• Білім-ғылым
  • 28 Наурыз, 2018

Үш мың баланы шаң қаптырған Орынгүл

   Жыл басында еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдары 5-сынып оқушысы Орынгүл Арыстанның халықаралық байқаудан олжамен оралғаны жайлы жарыса жазды. Ол Ақтау қаласының №17-мектебінде оқиды. Малайзияның Куала Лумпур қаласында менталды арифметикадан өткен олимпиадада өзі қатарлы балаларды басып озып, 1-орынды иеленген. Біз Ақтаудан Орынгүлді іздеп тауып, өзімен жақынырақ таныстық. Орынгүлдің мінезі ерекше бала екені бірден байқалады. Сырт көзге салмақты көрінгенмен, адамдармен тез тіл табысады, кісіге жақын. Уақытының көбін сабаққа бөледі. Оның өзге балалар секілді ойнауға уақыты жоқ. Өйткені, ойынға жіберетін уақытын пайдалы іске арнағысы келеді. Сабақтан кейін менталды арифметикаға, биге, болмаса өзге де өзіне қызықты үйірмелерге қатысады. Анасының айтуынша, Орынгүл кішкентай күнінен ақылды бала болған. Үйде бейберекет ойыншық шашып, шулап, жылап ешкімнің мазасын алған емес. Отбасында үш қыздың кенжесі. Менталды арифметикаға қатысқанына бір жылдай уақыт өткенде тамаша жетістікке қол жеткізді. Малайзиядағы жарыста 8 минутта 190 есеп шығарды, әлемнің 45 елінен келген 3000 бала оған бақталас болды. Дегенмен, барлығын басып озып, еліміздің көк байрағын өзге елдің төрінде шарықтатты. Бір жылдың ішінде күрделі есептерді шығаруды еркін меңгерген баланың жүйріктігі талайларды тамсандырды. Орынгүлдің тағы бір ерекшелігі – тіл үйренуге деген қабілеттілігі. Ол ана тілін айтпағанда, орыс, ағылшын тілдерін де еркін меңгеріп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатарластарымен дос болып үлгерген. Әзірге үш таңбалы сандарды жылдам есептейтін бала алдағы уақытта төрт таңбалы сандармен жұмыс істеп, одан да жақсы нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Бір жыл бұрын әлеуметтік педагог Орынгүлдің үйіне хабарласып, оған отбасылық жағдайына байланысты менталды арифметикаға тегін қатысуға мүмкіндік бар екенін айтқанда анасы аса көңіл бөлмепті. «Барып көр, егер көңіліңе жақса, сабақтарыңа үлгерсең, қатысарсың. Қызық болмаса, кез келген уақытта шығып кетуге мүмкіндігің бар ғой» – деп алғашқы сабағына жібереді. Бірақ, бірінші қатысқаннан-ақ баланың қызығушылығы артады. Тіпті, уақытының көбін есеп шығарып үйренуге арнайды. «Мен негізі Орынгүлдің асыраушысымын. Ол ата-анасынан ерте айырылған. Алдымен әкесі, кейін анасы өмірден өтті. Орынгүл менің әпкемнің қызы. Аналары қайтыс болғанда екі қызды мен бауырыма бастым. Барынша аналық мейірім көрсетіп, үлгілі азамат етіп тәрбиелегім келеді», – дейді анасы Гүлзира Серікқызы. «Қазіргі кезде көптеген мамандар менталды арифметиканы мектеп бағдарламасына еш қажеті жоқ дейді. Ол жайлы еліміздің нөмірі бірінші математигі Асқар Жұмаділдаев ағамыз да жиі айтып жүр. Сіз өзге сабақтарына кедергі келтіреді деп ойламайсыз ба?» – деген сауалымызға анасы: «Негізі дәл қазір Орынгүл барлық сабақтарына уақыт табады. Оқу озаты. Ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Егер болашақта қиналып жатса, өзі де бас тартады деп ойлаймын. Қайта менталды арифметикаға барғалы бері ойлау жылдамдығы артты. Мәселен, сұрақ қойсаң, бұрынғыдай ойланып тұрмай, жылдам жауап беруге дағдыланып келеді», – дейді анасы. Қалай болғанда да, әлемдік жарыстағы жеңісі оған сенімділік сыйлап, достары мен ұстаздарының алдында беделінің артқандығын мақтан тұтады. Орынгүл екі мамандықты ұнатады. Анасы секілді есепші немесе дәрігер болып, адамдарға көмек көрсеткісі келеді. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көреді. Ғаламторды тек сабаққа қосымша құрал ретінде пайдаланады. Тағы бір қызығы, 11-желтоқсан Орынгүлді жеңісімен марапаттаған күн болды. Дәл осы күні оның туған күні болып, 11 жасқа толды. Бұл сандардағы сәйкестіктің өзін бала жүрегі ерекше белгі деп қабылдайды екен. «Мен Қазақстандағы балалар ақылды болып, алдағы уақытта жетістіктерге жете берсе екен деп тілеймін» – дейді ол. Орынгүл Арыстанның бүгінгі жетістігі оның алдағы күндерге деген сенімді баспалдағы болады деген үміттеміз.

Гауһар Нұрмұхамбетқызы.

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы