• Бас мақала
  • 28 Наурыз, 2018

«Бәйтерекке» бас иемін

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Алматыдан Астанаға қарай бір топ марафоншы жігіттер көк туды желбіретіп жүгірген болатын. Команда капитаны, ардагер спортшы, 7-дүркін Азия чемпионы Марат Балтабаев бастаған топтың құрамында осы мақаланың авторы да болған еді.

Талай рет ұзақ жолдық марафонға қатыссам да, бұл жолғы сапардың әсері ерекше. Әрине, марафонға дәрігерлік көмекпен жабдықталған арнайы автобус бөлінеді. Оған спортшылардың киімдері, сусындар, тамақ өнімдері және тағы да басқа заттар тиеледі. Біз Астанаға әдеттегідей солтүстік бағытпен 1200 шақырымдық қашықтық бойынша емес, оңтүстік бағытты ұстана отырып, алдымен Шу қаласына қарай жүгірдік. Тараз қаласына кіргенімізде бұл өңірдің халқы бізге қызыға қарады. Жергілікті тұрғындар «не үшін жүгіріп жатырсыңдар, мақсат қандай?» деген секілді сұрақтар қойды. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандарын басып өтіп, Түркістанға келдік. Сол жерде киелі мекендерге тағзым еттік. Әрі қарай Қызылорданың Жаңақорғанына аялдадық. Бұдан кейін ғана солтүстікке қарай бұрылып, Қарағандыны бетке алдық. Мезгіл жаздың соңғы айы болғанына қарамастан, аймақтағы ауа-райының суықтығынан қатты тоңдық. Көптеген елді мекендерді, аудандар мен қалаларды басып өтіп, шаршап-шалдығып Астанаға да жеттік-ау. Елордаға келгенімізде басқа әлемге енгендей сезімде болдық. Марафоншылардың капитаны Марат Балтабаев өзінің ерекше сағатына қарап: «Жігіттер, біз Алматыдан осы жерге дейін 3,96 мың километрден астам қашықтыққа жүгіріппіз», – деді. Бұл – Алматы мен Орал арасындағы тура жолдық қашықтығынан да алыс. Бәріміз ду күлдік. Астанаға дейінгі 1,2 мың шақырымды 3 есе көп жүгіргеніміздің себебі, біз, оңтүстік аймақта аяңдап, таулы, сулы, сазды, шөлейтті жерлерді, айналып жүгіргенімізден болғанын білдік. Қасымда жүгірген Ержан деген марафоншы досым географиядан көп хабары бар болатын. Ол егер біз Еуропада жүгіргенде қандай-қандай шет ел қалаларын басып өтетіндігімізді тілге тиек етті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астананы көшіру туралы шешімін сонау 1997 жылдың күз мезгілінде жариялағаны белгілі. Дәл сол жылы 18 жасқа толған ару қала өте әдемі еді. 1998 жылдың көктемінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана деп өзгертілген болатын. Елдің жаңа астанасына лайықты көптеген ұсыныстар айтылды. «Жаңа астана ежелден ұлт ұясы саналған Ұлытаудан салынсын» деген пікірлер де болды. Бірақ Елбасы құрған комиссия тиісті мәселелерді қарастыра келіп, лайықты деп санағандықтан Ақмолаға тоқтады. Елбасының таңдауы өте дұрыс жасалды. Сол кезде 290 мыңдай ғана адамы бар Ақмола тоғыз жолдың торабындағы, еліміздің кіндік тұсына орналасқан шаһар болуымен ерекшеленетін. Астананың Ақмолаға ауыстырылуы елдің, жердің тұтастығын сақтап қалуға алғашқы сәттен бастап игі әсерін тигізді деп нық сеніммен айтуға болады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Астана қаласының әрбір құрылыс алаңын, әрбір нысанын өзі бақылап, тікелей өзінің қатысуымен жүзеге асырды. Әрбір ана өз баласын көзінің қарашығындай бақылап, алақанымен баптап, аузына нәр тамызып, аялап күтіп, әлпештеп өсірсе, қазіргі таңда 20 жасқа таяп қалған Қазақстан Елордасын – Елбасының төл қаласы деп атауға толық негіз бар. Менің де Астанаға жылына кем дегенде бір рет жолым түседі. Әр барған сайын әйтеуір бір жақсы өзгерісті, бір үйдің болсын сәнденіп жатқанын, қатарға қосылғанын байқап қайтамын. Жүрегім елжіреп, туған өлкенің өркен жайғанын, сәулет өнерінің озық үлгілері саналатын нысандарға көзімді алмай қараймын. Суретке түсіріп, анама көрсетуге асығып тұрамын. – Ойпырым, мен 10 жыл бұрын барғанда бұл жерде ескі үй, клуб, кітап дүкені бар еді, енді айнала тіпті танымастай өзгеріпті ғой, – деп анам сүйсініп, Елбасына, халқына амандық тілеп, мерейленіп қалады. Ондайда мен де қатты қуанамын. «Бәйтерек» туралы ертегіні балажан анам туған-туыстардың кішкентай балаларына айтып беруден жалықпайды. Сосын менің қасиетті орында, биіктегі «Бәйтеректе» әр кезде түскен суреттерімді жиеншарларына да қоса көрсетіп жатады. Елбасының мәдени орталық мұражайы, «Пирамида» деп аталатын Бейбітшілік пен Келісім сарайының, «Хан Шатырдың», «Думан» ойын-сауық кешені, «Қазақстан картасы – «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Әуенді фонтандар бағының келбетіне көз тоймайды. Бәрінде де ең бастысы, ұлттық нақыш, ұлттық келбет бар екенін сезіп, жаным жадырайды. Күн сайын құлпырып келе жатқан Астананы әрбір ұлтжанды адам секілді мен өте жақсы көремін. Осылайша біздер ел өміріндегі елеулі оқиға тұсында күннен-күнге құлпырған Астана көшелерімен жүгіріп өттік. Бұл біреулер үшін еріккендердің ісі секілді көрінуі де мүмкін. Бірақ, біздің әрқайсымызда отаншылдық сезім күшті еді. Қазір ойлап отырсам, сол күндердің өзі тарихқа айналып бара жатқандай...

466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы