• Әдебиет әлемі
  • 12 Қаңтар, 2018

Эх, менің империям...

Жасұлан Оразалы 1998 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Түктібай ауылында дүниеге келген. Алматы Шет тілдері және Іскерлік карьера университеті журналистика факультетінің екінші курс студенті.   Халық жадында көп сақталатыны – ел тарихындағы елеулі оқиғалармен маңызды қадамдар. Кешегі қызыл империяның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалып, бодандықтың құрсауынан шыққан уақытта халықтың көңілі алаң-елең жалтақшыл күйде еді. Кейбір пақырларыңыз ХХІ-ші ғасырдан қорқып, «ақырғы заман болады» деген қауесетке сеніп, өз өмірлерін тамырынан қиып жатты. Момындар көппен көрген ұлы той дегендей кешкен тіршілігіне шүкір етті. Бұл кезде мемлекетіміз өз шаңырағын көтеріп, президентін сайлап, шекарасын бекітіп, конституциясын қабылдады. Жер-жерде зауыт-фабрикалар істен шығып, ауылдарда калхоз-савхоздар тарап, жеке меншікке өте бастады. Қолынан келгендер қонышынан басты. Тәңірі жарылқады. Кедейлер байға, байлар «құдайға» теңелді. Кетпес бақ, бітпес байлыққа кенелді. Иманы барлар мұндай тосын сыйға шүкір етті, имансызының күпірмен күні өтті. Әйтеуір, бұлардың кейбіріне әлгі өздері айтып жүрген «үшінші жаңғырудың» босағасына кірместен дүниенің есеп күні жетті.Осы дүниенің... Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры... Кішкене жолдың бойында қатар орналасқан үш ғимараттың ортадағысы қараусыз қалған. Үй-күйсіз жүрген бір бомждың мекеніне айналған. Дүниенің қоқысы сонда жатыр. Жолдың кіре берісінде жеке меншік мәйітхана, түкпірінде автотұрақ бар. Негізі бұл нысандар бұрындары сол маңдағы ауруханаға тиесілі болған дейді білетіндер. Мәйітхананың егесі жиырма жылдан соң келіп ғимаратын әктеп-әрлеп бақиға аттанғандарды қабылдауға даяр етіп қойды. Алла тағаланың жіберер Әзірейілі алар пендесін үнемі осы маңнан таңдай берсін бе, жан тәсілім еткендердің өзін туыстары мәйітханаға қалдыра бермегесін әрине, пайда аз түседі. Кетер шығынын да ақтамайтын көрінеді. Содан егесін сайтан түртті білем. Автотұрақтың жері кең, әрі онда бірнеше СТО жұмыс істеп тұр. Пайда көп түсетін орын. Екеуіне аядай көше ортақ. Дайрабайдың сиыры сол маңда жүр. -Атасына нәлет, анау аты өшкір мәйітхананың егесі мені сотқа беріпті. «Менің териториямнан басып өткені үшін аренда төлесін» депті. Құдайдың жерін қызғанған не қылған безбүйрек ол? Көктем шықса ұқыр-шұқырын бітейтін мен. Ала жаздай тазалап отыратын мен. Сол кезде қайда қалған екен десейші шіркінің! Тағы оған аренда төлеуім керек екен. Тапқан екен ақымақты. Көрерміз кімнің жеңерін. Берсе, бере берсін сотына. Қарап қалар мен жоқ! Басекем бір күні осылай деп күйініп келген. Көршісінің көлденең табысқа жетпек ойы ұнамай қалған. Сендердің замандарың солай боп тұр ғой. «Ұрлық қыл да, мал тап!» дегеннің мәдениетті түрі. Олай ете алмағасын жүрміз ғой әркімнің босағасын қорыған қаңғыбас ит секілді көрінгенге күзетші болып. Есіңде болсын, бастықтар сені ит деп біледі. Алдыңа сүйек лақтырса құйрығың бұлғаңдап сирағын сипалауға әзір болғаныңды қалайды. Қабағын шытса басыңды төмен салып, құйрығыңды екі санның ортасына қыстырып үйшігіне тығылса дейді. Онысын кейбіреулер өз межесінен артық орындап та жүр. Осындай мәртебеге еті үйренген екеу бір-бірінен қалыспай соттасып жатты. Сот дегенде қазақтың пәресі көп. Пәресі жоқтың көңілде зәресі көп емес пе? Ол, о бастан солай! *** Арада уақыт зырғып өте берді. Әкімшіліктен шырттай киінген дөкейлер бір қыздың жасауына татитын қағазын құшақтап келе берді. Автотұрақтың онысын бір, мұнысын бір тексеріп ілік іздеп жүреді. Біз сорлы ондайларын түсінбегесін, пәртфелі барларды көрсек бастыққа тұра шабамыз. Ауызы басы көпіріп бірдеңені дәлелдегендей көрінеді. Соттың ертесіне басекең: -Ха-ха-ха! Айттым ғой оның берген шағымы орынсыз деп. Сот менің пайдама шешілді. Жатқан шығар енді, іші күйіп. Жиырма жылдан бері үкіметке салығымды кешіктірмей төлеп келем. Өзі кеше ғана басқа шықпақшы еді. Сауап болды, бәлем.Соны ескерген үкіметтен айналдым! Басекем шынында көңілді еді. Мәйітхананың егесі мазалауды қойып тыншыған. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады деген рас нәрсе. Әкім жол бойындағы дүңгіршектердің көзін құртып, жолдарды жаңалап, қаладағы бейберекетсіздікті реттей бастағаны сол екен, автотұрақ та мемлекет қарауына өтетін болыпты. -Қап! Бұл да ана иттің істеп отырғаны. Барын салып арызданған шығар. Әйтпесе, жиырма жыл керек қылмаған автотұрақты үкімет енді керек қылып па? Мәйітханасына жатқызып өртеп жіберер ме еді өзін. Осыны айтып болып, қулана жымиды да: -Осыны сен істесең қалай, мәйітханасын өртеп жіберсең,-деді.-Жо-жоқ, о не дегеніңіз... мен олай ете алмаймын,-дедім күмілжіп. -Өййй, сені ме! Автотұрақ жабылса сен қайтем деп отырсың? Өртеу сонша қиын болып па? Содан, басы қатқан адамша әрлі-берлі біраз теңселіп жүрді де, кетіп қалды. Ертесіне не болғанын білесің бе? Қиралаңдаған кішкене қисық жолдың бойындағы үш ғимарат та мемлекет иелігіне өтетіні мәлім болды. Әлден уақытта басекем бір шишасын ұстап келіп тұр. Өткен жылдарға оралып, оны-мұныны сөз етті. Халыққа шексіз пайдасы тигенін, маңдай терді төгудей-ақ төккенін айтып отырды да; айналаға ұзақ көз тастап «Эх, менің империям...» деп терең күрсінді. Осы сөзді айтушылар май шелпектен ажырағандар. Заманы теріс аударылып, күні өтіп, орынын әлдебіреу басқандар. Ол әлдебіреу орынын келесі біреуге босатып бергенде қайталайды. Хандар, билер, қазылар, ұрылар, жандайшаптар. Айтқанда да жаны қиналып айтады. Тек бірінің адал, бірінің арам пиғылы қылаң береді. Ұлыққа да, қайыршыға да ортақ болған есіл сөз. Кезінде пәртбилетін құшақтап жылағандарды да көргенбіз... Әне, анда қара, иыққа дорбасын асынған бомж да қираған ғимаратты қимай, ұзақ қарап кетіп барады. Ол да осы сөзді қайталаған болар. «Сендер баласыңдар ғой... Сендер не білесіңдер?»

324 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы