпақшы, сен жақта қалай? Дәл осындай жауын-шашын болып тұра ма, әлде үнемі жаймашуақ қалыпта ма? Қарның аш па, тоқ па? Немен қоректенесіңдер? Бізден саған ештеңе қажет емес пе? Қажет болса, қысылма, айт! Ә, қалай айтам дейсің бе? А! Әлгіндегідей түсіме кір. Айтпақшы, Құран әуені дедің, ә? Иә, иә... Ол сенің бізге берген бір ақпарың, яғни, аян болды ғой?.. Өзім «саған былай етіп жүрмін» деп айтсам, міндетсінгенім болар, өзің сезіп жүрсің ғой, кімдердің дұға-тілек бағыштап жүргенін. Меніңше, білесің...

Сенің құлағыңда сол кездегі Құран әуені болса, менің құлағымда екеуміздің соңғы рет салған әніміз тұр.

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қа-а-лады...

Дәл солай болды да.  Жылай да алмай кеткен шығарсың сен. Бірақ сен кетті деп жылағандар, әлі күнге жылап жүргендер көп. Бірақ, көз жасының ендігіде ешкімге де көмектесе алмайтыны анық. Тек тірілер үшін ол өзектегі өртті сөндіру үшін ғана қажет болмаса. Сен жайлы өткен шақта жазып отырғаным үшін, кешір, досым. Арамызды көзге көрінбес бір перденің бөліп тұрғаны...  Әзірге осы, Руслан!

Таңшолпан туған шақта осы хатымды жіберермін бір күні. Өйткені сен сол шақта елді оятушы едің, өзің де біздің Таңшолпанымыз болуға жаралған екенсің ғой.

Мария Абсаттарова

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы