• Руханият
  • 28 Наурыз, 2018

Елге елеулі екеу

1. Азаттық үшін алысқан

Ерлі-зайыпты Құлжановтар Ыбырай Алтынсарин мектебінде оқып, кейін ұлы ұстаздарының ізін жалғастырған айтулы тұлғалар. Сонымен бірге олар Ыбырай еңбектерін насихаттаушы. Нәзипа Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы жайында баяндама жасап, «Көктем» өлеңін орыс тіліне аударған ұлы ұстаздың алғашқы аудармашыларының бірі. «...Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерін өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тілімді құрметтей оқитын газет-журнал болды» [1] – деп балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы Сапарғали Бегалин романына арқау еткен Нұрекең – Нұрғали Құлжанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында Қошалақ құмында «Қазақтың ескі, жуан тұқымынан» деп Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, Арғынның Әйдерке тайпасынан тарайтын Түгелбайұлы Құлжан бидің баласы. Мұны нақтылай, егжей-тегжейлі айтып отырған себебіміз – кейбір зерттеушілер Нұрғалиды Жітіқарада туып-өскен деп жаңсақ пікір айтып жүр. Нұрғалидың Жітіқарада (бұрынғы Шұбар болысында) оқуы мүмкін, алайда алғаш Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған мектепте оқып сауатын ашқаны, кейін Орынбордағы екі сыныптық Мұғалімдер мектебін (Учительская школа) 1893 жылы бітіріп, Шұбар болыстық мектебінде мұғалім болып істегені рас. Бірақ оның ата-бабасы, әкесі – Құлжан Торғай жерінен қоныс аударған емес. Мұны туған-туыстары, Торғай елінің халқы жақсы біледі. Торғай тарихында «Құлжан-Төке» деп аттары қосылып айтылатын екі кісі жайында аңыз-әңгімелер жетерлік. Әшейінде ауылда болыстыққа таласып, қырғи қабақ болып жүретін екеуі үлкен жиындарда тізе қосып, бірінің сөзін бірі қостай сөйлейді екен. Осындайда екеуіне қарсы тұрып, дауласатын адам шыға қоймайтын деседі Торғай елі. Баспасөзде, кітап беттерінде қазақтың тұңғыш журналист қызы, көрнекті педагог, жазушы, аудармашы, Абай шығармаларын алғаш насихаттаушы Нәзипа жайында жиі айтылады да, Нұрғали жөнінде көп әңгіме болмайды. Нәзипаның оқып, білім алуына алғаш жағдай жасаған Н.Құлжанов екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. 1899 жылы халықтың қаржысына ашылған Қостанайдағы педагогикалық гимназияда (Кос-танайская русско-киргизская женская промимназия) оқып жүрген Нәзипа оқуына төлеуге қаржысы болмай қатты қиналып, сонда сабақ беретін бір орта жастағы мұғалімге қайдан келгенін, әкесі Сегізбайдың кедей екенін, Торғайда Ғайнолла деген татарға жалданып, малын бағып, ақша тауып, өзін оқытқанын түгел жасырмай айтады. Мұғалім: «Шұбар болысында Нұрғали Құлжанов деген торғайлық жігіт бар, мұғалім, ол кісі жетім-жесірге қашан да жанашыр жан. Сол кісіге барсаң көмектеседі», – дейді. Нәзипа Нұрғалиға барып жағдайын түсіндіреді. Нұрғали оқуының ақшасын төлеп, өзін әдемілеп киіндіреді. Гимназия басшыларына әрі қарай да қаражатын өзі көтеретінін айтып, кепілдік береді. Нәзипа Қостанайда оқып жүргенде әкесі Сегізбай оны бір байдың баласына тұрмысқа беретін болып, уәделесіп, қалың малын алып қояды. Бұл әңгімені бір жанашыр адамы Нәзипаға хат арқылы хабарлайды. Нәзипа оны Нұрғалиға жеткізеді: Нұрғали: «Сен уайымдама, сауатың бар ғой, оқып жатырсың. Қостанайдың әскери губернаторына өзіңнің оқығың келетініңді, сүймейтін адамға барғың келмейтінін – барлық жағдайды айтып арыз бер», – деп ақылын айтады. Арыз бергесін әскери губернатор Нәзипаны шақырып алып: «Өзіңнің көңілің қалаған адамың бар ма?» – деп сұрайды. Нәзипа Нұрғалиды ұнататынын, бас бостандығын алса, сол кісіге тұрмысқа шығатынын жасырмай айтады. Губернатор «Нәзипа Құлжанованың бас бостандығы өзіне берілсін, қалың малға төленген мал мен қаражат Құлжанов Нұрғалидың әулетінен, яғни, Құлжан әулетінен өндіріліп берілсін» деген сияқты үкім шығарады. Алайда, қызды айттырып қойған жақ дау шығарып, Нұрғалидың үстінен «Құлжанның орысша оқыған Нұрғали деген баласы елді азғырып, үкіметке қарсы қойып жүр» деген сияқты арыз жазады. Оның үстіне Нұрғалидың туған-туыстары да «кедейдің қызы, орысша оқыған» деп, қосылғандарына ризашылық білдірмей, екеуін айырмақ болады. Іс насырға шаба бастаған соң Нұрғали мен Нәзипа Ресей оқу министрлігі жолдамасымен Семейде жаңа ашылған мұғалімдер дайындайтын семинарияға (қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) барып, мұғалім болады. Нұрғали «қазақ тілі мен әдебиетінен» сабақ беріп жүріп, Ішкі Ресейден саяси көзқарастары үшін жер аударылып келген адамдармен араласып, Семейдегі астыртын ұйымға, Семейдегі Географиялық қоғамына мүше болады. Семейдің Слабодка деген ауылында қазақша мектеп ашып, қазақ тілінде оқу құралы болмағандықтан, өзі қолжазба «әліппе» кітабын жазады. Бұл қолжазба сол кезде оқу құралы ретінде пайдаланылғанымен кітап болып типографиядан басылып шықпаған, кейін жоғалып кеткен. «Құлжановтар өмірінің Семей кезеңі қазақ өнері мен әдебиеті тарихында белгілі із қалдырған, – деп жазады профессор Темірбек Қожакеев. – «Біржан-Сара» айтысын алғаш сонда сахнаға шығарған солар, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақовтарды алғаш сахнаға тартқан да солар. 1914 жылы Абайдың қайтыс болуының он жылдығына әдеби кеш ұйымдастырып, ұлы ақын мұрасы туралы Нәзипаның орыс тілінде баяндама жасайтыны да осы Семейде» [2]. Н.Құлжановтан оқып, кейін ұстаздық қызмет атқарған Г.М.Хомутов 1906-1907 жылдары Семейде семинарияда оқып жүргенінде Нұрғалидан мәдениетті, орыс тілін таза сөйлейтін оқымысты қазақты бұрын-соңды көрмегенін, екі жыл сол кісінің пәтерінде жатып оқығанын, саяси әрі көркем әдебиеттерді көп оқитынын баяндай келіп А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» повесін Құлжановтар үйінен тұңғыш көргенін айтады. Н.Құлжановтың көмегі арқасында оқып-білім алған С.Бегалин «Заман белестері» романында 1914 жылы, 26 қаңтарда өткен Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай өткен тарихи әдеби кешке тоқтала келіп: «Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті-ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады... Ойынның артынан сол кешке жиналған 918 сом ақша қазақтың мұқтаж оқушыларына таратылды. Мысалы, Петербургта оқитын, Томда, Орынборда, Қазанда, тағы басқа жерде оқитын мұқтаж оқушылардың тізімі жасалып, соларға жіберілді. Түнек заманның түнерген бұлтынан жылт еткен сәуледей Семей оқытушылар даярлайтын мектептің оқытушысы Нұрғали Құлжанов, оның жары қазақтың сол кездегі аса мәдениетті оқыған қызы Нәзипа Құлжанова осындай бір игілікті істі бастап еді» [1, 117], – дейді. Семейде Кеңес өкіметі жеңіске жеткенде Нұрғали Құлжанов баспахана меңгерушілігіне тағайындалады. Баспахананы халық игілігіне пайдалану керектігін жақсы түсінген ол 1918 жылғы маусым айында Сібірден келіп, Семей большевиктеріне шабуылға шыққан Колчак әскерінен сескенген баспахана қызметкерлері баспахананың машиналары мен басқа да жабдықтарын Ертіске батырып жібермек болғанда қарсылық білдіріп, баспахана қызметкерлерін айлықтарын төлеп, екі айға уақытша таратып жібереді. Бұл оның Колчак үкіметінің көпке бармай, құлайтынын сезгендігі еді. Сол 1918 жылдары «Ярдам» баспаханасында әріп теруші болып істеген, 1917 жылы қазақ тілінде шығып тұрған «Халық сөзі» газетін ұйымдастырушылардың бірі Насыр Ешимов: «Сол айда Семейге келген Колчак ақ бандысы біздерді ұстап алып Халық үйіне (саяси-ағарту үйі) әкеліп, 24 сағат ішінде бас-пахана жұмыс істемесе «большевиктерді» жақтаушы ретінде өлім жазасын қолданатынын айтты, – дейді. – Алайда, Колчак үкіметінің үстемдігі ұзаққа бармады. Ол 1919 жылы декабрьде құлап, орнына Совет өкіметі қайтадан келді. Бірақ кетерінде Колчактың орталық штабы мен Семейдегі Алашорда комитетінің мүшелері Нұрғали Құлжановты атып кетті» [3]. Осы қайғылы оқиға жайында А.С.Яковлев «За власть Советов» кітабында, С.Бегалин «Замана белестері» романында егжей-тегжейлі жазыпты. Семинария ғимаратының екінші қабатындағы Н.Құлжановтың үйі сол кездегі Семей зиялыларының бас қосатын орталығы сияқты болады. Ахмет Байтұрсынов (Н.Құлжанов Ахметпен мектепте бірге оқыған, Ахметтен үш-ақ жас кіші, 1870 жылы туған), Мұхтар Әуезов, Әлмұқан Ермеков, т.б. ақын, ғалымдар бұл үйге жиі соғып тұрса, Сапарғали Бегалин, Мұсағали Қаңлыбаев, Дәмеш Ермекова, Ақан сері Қорамсаұлымен айтысатын атақты Сараның інілері, Маман Тұрысбектің балалары осы үйде жатып оқыпты. Мұсағали Қаңлыбаев бір естелігінде: «Сәлем берейін деп Нұрғали мен Нәзипаны іздеп келдім, – деп жазады. – Ол большевиктер жағына шыққаны үшін семинариядан қуылыпты. Мен барғанда туған Миллат атты ұлы өлген. Бір қазақтың үйінде залда тұрып жатыр екен. Бір келгенімде Нұрекеңді түрмеге жауып тастапты. Реніш үстінде өткен күндерде көрген-білгенді еске түсіре бастадым. Нұрғалиды ат арбамен шақырған жерге апарғаным есіме түсті. Мен ауыз үйде отырсам да, құлағым төр жақта болды. Сонда Нұрғалидың жиналған оқымыстылардың сөзін қостамай, үнемі қарсыласқаны есіме түсті. Шындығында да, ол кісінің әділет жолын жақтауы тым ерте басталған екен ғой. Оны әуелде мен ұқпаппын. Келсем Нәзипа апай Нұрекеңе тамақ апарғалы жатыр екен. Екеуміз бірге бардық. Нұрғалиды түрмеге қарсы арестанттар үйіне жауыпты. Нұрекең тордың ар жағынан қолын бұлғап, сабырлы сөйлесті. «Мұғалім Нұрғали Құлжановты ақтың солдаттары қашып бара жатқан жерінен атып өлтірді» деген хабарламаны 1919 жылдың 27 қарашасында «Сарыарқа» газетінен оқыдым да, Нәзипа апайды іздеп үйіне бардым. Нұрғалиды ақтар далаға алып шығып атқан екен. Бейіт басына көп адам жиналып, жерлепті. Олардың арасында орыстар, татарлар, басқа да ұлт өкілдері болған екен» [4]. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмасында қайраттылығын, кең ойлап, кең пішетін сабырлылығын, жасымайтынын, көпке сырын аша бермейтінін, шындықты бетке айтатын турашыл жан екенін айтып, жақсы баға беруі, Сәкен Сейфуллиннің өзінің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын арнап жазған ардақты, ардагерлер қатарында Нұрғали Құлжановты атауы оның өз замандастары мен тұстастары арасында қадірлі азамат болғанын аңғарта түседі. «Қарт Ертістің Семей өңірінде өздерінің қысқа да саналы ғұмырын өткізген аяулы екі азамат жайлы әңгімелер әлі күнге таусылмай айтылып келеді. Тағы да құлақ тосасың, тағы да ойға батасың. «Апыр-ау, неткен ғажап адамдар еді бұл, ерлі-зайыпты Құлжановтар деген екі жас!» – деп еріксіз толғанасың. Әсіресе, патшалық заманның өзінде олардың тікелей ұйымдастыруымен 1914 жылы Семей қаласында өткізілген сол бір кеш ойға қайта-қайта орала береді. Семейдегі Абайдың мемлекеттік мәдени-тарихи және әдеби-мемориалдық музейінің бүгінде көрермендері көп. Әсіресе оның «Абайтану» залына қойылған экспонаттардың бірі – үстіміздегі ғасырдың басында осы Семейде тұрып, халық ағарту жұмыстарымен шұғылданған ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың суреттері тұсына келгенде олар сол жансыз бейнеден күні бүгінге дейін өздеріне жұмбақ болып келе жатқан талай сұрақтарға жауап іздейтіндей тесіле қарап, ұзақ аялдайды», – деп семейлік М.Имашев жазғандай, халқының қамын ойлап жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жастық шақтарын сарп етіп, халқымыздың рухани дүниесін байытуға үлес қосқан қос қайраткер жайында біз не білеміз? Олар осы Қостанай құшағынан қанаттанып ұшқан қарлығаштар емес пе еді?! Қаламызда ерлі-зайыпты Құлжановтарды еске түсірерлік қандай белгі бар? «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Халық қамын ойлаған адам – халықтың ұлы, оны ешқашан ұмытпауымыз керек, қайта ұлықтауымыз керек. Қостанайдағы педагогикалық оқу орындарының біріне Құлжановтар есімі берілсе немесе бір көше «Құлжановтар көшесі» болып аталып жатса, артық болмас еді-ау...

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Бегалин С. Замана белестері. А., Жазушы, 1979. 111 б. 2. Қожакеев Т. «Нәзипа Құлжанова». Сара сөздің сардарлары. А., Санат, 1995. 86 б. 3. Жиреншин Ә. Қазақ кітаптары тарихынан. А., Қазақстан, 1971. 57-58 б. 4. Қаңлыбаев М. «Торғай түлектері». Арқалық, 1991. 59-60 б.

2. Нәзипа мен Мәриям 

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова (1888-1934) мен қазақтың ақын қызы, Қазақ ССР-iнiң халық жазушысы Мәриям Хакiмжанова (1906-1995) өмiрiнде бiр-бiрiне ұқсастық өте көп. Бiрiншiден, екеуi де журналист, екiншiден, екеуiнiң де жары «халық жауы» атанып атылып кеткен, үшiншiден, екеуi де адамға қамқор, дархан, қайырымды жандар… Нәзипаның қосағы – Нұрғали Құлжанов та, Мәриямның қосағы – Серғали Бермұхаметов те өнердi, елiн, жерiн, ұлтын сүйген, халқына адал қызмет iстеген атпал азаматтар. Екеуi де ұстаз. Нәзипаның Миллат, Мәриямның Атымтай атты жалғыз-жалғыздан ұлдары болған. Нәзипа «Ақын Шолпан», «Қазақ әйелдерiне», «Жұма күндерiнде қазақ әйелдерiне кеңес», тағы да басқа әйелдер теңдiгiн қолдаған, қыз-келiншектерге ақыл-кеңес беретiн мақалалар жазса, Мәриям батыр Әлия Молдағұлова жайында «Әлия» атты тамаша дастанды өмiрге әкелдi. Темiрбек Қожакеев Құлжановтар Семейде тұрғанда қазақ өнерi мен әдебиетi тарихына белгiлi iз қалдырғанын, олардың «Бiржан-Сара» айтысын алғаш сонда сахнаға шығарғанын, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақовтарды тұңғыш сахнаға шығарғандар да солар екенiн, сол кештерден түскен қаржының бiрсыпырасын мейiрiмдi ана сыртта аш-жалаңаш оқып жүрген қазақ шәкiрттерiне бөлгiзгенiн мысалдар келтiре отырып айтады. Одан әрi: «Бұл дерек те Нәзекеңнiң қайырымды адам болғанын айғақтайды, – деп жазады автор. – Сондықтан да оның айналасына жастар өте үйiр болған. Тiптi, Сапарғали Бегалин, Мұсағали Қаңлыбаев, Дәмеш Ермековалар осы кiсiнiң үйiнде жатып оқыпты. Игiден көрген iзгi жақсылығын Дәмеш былай деп еске алады: «Менiң бағыт-бағымды ашқан орыс халқының ұлы ғалымы Потанин болса, халқымның қамын ойлайтын адал перзентi болып қалыптасуыма сол Семейде оқыған үш жыл iшiнде Құлжанова Нәзипа апа көп еңбек сiңiрдi. Менiң сол үйде жатып тiкелей тәлiм-тәрбие, үлгi-өнеге алуым алдағы бар өмiрiме өшпес iз қалдырды». Құлжановтар үйiнде тәрбиеленген жоғарыда аты аталған Мұсағали Қаңлыбаев та «Жақсыдан – шарапат» естелiгiнде Нәзипаның iзгiлiгi мен iзеттiлiгiн егжей-тегжейлi жазған. Мәриям апай жөнiнде де Сырбай Мәуленов кең пейiлдi, аналық алақаны мол мейiрлi, аса қайырымды, парасатты, байсалды, сыпайы, қарапайым, кiшiпейiл, жаны сұлу, ержүрек қадiрмендi ана екенiн, Мұқан Төлебаев көшесiнiң бойындағы бiр кiшкентай аласа үйде тұрғанының өзiнде үйi қонақтан арылмағанын, Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Ж.Саин, О.Шипин, Н.Байғанин, Ш.Қошқарбаев, К.Әзiрбаев, С.Көбеев, Н.Ахметбеков, А.Жұмағалиев сияқты ақындардың сол үйден талай жыр құсын ұшырғанын мақтанышпен айтады. «Мәриямның сол кiшкене аласа үйiнен дәм татпаған, шабыт алмаған, оған өзiнiң махаббатты анасындай көрiп, еркелемеген қазiргi орта буындағы ақын-жазушылар кем болар-ау, – деп жазады Сырағаң. – Осы Қуандықты, Ғафуды сол Мәриямның аласа үйi жыр ұясындай биiкке ұшырған секiлдi болады да тұрады маған». С.Мәуленовтiң осы бiр ойын толықтырғандай Ақұштап Бақтыгереева: «Сонау соғыстан кейiн әдебиет ауылын iздеп астанаға лек-легiмен келген Сырбай, Ғафу, Зияш секiлдi таланттардың көбi, Мәриям апаның 8 адамнан тұратын бала-шағасымен бiрге көлемi 9 шаршы метр бөлмесiнiң жылуымен, кейде жұтаң, кейде мол ақ дастарханының ақ дәмiмен, мейiрiм-шуағымен қанаттанған жоқ па едi?!» – дейдi. Сара Мыңжасарова да Мәриям апайдың аналық мейiрiмiн айта келiп «Балаларды айтамыз-ау, соғыс кезiнде, онан кейiнгi алғашқы қиыншылық жылдарында ауылдан келген жас ақын, жазушылардың Қуандық Шаңғытбаевтан бастап сенiң үйiңе паналамағаны кемде-кем. Сонда баяғы бiр бөлме…» , – дейдi. Нәзипадан тәлiм-тәрбие алған Мұсағали Қаңлыбаев қазақтың тұңғыш ақын қыздарының бiрi Шолпан Иманбаеваны күңдiктен босатып алған, кейiн оның жинағына пiкiр жазған, көрнектi, майталман ақын Мәриям Хакiмжанованың өзiне де оқып-бiлiм алып, ақындық қаламын ұштай түсуiне ақыл-кеңес берiп, қамқорлық көрсеткен Нәзипа екенiн айтса, М.Қожахметова Хакiмжанованың шығыстың бұлбұлы атанған Күләш Байсейiтова, дарынды актриса Рахия Қойшыбаева, ақын Зияш Қалауова өмiрiнен сыр шертiп, олардың өмiрiн, өнерiн кейiнгi ұрпаққа үнемi насихаттап отырғанын нәзiк сезiммен жеткiзiп, Мәншүк қана емес, жалпы қауымға таныс Алма, Нағима, Нәзипа, Шолпан, Дина, Күләш сынды аяулы есiмдер оның жыр төрiнен лайықты орындарын иемденген. Ойлап отырсақ халқымыздың сүйiктi қыздарының арасынан ақын шабытына арқау болмағандары кемде-кем» , – дейдi. Оқып жүрген жастардың анасындай, Көрер бәрiн, иә, бауыр, баласындай. Тарыққан сорлыларды өзi шақырып, Күтедi не әкесi, не ағасындай, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырға қосқандай, Нәзипа оқудағы қазақ жастарына үнемi қамқорлық жасап отырған. Мәриямның да iнiлерi мен сiңлiлерiне жасаған жақсылығы мен көмегi ұшан-теңiз. Ф.Оңғарсынова, Т.Әбдiрахманова, Ә.Шалабаева, Қ.Бұғыбаева, М.Айтқожина, Ә.Сексенбаева, т.б. қыз-келiншектер Мәкеңнiң кезiнде шапағатына бөленген жандар. Нәзипа жайында С.Торайғыров «Оқып жүрген жастардың анасындай» (1918 ж.) деп тебiренсе, Алматының «Дәуiр» баспасынан 1995 жылы жарық көрген Мәриям апаның өмiрi туралы естелiк кiтап «Бар қазаққа ана едiң…» деп аталады, екеуi де ел анасындай. Бұл ұқсастықтар адамзатқа туа бiттi аналық мейiрiмнен туған ұқсастықтар болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Әйел теңдiгi», 1927, № 3 2. «Қызыл Қазақстан», 1922, № 13 3. Қожакеев Т. «Сара сөздiң сардарлары». – Алматы: «Санат», 1995. – 86-87 б. 4. Мәуленов С. «Мезгiл перзентi», «Бар қазаққа ана едiң…» А. РГЖИ «Дәуiр», 1995. – 65 б.]. 5. Байқадамова Д. «Жақсыдан – шарапат. «Торғай түлектерi», Арқалық. 1991. – 63 б. 6. Мыңжасарова С. «Сырласым, мұңдасым едi…» 80 б.

Серікбай Оспанұлы Ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры

Күлзада Мырзағалиева Доцент, филология ғылымдарының кандидаты Қостанай қаласында тұрады.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы