• Білім-ғылым
  • 12 Қаңтар, 2018

Маймыл мен шаян соғысы

(Жапон халық ертегісі негізінде жазылған әңгіме)

Акутагава Рюноскэ

Шаян нигиримочиін (күріш тоқаш) тартып алған маймылдан әйтеуір кегін алды. Ол келсап, ара, жұмыртқамен бірлесіп ата жауы маймылдың көзін жойды. Бұл туралы айтпасақ та болады. Бірақ маймылды өлтірген соң шаян мен оның жолдастарының тағдыры не болғанын баян етуіміз керек. Неге десеңіз, ертегіде бұл туралы мүлдем айтылмаған. Айтылмай қалғаны былай тұрсын, тіпті шаян інінде, келсап асүйдің бір бұрышында,ара шатыр жиегіндегі ұясында, жұмыртқа күріш қауызы салынған жәшікте, аман-есен тіршілік етіп жатқан сияқты. Бірақ шындығында олай емес. Олар маймылдан кегін алған соң полиция бәрін тұтқындап, түгел түрмеге қамады. Оған қоса сот шешімі бойынша бас қылмыскер шаян өлім жазасына кесіліп, келсап, ара, жұмыртқа өмір бойы жазасын ауыр еңбекпен өтеуге тиіс болды. Ертегіде айтылған әңгімеден басқасын білмейтін оқырман олардың тағдырына күмәнмен қарар. Бірақ бұл ақиқат. Бұлтартпас шындық. Шаянның сөзіне қарағанда ол маймылға келіп, нигиримочиді құрмаға айырбастамақ болған. Бірақ маймыл нигиримочиді алған соң шаянға қастандық жасау мақсатында оған піскен жеміс бермегені өз алдына, көк құрмамен атып ұрған. Бірақ бұл іске қатысты ешқандай құжат жоқ. Иә, екеуі нигиримочиді құрмаға айрыбастауға келіскен, құрманың шикі екені айтылмаған. Тіпті шикі құрма шаянға тисе де, бұл әрекетке маймыл әдейі барды ма, ол жағы да белгісіз. Сондықтан шаянның қорғаушысы, танымал ділмар адвокат сотқа жалынғаннан басқаға шамасы жетпеген сыңайлы. Адвокат шаянның көпіршіген көз жасын сүртіп жатып, «Көн енді» депті. Бұл «Көн енді» өлім жазасына мойынсұн дегені ме, әлде, адвокат мол ақшаны алғаныма көн дегені ме, ол жағы ешкімге белгісіз. Газет-журналдардағы қоғамдық пікір білдіргендердің арасында да шаянға жаны ашыған ешкім табылмады. Шаянның маймылды өлтіргені жеке басының кек алуы ғана. Бұл кек маймылдың надандығы мен келте ойлаушылығы салдарынан шаянның есебінен пайда тапқандығы үшін жасалды ғой? Күшті жеңіп, әлсіз жеңілетін бұл дүниеде бұндай кек алушылыққа ақымақ не есуас қана барады. Бұл іске қатысты сын да аз болмады. Тіпті коммерциялық кеңестің басшысы бір дөкей мырза жоғарыдағы пікірмен қоса шаянның маймылды өлтіруі жаңаша қауіпті ой ағымының әсері деген шешімге келді. Сондықтан болар, бұл мырза шаян кек алғаннан кейін қандыбалақ оққағардан бөлек, он қабаған ит ұстады деседі. Оған қоса шаянның кек алуы зиялы қауымның арасында да кұптауға ие болмады. Бір университет профессоры логикалық талдау тұрғысынан «Шаянның маймылды өлтіруі кек алу үшін жасалған, ал кек алу жақсылықтың нышаны емес» деді. Одан соң социалистер жетекшісі шаян құрма болсын, нигиримочи болсын жеке бас мүлігін әспеттейтінін, сондықтан келсап, ара, жұмыртқа дегендер реакциялық ой иесі дегенді айтты. Олардың шаянға болысуы елдегі шовинистік ұйымға қатысы бар деген сөз. Одан кейін діни секта басшысы шаян діндегі қайырымдылық дегенді білмейтін болуы керек,тіпті көк құрмамен ұрды дегеннің өзінде адамгершілігі болса, маймылды жек көрмей, керісінше аяр еді деген пікір білдірді. «Ең болмаса бір рет, менің уағызымды тыңдаса игі еді» дегенді қосты. Одан кейін әр саланың атақтылары сөйледі, олардың бәрі шаянның кек алғанына қарсы пікірде болды. Шаянға біреу ғана жақтасты,ол Парламент депутаты, өзі ішкіш ақын болатын. Депутат шаянның кек алуын самурайлық ерлік жолын ұстану деп түсіндірді. Алайда бұндай артта қалған пікірге ешкім құлақ асқан жоқ. Бұл кезде газеттер бұл депутаттың бірнеше жыл бұрын хайуанаттар бағына барған кезде бір маймыл үстіне шаптырғаннан кейін маймылдарды жек көріп қалғандығын жазып жатқан. Ертегіден басқаны білмейтін оқырман, байқұс шаянның тағдырына жаны ашып, көз жасын төгіп отырған болар. Бірақ шаянның өлуі заңдылық. Оған қапалану, әйел мен балаға тән нәзіктік, әлсіздік болады. Бүкіл әлем шаянның өлтірілуін әділдік деп тапты. Расында бұйрық орындалған түні сот, прокурор, адвокат, түрме қызметкері,жендет, түрме священнигі,барлығы тұп-тура қырық сегіз сағат ұйықтаған деседі. Олар түсінде жұмақ қақпасын көріпті. Бұлардың сөзі бойынша жұмақ дегеніміз ақсүйектер дәуіріндегі дүкен екен. Айтпақшы, шаян өлген соң оның отбасы қандай жағдайға ұшырады, ол туралы да біраз жазып қояйын. Шаянның әйелі жезөкшеге айналды. Бұған кедейлік итермеледі ме, әлде өзі бейім болды ма, ол жағы әлі күнге белгісіз. Шаянның үлкен ұлы әкесі өлген соң газет-журнал тілімен айтсақ,«жақсы өмірге бірден бейімделді». Қазір бір мекемеде уәкіл ме, әйтеуір сондай бір қызметте. Бұл шаян бір күні өзінің ініне жараланған жолдасын сүйреп әкеліпті, етін жеу үшін... Кропоткин хайуанаттардың бір-біріне жанашырлығы туралы кітабында шаяндар да бір-бірін құтқарады деп жазған еді ғой. Шаянның екінші ұлы жазушы болды. Әрине жазушы болған соң әйелден басқа айналысары жоқ.Әкесінің тағдырын негізге алып, жақсылық зұлымдықтың екінші атауы деген пікірді мысқылмен дәлелдеуде. Үшінші ұл ақымақтау болған соң шаян боп қана қалды. Бірде ол бауырымен жорғалап бара жатып, домаланған нигиримочиді көреді. Ол нигиримочиді жақсы көретін. Үлкен қайшы мұртының ұшымен жемтігін қыстырып алды. Сол сәтте құрма ағашының бұтағында битін теріп отырған бір маймыл... Ар жағын айтпасақ та болады. Қалай болғанда да, маймылмен соғысқан күннің өзінде шаян міндетті түрде Отан үшін өлетіні ақиқат. Сөзімді оқырманға бұрайын, өйткені, жамиғат үлкенді-кішілі шаянбыз ғой. Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева Наурыз 1923 жыл

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы