• Мәдениет
  • 22 Желтоқсан, 2017

ҚАЗАҚТЫҢ КОРЧАГИНІ

Триптих

Бастау – бұлақ

Мектепте оқып жүрген кезімізде орыстың атақты жазушысы Николай Алексеевич Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының бас кейіпкері -- Павел Корчагинді өзімізге пір тұтып, соған еліктеп өскеніміз рас. Бажайлап қарап отырсақ, қазақтың қайсар мінезді перзенті, даңқты жерлесіміз, жауһар жазушы, ғибратты ғалым Немат Келімбетов -- «Қазақтың Корчагині», бүгінгінің батыры, қазіргі заманның қаһарманы іспеттес екен. Сол себепті көркем мінезді көкемізді мақтамай, онымен мақтанғанымыз жөн болмақ демекшіміз. Есімі алты Алаштың жұртшылығына етене таныс Немат Келімбетов кім дегенде ең алдымен экономист, журналист, жазушы, аудармашы, түрколог ғалым, филология ғылымының докторы (2002 жыл), профессор (1993), Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі дер едік. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001), Украинаның «Почесна відзиака» («Құрмет белгісі») медалімен марапатталған (2008). Күлтегін атындағы сыйлықтың (2005) және Еуропаның ЮНЕСКО аясындағы ең мейірімді марапаттарының бірі -- Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері. «Бақытсыз адамды көріп тұрып, бақытты болу мүмкін емес» деген қағидатты берік ұстанған ғалым ағамыз кезінде осындай аса беделді сыйлықтардың өзіне тиесілі қаламақысын балалар үйлерінің есепшотына аударып отырғанынан да хабардармыз. Немат ағайдың әкесі Келімбет Қалдыбеков -- Қазақстанның Оңтүстігінде алғашқы ауыл шаруашылығы коммунасын құрушылардың бірі болатын. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Келес өңірінде кеңес үкіметінің жер-су реформасын жүзеге асыруға, сауатсыздықты жоюға, мәдениет ошақтарын ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысқан көрнекті қоғам қайраткері. 1922-1924 жылдары Түркістан Автономиялық Республикасы Атқару Комитетінің жанындағы Аштарға көмек беру комиссиясында жауапты қызмет атқарған. Ташкент қаласында жетім балалар үйлерін ашу ісімен айналысатын түрлі кеңестік мекемелерді басқарған. Кезінде Бұхарадағы Көкелташ медресесін бітірген ол араб, иран және шағатай тілдерін жетік білген. Бұлардың бәріне қоса-қабат білікті бағбан болатын. Кішкентай кезімізде Келімбет ата отырғызған мәуелі бау-бақшадан алма, алмұрт, анар, өрік, жүзімді рахаттана сүйсініп жейтінбіз. Өкінішке орай, бүгінде онда бір түп ағаш та қалмаған. Көңілге қуаныш ұялататын бір ғана жайт -- қазіргі Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінің Қошқарата ауылында ол кісінің есімін иеленген жалғыз көше ғана болып тұр. Ел басына ауыр күн туған сонау бір қуғын-сүргін, зобалаң кезеңде, дәлірегі 1937 жылы Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жаңажол қаласында (кейбір деректерде Михаил Васильевич Фрунзе атындағы ауылында) жарық дүние есігін ашқан сәбиге Немат деп ат қойылған екен. Немат (дұрысы -- Неъмат) араб тілінде -- «Алла тағаланың берген несібесі» деген ұғымды білдіреді. Сондай-ақ бұл есім арабтарда «назу- неъмат» деп те айтылады. Бұл -- ырыс, несібе, береке, молшылық деген мағына береді. «Немат»сөзі қазақ арасында лексикалық формасын сәл өзгертіп, «Нығмет» деп айтылып кеткен. Балғын балалық шағын сұрапыл сұм соғыс ұрлағаны баршаға белгілі. Бірақ Құдай оның ырыс, несібесін өзінің атына лайықтап мол етіп берген сияқты. Жастайынан тым зерек болып өскен бозбала көп оқып білуге талпынған. 1953 жылы Келес (қазіргі Сарыағаш) ауданының орталығы -- Абай ауылындағы «Ленин жолы» орта мектебін (Омар Есімов атындағы жалпы орта мектебін) бітіргеннен кейін көп ойланбастан Ташкентке қарай тартқан. Сондағы Қаржы-экономика (Халық шаруашылығы) институтын тәмамдап (1959), еңбек жолын Қостанай облыстық мемлекеттік банкінде экономист-инспектор болып бастайды. Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес және Сарыағаш аудандық «Өскен өңір», «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген (1960-1961). Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер болған (1961-1965). Алматыдағы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетінің журналистика бөлімін сырттай оқып бітірген (1966). Республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер (1965-1970), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мәдениет бөлімінде референт, аталмыш Кеңестің жанындағы Әдебиет, мәдениет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның хатшысы, Мемлекеттік терминология комиссиясы, баспасөз және кино істері жөніндегі референті (1970-1974), «Қазақстан» баспасында редактор қызметін абыроймен атқарған (1976-1981). Осылайша ол тәжірибе жинақтау мен өсу баспалдағынан сүрінбестен сәтті өтеді. Қияға тартқан соқпақ және жар жағалаған жылдар Немат Келімбетов ұзақ уақыт бедерінде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, 1981-1997) және Владимир Ильич Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында (Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде қазақ тілі кафедрасының профессоры, 1997-2002) ұстаздық қызмет атқарып, талай талантты шәкірт тәрбиелеп шығарды. Ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерін зерделеп-зерттеумен дендеп айналысқан. Түркітану ғылымы саласында терең зерттеулер жүргізіп, түркі әдебиеті, мәдениеті, өнеріндегі көркемдік дәстүр жалғастығы мәселелерін қарастырған. Ғалым ағаның әдебиеттану саласындағы ғылыми-зерттеу және монографиялық еңбектерден тұратын «Шәді ақын» (зерттеу, 1974), «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1981, 1986), «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті» (1989), «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Қазақ әдебиеті тарихы» сериясының бірінші кітабы (1991, 2005), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» монографиясы, «Қазақ әдебиетінің бастаулары» зерттеуі, «Древний период истории казахской литературы»(VI-XIV веков, 1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы». «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиеті бастаулары» (зерттеу, 2000), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (зерттеу, 2004, 2005) сынды іргелі еңбектері жарық көрген. Ол -- «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының да авторы. Түркі халықтары әдебиеті, Шығыс классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті бастауларын зерделеген жүздеген ғылыми-зерттеу мақалаларында типологиялық, дәстүрлік үндестік көріністерін терең талдап, толыққанды дәлелдеп шыққан. Қызыл империяның қаны тамып тұрған 1973 жылы «Ақын Шәді Жәңгіров және оның әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауының өзін көзсіз батырлыққа балауға болады. Өйткені, ол кезде айбарлы Абылай ханның тікелей ұрпағының шығармашылығы жабық тақырып болатын. – «Осыдан жиырма жыл бұрын бір ғылыми кеңесте докторлық диссертациямның тақырыбы бекітілген болатын. Мәжіліс тарқар кезде бір академик «ағам» оңаша шақырып алып: «Әй, Немат, байқа! Тірі тұрғанымда сен ғылым докторы болмайсың!» -- деп кіжінді. Жауап ретінде: «Ойбай-ау, ренжи көрмеңіз. Асығыс емеспін ғой, күте тұрамын», -- деппін. Әлгі академик: «Нені күтесің? Өлгенімді күтесің бе?» -- деп бұрынғыдан да бетер қаһарлана түсті. Содан кейін ол соңыма түсіп алды. Шіркіннің істемегені, айтпағаны жоқ. Міне, сол «күте тұрамын» деген бір ауыз сөзім үшін ғылым докторы дәрежесін он жылға кешігіп барып алдым. Ал Ресей Федерациясының ғылыми қауымы маған профессор атағын сол кезде-ақ берген еді. Мұндай «қызықты хикаялар» өмірімде көп болған», -- деп мұңайыпты ғалым аға баспасөзге берген бір сұхбатында. Сөз орайы келгенде Немат Келімбетовтің «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғағанын тілге тиек ете кетейік (2001). Әдебиет -- ардың ісі, оған атүсті, жеңіл-желпі, жауапкершіліксіз қарауға болмайды. Айтарың болмаса әдебиетке келудің өзі қиын. Немат Келімбетовтің көркем әдебиет саласындағы туындылары осы өскелең зам-анауи талаптарға толық жауап береді деп бек сеніммен айта аламыз. Ғұмырбаяндық «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы (1981), «Жарлы емеспін, зарлымын» хикаяттар жинағы (2001), «Река жизни» хикаят-монологы (2003), «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы, «Ұлыма хат» эссесі (2005), «Не хочу терять надежду» хикаят-монологы (орыс тілінде, Мәскеу қаласы, «Русская новь» баспасы, 2006), Қариялар» эссесі (2007), «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы, «Ұлыма хат» эссесі (украин тілінде, Киев қаласы, «Днепро» баспасы, 2008),»Күншілдік» сұхбат-диалогында (2009) ұлттық қайсар рух, Отан алдындағы азаматтық парыз, биік адамгершілік, мәртебелі мұрат-мақсат кеңінен сөз болады. Бұл шығармалар қаламгерді терең ойлы суреткер ретінде танытқан әдеби көркем дүниелер. Жазушының «Үміт үзгім келмейді» туындысында ауыр науқасқа шалдығып, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылып, арбаға байланған жарымжан жанның өмірге деген шетсіз де шексіз құштарлығы, қайтпас қайсарлығы, асқақ адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Сырқат адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғанысы бас кейіпкерлер -- Ержан мен Ғауһардың монологтары арқылы тартымды берілген. Шындап келгенде мұны автордың өзі, өмірлік жан жары Қуаныш пен перзенттері -- Мұхит пен Қайрат хақында жазылған ұлы жүректі Азаматтың ұрпағына қалдырған ұлағат-өсиеті деуімізге әбден лайық. Бұл -- жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға айтар ой-пікірі бар жазушы-ғалымның кешегіміз бен келешегіміз, рухани тарихымыз туралы тартымды көркем ой-толғанысы, парасат дастаны іспеттес дүние. Осы кітапты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының, сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма (қазіргі академиялық) театрының сахналарында сан мәрте қойылып, аталмыш сала мамандары мен көзіқарақты көрермендер тарапынан жоғары бағаланып жүргені баршаға белгілі. Иә, 35 жасында төсекке таңылып, арбаға байланған Келімбетов көкеміз қырық жылдай уақыт қатал тағдырдың аса ауыр сынағына өзінің ерлігімен, өршілдігімен төтеп беріп, жеңе білген жігерлі жан. Сөйтіп қайтпас қайсар рухты жан екенін танытқан. Төсекте жатып-ақ өмір мен өнер, әдебиет пен әділет, мәдениет пен махаббат, білім мен ғылым үшін талмай күрескен. Талай тамаша туындыларды дүниеге әкелген. Докторлық диссертация қорғап, академик атағын иеленіп, екінің біріне бұйыра бермейтін талай сыйлық та алған. Төсекте сал болып жатып та ерен еңбек еткен кезінде күні-түні аузына су тамызып, қасында отырған зайыбын, перзенттерінің аяулы анасын аспандағы айға, жарық жұлдызға, жердегі періштеге, өмірінің мән-мағынасына балап, жазған кітаптарын соның асқақ рухына арнады. Бұл -- қаламгердің өскелең жас ұрпақ алдындағы парасатты парызы, қоғамдағы рөлі жайлы сыр шертетін шырайлы шығармалар екені даусыз. «Ұлыма хат» эссесінде адамға ғана тән мейірімділік, достық, қанағат-ынсаптылық сияқты асыл қасиеттермен қатар күншілдік, ашкөздік, тәкаппарлық тәрізді жағымсыз мінез-құлықтар жайлы да терең ой толғайды. Сондай-ақ ұлтымыздың сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен басталған тарихы Қазақ хандығы құрылған кезеңге дейінгі рухани, тарихи, әдеби көркем жәдігерліктер негізінде баяндалады. Атының өзі айтып тұрғандай, «Күншілдік» сұхбат- диалогында күллі кесепат, жағымсыз жамандық атаулының қайнар-бастауы күншілдік екені нақты дәйек-деректер бойынша сөз етіледі. Қаламгер өзінің кітабын атақты ғұламалар -- Н.Бондер, М.Берг, Иван Александрович Ильин, Макс Шеллер, Дж.Эйнштейн, С. Кьеркегар, тағы басқалардың зерттеулерін негізге ала отырып жазғанын оқырман қауымға ескерте кетуді жөн деп санайды. Немат Келімбетовтің есімі қалың жұртшылыққа аудармашы ретінде де жақсы мәлім. Ол армян жазушысы Леонид Гурунцтың «Шіркін, біздің Шушикент» хикаятын (1971), украин жазушысы Василь Козаченконың «Найзағай»,»Ажалханада салынған суреттер» хикаяттарын (1979), өзбек жазушылары -- Саид Ахмадтың «Көкжиек» (1981), Пиримқул Қадировтың «Жұлдызды түндер» романдарын (1986) қазақ тіліне төгілте тәржіма жасаған. Өз кезегінде оның кітаптары да бірнеше шетел тіліне аударылды. Мәселен, «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы орыс, украин, неміс, қытай, түрік тілдерінде жарық көрген. Есімі елдің есінде Жазушы-ғалым 2010 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Оның сан салалы шығармашылығы, адамгершілік асыл қасиеттері жайлы бірқатар замандастары, қатарлас қаламдастары мен шәкірттері өздерінің оралымды ой-пікірін білдірген. Әзілхан Нұршайықов, Әбділда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сейіт Қасқабасов, Сәбит Оразбаев, Өтеген Күмісбаев, Смағұл Елубай -- солардың санатында. Әмір Нәжіп, Халық Көроғлы, Натан Маллаев тәрізді танымал түркітанушы ғалымдар да арнайы мақала жазған. Белгілі ғалым, академик Сейіт Қасқабасов: – «Ғұлама ғалым Бейсембай Тәжібаевтың зерек те зерделі шәкірті болған Немат Келімбетовпен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары таныстым. Абылай ханның тікелей ұрпағы -- Шәді төренің ақындық мұрасы жайлы кандидаттық диссертация қорғады. 35 жасында қатерлі дертке ұшырады. Тоғыз сағатқа созылған нейрохирургиялық операция өкінішке орай сәтсіз шыққан. Осылайша сал болып қалғанда жан жары Қуаныш 26 жаста еді. Көркем аудармамен айналысып, бала-шағасын асырады. Қаншама қиындық көрсе де мәнді де сәнді өмір сүре білген жанға қалайша сүйсінбессің. Қазақ әдебиетінің тарихын зерделеп-зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан замандас досымның ерен еңбегі айрықша қастерлеуге әбден лайық. Сан ғасырлық әдеби тарихымызды түгендеп, тамаша баяндап берген онымен қалай мақтансақ та әбден жарасады. Немат Келімбетовтің мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» ежелгі дәуірін сөз ететін екінші томын түгелдей жазып шыққанының өзі не тұрады». Атақты театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев: – «Ешкімге ұқсамайтын өмірге деген құштарлығы, көзсіз батырлығы басым болған қимас досым, рухани бауырым Немат Келімбетовтің асқақ рухы бүгінде ғарышта самғап ұшып жүрген шығар. Арманы көп болатын. Елге барып, ағайын-туыспен қайта қауышсам, ата-анама ас берсем дейтін. «Үміт үзгім келмейдісін» сахнадан көргісі келетін. Оның халқына қалдырған қазынасы мол. Еділ патшаны, Шу батырды, Қорқыт атаны бізге бұрынғыдан да жақындата түсті. Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарында Қорқыт атаның еңбектері жөнінде арнайы дәріс өтетінін тамсана айтатын. Айналасындағы адамдардан, қоршаған ортадан әділет пен мейірімділік сынды ең ұлы қасиеттерді іздейтін. Өлмес рухты шығармалары арқылы философиялық түйіндер жасаған қаламгер-ғалымға мың тағзым дейміз. Біздің қашанда мақтанышпен тілге тиек ететініміз осы Немат Келімбетов болмақ». Қазақстан Ресубликасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: – «Өршіл рухы биік атпал, арда азамат жайлы кезінде республикалық «Казахстанская правда» газетінде «Любящий мудрость» атты мақала жазғаным бар. Нәкеңнің хикаят-монологының негізінде қойылған «Үміт үзгім келмейді» спектаклі көпшілік көрерменнің көңілінен шығуда. Екінші мәңгілік өмірі басталған Немат ағайдың шығармаларын студент жастарға кеңінен насихаттауды қолға алуымыз қажет. Көркем фильм түсіру де жоспарымызда бар». Белгілі журналист, жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов: – «Біздің Келес өңіріндегі Сұрымсайдың қос қапталындағы алақандай ауылдан ақын Зиябек Рүстемов, оның ұлы, лингвист ғалым Лениншіл Рүстемов, жазушы- ғалым Немат Келімбетов, медик ғалым Әмір Алданазаров, ақын Тоқаш Бердияров сынды кесек тұлғалы көкелерімнің шыққанын қашанда айрықша мақтаныш, мерей тұтамыз. Осылардың арасынан әрине, Нәкеңнің орны бөлек, жосығы ерек дер ек. Қызмет бабымен 2010 жылы Түркияда өткен Түркі руханиятының мейрамына қатысқаным бар. Астанада түркі дүниесінің академиясы ашылған. Міне, осылардың бәрінде көркем мінезді көкемнің есімін естігенде тұлабойымды мақтаныш сезімі билегені айқын. Төсекке таңылып, арбаға байланғанымен ұрпағына тамаша туындылар қалдырған Нәкеңнің дені-басы сап-сау, күш-қуаты мол адамдардан артық тірлік тындырғаны кім-кімге болса да өмірлік өнеге дер едік». Тағы бір белгілі ғалым, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Уәлихан Бишімбаев: – «Немат Келімбетовтің өмірі ерен ерлікке, өшпес өнегеге толы. Оны Алексей Мересьев пен Николай Алексеевич Островскийге теңеуге болады. Ал философтығы жағынан кемеңгер Конфуцийдің өзінен кем емес-ау. 2009 жылы асыл ағамыз біздің жоғары оқу орнымызда болған кезінде осыған көзіміз әбден жеткен. Жерлес жазушы-ғалымның ерен еңбегін ескеріп, біз ОҚМУ-дің № 8 оқу ғимаратындағы Түркітану ғылыми-зерттеу орталығына және № 301 дәрісханаға Немат Келімбетовтің есімін беруді жөн көрдік». Қаламгердің талантты шәкірттерінің бірі, Астанадағы Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ұлағатты ұстазы жайлы: – «Әлбетте, Немат Келімбетовтің алдын көрген бар шәкірт оның «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологын оқитын. Бұл -- тосыннан мүгедек болған жарымжан жанның сезім мен мұң, жігер мен күрес күнделігі болатын. Шығармада терең, нәзік, қайғылы сәттер көп-ақ. Соларды оқып, қалай жанарымызды жас жуып кеткенін байқамай қалатынбыз. Мүгедек жан да тіршілік етеді. Кейіпкер бала- шағасын асырау үшін көркем аударма жасауға мәжбүр болады. Сонда сал болып қалған адам кітап бетін тілімен ашады... Алла тағаланың бұйрығымен кейіпкердің анасы өмірден қайтады. Сал адам жаназаға қалай бармақ? Ниет деген қандай күшті десеңізші, ақыры барады. Қоштасар сәтте ана табыт ағашында, бала таңылған арбада шалқасынан жатады... Кейіпкер дегеніміз -- Немат ағайдың өзі. Бұл суреттерді көзге елестету түгілі ойлаудың өзі қиын. -Күні кешегідей жадымызда: аяқ-буыны әлсіз Немат ағайды әр дәрісіне Қуаныш апайымыз сүйемелдеп әкелетін. Ол кісі сабырлы, мейірімді, сүйкімді көрінетін. Тағдырдың қиын сәттерінде жан жарына сенімді серік, сырлас болған әйелдің жасымаған өр бейнесін біз күнде көретінбіз... Рухы бекем сол апайымыз жұбайынан бұрын дүниеден озды. Тағдырдың ауыр соқпағы жеңбеген Немат ағай осы қайғыдан қатты есеңгіреп қалды... Сол қайғы ұстазымыздың жүрегіне артық салмақ түсіріп, жұлындағы кәрі ауру меңдеп, алып жықты»,– деп жазады. Өмір жолының тең жартысындай бөлігінде жұлын омыртқасының ауыр дертіне шалдығып, аяқ-қолы жансызданып, ажалмен арпалыста жүріп рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен үлкен жүректің соғуы тоқтағанына да алты жылдан асыпты. Жан жары Қуаныштың да бақилық болғанын жоғарыда айтып өттік. Олардың алтын асықтай қос құлыны -- Мұхит пен Қайрат -- ата-аналарының аманатын берік сеніммен арқалап жүрген бүкіл елге танымал атпал, арда азаматтар. Тұңғышы -- кәнігі кәсіпкер. Оған қарағанда кенжесінің жұлдызы жарық екені қалың жұртшылыққа мәлім. Қайрат Келімбетов -- көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Михаил Васильевич Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Америка Құрама Штаттарының астанасы -- Вашингтондағы Джорджтаун университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының нарық институтын, Ұлттық жоғары мектебін тәмамдаған. Орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Бірқатар ғылыми еңбектің авторы. Қазақстан Республикасы Президенті командасының сенімді өкілі ретінде аса жоғары лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарумен көзге түсіп келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының бірінші Қаржы вице-министрі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарған. Қазіргі таңда Халықаралық «Астана» Қаржы орталығының басшысы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Зайыбы екеуі бір қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсіруде. Немат ағайдың немерелерінің арасынан Шынар өлең жазып, домбыраның сүйемелдеуімен сексенге жуық күй тартады екен. Айсұлтан да күйші әрі пианинода шебер ойнайды. Екеуі де -- саз мектебінің түлектері. Жазмыштан озмыш жоқ. Қатал тағдырға қарсы тұрар амал бар ма?! Қарымды қаламгер, ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, сүйікті жар, әзиз әке, ардақты ата бола білген Немат Келімбетовтей көркем мінезді көкемізді үлкен-кішінің бәрі айрықша ардақ тұтатын еді. Көзі тірі болғанда биылғы көгілдір көктемде, сәуір айының басында сексеннің сеңгіре шығатын еді. Алдымызда екінші -- мәңгілік өмірі басталған жазушы-ғалым жайлы толыққанды зерттеулер жүргізу мен естеліктер жазу міндеті тұр. Еңселі ескерткіш орнату, есімін мектептер мен көшелерге беру шараларын да қызу қолға алатын уақыт жетті. Биылғы сексен жылдық мерейтойын Халықаралық деңгейде өткізіп, ақындар айтысын, жыр мүшәйрасын, өнер бәйгесін, спорт сайысын ұйымдастырсақ, қандай ғанибет болар еді. Елім деп езіліп, халқым деп қайғырып, ұлтының ұлағатын күндіз-түні ойланып, толғанған Немат ағайдың есімі мәңгілік жасай бергей! Әбдісаттар ӘЛІП Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі

892 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы