• Білім-ғылым
  • 25 Сәуір, 2018

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРЖЫМЕН ШЕШІЛМЕЙДІ

Нұрлан ҚҰМАР

«Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгілеп берген үлкен бағыттардың бірі – тіл реформасы. Ал, тілдік реформа – рухани жаңғырудың өзегі. Өкінішке орай, біздің елімізде тіл мәселесі қазіргі таңда өткір болып тұр. Рухани жаңғырудың басы – әліпби ауыстыру, негізгі жұмыстар сонан соң басталады. Латын қарпінің белгілі бір нұсқасын бекіткенде ондағы тіліміздің заңдылықтарын ұмытпай, оқуға да, жазуға да ыңғайлы түрін қарастырған жөн.

Қазақстан Республикасындағы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын ақпараттық қолдау және түсіндіру мақсатында көптеген игі істер атқарылып жатқаны қуантады. Бүгінде мемлекеттік тілдің маңызын көпшілік түсініп қалды деп айтуға негіз бар. Себебі қазақ тіліне деген ықылас пен ниет бұрынғыдай емес. Әсіресе, жастардың арасында бұл үрдіс жақсы қолдау тауып жүргенін байқаймыз. Дегенмен әттеген-ай деген тұстары да жоқ емес. Бұрынғы 70 жылдық Кеңес Одағының тәрбиесін көріп өскен ағаларымыз әлі де болса ресми тіл десе жан беруге дайын екенін көріп жүрміз. Сол ағаларымыздың біразының баласы өзге тілде тіл сындырып, орыс мектебін толықтыруда. Бұрынғы «Егер орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген қағида санаға әбден сіңіп кеткен. Қазақстанда 2 миллионнан астам оқушының қазақ тілінде білім алатыны анық. Алайда бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы керек еді. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейді дана халқымыз. Еліміздің білім беру саласын реформалау үшін бәсекеге қабілеттілікті дамытуымыз керек. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы қажет. Ата-бабаларымыздың баяғыдан келе жатқан үлкен құндылықтар жүйесі жастарымыздың да санасына еніп, олар әр нәрсеге сын көзбен қарап, жақсы үрдістеріміздің бәрін бойына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр. Елбасы тәрбие, білім беру саласына үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, үштілділік мәселесі басты назарда. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Бүкіләлемдік тіл болғаннан кейін біз одан сырт қала алмаймыз. Дегенмен қазақ тіліне басымдық беруге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз. Мемлекет басшысының үштілді білу керек деген пікірін көптеген адамдар басқаша түсінуде. Балаларының ана тілін білмегенін ескерместен, бірден ағылшынша оқытуды жөн санайтын ата-аналар көбейді. Қазір жағдай тіптен ушығып барады. Өйткені, халықаралық тілден басқа қытай, испан, француз, түрік, португал тілдеріне қызығатын жастардың саны көбеюде. Шыны керек, еліміздің көптеген өңірлерінде мемлекеттік тілге деген құрмет көңіл көншітпей отыр. Мемлекет қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қыруар қаржы бөліп келе жатқанына бақандай 21 жылдың жүзі болыпты. Әйтсе де, әлі күнге дейін орган қызметкерлері құжаттарды қазақ тілінде толтыруға құлықсыздық танытады. Яғни, 1997 жылдың жазында қабылданған ҚР «Тіл туралы» Заңы тиісті деңгейде орындалмай келеді. Осы орайда еліміздің көшбасшысы қашанда мемлекеттік тілдің дамуын естен ешқашан шығарған емес. Осы жерде мемлекеттік тілдің мәртебесі неге көгермей келеді? – деген орынды сұрақ туындайды. Біріншіден, бар кінә өзімізде болып тұр. Ешкім бізге «қазақша сөйлемеңдер» деп бұрынғы Кеңес Одағының заманындай қыспаққа алып жатқан жоқ. Осы орайда өзіміздің мінез-құлқымыз көп әсерін тигізіп жатқанын аңғармаймыз. Екіншіден, қоғамдағы жағдайдың әсері күшті болып тұрғанын жасыруға болмас. Нарықтық заманда бәрі де қалай дегенде де қаржы табуға тырысатыны анық. Осыған орай, әртүрлі тілде оқытатын курстардың саны көбейді. Мәселен, халықаралық тілдегі курстар қызықты әрі арзан бағаға өткізіледі. Жылда Англияның Оксфорд қаласынан басылатын кітапшалардың оқыту әдістері ұдайы жаңартылу үстінде. Ал, мемлекеттік тілдегі оқулықтардың барлығы демей-ақ қоялық, көбісінің сапасы төмен. Әрі оқыту әдісі түсінікті түрде, қарапайым тілде жазылмайды. Өзге ұлт тұрмақ, қазақтың өзі түсінбейтін, жаңылтпаш сөйлемдерді жиі байқаймыз. Әріп қателері де баршылық. Сонда өз елімізде тұрып мемлекеттік тілді қалай насихаттап жүрміз? деген сұрақ өздігінен туындайды. Айта кетерлік жәй, қазақ тілінде оқытатын курстың бағасы да қымбат. Ал, Түркияда түрік тілін үйренемін деушілерге тегін курстар ұйымдастырылады. Аргентинада кез келген католик шіркеулері испан тілін тегін оқытуға құлшылық танытады. Бізде де арзан бағаға әрі қызықты етіп тіл үйретуге болар еді ғой. Үшіншіден, мемлекеттік тілге байланысты өзге ұлт өкілдері арасында байқауды жиі ұйымдастырамыз. Осы жерде 1-2 жол қазақша өлең жаттап алғандарды бағалы сыйлықпен марапаттап, төрге шығарамыз. Ал, бізден басқа мемлекеттерде өзге елден келгендерге немесе басқа ұлттың баласына арнап тілге қатысты сайыстарды ұйымдастырмайды. Басқа мемлекеттер жергілікті халықтың тілін білмесең, қор боласың деген қатал қағиданы ұстанады. Бізде қыруар қаржы өзге ұлттар үшін бөлінетінін қалай түсінуге болады?! Төртіншіден, Кеңестік заманның ықпалынан әлі арыла алмай келеміз. Бесіншіден, ғаламтордың да тигізіп жатқан кері әсерін байқап жүрміз. Ғаламторда әріп қателеріне толы әрі сөйлемдері синтаксистік жағынан дұрыс құрылмаған ақпараттар көп, бұған қатысты түзетулер енгізілмей жүргенін көргенде қынжылмасқа шарамыз жоқ. Алтыншыдан, қазір ақыл айтып, жөн көрсететін қариялар азайып барады. Осы жерде жастарға үлгі көрсететін ағаларымыз жұмысбасты немесе құлықсыз екендігі жасырын емес. Жетіншіден, жаһандану үрдісінің ықпалы күшті болуда. Соған сай өзіміздің қорғаныш қабілетіміз (иммунитетіміз) төмен екенін аңғарудамыз. Батысқа еліктеушілік жастарда басым екендігін көріп жүрміз. Ұлт дегеніміз – тірі ағза сияқты дүние. Ол үнемі рухани жаңғырып, жаңаланып отырады. Президенттің бағдарламалық мақаласы осындай жаңғыру үшін қажет рухани-саяси бағдар бола алатыны сөзсіз. Біз тарихы терең ел екенімізді әлемге танытуға тиіспіз. Әлбетте, оның барлығы тіл арқылы, өнер мен мәдениет арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Ең өкініштісі, солардың барлығын түп-түгел меңгеріп, толыққанды танып, біле алмай келе жатқанымыз. Бәріне уақыт керек. Ең бастысы – дұрыс ұйымдастырылған, түп нәтижесі баянды болатын кешенді шаралар қажет. Бағыты айқын ел, бүгін не істейтінін, ертең қандай қам-қарекет жасайтынын қапысыз білетін ел уақытша қиындықтарға мойынсұнып, бағытынан жаңылып қалмасы анық. Неліктен әлемдегі кейбір халықтардың тілдері соншалықты танымал, көптеген тілдердің ішінде дара тұр деп кейде еріксіз ойланасың. Бірақ мұның анау айтқандай көп құпиясы немесе сыры жоқ. Ең бастысы – сол елдің, сол халықтың өзгелерден оқ бойы озық шығуында. Рухани-мәдени кеңістігін ойдағыдай қалыптастырған, барлық саланы өркениеттік дәрежеге сай дамытқан және соның барлығын өздерінің мемлекеттік тілдерінде жасаған. Осындай себептер олардың тіліне өзге жұрттардың зор қызығушылығын оятып келеді. Мықты елмен кім әріптес болғысы келмейді. Кім олардың жетістік құпиясын білгісі келмейді дейсіз. Демек, ондай елдің тілін үйренуге өзгелер де талпынады. Олай болса, әрбір елдің кемел жетістігі оның тілдік факторларымен да айқындалып отырады. Тіл бар жерде ғылым бар, тіл бар жерде өркендеу бар. Қазақ халқының негізгі рухани құндылықтары тілі арқылы қалыптасып дамыды. Тіл – ұлт жүрегінің бір бөлшегі. Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды. Қазір әлемде «жаһандану үдерісі» қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Бұл әрбір халықтың ұлттық мәдениетіне, оның мазмұнына айтарлықтай кері ықпал етеді. ХХІ ғасыр қазақ тілі үшін ең маңызды ғасырлардың бірі болып тұр. Бұл ғасырдың сынағынан аман-есен өткен соң тіліміз мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып қала беретіні сөзсіз. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейік, кез келген тілге әр заманда, әр уақытта үлкенді-кішілі қауіптер төнетіні белгілі. Тілге төнген қауіпті алдын ала білген ел ғана өз тілін аман сақтайды. Тіл сөйлеушінің санымен ғана емес, санасымен де өлшенетінін ұмытпайық. Олай болса, сан да, сапа да дұрысталуы керек. Бала үшін ана сүтінен қымбат нәрсе болмайтыны сияқты, ұлт үшін ана тілінен қымбат нәрсе болмауы тиіс. Асылында, тіл ұлтты рухани дерттен сақтайды. Ұлттың ғұмыры тілінің ғұмырымен өлшенеді. Біз тілімізбен ғана бағалы боламыз. Ана тіліміз ғана біздің ұлттық келбетімізді қалыптастырып сақтайды. Мына мәселені де ескере жүруіміз керек: өзге тілде тәрбие алып өскен бала – өзге ұлттың өкілі сияқты болып шығады. Өсе келе, ондай баланың ой-санасы, жан-дүниесі, мінезі, болмысы қазақылықтан алыс болады. Демек, сол балаға тәлім-тәрбие берген әр отбасы ұлтына лайықты ұлан тәрбиелеп бере алмасы анық. Өйткені, тәрбиенің ең күштісі, ең жақсысы бұл ана тілінде берілген тәрбие мен білім. Оны ешқандай технология алмастыра алмайды, орнын да баса алмайды. Тілде бәрі бар. Ұлттың сана-сезімі, болмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы, діні, т.т. Бұл құндылықтардың бәрі де тілде сақталады. Ал, енді ойлап қараңыз, туған тілді ұмыту, туған тілді жоғалту орны толмас қасірет әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, тілге жанашырлық әрқайсымыздың жүрегімізде болмайынша, бұл саладағы істеріміз көп нәтиже де бере қоймайтыны анық. Тілді сақтау үшін оның табиғатын бұзбай, мәйегін айнытпай сөйлеу де маңызды. Мысалы, теледидардан берілетін хабарларда қатысушылардың сөйлеу тілінің жұтаңдығы, ауызекі сөздің қолданылуы, оғаш тіркестер байқалады. Қазақстан халқының көбісін – жастар құрайды. Ал, осы жас буын өкілдерінің біразы қазақша білмейді. Қалалық жерде туып-өскен жас жеткіншектердің көбісі мемлекеттік тілден мақұрым, көбісі орысша еркін сөйлейді. Қазақ жастарының мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмауына алдымен ата-ана, қоғам, өмір ағымы да ықпалын тигізуде. Тіпті көптеген жастарымыз сұраулы сөйлемдерді қолданғанда – «қаяққа баратсын?», «не істебатсың», «мына жақ, ана жақ» деп жазады, сөйлегенде де солай айтады. Бүгінгі таңда тілге қатысты сан-алуан тақырыпта ғылыми отырыстар, көлемді іс-шаралар өткізіліп, ондаған үндеулер мен жүздеген мақалалар жарық көруде. Көпшілігіміз жақсы білетіндей, тіл саласы – қоғамдық өмірдің бір бөлшегі, мемлекеттіліктің нышаны. Олай болса, туған тіліміздің маңызын арттыру үшін кемшін тұстарды саралап отыруымыздың қажеттілігі даусыз.

661 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы