• Білім-ғылым
  • 22 Желтоқсан, 2017

Жаңартылған білім мазмұны бізге не береді?

Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, заман өзгереді. Өзгерген заман өзгеше білімді қажет етеді. Білім – адам баласына тән, оны басқа тіршілік иелерінен ерекше айқындап тұратын артықшылық. Сондықтан да адам адамнан білімімен озады, білімімен теңеседі. М. Әуезов айтқандай: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Білімді елдер озып, білімнен құр алақан қалғандар соларға тәуелді болатын күн туды. Білімімен асқандар әлемге үстемдігін жүргізіп, әлеуеті артып, ғылымы мен техникасының күшімен кенже дамыған елдерді «ашса алақандарында, жұмса жұдырығында» ұстап отыр. Алаш көсемі Ә. Бөкейханов: «Дүние билігі күннен күнге ақылды, ұста жұрттың қолына өтіп барады» деген екен. Сол ақылды жұрттан пайдаға жарайтын дүние білімін алсақ болатын шығар. Бірақ дамыған елдердің өзі жойқын сынақтың шырмауында, қылдан тайса, басқалары басып озатын, жойып жіберетін зор бәсекелестікте өмір сүруде. Бүгінгі күнде тың жаңалық тауып, басқаларды басып озу өте қиын. Соның өзінде мыңдаған жаңа дүниелер туып, техниканың жетілген түрлері көз ілеспес шапшаңдықпен даму үстінде. Кеше шыққан құрал бүгін ескіріп қалғанын күнде көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатады. Сондай бәсекелестік білім саласында да көрініс беруде. Қазіргі таңдағы елдің аузында жүрген, әлеуметтік ортада қызу талқыланып жатқан тақырып – «Жаңартылған білім мазмұны» мәселесі. Бірнеше жыл көлемінде ұстаздар қауымы ондаған білім реформаларын бастарынан өткізді. Оның жақсысы мен жаманын екшеп, жүрек сүзгісінен өткізді. Шет елдің қаңсығын да, таңсығын да байқап, дәмін татып көрді. Соростың «Тәй-тәйінен» бастап, «деңгейліктің» баспалдағымен көтеріліп, «модульдік білімнің» мұрағатын ақтарып, «сатылай кешенді талдаудың» сатысымен өрлеп, «сын тұрғысынан ойлаудың» ой-қырын шарлап, «жаңа буын оқулықтарын» олай бұлай ойқастадық. «12 жылдық білім беру экспериментін» сараладық. Курстардың сан түрінен өттік, жаңа әдіс-тәсілдердің сыр-сипатын таныдық. Солардан өтіп келіп, жаңартылған білім беру мазмұнына жеттік. «Бұл оқу бізге не береді?» деген сауалға келсек, мұның беретін де, алатын да жағын саралауға тура келеді. Біз, қазақ елі, ғылым мен білім жолына қолымызды кештеу сермеген халықпыз. Шығыс данышпандарымен жұмылып, ғасырларға жалғасқан даналар мен ғұламалар ілімі жүздеген жылдарға созылған соғыстар кесірінен жойылып, ел ғылым мен білімнен мақұрым қалды десе де болатын шығар. Оны тәптіштеп айтпай-ақ тарихтан өздеріңіз де жап-жақсы білесіздер. Біздегі бар білім – Кеңестік кезеңнің жемісі. Педагогикалық жүйе де сол кезде қалыптасқан арнамен осы күнге дейін дамыды. Ол жүйе жаман болған жоқ, бірақ ол беретінінің барлығын беріп болды, сарқылды. Енді жаңа заманға сай жаңа педагогикалық ізденіс, соны соқпақ, басқа жол керек. Жол табу қай кезде де оңай болған емес. Бір жолдан басқа жолға өткенде адасу, ізден жаңылу деген болады. Адас-пай, жол таба алмайсың. Адасқанда, жол бастап бара жатқан адамды сынаушылар көбейеді. Бұл – жазылмаған ереже, әр кезде болатын құбылыс. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді, сондықтан даңғыл жолға түскенше, талас-тартыс болуы – өмір заңы. ХХІ ғасырда әлем өзгерді, адам өзгерді, сана өзгерді. Құндылықтар да бөлек. Соған сай білім берудің мазмұны мен сапасы да басқа деңгейге ауысты. Бұл жаңартылған білім мазмұнын батыс жұртынан алғанымыз рас. Әр жаңа нәрсе алғашында таңсық көрінетіні де өтірік емес. Сол жағынан келгенде, осы білім мазмұнына деген наразылық пен түсінбеушіліктің туындап жатқаны – заңдылық. «Көш жүре түзеледі» деген мақал бар қазақта. Әзірге бұл бағдарламаны іске асыруда түйткілді сұрақтар көп. Бұл бағдарлама әу басында НЗМ-ге, яғни, Назарбаев зияткерлік мектептеріне арнап жасалынған болатын. Біз еңбек жолымызды ШҚО Семей қаласы Приречный мектебінде бастадық. Бұл аталмыш мектеп біз қызметке тұрған 2001 жылы алғашқылардың бірі болып, 12 жылдық білім беретін эксперименттік мектепке ауысты. Сол экспериментке енген алғашқы сыныпты 2013 жылы 12 жыл оқытып, түлетіп ұшырдық. Оның да қызығы мен шыжығы – бір төбе. Бұл мектеп көп тәжірибе сыйлады. Оқулықтарға ғылыми сараптама жасау, жаңа бағдарлама, жаңа әдіс-тәсілдер, Ы. Алтынсарин атындағы республикалық ғылыми орталықпен қоян-қолтық жұмыс жасау сияқты пайдалы дағдыларды меңгердік. Бұл білім мен білік дағдылары жаңартылған білім мазмұнын оңай тәжірибемізге енгізіп, жылдам жұмыс жасап кетуімізге өз септігін тигізді. Биылғы жылы, 2017 жылдың қыркүйегінен бастап, Алматы қаласына қоныс аударып, №35 гимназия мен №52 мектепте жаңартылған білім мазмұнымен сабақ беруімізге тура келді. Әрине, қиыншылықтары болғанымен, бұл оқу үрдісінің жағымды жақтарын да байқадық. Атап айтқанда: • Оқушылардың шығармашылық жұмысқа деген құлшыныстарының артуы; • Ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға ынталанады, сол арқылы ізгілік пен мейірімділік, адамға жақсылық тілеу қасиеттері артады; • Өмірде қолдануға лайықталған білім, яғни функционалдық сауаттылыққа негізделген білім мен білік; • Кемсітушілікке жол бермеу, яғни баға қоймай, «оқу үшін бағалау» мен «оқуды бағалау» арқылы озат пен үлгермеуші, үздік пен нашар оқушы деген түсініктен алыстау, т.б. Бұл тақырыптарға алдағы мақалаларда кеңінен тоқталамыз. Ал әзірге айтпағымыз, - Жаңартылған білім беру мазмұны – уақыт талабы. М. Дулатов: «Жалғыз үміт, жалғыз сүйеніш – оқуда, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ, бір ғана оқудың арқасында аламыз» деген екен. Ал айтылған кедергілерді жеңу - уақыт пен ынта-жігердің, ниет пен мүмкіншіліктердің тоғысуының еншісінде. Оңтайлы шешу жолдары мен табыс-ты әдіс-тәсілдерді бірге қарастырып, ойымызды бөлісіп отырсақ, алынбайтын қамал жоқ,-демекпіз. Алмас Қырықбаев Филология ғылымдарының магистрі, Алматы қаласындағы №52 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Анар Тоқмырзаева Алматы қаласындағы №35 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы