• Әдебиет әлемі
  • 12 Қаңтар, 2018

ТАНЫС ТА, БЕЙТАНЫС ТҮРКИЯ

Елімізде, Аллаға шүкір, жастардың шетелге шығып, дамыған мемлекеттердің тыныс-тіршілігімен, өмір салтымен, өркендеу жолымен танысып келуге жақсы жағдай жасалған. Мұндай мүмкіндік қазақтың қыз-жігіттеріне өркениетті жұрттардың қалай әлеуетті елге айналғанын өз көзімен көріп-біліп, ондағы жақсы үрдістерді өз мемлекетімізге алып келсін деген ізгі ниетпен беріліп отырғаны шүбәсіз. Жақында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің магистранттары Түркияның Измир қаласындағы Еге университетіне барып, ғылыми тағылымдамадан өткен едік. Аталмыш өлкеде көріп-түйгендерімді мақала қылып жазайын деп шештім. Түрік еліндегі 10 күніміз зымыраннан де жүйрік жылдамдықпен зымырап өтіп кетсе де, алған әсерім ерекше болды. Бұл саяхаттың, бұл сапардың маған қатты ұнағаны соншалық – тың күш қуат, соны серпін жинап қайттым. Бізді Стамбулдағы Ататүрік әуежайында сол жақта оқып жүрген Қасқырбек есімді жігіт қарсылап алып, Түркиядағы өмірге байланысты ақыл-кеңесін айтып, бағыт бағдар берді. Әуежайдағы дүңгіршіктердің бірінде жұмыс істейтін Мәжит деген қазақ жігітпен кездейсоқ танысып, мәре-сәре болып қалдық. Түркияда туып-өскен қандасымыздың қазақ қызға үйленгеніне, өзінің де, отбасының да қазақылығын сақтауға күш салатынына риза болдық. Стамбулдан Измирге ұшып, жергілікті әуежайға қонған соң, бізді тағы да сонда оқитын қазақ жігіттері күтіп алды. Сол түні құйып жаңбыр жауды. Айналадан таулардың мұнартқаны, теңізден салқын самал ескені, ылғалды ауа-райы, тау бөктеріне салынған үйлер – маған Алматыны елестетті. Измирді өзімнің студенттік шағым өткен шаһарға ұқсаттым. Түріктер бізге бірден жылы ұшырады. Тамақ ішкен соң, кафе иелерінің долларды әлі лираға айырбастамағанымызды біліп, ақшасын ертең әкеліп беріңдер деп сенім білдіргені; құрақ ұшып қызмет еткені; күлімсіреп, күніміздің сәтті өтуін тілегені – көңілге жылу ұялатты. Көшеде кетіп бара жатқанда, жөн сұрасаң, бірнешеуінің қатарынан тоқтай қалып, жаны қалмай, бар ынтасымен жол нұсқайтынына кәдімгідей ырза болдық. Еге университетіне қарасты Түркі тілдерін зерттеу институтының директоры Метин Екиджи мырзаның және басқа да оқытушылардың қабылдауында болғанда, шай алдырып, тәтті-мәттісін алдымызға тосқаны – түрік халқының жұмыс, келіссөз барысындағы үйреншікті мәдениеттілігі мен сыпайылығы деп ұқтым. Шаштаразда кездейсоқ жолыққан әлдебір түрік жігітінің Қазақстаннан келген қонақ екенімізді естіген соң, «Сіздерге Измирден естелік болсын» деп жақын маңдағы дүкеннен әрқайсысымызға кәдесый сатып алып сыйлағаны, тіпті, сүйсіндірді. Бірінші рет көріп тұрған шетелдіктерге сыйлық ұсынатын қонақжай бауырымызға «Алла разы болсын!» дей бердім. Сондай-ақ, бұл сапарымызда мені қуантқан тағы бір жәйт – ондағы қазақтардың ұйымшылдығы. Стамбул, Измир, Кония, Селчюк секілді қалалар мен елдімекендердің қай-қайсысына барсақ та, сонда білім алып жүрген қазақ студенттер қарсылап алып, сұраған жерлерге апарып, ертіп жүрді. Олардың арқасында өзімнің жат өлкеде жүргенімді сезінген жоқпын. Мақалама Бақтияр, Аяулым, Мұрат, Қанат, Мәрлен, Бағлан, Жанболат, Қасқырбек, Олжас, Әбдуахат, Сұлтан, Исатай тәрізді қыз-жігіттердің есімдерін, оқырмандар оларды танымаса да, атап-атап жазып қойғым келеді. Біз Қазақстанға қайтардың алдында 30-40 қазақ жасының жиналып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып, домбырамен қазақ әндерін шырқап, көңілді отырыс ұйымдастырғанымыз – жүрек сарайымызда жастық шақтың естен кетпес қызықты бір сәті болып сақталатыны сөзсіз. Айтпақшы, жоғарыда есімдері аталған түріктердің жақсы қасиеттерін біздің халыққа да үйрену керек деп ойлаймын. Былай қарасаң, қарапайым ғана мәдениет, қарапайым ғана этика. Әйтсе де, адамдардың тез тіл табысуына, бітімге, ортақ мәмілеге келуіне себеп болары анық. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген. Айналаңдағылармен жақсы қарым-қатынаста болып, түсінісе білген дұрыс емес пе?! Дегенмен, түріктердің мен мүлдем қабылдай алмаған салт-санасы, қалыптасқан менталитеті де бар. Мәселен, отбасында әйел адамның үні басым әрі өктем болып, көп ер адамның жұбайына сөзін өткізе алмауы. Бұл халық әйелін бағындыра біліп, басқаратын ер азаматқа «Міне, нағыз қазақ!» дейді екен. Содан соң жігіттердің көбі құлағына сырға тағып, киімді тырыстырып киетінін және қыз болсын, жігіт болсын, жастардың жаппай темекі тартып, соны мәртебе көретінін түсіне алмадық. Орамал тартып, ұзын киім киіп, етегін жапқан қыздардың да шылым шеккенін көріп, аң-таң болдық. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Дегенмен, әлгіндей жаман әрі жағымсыз әдеттерге үйір жастарды көп кездестірдік. Студенттерге арналған спорт кешендерінде жаттығу тегін болса да, спортпен айналысатын қыз-жігіттердің өте аз екенін естіп, санамызда және бір түсінбестік пайда болды. Түрік халқы күні кеше империя болғандықтан ба, әлі де империалдық пиғылдан арыла қоймағанын аңғардық. Африка, Оңтүстік Америка, Орталық Азия мемлекеттерінің жастарын тегін оқытып, арнайы стипендия тағайындауының астарында түрік тілі мен түрік мәдениетін әлемге насихаттау саясаты жатқандай көрінді. Алайда, әрине, бұл әр елдің, әр ұлттың өз мәселесі, өз таңдауы. Солай екен деп біз айыптай да, тыйым сала да алмаймыз. Бірақ көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді жазуды жөн санадық. Неде болса, Түркияның заманауи ғылым мен техниканы меңгеру, игеру жағынан бізден әлдеқайда озып кеткені ақиқат. 10 күндік сапарда түрік елінің тарихи-мәдени орындарын аралауды да естен шығарған жоқпыз. Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы екеуміз Түркияның орталығындағы Кония қаласына барып, осыдан мыңдаған жыл бұрын, яғни Селжүк сұлтанаты заманында және одан кейін өмір сүрген Осман империясы дәуірінде салынған мешіттер мен ғимараттарды көрдік. Түріктер тарихи нысандарды кейінгі ұрпаққа сол күйінде аманаттауға қатты көңіл бөлетінін көне ғимараттарға жиі-жиі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетінінен байқауға болады. Тіпті, үкіметтен қанша миллиард лира бөлінгенін көрсетіп, көпшілікке жария қылып жазып та қояды екен. Кония шаһарында шығыстан шыққан ұлы шайыр Жәләладдин Румидің әкесі мен өзі имам болып қызмет еткен мешітке барып, ішінде намаз оқыдық. Ақынның зиратына барып, рухына Құран бағыштадық. Сондағы музейді аралап, орта ғасырларда тұтынылған бұйымдарға, киілген киімдерге, шығарылған кітаптарға, пайдаланылған қару түрлері мен музыкалық аспаптарға куә болдық. Бір ұнағаны – сыбызғымен ойналатын Румидің әуендерін қосып қояды екен. Жүрекке жылы тиіп, ерекше әсерге бөлейді. Кейін елге оралған соң, Амангелді Кеңшілікұлының «Румидің өмірі» атты мақаласын оқып отырып, сол әуендер құлағыма алыстан талып естілгендей болды. Лезде ғаламтордан сыбызғы үнінің Руми тудырған керемет үлгілерін тауып алуға тырысып, жанталастым. Таптым да, қайта-қайта тыңдай бердім. Қазір осы мақаламды да сол әуендердің бірін тыңдап жазып отырмын. Шығыс поэзиясының жарық жұлдызы жерленген өлкеге барып, оның жүрген жерімен жүріп, тыныстаған ауасын жұтқанымыз маған қатты әсер етті. Сол күні түнде түс көрдім. Түсімде ақындардың ортасында отыр екенмін. Не болғаны еміс-еміс қана есімде. Әйтеуір, гуілдеген ақындардың ортасында отырғанымды білемін. Руми әулие адам болған деседі. Кім біледі, мүмкін Алладан менің тілегімді тілеген шығар... Сонымен қатар, Селчюк елдімекеніне барып, Иса пайғамбардың (а.с.) шешесі Мәриям анамыздың тұрған үйін көрдік. «Құранда» аты аталған тақуа әйелдің қарапайым ғана үйде тұрғанына куә болдық. Бұл жер қасиетті саналып, қарулы жауынгерлер күзетеді екен. Содан соң, Рим империясы заманынан қалған көне қаланың орнын араладық. Эфес музейі деп аталатын кешендегі ғимараттар б.з.б. 3-ші мыңжылдықта салына бастапты. Қазір жұрнағы ғана қалса да, есте жоқ ескі замандардан сыр шертетіндіктен, көз алдыңа ежелгі дәуірдің оқиғаларын әкеледі. Бір таңғаларлығы, тас бағаналардағы ою-өрнектер, жазулар әлі сол күйінде сақталыпты. Қаншама ғасыр, тіпті қаншама мыңжылдық жаңбыр мен жел мүжісе де, бедері өшіп кетпегеніне таңданасың. Мұндағы амфитеатрларда өзге елдерден келген елшілер қабылданып, әртүрлі қойылымдар көрсетіліпті. Тіпті, қалада бұрын тереңдігі 2 метрлік хауыз да болған көрінеді. Марнас өзенінен су тартылған хауыздың орны, өкінішке қарай, сақталмапты. Қаңқасы ғана қалған ғимараттарды көріп, бұрын мұнда дәурен кешкен қауымның жоғары деңгейдегі мәдениеті мен өркениеті болғанын аңғардық. Әйтсе де, мұншалықты дамып-жетілген халық тұрған шаһар не себепті қаңырап бос қалғанын ұға алмадым. Әдетте, күнәға белшесінен батқан жұрт Құдайдың қаһарына ұшырап, жер бетінен тып-типыл жойылып кетуші еді. Эфесте өмір сүрген ел де сондай күйге тап болып, басқа бір ұлыс жасаған жойқын шабуыл мен қанды қырғынды бастан өткерді ме деген ойға қалдым. Дегенмен, тарихтың қалың әрі терең қатпарында қандай құпиялар жасырынып жатқанын кім білген... Измирдегі автокөліктер музейіне барғанымыз да есте қалатын жәйт болды. Онда 1885-2017 жылдар аралығында шығарылған 130 машина қойылыпты. Арасында автобустар мен мотоциклдер да бар. Алда-жалда жолыңыз түссе, АҚШ, Англия, Италия, Германия секілді мемлекеттерде XIX, XX, XXI ғасырлардың әр онжылдығында жасалған әртүрлі маркадағы, стильдегі, түстегі транспорт түрлерін көресіз. Машина жасау саласының бір жарым ғасырда қаншалықты қарыштап дамығанына көз жеткізесіз. Қорыта айтқанда, Түркияға жасаған сапарымыз маған ұнады. Ел көріп, жер көріп, дүниетанымымыз кеңейіп, бір серпіліп қайттық. Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы