• Бас мақала
  • 28 Наурыз, 2018

Елбасы бізді «Ақылды ұлтқа» айналуға үндеп отыр

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант.

Елбасы бізді «Ақылды ұлтқа» айналуға үндеп отыр. Жолдаудың өн бойынан осыны айқын аңғаруға болады. Диқан да, құрылысшы да, кәсіпкер де, басшы да, қосшы да, оқытушы да, студент те, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, қысқасы, еліміздің кез келген азаматы үнемі оқу мен ізденісте жүру керектігін ұғындырған. Өскелең заман талабына сай көп ізденіп оқып, сол оқығанды бойға тоқып, адал әрі еселі еңбек еткенде ғана жоғары жетістікке жетуге болатынын байыпты баяндаған. Президент «Ақылды технологиялар», «Ақылды қалалар», «Ақылды ұлт» деген сөздерді бостан-босқа тілге тиек етіп отырған жоқ. Шынтуайтында да біз күн өткен сайын өзгеріп отырған заман талабына сәйкес әрекет жасай алмасақ, бәсекеге қабілетсіз болып қалатынымыз айдан-анық. Білім саласында еңбек етіп жүргендіктен, бізді әсіресе Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бөлімі, Елбасы алға қойған жетінші міндет ерекше қызықтыруда. Білім берудің жаңа сапасы басты назарда ұсталып отырғаны аса маңызды дер едік. Осы орайда, білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына толыққанды жауап беру керектігі ерекше атап өтілген. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екені даусыз. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру керектігі де көңілге қонымды. Балабақшалар, жалпы орта мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының алдында тұрған мұрат-мақсаттар жан-жақты сараланған. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру бағдарламаларының бірыңғай стандарттары енгізілетін болады. Орта мектептерде басталған жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Осы орайда, педагогтарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарастыру қажеттігі туындағаны айқын. Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні де педагог кадрларды қуантып отыр. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – Халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары екенін естеріңізге сала кеткеніміз жөн болар. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту – дәуір талабына айналуы тиіс. Әсіресе математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту жайы баса айтылған. Тек сонда ғана жастарымызды жаңа технологиялық қалыпқа дайындай аламыз. Барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру арқылы жас ұрпақтың ойын өрістетуге кең жол ашылмақ. Президент үштұғырлы тіл – егемен еліміздің ертеңі екенін жалықпай айтып келеді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатқанымыз жөн. Осы орайда латын әліпбиіне көшу – бұл мәселені реттеу-ге мүмкіндік беретіні белгілі. Ал орыс және ағылшын тілдерін меңгеру арқылы біртұтас ұлтқа айналған нағыз азаматтық қоғам құрамыз. Жарыс бар жерде табыс, бәсеке бар жерде береке болатыны бесенеден белгілі. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жұмысты барынша жандандыру мақсатында үздік мұғалімдер мен оқытушылардың бейнесабақтары мен бейнелекцияларын Интернетке орналастыру арқылы озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізе аламыз. Оны оқып көрген өзгелер де жұмыстарын ширатуға талпынатын болады. Жоғары оқу орындарында ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту көзделген. Алдағы уақытта қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіру жүзеге асырылмақ. Жас ғалымдарды қолдаудың жаңа жүйелі саясаты да жүргізілмек. Елбасы оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігін тілге тиек етіп отыр. Әрине, мұның бәрі студенттердің білім сапасы мен біліктіліктерінің артуына оң септігін тигізетіні анық. Бүгінде елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Біз білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнерді өрістету арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Сайып келгенде, елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін жетік білетін, шет тілдерін терең меңгерген озық ойлы студент жастар қазіргі қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс екені айтпаса да түсінікті шығар.

443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы