• Мәдениет
  • 22 Желтоқсан, 2017

ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕДІ

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Балалар шығармашылығына арналған Халықаралық «Бозторғай» байқауының, Нұрғиса Тілендиев атындағы респубикалық күйшілер байқауының жүлдегері Ислам Сәрсенбек бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті техникалық физика факультетінің 3-курс студенті. Таяуда 20 жасқа толған өнерлі жігіт жақында ғана Грузияның Поти қаласында өткен Халықаралық фестивальда ұлттық аспап номинациясы бойынша Гран приді жеңіп алды. Яғни, Грузия жерінде Құрманғазының «Сарыарқасы» мен Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі шалқып, алыс-жақын шет елдерден келгендерді, музыка мамандарын тәнті етті. Қазақстандық жастардың өзге елде жақсы өнер көрсетуіне, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуіне, әрине, ҚР-ның «Мәдениет қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері, «Бозторғай» және «Шаттық» халықаралық конкурстарының директоры Қарлығаш Әдикәрімованың сіңірген еңбегі зор. –Тарихи орындары көп ескі қала Фазис-те болдық. Бұл жерден ел тарихына қатысты біршама аңыз әңгімелерді естідім. Мәселен, соның бірі туралы ғана айтайыншы. Ертедегі грек мифологиясының кейіпкері Ясон «Арго» кемесімен жасырын түрде Грузияға келеді. Сондағы мақсаты тыңшылықпен айналысып, медицина, шаруашылық, алтын үйірін табу туралы құпияларды біліп алып, өз жеріне жеткізу көрінеді. Бірақ жолы болмапты. Грузиндер өз құндылықтарын ешкімнің талан-таражға салуына ешуақытта жол бермепті, бермейді де. Осындай әңгімені естігенімде өз елімнің қайткенде мәртебесін асырғым келді,-деді Ислам. Студент жігіттің ойлы пікіріне, парасатына осыдан кейін қалайша сүйсінбейсің. –Дәл осыдан 20 жыл бұрын түс көрдім. Мөлдіреп аққан тұнық судан алтын балық ұстап алыппын. Сол түсті араға бір апта салып қайтадан көрдім. Аппақ сақалды бір қария пайда болды да, таяуда ұлды боласың, есімін Ислам деп қой, қарағым,-деді де көзден ғайып болды. Ұлым естияр болып өсті, соған қуанамын,-дейді жүзі балбұл жанған анасы Гүлстан Зейноллақызы. Шындығында да ата-ана үшін перзентінің амандығы, сосын ел сүйер мінезі, ісі болғаны қандай мәртебе десеңізші! Анасы ұлының әр жылдары алған дипломдары мен мақтау қағаздарын құнттап жинап қойыпты. Бірде «Айгөлек» балалардың өнер сайысынан байқап қалған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рақым Тәжібаев болашағынан үміт күтуге болатынын айтыпты. Ал, осыдан кейін әнші Майра Ілиясова «Айналайын даусыңнан» атты жобаға қатысуға шақырыпты. Қонақ ретінде бірнеше күй тартқан балғын балаға көрермендер қатты риза болады. Артынша Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаеваның өнер мектебіне барып бағын сынайды. Ал, 2013 жылы Астананың 15 жылдығы мерекесіне орай арнайы шақыртумен Елбасының алдында өнер көрсетеді. Осыдан кейін-ақ өнерлі жігіт Израиль, Испания, Франция, Таиланд, Индонезия елдерінің қалаларында өткен халықаралық өнер байқаулары мен фестивальдарына қатыса бастайды. Сөйтіп, балаларға арналған «Атадан мұра», «Рауан», «Күншуақ», «Көш керуен» секілді еліміздегі айтулы додалардан үздік көрінген Ислам бүкіләлемдік балалар мен жасөспірімдер арасында шет елдерде өткен конкурстардан да жүлдесіз оралған емес. –Алдағы уақытта да ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, профессор, күйші Айгүл Нариманқызының домбыра студиясының шәкірті болып қала беремін. Екі жыл бойы қолымды шынықтырып, саусақтарыма сан алуан жаттығулар жасап, күй қағыстарын үйреткен ұстазымның еңбегі мен төккен терін ақтауға тырысамын-дейді қарапайым жігіт ағынан жарылып. Студент болған күннен бастап қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ спорттық сайыстарға, «Студенттік көктем» атты байқау мен толып жатқан мәдени шараларға белсене қатысып келеді. Шаңғы мен велоспортқа әуестігін баяндайтын фотосуреттерін көріп, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болып қалыптасатынына күмәніміз қалмады. Әрине, әдебиетті, өнерді, мәдениетті түсінетін жігіттің болашағы жарқын боларына біз де сенеміз. Салтанат ҚАЖЫКЕН

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы