• Әдебиет әлемі
  • 14 Ақпан, 2018

Жер аңсаған сары атан, ұмыт болған сары самауыр

Айкерім ҚИЫҚБАЙ

1993 жылы Ақтөбе облысында туған. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті-нің түлегі. Бүгінде Семей қаласында тұрады. Проза саласында қалам тербеп жүрген талантты жастардың бірі.

«Сары атан тәкаппар болған себебі – ол ғасырлар бойы қазақ елінің тарихын арқалап, тербетіп келдім» деп ойлайды. «Тарихи еңбегім үшін мені «шаңырақ атан» деп атады» – деп сенеді. Өзім де тарихи жануармын, жалқау далада аяңдасам да қазақ тарихының ұйқысын бұзбай, арқамнан түсіріп алмай, атын жоғары ұстадым. Сондықтан қалай паңдасам да иір-шиыр бойыма жараса береді дейді. Қазақ тарихының жүрісіне дейін өзінің балапан ырғағына салып алдым деп ұғынған сары атан өзінен өзгені танығысы да келмейді... Арқадан Алтайға, Алтайдан Қытайға ғасырлар бойы арқаланған ағаш шаңырағы деп есептейді де, өзінің құрметті жануар екеніне таңданбайды. Тегінде бір елдің тарихына байланысты аталған соң, тәкаппар болатын орны да бар. Жаз бойы жалпақ жайлауда жалқау басып, арқалап тасып жүргені тарих болып шықса; түйенің бұл паңдығында не ерсілік бар?..» – дейді «Талпақ танау» шығармасында Ғабит Мүсірепов. Бойында қажымас қайраты бар, небір ауыртпалықты жеңе білген, көшпелі халықтың адал серігіне айналған қасиетті жануар емес пе еді бұл. Қадір-қасиеті қаны қазаққа сіңген соң ол туралы талай аңызбен, талай шығарма жазылды да. «Алтайдың мұзбалағы» атанған Оралхан да әңгімесіне арқау еткен жануарды Дидахмет шығармасынан да тауып отырмыз. «Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сары атан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді». Бұл жолдармен қаламы ұшқыр автор сары даланы аңсаған, туған мекеніне асыққан асыл ерлердің сағынышы мен сазын жеткізбек болған. Осы жолдармен басталған хикаят туған жерден жырақта жүрген боздақтардың тағдырына ұласқан. « – Аға-ау, сорладым ғой!..» деген Қожықтың жан дауысы шыға, ышқына жеткен күйі асырап алған жалғандағы жалғыз жақыны Есбергеннен айырылып қаламын деген қорқынышы еді. Қорқатыны атқа ерттер ері сынған еді. Осы жердегі айта кетерлік деталь жазушының шеберлігі сол, атқа ерсіз жайдақ мінбеген қазақтың салтын айта келе, туған топырақтың Қожықты ешқайда жібермесінің бір белгісі еді. Ал Есберген көп жылдар бұрын ауып келген бұл мекеннен ендігі кетпекке бел байлаған. Жар дегенде жалғыз тірегі, жары Ғазиза дүниеден өткеннен кейін, ішін жарып шыққан, артында қамшы ұстар ұрпағы да жоқ, көлеңкесіз адамдай сары уайымға салынған соң, ойына келген дұрыс шешім елге оралу болған. Қожықты жасында бір орыстан шошқа бағып жүрген жерінен қазақ баласы орыстың езгісіне қалмасын деген ниетімен бір жағы өздеріне ермек болсын деген оймен асырап алған. Аса мол ақылға ие болмаса да, Қожықтың жүрегі нәзік, көңілі ақ болатын. Сол ынжық Қожық шын мәнінде кезінде елге аты мәлім Көкен батырдың ұрпағы еді. Шығармадағы әрбір образ өзіндік мінезге бай. Ғазизаның ауыр науқастан қаза боларының алдында есігінің алдында неше жыл бойы Есбергеннің атын байлап жүрген мама ағашын құлатып тастауының өзінде үлкен мән бар. «Кемпірімнің соңына қалдыра көрме!» деп жылаған аталарымыздың сөзінің мәнісі осы орайда ашылмақ. Әйелі өлген қай еркек оңып еді. Өмірі тек түзде жүріп, күн көретін ердің үйіне оралғанда ырысы мен берекесін сақтап отыратын оның әйелі екені белгілі. Мама ағашының құлауы, енді артыңда күтіп, отыңды өшірмей отыратын адамың жоқ дегенді білдірген. Жолға шыққан қос аттылы азаматтың бірі атына жайдақ мініп келеді. Осы келе жатқан бетінде Қожықтың санасын сан түрлі ой жаулаған еді. Сірә, дәл бүгінгідей ешқашан мәселенің байыбына барып ойланып көрмеген санасы басына күн түскенде, тағдыры шешіліп бара жатқан бұл сапарда шын сезсе керек. Кейіпкердің аузынан шыққан мына бір сөздер кімнің болса да жүрегін қозғайтыны анық. «Әкемді ойладым... Өлерінен бір жыл бұрын Метрейдің үйіне келген орыстармен карта ойнап, астындағы күмістелген ерін, аяғындағы әмірқан етігін ұттырып алып, кейін қатты қапаланып еді. Сонда аяғына шәркей киіп отырып: «Ерден айырылдым – жайдақ болдым, етіктен айырылдым – маймақ болдым, жерден айырылдым – бейбақ болдым. Сірә, мен оңбайтын шығармын» дегені бүгін тақымым қажалып, құйрығым ойылып келе жатқанда есіме түсті. Таңертең жолға шықпай жатып ерім сынды. Бұл жақсы ырым болмас, аға. Сосын... ата-баба жерін тастап кетсем – мен де оңбайтын шығармын. Рұқсат берсең, мен кейін қайтайын, аға». Оқиғаны шиеленістіре келе автор ұтымды шешім таба білген. Оқырманның көңілінде ынжық болып қалған Қожық аяқ-асты нағыз батырдың ұрпағы, саналы ер жігіт екендігін жеткізген. Сөйтіп, әр кейіпкерді өз жолымен дұрыс бағытқа сала отырып, оқырманның жүрегіне де ой салады. Осы сөзінен кейін екі ер жігіттің жолы екі жаққа бөлінеді. Бірі Көгілдір тауды бетке алса, бірі Көкентауға, өзінің туған ата-бабасының жеріне бұрылды. Есбергеннің сыбызғысы салған әсем күй «Жер аңсаған сары атандай» ата қонысын аңсап келеді екеуі де. Қазіргі кездің өзінде ел аман, жұрт тыныш уақытта шетел асып, туған жер топырағын ұмытып жатқан қаншама қазақ баласы бар. Шетелде білім алып, шетел азаматына, шетел азаматшасына үйленіп, тарыдай шашылған қазақ басын біріктірудің орнына кері әрекет жасап жатқан жастардың жүрегі Қожық құрлы болмағаны ма?! «Самауыр кісі шақырады, кісі ырыс шақырады» деген алтын сөздері бар әңгімеде. Бұл Айжанның әжесі айтатын сөз. Айжан кішкене қыз. Ата-анасының жұмыс бастылығынан ба, әлде безбүйректігінен бе, әйтеуір ол ауылда ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Бірақ одан жаман болмайды, қайта бойына асыл ананың тәрбиесін сіңіріп, саналы болып өседі. Сондағы әжесінің Айжанға жасынан үйреткені ең бірінші имандылық. Ол әжесінің қиялға толы ертегілерін тыңдап, арманға қанат бітіріп, болашақта өзін әжесі сияқты етіп елес-теткен. Айжанның әжесінің келіндері өңшең жаңаланып қалған, ескіні қоқысқа ғана балап, оның қасиетін табанына таптаған санасыз пенделер еді. Сондағы әжесінің айтатыны «Түбінде осы самауырға ие табылмас, менің көзім кеткен соң бұл да керексіз қалар» дейтін. Айжан да әжесінің осы сары самауырынан шай ішкенді ұнататын. Бойына қанша жылғы ауыртпалық пен азапты иесімен тең көрген самауырдың қасиеті зор еді. Кезінде марқұм болған осы әженің анасы ері ұзақ сапарға кеткенде үмітін үзбей, сарыла күтумен болған екен. Самауырды сақылдатып қайнатып, буын бұрқыратып, күте беріпті. Түтініңді өшірмей, әлі де күтіп отырмын деген жылы лебізі, шынайы ниетінен болар азаматы аман оралған деседі. Сол самауырдан қазір де су арылмайды, бұл үйден қонақ та үзілмейді. Сол тәрбиені алып өскен Айжан аяқ асты бір күні әжесінен айырылып қалады. Бірақ оны келеді деп тосады. Себебі бұрын әжесінің өзі бұған «күндердің бір күнінде мен өзіңе айтқан ертегімдегідей алтын мүйізді киікті іздеп кетемін, сонда мені іздеп жылама. Көкең Телжан мен тәтең Гүлсанға бағын» деп айтатын. Әжесінің бұл әңгімесі оған ұнамаса да, «алтын мүйізді киік әкеледі» деген бала арманына елітіп, бала жүрек әжесін күтумен болады. Қаланың жат өмірі, әке-шешенің суық алақандары мұны жылыта алмады. Жалғыз ғана жұбанышы қара тарағы еді. Онымен Айжан шашын жөндеп тарай алмаса да, сол тарақтың бойында апасының қолының ізі, айран иісі аңқыған сонау ауылдың иісі бәрі де оған әжесін есіне түсіретін. Соны көңіліне медеу тұтып танауына салып иіскеп жүретін. Соны да көп көрген Гүлсан тарақты қоқысқа тастаған, бірақ одан жақсылық таппай, ақыры өзіне қайырып берді. Орнына жаңа тарақ сыйлап көріп еді, онысын Айжан алмады. Әрине алмайды, себебі өзінің қара тарағында ғана сағынышын басар жұпар иіс бар еді. Әңгімеде Айжанның «Самауырдан қашан шай ішеміз?» дегені бар. «Шәугіммен іше берсеңші» деген анасына «шәугіммен шай ішпейді, онымен дәретке су жылытады! Әжем дәретсіз кісі харам!» деген [27]. Осы сөзінде қаншама мән жатыр?.. Автор адам бойындағы имандылық, тазалық қасиеттерінің жойылып бара жатқандағы көрінісін осылайша суреттеген. Жалғыз ұлынан қаралай көз жазып, сарғайа күткен ата-ананың зарын осы Айжанның сөздері, іс әрекеті арқылы Телжанның санасына жеткізген. Қолында бардың қадірін білмеген ұлдың шешеден айырылғанын, оның бойына жылуын төгіп, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген анасының қадіріне жетпегендігін, ендігі ешнәрсені түзей алмасын түсініп, өкінген ұлдың образы көп ерлерге сабақ болса екен деген ниеттеміз. «Сары самауыр – ұлттық салт-сана символы, этнодеталь»– дейді Құлбек Ергөбек. Иә, расында бүгінде жаңашыл арзан дүниеге қызығып, өткеннің қымбат естелігін құртып жатқанымыз жалған емес. Бір ғана самауыр емес, тіпті тал бесіктің өзін бүгінгі медицина «баланың бел омыртқасын қисайтады, миын шайқайды» деген мылжың тұжырымдар шығаруда. Белі қисайып, миы шайқалған осы күнге дейін қазақ халқында бесіктен қасірет көрген бір пенде таппадық. Қазақтың қаншама елін, жерін жаудан қорғаған батырлары, шындықты шырылдатып, ұрпаққа тәрбиелі дүние, мол азық қалдырған, қаншама ұлы адамдарымыз сол тал бесіктен тәрбие алып, саналы болып өсті емес пе? Бүгінде Зере анамыздай аналар, Абай атамыздай ұлдар тумады демеймін, тек шетелдің салтымен ертегі орнына құбыжық көріп, самауырдың орнына дәретке су жылытатын тоқ шәугіммен шай ішіп, жөргектің орнына су жұтқыш ақ дамбал киіп өскен көп ұрпақтың ертеңгі күні еліне тигізер пайдасын ойлаймын.

698 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы