• Білім-ғылым
  • 12 Қаңтар, 2018

Апыл-ғұпыл Асқар

Асқар көп. Бірақ, бұл Асқардың жөні бөлек. Жүріс-тұрысы да өзгеше, біреу қуып келе жатқандай асығып-аптығып жүреді. Былдырлап сөйлегенде біреуін түсініп, біреуін түсінбей қаласың (Бұл сөйлем құрдастыққа қарай иіліп тұр). Не істесе де тып-типыл ғып таза істейді. «Сабақты қалай бересің, басқалар түсінбей қалмай ма?» десем, «Мен емес, формула сөйлейді ғой» дейді тағы да асығып-аптығып. Ол әуелі өлең жазды. Әдебиетші болсам деп армандады. Шиеліде жүріп аттастары Асқар Тоқмағамбетов, Асқар Сүлейменов, тіпті сол кездегі көкөрім Асқар Егеубаевтың не жазып, не қойғанын жатқа айтатын. Талдауға да дайын тұратын. Аудандық «Өскен өңір» газетінде бір-екі тақпағы жарияланғанда өзінікін-өзі таңдайы тақылдап жатқа айтып, шығарма жазғанда еркін тақырыптың шырайын шығаратын. Есепке алғыр еді. Арифметиканы артта қалдырып, математикаға келгенде алдына жан салмайтын. Тақтаны шимайлап-шимайлап мұғалімнің меселін қайтаратын, Ax²+bx+c=0 – дің ақырын ойланбай айтатын. Бұның қолына түскен есептің тағдыры жеңіспен аяқталатын. Аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлде алған кездері де аз емес. Асқар туралы аз айтылған жоқ. Бірақ, бәрі де екеуміздің балаңдау кезіміздегі «Білім және еңбекте» жарияланған менің «Математик Лидің Шиелідегі шәкірті» деген бір бет мақалаға жетпейді. Ол құрдасымның ғылымдағы тұсаукесері, Ли есептерін Шиеліде отырып шығара беретін дарынның портрет-бейнесі болатын. Бұл мақала сол кездегі ештеңені қалт жібермейтін Орталық Комсомол Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің назарына ілігіп, жадында қалыпты. Ол ұстазы Орынбек Жәутіковтің: «Мәскеуге баруға орысша білмейсің ғой, КазГУ-ге түсе берсейші» деген сөзін тыңдамай, МГУ-ге тартып кетіп, диктанттың орнына еркін тақырыпқа шығарма жазып, сөйтіп баға ала алмай, бұны танитын орыс математиктері қайта диктант жазғызғанын бұл күнде бәрі біледі. «Азиат бала» МГУ-ді қызыл дипломмен бітіргендердің бірі болды. Ол біртүрлі адам. Құнарлы топырақтан шықса да, темекі шегіп, насыбай атпайды, араққа аузын былғаған емес, айран көрсе кесесімен сіміреді, ағарған десе тәбеті тартып тұрады. Он екі жастан пойызға мінді. Физика-математика мектебінде оқып жүргенде Шиелі мен Алматының арасын, МГУ-ге түскесін Шиелі мен Мәскеудің арасын жол қылды. Пойызды сұмдық жақсы көреді. Менің «Жүрдек пойыз» деген кітабымды жатқа айтады десем, асылық емес. Халыққа шын жаны ашиды. Тәуелсіз еліміздің алғаш сайланған халық қалаулысы болғанда ел мен жердің қамын ышқынып айтқан біреудің бірегейі болды. Әлі де тигізіп айтып, туғанына жақпай жүр. Айтпаса тұра алмайды. Айтпаса алмас қылыш ішін тілгілеп, ұйқы көрмей жүріп алады. Шәкірт тәрбиелеуден кенде емес. Сенгеніне ғана үмітпен қарайды. Үйде отырып Американың есебін шығарғанда тек теорема мен сенімге, сосын туған топырағы дарытқан адалдыққа арқа сүйейді. Соңынан ергендердің маңдайынан сипағысы кеп тұрады. Соның бір көрінісі – жыл сайын Қызылордада өтетін А.Жұмаділдаев атындағы жас математиктер бәйгесі. Бәйге жеңімпаздарына өз қалтасынан сыйақы төлейді. Есепке шын берілмегендерді бірден таниды, арифметика мен математиканың арасында нан тауып жүргендерді былш еткізіп бетіне айтып тастайды. «Босқа кеткен» сыйақыны естіген бүгінгі байшыкештер тырқылдап күліп, өздерін ақылды санап, елінің ертеңін ойлаған жігітке мырс-мырс етіп мысқылдай қарайды. Ал, жүрегі қуаныштан масайрап, бақытын осы бәйгеден бастап жатқан қазақ баласы қаншама?! Ұялы телефон ұстамайды. «Заманның дәуі» - компьютерге де санаулы сәттерде ғана бойұсынады. Оның «белая смерть» екенін біліп тұрып бас иеді. Баяғы қара машинканы жаны сүйеді. Қазіргі компьютермен ойнап отырған хатшы қыздар баяғы СПТУ бітірген секретарь-машинисткалардай білімді болса ғой деп армандайды, сол СПТУ мен сол мамандықты қайта ашу керек деп, «Бетпе-бетте» бәрінің бетіне айтты. Даңққа құмартпайды. Біз алғашқы болып, Хван деген күрішші кәріс ағайын үшеуімізге «Шиелінің құрметті азаматы» атағын беріп, сол кездегі әкім Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты түрде тапсыруға шақырғанда: - Барамыз ба, сол атақ бізге не береді? – деді. - Шиеліге келгенде автобуспен тегін жүреміз... - Мен ауылға барғанда жаяу жүргенді жақсы көрем. - Құрметті азаматқа жылына бір рет көмір түсіріп береді екен, - десем: - Мұнысы дұрыс. Шешеме көмір керек, - дейді ағынан жарылып. Шәмшінің әндерін ыңылдап айтып жүреді. «Қайықтаны» айтқанда алғашқы махаббатқа деген сағынышын сыртқа шығарса, «Сыр сұлуын» шырқағанда туған жер мен көзкөргендерге деген кіршіксіз көңілді көресің. Сызылып вальс ойнағанда беріліп кетіп, қыз-келіншектерді биге шақыратын шыдамсыздығы да бар. Пушкин мен Абайды, Ахматованы, Шахановты таңнан кешке дейін айт десең, айтып береді. Өлең жазудан өзі де кетәрі емес. Бірақ ешкімге көрсетпейді. Көрсеткен өлеңі мынау. Басқасы да бар. Бұны да қымсына көрсетті. Математика әлемі тегіс мойындаған жігіттің әдебиетке жасқана қарайтынын жұрт білсін, қазіргі құмырсқадай жыбырлаған жазармандардың беті қызарсын. Ал, оқиық. Шиелі Темір жолдың бойында, Таң шығындай ауыл бар. Мәңгі қалар ойыңда, Бал татыған қауын бар. Үйге кірмей далада, Кешке дейін, күн батпай. Сол бір күндер санада, Таңғажайып жұмбақтай. Болушы еді бұғатын, Жоңышқаның жиегі. Бұл сырымды ұғатын Жердің аты – Шиелі. Отыратын бір дана, Аппақ күміс сақалы. Он екіде бір бала, Кетіп еді қапалы. Сол кеткеннен жер шарын, Арман қуып көп кезді. Шиелідей жер барын, Сағынышпен көп сезді. Талай жерде төрледі, Мақтамайық өте тым. Таңның шығын көрмеді, Шиеліге жететін. Қуаныш пен қайғының, Дәмін татып көп көрді. Пәк сезімнің айдынын, Шиелі ғып көмкерді. Жылдар көшті қып мазақ, Тышқан, ұлу, түйелі. Көш соңында бір қазақ, Арман жыры – Шиелі. Жанжары Құралайдың әкесі Тұманбай Молдағалиев қайын атасы болғанмен, өмірде туған ағасындай боп өтті. Ол Асқарға бірнеше өлең арнады. Бұның бәрі әкелік риза көңіл мен жарын жоғалтқан ұлына үлкендік жасап жұбату. Оны «Біздің Асқар» деп елуінде өлеңмен жеткізді. Қамал алдында тұрғандай қабағың шыттың, Айламен емес, ақылмен жауыңды жықтың. Өрлемей-ақ, қыранның қанатымен Ғылым деп едік ғылымның шыңына шықтың. Ұмытпас енді туған ел батырын мәңгі, Алысың сені аялап, жақының жанды. Ағылшын өзі Асқарға айтқаның жөн деп, Немісің өзі неше кеп ақылыңды алды. Қалмайды бүгін қалмайды сенен де ай, күн, Асқарым өзің арқаңда беделге баймын. Математика дегенді жаңғақтай шағып, Қазақтың мүмкіндіктерін әлемге жайдың. Бір бүйрегіңде жатады бүтіндік ұран, Заңғарларға ұшып жетем деп күтінді қыран. Бүкіл әлемнің бір ұлы өз балам – деймін, Ішімнен соған шаттанып шүкірлік қылам. Сен жүріп өткен ұрпақ көшенің гүлін, Бақытты шалдың ғұмырын кешермін, ұлым. Елуге жаңа келіпті, Алтынай, папаң, Жалғыз жүріп-ақ жеңіпті мешеудің мыңын. Керекті жерде қашанда сөйлеуді білген, Өрнектеп көрдім, Асқарым, бейнеңді гүлмен. Құралайымның жоғын-ай осынау тойда, Тағдырдың қатал оғын-ай кеудемді тілген. Көктемде жауар жаңбырсыз гүлдей ме ақыл, Күні барларды уақыт күндей ме батыл. Құралай бар деп ойлаңдар осынау тойда, Алысқа кетіп келуге үлгермей жатыр. Артыңнан шәкірт балалар топтана ерсін, Жұмаділдаевтар мақталды, мақтала берсін. Адамзат үшін жаралған Асқарым менің, Ойларың көп қой, тойларың көп бола берсін. Асқар да қарап қалған жоқ. Қайын атасына өлеңмен жауап қайырып, «сеніміңді ақтаймын» дегендей, шекпен астындағы бүлк-бүлк еткен перзенттік сенімді былайша жеткізді: Сіз де келген елуге біз де келдік, Көктем кетіп, жаз кетіп, күзге келдік. Үйде қалса жататұғын келі түйіп Батырмыз жасайтұғын түзде ерлік. Елуге жеткен де бар, жетпеген де, Не сауап алдап-сулап ептегенде? Істерің сөздеріңнен кейін тұрса, Не жауап келер ұрпақ «кет» дегенде? Талай іс күтіп тұр-ау келуімді, Аз сөйлеп, көп нәтиже беруімді. Көзілдірік кигенімді көріп едің, Құралайым, көрмедің-ау елуімді. Мұңымды сездіретін көзім ғана, Қуатым- қайрат, жігер, төзім ғана. Құралайым қатыспаған осы тойда Жұбаныш отырғаның өзің, аға! Көп көрелік қуаныш, аз ба қайғы, Желгек шал желіп жүріп жол былғайды. Сары құм арасында сары бала Сағыныш сағым болып қол бұлғайды. Поездарға өткен-кеткен қарайлайды, Билет таппай жолсерікті маңайлайды. Оқшыда қауын еккен сол бір сәтті, Енді қайта іздесе де таба алмайды. Қол бұлғайды сұңғақ жігіт қыпша белді, Дұрыстап елуді де ұқсақ енді. Қырық қатын толғатса да туа алмайтын, Иманжүсіп атамдай қыпшақ елді. Өзіңе ұқсамақ боп арман қылдық, Арманға жеткізбеді жалған тірлік. Атыңның шылбырынан ұстағанды, Уақыттың сындарына қалқан қылдық. Жүзге келер ағамыз мен де білсем, Жүзге келген тойыңда мен де жүрсем. Қолыңа шылапшынмен су құйғанда, Төгіп алар кездеріңе мен де күлсем. Асқарда мұң бар. Қос перзентін қалдырып кеткен Құралайын қалай ұмытсын. Соны шын сезген, түсінген ағасына деген жан дірілін қара өлеңмен осылай жеткізді. Қара өлең оған көмек берді. Еркектік өр сезімін, Иманжүсіп бабасынан қалған сенімін оятты, қиын өткелерден аман өтті. Ол қазір оты маздаған ошақ. Сырдың қызыл жыңғылы мен сексеуілі секілді иілмеген, алты ондықта бәрін бастан өткерген «жігіт». Қара қазанын қайта қайнатып, есебін шығарып, еңсесі түспеген беделді қазақ. Ол осындай. Тазалыққа жаны құмар. Әуелі айналасына «Таза ма?» деп бір қарап алады. «Еден жуушының еңбегін ардақтайық!» деген бұрын қабырғада ілулі тұратын жазуды әрдайым айтып отырады. Тазалық еденнен бас-талады, тазалық Асқардан басталады ма деп қалам. ... Таң атты. Ол апыл-ғұпыл тірлікке кірісті. Бір минөтін қалт жібермейді. Тойға да онша құмар емес. Уақытылы барып, «пәдәркісін» беріп, кетіп қалады. Уақыттың көз жасына да қалмауымыз керек қой. Оның да уақыты келді. Қуандық Түменбай

4931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы