• Әдебиет әлемі
  • 22 Желтоқсан, 2017

Өлеңге ұқсайды өмір, өмірге ұқсай ма өлең?..

Айгерім ТҰРЛЫҚОЖА Жетісу гуманитарлық – экономикалық колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Өлеңдері «Тау мен Өзен жырлары» атты Жетісу ақындарының антология-сына енген. «Үркерде» алғаш жарияланып отыр.   Аманат Туған жерім! Қасиеттім! Биігім! Мен сәбимін әлдилеген бесігі! Мен Бабамның күмбірлеген күйімін, Қаным, затым, Қазақ – менің есімім! Атым - Қазақ! Азат елмін мен деген, Орындалған тілегімін Бабамның. Шоқтығында бақ жұлдызы сөнбеген, Топырағына сүті тамған Анамның! Жүрегінде жазылған әр қазақтың - Тарихы бар әр тасында қатпарлы. Ұрпағымын ұлан-ғайыр ғажаптың, Сан ғасырлық үмітіміз ақталды. Керегем - кең, айқара ашқан құшағын, Менің таңым – Тәуелсіздік ұраны! Аспанымда құс боп, самғап ұш әнім, Менің жерім – Бейбітшілік тұрағы! Маңдайына кие қонған Жұмағым, Ырысыңның тасып-толсын қайнары. Тәңірімнен мәңгі ғұмыр сұрадым, Бұзылмасын бірлігіңнің қаймағы. Көкте - Туым, күнге ұмтылған – Қыраным, Арманымыз осы еді ғой аңсаған. Ұлы Далам – мойнымдағы тұмарым, Аманатсың, аманатпын мен саған! Ақ қағаз Өз арымның алдында жүз ақталып, Қара түннің торына тұзақталып, Өңім қашып отырмын өлең жазып - Ақ қағаздың бетіне сызат салып... Ниет аппақ еді ғой, Ақ қанаттым, Ақ дидарын тырнадым ақ парақтың. Ақ жүрегін былғадым сия төгіп, Бәрін – бәрін ақтарып ақпараттың. Мендегі ой ақыры тына алмады. Тар бөлмеде тағдырым тұмандалды. Ақ қағаздың арына дақ түсіріп, Қолымда күнәм қалды... Күнәм қалды... *** Арманның ақ таңын атқызып, Күн кеше алар ма Түн - Айсыз? Сағыныш алқасын таққызып, Сіз маған ерекше ұнайсыз... Ұнайсыз, білмеймін неліктен? Санама себепсіз қондыңыз. Сезім бе бұл әлде, желіккен? Әйтеуір, күз көңіл, тоңды қыз. Тоңды қыз, тағдыры белгісіз, Жанарын салқындық билеген. Алдамшы бақ деуге сенгісіз, Жүрегі дәл бұлай сүймеген. *** Білші ендеше... Ерке Ертісім, мен жәйлі сұрай ма екен? Ерке қызын, сағынып жылай ма екен? Арнасына өмірдің сыймағанда, Мендей келіп , жағаға құлай ма екен? Ерте түскен ызғардан тоңбады ма? Ақ жүрегін мұз шалып, солмады ма? Кетерімде қимастық қалдырып ем, Менің орным сол күйі толмады ма? Сынық тағдыр сынап жүр тар қалада, Жан қала ма кеудемде, ар қала ма? Жағалауы жадымда сақтаулы еді, Сыйдырмады сарғайған сар дала да. Жолаушы өмір, үзік сыр шерте кетіп, Басқа Ақынын жүр ме екен еркелетіп? Айтшы ендеше, түбінде оралар деп, Ерке қызы есейген ерте кетіп... *** Өлең бар ма? Өлең жазшы, Ақыным! Мына өмірдің керек етпей ақылын. Бұзып – жарып қағидасын тірліктің, Сағындырып алыстағы Жақынын. Өлең жазшы, шалқарынан шабыттың, Мәңгі өшпейтін таңбасындай табыттың. Құлын жырға шөліркеген кеудемнің, Асау жанын бодандықтан ағыттым. Селт еткізіп алай-дүлей құйынды, Өлең жазшы, шын ұғатын күйімді. Балалығым қалып кеткен қараусыз, Есіме алып отырайын үйімді. Нағыз өлең – адалдығын жыр етсін, Сұлулықтың бақшасына гүл ексін. Махаббаттың мөлдірін қос өлеңге, Паң жүректер есі кетіп, дір етсін! Өлең бар ма? Өлең жазшы, аңсадым, Көңіл жүдеп, сұр бояудан шаршадым. Қуанғанда дұғам болса айтатын, Жұбататын жанарымнан тамса мұң. Өлең бар ма? Өлең жазшы Ақыным! *** Биіктемін, о қалай биіктедім? Өртендім, өртедің бе күйіп демің? Жалындап жанып едің, лаулап тұрмын, Шарпыған алау отты сүйіп пе едің? Ғашық еттің, о шіркін, ғашық еттің! Селдетіп сезіміңді тасып өттің. Жаныма жақын келген түннен қашып, Көруге күн арайын асық еттің. Сағынбап ем дәл бұлай, сағындырдың, Бір сәтке ойдан кетпей сабылдырдың. Секемшіл жүрегімді жаулап қалай, Еріксіз махаббатқа бағындырдың?! Есім кетті, санамда тұрып алдың, Ғашықтың көрген түстей күні бал-мұң! Көңілге көктем болып жолықтың да, Мен сүрер тағдырыма кіріп алдың. Сүймеген ем мен бұрын, сүйікті еттің, Қаршадай жанарыма сыйып кеттің. Отына махаббаттың өртендім де, Ып-ыстық құшағыңда күйіп кеттім! *** Шыр етіп бозторғай көңіл, Қонса да құс қайда, көнем... Өлеңге ұқсайды өмір, Өмірге ұқсай ма өлең? Тағдырдың тамырын басып, Тас дәуір домалат дей ме? Қу уақыт басымнан асып, Жеткізбей, жетпейді кейде... Біреуге тым таныс әнім, Шырқаса бір уайым кешем. Бақытқа бейтаныс жаным, Мен оны жырлайын десем. Шарықта, тебірен, тасын, Үмітім қалмасын үркіп. Жылауық өлеңнің жасын, Шүберек жаныммен сүртіп. Уақыттың өлшемі қандай, Жүрек тұр байланып бекем?! Өмірмен таласқан жандай, Өлеңге айналып кетем. Әпке Әпке, мен қазір жабығып жүрмін, Сағынып жүрмін өзіңді. Уақытқа өткен бағынып жүрмін, Төзімдерім де көз ілді. Ессіз ойлардан қалам ба аман? Оңаша күтем әр сәтті. Өзгерем бе деп таңдарға барам, Күйбелең күндер шаршатты. Жабулы тұрған есікті қағам, Тірлікке жіпсіз жегілгем. Қайтейін Әпке, ұрысшы маған, Сабырсыз емес едім мен. Тағдырдан бәрін жалынып сұрап, Келмейді тағы егескім. Сезімге адал болар ем, бірақ, Сүймеді мені неге ешкім? Булығып іштей, өртене берем, Дерт еме берем қашанғы? Қырсық шалғандай жер тебе берем, Күлкім де қазір жасанды. Жалғыздық қана бұйырған жандай, Межесі ме едім мазақтың? Ішіп кетер ем, ем іздеп жанға, Қызымын, Әпке, қазақтың. Адасып қалып арманнан асыл, Келмейді бәрін кеш ұққым. Ақылсыз емес едім ғой, білем, Мен неден Әпке, кешіктім? *** Мен сізді ойға алдым тағы да, Мұң орнап жабыққан жаныма. Сарғайған жапырақ сезімдер, Құлайды-ай үздігіп бағыма... Мен бүгін күткенмін сізді ерек, Жасыған үміттер жүз демеп. Көктемге алаңсыз, ал маған, Сағыну үшін де күз керек... Нөсер боп мендегі ғашықтық. Көңілді толқындай тасыттық. Жынданар сезімнен зерігіп, Қайтадан көруге асықтық. Мен сізді іздедім күндерден, Үзілген үмітсіз гүлдерден. Тұңғиық тереңге батамын, Сұраймын тағы үнсіз түндерден. Арманым оралмай кеткен бе? Жоқ менің назым да, өкпем де. Сіз аман жүрсін деп қашан да, Табыстап кетемін көктемге...

591 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы