• Руханият
  • 13 Қараша, 2017

СУРЕТКЕР ФОРМУЛАСЫ

Бекет ӨТЕГЕН Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультеті 2-курс студенті

Ә.Кекілбаев шығармаларындағы аксиологиялық аспектілер

Асылында, мына сөз дұрыс айтылған: «Өнер мен әдебиетте, зады, кемталант болғанша, бейталант болған артық. Бейталант – бейтарап, ал кемталанттың сұғынбайтын жері жоқ» [1,11]. Халықтың ең асыл рухани қазынасы – әдебиет болса, әдеби үдерістің ортасында жүрген жазушы қауымның руханият алдындағы арқалар жүгі өте ауыр. Қара сөздің қасиетін сезініп, оның құдіретіменен өткенді пайымдап, бүгінді бағалап, келерді байыптайтын суреткерлердің парасат майданындағы еңбегі адал, жауапкершілігі жоғары. Демек, сөз өнерінің қасиетін терең сезінген сөз зергерлері әдебиет алдында адамдық болмысымен, шығармашылық қарымымен халықтың жан-дүниесін байытып, рухани сұранысын қанағаттандыратын дүниелерді жасауға тырысады. «Қалыңның сиреуі бар. Сиректің сиреуі бар» [1,96]. Қазақ әдебиетіндегі талантты жазушылардың бірегейі, әдебиетте абыз атанған, өткен тарихтың өнегелі жолын суреткерлік шеберлікпен сомдай білген тұлға – Әбіш Кекілбайұлы. Жазушылықты қасиетті өнер деп түсінген талант: «Жазушылықты адамзат, қоғам, отан, ұрпақ, болашақ тағдырына енжар қарай алмайтын елгезектік пен ол жайында ой бөліспей отыра алмайтын сыршылдықтан өрбитін өнер ғой деп санаймын» - деп жазып еді. Бұл тұрғыда, Ә.Кекілбайұлының болмысы мен шығармашылық кеңістігінен мұны айқын аңғарамыз. Тарихи тақырыптар жайлы көп жазушылар көркем туындылар жазды, жаза да береді, алайда, Ә.Кекілбайұлының соқпағы – жан-жақты арнайы қарастыруды, байыппен талдауды, мұқият зерделеуді қажет ететін рухани мұра. Ә.Кекілбайұлының шығармаларындағы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қарастырғанда жазушының тілдік тұлға ретіндегі ерекшеліктері айқындала түседі, себебі тілдік тұлғаға әсер етуші кейбір факторлар бір болған жағдайда да, әр жазушының танымдық әрекеті мен деңгейі түрліше. Біз тілдік тұлғаны қалыптастыратын факторлар ретінде мыналарды атаймыз: • Отбасы мен алған тәрбиесі, білімі; • Қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар; • Жаңа білім алуға құштарлығы мен қызығушылық ауқымының дамып отыруы; • Қоғамға танымал болуымен қатар, әлеуметтік маңызды адам болуы; • Сөйлеуде тілдік қазынаны пайдалануымен қатар, жаңа үлгілерді жасай білуі; Бұдан тілдік тұлға дегеніміз әлемнің тілдік көрінісі негізінде анықталатын суреткердің таным әлемі екенін білуге болады. Демек, жоғарыда айтылған факторлар негізінде қалыптасқан тілдік тұлға – сөз жұмсау ерекшелігі арқылы көрінетін әлеуметтік, психологиялық және этикалық компоненттердің жиынтығынан тұратын адам немесе құндылық деп атасақ болады. Сонымен қатар тілдік тұлғаға тән белгілер ретінде аталады: 1.Ана тілін жете меңгерген, өз тілінде дұрыс сөйлей алатын; 2.Әлеуметтік өмірге бейімделген, өзіндік қызығушылығы мен машығы бар; 3.Әдеби тілді шығармашылық деңгейде тұтынатын және қызмет ету барысында өзіндік шығармашылығын таныта алатын адам; Шығармалары зерттеу нысанымызға айналып отырған танымал қаламгердің өзін біз құндылық деп қарастыруымызға болады. Себебі, Әбіш Кекілбайұлы шығармашылық талантымен қазақ тілінің сөздік құрамын терең меңгерген, сондай-ақ, ұлт тілінің кез-келген салада икемділігін, қолданыс өрісінің кеңдігін, авторлық сөзжасамдық ерекшеліктерін ескерген бірегей тілдік тұлға. Бұл оның әлеуметтік, қоғамдық-саяси, шығармашылық байланыстар жүйесінде әдеби тілді меңгерген қаламгер екендігін танытады. Ә.Кекілбайұлы тілдік тұлға ретінде тілді тұтынушы ғана емес, мәдениетті де тұтынушы. Зерттеушілер тілді тұтынушыда лингвистикалық құзырет, коммуникациялық құзырет, сондай-ақ мәдени-тілдік құзырет болу керек дейді. Ал мәдени-тілдік құзырет дегеніміз тілдік тұлғаның сөйлеу (жазу) мен айтылған (жазылған) сөзді қабылдау кезінде тиісті мәдени семантиканы, мәнділікті қоса меңгеруі. Бұл ретте қазақ сөз мәдениетінің негіздерін қарастырғанда Ә.Кекілбайұлында этностың ақиқат дүние туралы көзқарасы, салт-дәстүрі, жол-жоралғылары, әдет-ғұрпы, моральі, әдеті, тұрмыс-тіршілігімен байланысты ақпараттар жинақталған тұрақты сөз орамдарының мазмұндық құрылымында ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрсететін, ұлттық менталиетті танытатын компоненттер жиі кездеседі. Оқырман үшін айқын аңғара білмеген жағдайда коммуникативтік сәтсіздікке ұшырау қаупі жиі кездесетін аймақ ретінде фразеологизмдер мен паремияларды молынан қолданады. Бұл фразеологизмдер мен паремиялардың мәдени-ұлттық семантикасымен байланысты екені белгілі. Біз қарастырған жазушы шығармаларында мұндай ерекшеліктердің шебер қолданысы байқалатындығын айтуға болады. Тілдік тұлғаның сөз саптау әрекеті жалпыадамзаттық құндылықтар прин-ципіне бағынады. Жалпыадамзаттық құндылықтарға адамгершілік, махаббат, әділеттілік, шыншылдық, жауапкершілік, ар-ұят т.б. жатқызамыз. Тілдік тұлға коммуникацияда осы аталған ұстанымдарды негіз етіп алады. Бізге қызығы да сол – дүние жаралғалы бері ықылым замандардан әлдеқашан жалпыадамзаттық құндылықтар деп танылған философиялық категориялар мен бірліктердің жазушы танымындағы бейнесі қандай екенін және оның қандай тілдік бірліктер немесе ұғымдар арқылы танылғандығын білу. Біле отырып, «бағалауыштық» құзыретке ие тілдік тұлғаның жеке шығармалары негізінде қалыптастырған жаңа семантикалық жүйелер мен қабаттарды (семантикалық деривация, мағыналы модификация, сөз өзгерісі, концептінің мағыналы құрылымының өзгеруі және т.б.) табу. Бұл тұрғыда тілдік тұлғаның дамуына ақыл-ойы мен есі, аялық білімі (дүние туралы білімі) мен тәжірибесі және мәдени ортадағы өзін көрсете білуі, түрлі жағдаяттар негізінде пайда болған сезім мен эмоция әсер етеді. Аталған аспектілер жазушының тілдік қатынасында айқындалып, құндылықтық мәнге ие болады. Лингвистикалық зерттеулерде ұғымдық жүйенің негізгі бірлігі, этномәдени ерекшеліктерді бірден таныта алатын - тілдік бірлік. Себебі құндылықтар әлемін насихаттау-да тілдік тұлғаның еңбегі зор. Ә.Кекілбайұлы шығармаларындағы концепт сөздің, сөз тіркесінің, тұрақты орамдардың мазмұндық формасы арқылы өзектіленеді. Сөйтіп, мазмұндық форма образ, символ, түсінік арқылы беріледі де, ұлттың менталды жүйесіне енеді. Тілдік тұрғыдан келгенде, жазушы шығармаларындағы концептілер тіл иесінің әлемді, қоршаған ортаны қарапайым түсінуін білдіретін лексемалардан тұрады. Мұндай лексемалардың жиынтығы жазушы шығармаларында ұлт мәдениетін, ұлттың таным-түсінігін шоғырландырып көрсететін концептосфераны құрайды. Ә.Кекілбайұлы шығармаларындағы аксиологиялық бірліктерді қарастырғанда, оның шығармашылық әлеміндегі жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың ой мен тілдік бірліктер арқылы біртұтас жүйе құрып, тұтасатынын байқаймыз. Яғни, автор өз шығармаларында ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу негіздерін (көшпенді тұрмыс пен демократиялық дәстүрлер) ел басшысының сипатымен сабақтастырады. Ел басшысының әлеумет алдындағы зор міндеттері мен жауапкершілігі жайлы толғанады. Осы орайда, мынадай мазмұндық және тілдік ерекшелікті атауға болады: Ә.Кекілбайұлы кейбір туындыларында («Ханша-Дария хикаясы») билеуші сөзіне жағымсыз реңк беріп, өзгеше тілдік қолданыстар жасайды. Осы арқылы да автордың ел басшысының кемеңгер сипатын сомдауда жағымсыз және жағымды тілдік бірліктерді, образды оралымдарды параллельді түрде қолдануын және жазушының өз танымындағы ел басшысы ұғымына қояр талабы мен берер бағасын көреміз. Ә. Кекілбайұлы мемлекеттілік пен ұлттық тұтастық үшін әлеуметтік маңызды құндылықтарды (отаншылдық, бірлік, татулық) атайды. Ал, осы бір құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ретінде өнер және әдебиет өкілдеріне (әсіресе жазушылыққа) маңызды рухани-интеллектуалдық міндет артылғандығын айтады. Сонымен қатар, ұлттың тарихи-мәдени қалыптасуымен бітесе қайнасып жатқан салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға (табақ тарту, сарқыт асату т.б.) ерекше мән үстейді. Этнографиялық ерекшеліктерді әлеуметтік маңызы бар құндылық ретінде қарастырады. Ұлттық құндылықтар ұғымына топтастырылған бір-бірімен тығыз байланыс-ты, ықпалдасушы аталмыш құндылықтар схемалық түрде былайша көрінеді: СЫЗБА-НҰСҚА №2. Әбіш Кекілбайұлы шығармаларындағы рухани аксиологиялық бірліктердің біртұтас құрылым түзуі. Көрсетілген сызба нұсқаға сәйкес, енді Ә. Кекілбайұлы шығармаларындағы аксиологиялық бірліктердің жекелеген құндылықтық сипаты мен біртұтас жүйе құрушы рухани құрылым ретіндегі маңызы тілдік бірліктер арқылы қалай көрініс тапқанына жеке-жеке тоқталайық. Қазақстан жерінде көшпенділер өркениетіне негізделген мемлекеттің кемеліне жеткен түрі қалыптасты. Сонау сақтардан бастау алған, кейін біздің заманымызға дейін V ғасыр бұрынғы Үйсін мемлекеті жөніндегі мəліметтерге қазіргі Қытайда сақталған жазба деректер куə. Бұл деректерде мемлекеттілікке тəн белгілер үйсіндердің мемлекет билеушісі Күнби, нақты территориялық аймағының Іле алқабы болғандығын, астанасы Чигучен (Қызылалқап) қаласы екендігін жəне өте маңызды мəлімет үйсіндер иелігінде 630 мың адам оның 188 мыңы жауынгер екендігі айтылады. Одан кейін Түрік қағанаты сияқты Ұлы империялық дəрежеге көтерілген мемлекетте ел билеу жүйесі қалыптасты. Түргеш, ұйғыр, қарахан, қырғыз, хазар қағанаттарына қарлұқ, оғыз, қимақ-қыпшақ мемлекеттеріне, Алтын Орда, қазақ хандықтарына жол салды. Осы сан ғасырларға созылған тарихи үрдіс, этномəдени байланыс, біртұтас халықтың қалыптасуына, орталықтандырылған мемлекеттік басқару жүйесі бар біртұтас мемлекеттің пайда болуына əкелді. [5] Академик М. Қозыбаевтың пайымдауынша олардан қалған өшпес мұра: мемлекетті басқарудың дала демократиясына сүйенген жүйесі; əскери құрылымның далалық түрі, əскери өнердің ғажайып үлгілері; дала мен қала менталитетінің кірігуі; сəулет өнерінің өзіндік дəстүрін қалыптастыруы, бай ауыз əдебиетін жасауы. Шын мəнінде «мемлекеттілік» жəне «мемлекет» деген ұғымдар алғаш қарағандағыдай емес, тіпті əртүрлі мағыналарға ие. «Мемлекеттілік», «мемлекет» деген ұғымға қарағанда əлдеқайда кең жəне ауқымды ұғым. Ол тек саяси-құқықтық қатынастарды қарастырмай, бір бүтін жүйе ретінде қоғамның əлеуметтік жəне мəдени-рухани бастауларының негізінде жұмыс істеуі мүмкін барлық кешендерді қарастырады. Мемлекеттіліктің осы мағынасы қазақ халқында ежелден қалыптасқан. Онсыз қазақтардың этникалық өмір сүруі өз мағынасын жоғалтқан болар еді. Саяси-құқықтық құрылым ретінде қазақ мемлекетін рәсімдеу бір басқа. Егерде Шығыс елінде мемлекеттілік мемлекет ретінде қалыптасса, батыста – мемлекет-қауым ретінде қалыптасқан, ал Далада ол этноəлеуметтік жəне этноаумақтық бірлестіктің ерекше формасы ретінде құрылған. Мемлекеттіліктің Далада дамуы – абстракты жағдай емес. Ол осы өркениетті құрылым мен тарихи нақты ішкі жəне сыртқы келісілген қағидаттардың мəнді өлшемдерімен анықталатын бір бүтін ішіндегі жекелеген əлеуметтік организмдердің қозғалысы іспетті. Осы ретте мемлекет Батыс пен Шығыс өркениетінің нəтижесі сияқты Ұлы Дала тарихындағы мемлекеттілік өркениет үрдісінің негізі болып табылады. Бұл көшпенділер өркениеті жүйелерінің саяси сипатының іргелі ерекшелігі болып табылады. Аталған ерекшеліктер Ә. Кекілбайұлы шығармаларында тарихи сабақтастық тұрғысынан терең талданып мынадай тілдік сипатқа ие болады: «...Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылықты мойындаған емес. «Бас кеспек болса да, тіл кес-пек жоқ», «өзіңе иілгенге иіл, ол-әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл, ол-Құдайдың ұлы емес» дейтін қағиданы әлге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жас-тандырып кете алмады» [6,32]; «...Ұлттық менталитетіміздің терең қабаттарынан өрбитін демократиялық дәстүрлер де жоқ емес» [7,55]; «...Бес қаруы беліндегі бір-бірімен бұйрық бойынша емес, тең атаның ұлы ретінде ықпалдасқан жауынгер қоғам күні кешеге дейін әскери демократия үрдісімен өмір сүрді. Қару асынуға жараған естияр қауым төрт көзі түгел отырып мәселе талқылады...» [7, 138]; Ал, сан ғасырлық қимыл мен күрестің нәтижесінде орнаған егемендік, тәуелсіз жайлы автор: «...Тәуелсіз болу-өз тағдырыңның жауапкершілігін түгелімен өз мойныңа алу» [7,118]-деп, еркіндіктің ең үлкен құндылық екенін атап көрсетіп отыр. Жазушы қолданысындағы көшпенді өмірдің сипатын танытатын лексикалық бірліктер – аксиологемалар: құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылықты мойындаған емес; Дәл осы мәтінде бұл сипатты аша түсетін паремиялық қолданыстар да бар: «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» «өзіңе иілгенге иіл, ол-әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл, ол-Құдайдың ұлы емес» Көшпенді қоғамда әрқашан кемел де, кемеңгер басшының орны ерекше болған. Әмірші, билеуші, патша, ел басшысы әлеумет үшін кемелділіктің символы болған. Бұл бір жағынан, ұлттық ерекшеліктерге, мінезге, тарихи-әлеуметтік жағдайға қатысты болса, екінші жағынан, қазақ топырағында ел билеушісінің қандайлық тұлға болуын айқындайтын рухани ілімдердің ерте кезден қалыптасқандығын көрсетеді. Сөзіміз дәйекті болуы үшін ғылыми-шығармашылық мұрасында кемел мемлекеттің кемел билеушісіне әлеумет, қоғам талабын ескеріп, еңбектерінде қажетті критериялар қалыптастырған әл-Фараби, Ж.Баласағұни сынды дала данышпандарын айтсақ болады. Әл-Фараби кемел билеушіні танытатын 12 түрлі сипат бар деп топшыласа, Ж.Баласағұни «Құтты білік» дастанындағы төрттағандық жүйені (Күнтуды, Айтолды, Одғұрмыш, Өгдүлміш) кемел мемлекет пен кемел билеуші, кемел адам категорияларымен байланыстырады. Ә.Кекілбайұлы шығармаларында да билеушінің әлеумет алдындағы тұлғалық сипатына, жоғары құндылықтық мәнге ие болмысына зор мән беріледі. Мысалы, «Аңыздың ақыры» романында: «...Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме- одан да сыз өтеді. Үстіңдегі ақ ордаңды сауытыңнан мықты көрме- оған да көз өтеді. Жан-жағыңдағы әр қатыннан тараған торпағыңды айбар тұтпа- оларға да сөз өтеді. Қаптаған қалың әскеріңді қалқаныңнан мықты көрме- оған да көз өтеді...» [6,37]; «... Біз тек осы үшін де, қилы замандарда қиналған халқына рухани тірек, ұлттық болмысымыздың ұйытқысын бұздырмаған ар-ұждан сақшысы, Алланың атын ұмытқызбаған ақиқат жаршысы, түп түйсімізге дейін түгел тебірентіп, жан дүниемізге пәрменді ықпал ете алған...Егер кең-байтақ қазақ даласының қай тарабында да қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастап отыратын нысана тұлғалар мен киелі орындар болмаса, көмейдегі тіл мен көкіректегі ділдің өзін өз қолымызбен бұрақыландырып жібере жаздаған жетесіздіктің құрбандары болып кете жаздаппыз...» [7, 323]. Сонымен қатар, Ә. Кекілбайұлы жоғарыда аталған кемел билеуші, әділетті әмірші, ел басшысы сөздеріне топтасқан лексемаларға кереғар лексемаларды да қолданып, жағымсыз образ жасайды. «Ханша-Дария хикаясының» мәтініне назар аударсақ: «...Дүниеде билеуші атаулы бет-ажары келіскенмен, денесінде тыртығы бар сұлу әйелмен бірдей ғой. Әлгіндей әйел сыртынан алдына келген еркектің құлқынын құртып, құмартқызып отырғанмен, ішінен әлем-жәлем боп, қорынумен болады. Сұлулығыма табынған еркек денемдегі мінімді біліп қоймаса екен деп қуыстанады. Өйткені әлгі міні әйгілі болған күні сұлу аты да құриды. Билеушілер де сыртымен ықтырып отырғанмен, ішінен сескенеді, бағыныштысын бойына дарытқысы келмейді...» [8,58]; «Аңыздың ақыры» романында мұндай лексемалар ұлттың генезистік ерекшелігімен байланыстырылады: «... Түріктердің көздері қандай қысыңқы болса, көңілдері де сондай тартыңқы келеді. Оларды адал қызмет еткізудің жалғыз жолы көзін қазынаға, көңілін мақтанға тойғызу. Өзгеден тартып ал, өзіңдікін сатып ал» [6,31]; «...Ер жүрек баукеспе ұрының төсегі құр тұрмас салдақыдан ешқандай артықшылығы жоқ болатын секілді, өз қолындағы өкіметті орынсыз қызықтайтын падишаның да сол борбайын бұлдаған арзымсыз ұрғашыдан айырмасы шамалы» [6,193]. Жағымды образ ретінде танылатын кемеңгер басшыны жазушы шығармашылығында мынадай күрделі аксиологемалар арқылы танимыз: Астындағы тағын кебісінен артық көрмейтін; Үстіндегі ақ орданы сауытынан мықты көрмейтін; Торпағын айбар тұтпайтын; Қаптаған қалың әскерін қалқанынан мықты көрмейтін; Рухани тірек; Алланың атын ұмытқызбаған ақиқат жаршысы; Жан дүниемізге пәрменді ықпал етуші; Қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты серпілтуші; Жағымсыз образ ретіндегі падиша былайша танылады: Денесінде тыртығы бар әйелдей; «өзгеден тартып ал, өзіңдікін сатып ал» (паремиялық қолданыс); Борбайын бұлдаған арзымсыз ұрғашы; Осылайша жазушы «жақсы мен жаман», «әділетті мен әділетсіз» т.б. сапалық қасиеттерінің өз танымындағы суретін тілдік бірліктер арқылы білдіріп, тіпті, «Аттан түскен ақырет емес, тақтан түскен тақсірет емес. Өзіңнің басыңнан бақ ауса да, еліңнің басынан бақ аумасын» [7,288]-деп, кеңес айтып, халықтық мүддені биік қойып, қастерлеуге шақырады. Ұлттық бірлік пен татулық, бейбітсүйгіштік пен еркіндік – мемлекеттік тұтастығымыздың ең үлкен құндылығы. Елі сүйген, елін сүйген ел басшысы мен әлеуметтің жарасымы қай қоғамды болмасын гүлденуге, дамуға, жаңару мен жасампаздыққа жетелейді. Осы тұрғыда жалпыадамзаттық та, ұлттық та болып есептелетін әлеуметтік өмірде өте үлкен маңызға ие құндылықтарымыз бар. Қазақ халқы ықылым заманнан-ақ бірлік пен татулыққа үлкен мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі деп бағалаған. Әлеуметтің жарасымы мен тұтастығы егемендіктің, мемлекеттіліктің негізгі шарттарының бірі екендігін түсінген. Сол себепті де ділмәр халқымыз тілдік қатынастарда әлеуметтік маңызы басым құндылықтарды әрдайым өз ұранына айналдырып, аузынан тастамаған: «Алтау ала болса-ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі мықты ел озады», «Жақсылыққа жақсылық-әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық- ер кісінің ісі», «Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді», «Бірлік бар жерде — тірлік бар» т.б. Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел бастаған хандар мен билері, батырлары елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, мұндай құндылықтық ұстанымдар өнерде, мәдениетте, әдебиетте, тарихта дәріптеліп келеді. Әсіресе, біздің еліміз секілді көп ұлтты мемлекет үшін мұндай құндылықтарды мемлекеттің әрбір азаматының бойына сіңіру маңызды мәнге ие іс. Әлеумет үшін маңызды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші өнер иелері, шығармашылық тұлғалар десек, оның ішінде жазушылардың орны ерекше. Осы орайда, Ә. Кекілбайұлы шығармаларында әлеумет үшін маңызды саналатын құндылықтар сипаты қалай суреттелгенін талдасақ. «Байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көкседі. Тек таяғын шошаңдатып қой бағып, найзасын шошаңдатып өзгелерге ай ойнатып өткен жоқ. Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлан-ғайыр өсиет-өнеге қалдырды...» [7,128]; «... Бабаларымыз боз бие сойып, бауыздау қанын маңдайларына тигізіп, тәубеге келген. Бір-біріне әкесінің құнын да кешірген. «Өткен өреуіл, қалған салауат!» деп ынтымаққа жүгінген. Барды сақтауға, жоқты болдыруға тырысқан. Қиянаттың жолын қырқып, тек әділетке дес берген»[7,168];«Шекараның ең сенімді сақшысы-отаншылдық» [7,230]; «...Елжандылықты кімнің қайда білім алғаны емес, қайда қалай қызмет еткені көрсетпекші...» [7,260]. Осылайша, біз Ә.Кекілбайұлы шығармаларындағы жаңаша тілдік сипатқа ие болған әлеуметтік құндылықтарды айқындаймыз. Ынтымақ пен бірлік, татулық пен елжандылық сияқты құндылықтардың мәнін жазушы мынадай аксиологемалар арқылы береді: Боз бие сойып, бауыздау қанын маңдайға тигізу; Тәубеге келу; Әкесінің құнын кешу; «өткен ереуіл, қалған салауат»; Барды сақтау, жоқты болдыру; Әділетке дес беру; Шекараның ең сенімді сақшысы; Әлеуметтің рухани тұтастығы мен ұлтаралық келісім, әлеуметтік құндылықтар – экономикалық және саяси реформалардың алға жылжуына, мемлекеттің одан әрі дамуына және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді. Сондықтан бүгінде ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері бейбітшілік пен достық, ұлтаралық келісім болуы үшін аймақтардың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. «Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады» деген атам қазақ. Нәтижесінде, жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір ұлттар арасындағы татулықтың арқасында талай қиын істердің шымылдығы түріліп, тұсауы кесіліп жатыр. Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланып үлгерді. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың ертеңгі кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету. Осы себептен, құндылықтарды әлеуметтік маңызды құрылым ретінде қарастыратын шығармашылық иелерінің туындыларына үңілу – берері мол игілікті іс. Халық өмірінде құндылықтық сипаттардың ой мен тілде көрініс табуында ұлттық салт-дәстүрлердің орны ерекше. Бұл туралы профессор Г.Смағұлова: «... Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып сақталмаған болса, онда рухани мәдениет үлгілерінің мазмұны да кеми бермек» [9,186]-дейді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері – халықтың жөн-жоралғыларының, ұстанымдарының жиынтығы, рухани мәдениетінің саласы. Салт-дәстүрлер халықтың өмір-тұрмысынан, шаруашылық-тіршілігінен, қалыптасқан қоғамдық қатынастарынан, дүниетанымынан туындайтын мәдени құбылыс. Әдет-ғұрып, дәстүр ұзақ тарихи мерзімде біртіндеп қалыптасып, халықтың санасына сіңіп, қай ұлттың болсын ұлттық болмысын құрайды және оны басқа этностардан ерекшелендіреді. Қазақ әдет-ғұрыптарын олардың қоғамдағы атқаратын қызметіне қарай отбасылық және қауымдық-қоғамдық ғұрыптар деп үлкен екі топқа бөлуге болады. Осының ішінде Ә.Кекілбайұлы шығармаларында қазақы салт-дәстүрлерге құндылықтық маңыз артылады, яғни олардың отбасы өмірінде орындалуы тек қана этнографиялық ерекшелік ретінде ғана емес, «ОТБАСЫ – ҚОҒАМ – МЕМЛЕКЕТ» жүйесіне әсер ететін рухани үдеріс екендігі анық байқалады: «Айналайын ата-бабаның он екі жілік, отыз омыртқа, қырық қабырғаны тап осынша тәптештеп мүшелейтіні де тегіннен-тегін емес-тін. Артындағы ұрпақ бір-біріне көз алартпасын деп, әрқайсысына бір-бір сүйек еншілеп кеткен. Ұшарын жел, қонарын сай білетін көшпелі елдің перзенті қай қара қазанда да өз сыбағам бар деп ойлайды. Сонда сыбағалы жілігі бұйырмаса, атасын атып өлтіргеннен аз тұлданбайды. Ер бала бес жаста құман ұстап қонақтардың қолына су құяды, он жастан бастап пышақ ұстап ет турайды, он бес жас-тан бастап табақ тартады, жиырмасында кездігін жалаңдатып табақ жасайды. Сонда ықылым заманнан келе жатқан үрдісті бұзып, жілік шатастырсақ, маңдайыңнан бұзау тіс қамшымен бір-ақ тартып айдап шығады. Бетіне таңба түскені ештеңе емес, сені тапқан ата-ана тірідей жерге кіреді. Қара пышақтан қаусай жығылып жатқан бұл он екі жілік, отыз омыртқа мен қырық қабырға жөнін тапса, ала көз ағайынның көңілін бүтіндеп ел етеді, жөнін таппасаң, жүректеріне сүңгі сұққандай атыстырып шабыстырып кетеді. Баласына ағайыншылықтың жолын ат ұстап, табақ тартқаннан бастап үйрететін көнекөз кәрілер қақсап бағушы еді: «Ең сый жілік-жамбас, одан соң-жауырын, одан соң-кәрі жілік, одан соң-ортан жілік, одан соң-тоқпан жілік, одан соң-асық жілік. Бас-ты ең жоғарғы табаққа саласың. Он сүбелі қабырғаны жоғарғы төрт табаққа, алтауын екі жауырынға, төртеуін екі асық жілікке үстейсің, қалған сегіз жілікке екі-екіден бұғана қабырға қосасың. Құйрық май мен бауырды қиялап турап, бар табаққа жеткізесің. Төстікті- күйеуге, құйымшақты- қызға, көтен-мойынды- қойшыға, ішек-қарын, талақ, бүйрек, сирақты- қатын-қалаш, бала-шағаға ұстатасың...» (Табақ тарту дәстүрі) [8, 184]; «... Өз дастарқаныңда өзің бата жасап, өзің бас ұстағаның – жалыңның жалаңаштанғаны. Сарқыт асатар кісіңнің жоқтығы – көсегеңнің көгермегені» [8, 185]. Жоғарыда құндылықтардың жазушы шығармаларында көрініс тапқан аспектілерін қарастырып, олардың біртұтас рухани құрылым ретіндегі бір-бірімен байланысы мен сабақтастығы жайлы сөз етілді, мәтіндерден мысалдар келтіріліп, талдаулар жасалды. Сонымен қатар, соңғы тақырыпша ретінде қарастыратын тіл және әдебиеттің, өнердің мемлекеттің, адамның, қоғамның рухани дамуындағы маңызы мен құндылықтық сипаты жайлы талдану керек. Ә. Кекілбайұлы шығармаларында өнер иелері мен әдебиетке, жазушылық мансапқа салмақты маңыз беріп, ерекше атап өтеді. Ежелден қалыптасқан түсінікке туындыгер өз танымы тұрғысынан жауап беруге тырысады. «... Қоғам тоқыраған кезде өнер өрлеген. Өйткені, бұл өнер, әдебиет дегеніңіз- даланың тағылары сияқты ерегісіп, жол кесіп өтетін «хайуан»»[7, 351]. Шығармаларындағы аталған құндылықтардың бірін (мысалы, жазушылық) концепт ретінде қарастырып, мағыналық дәлдігі мен көркемдік деңгейін анықтайтын аксиологемалар арқылы сипаттасақ: («... Жазушылықты адамзат, қоғам, отан, ұрпақ, болашақ тағдырына енжар қарай алмайтын елгезектік пен ол жайында ой бөліспей отыра алмайтын сыршылдықтан өрбитін өнер ғой деп санаймын» [7, 164-165]; «...Қаламгерлікті әу бастан-ақ қауыммен ұдайы сұхбаттас жүргенді ұнататын қайраткерлік деп ұққам...» [7,164] ) СЫЗБА-НҰСҚА №3 «Жазушы» концепциясын анықтайтын аксиологемалар адамзат, қоғам, Отан, ұрпақ, болашақ тағдырына енжар қарай алмайтын елгезектік; ой бөліспей отыра алмайтын сыршылдықтан өрбіген өнер; өзгелер бойынан бізге де тән қасиеттерді көруші; өз ұлтыңа етене болмыстан жалпыадамзаттық маңызға ие мән іздеуші; ұлттық кемелденуге ықпал етуші; сұхбаттас жүргенді ұнататын қайраткерлік; Жазушы – интеллектуалдық-таным-дық деңгейі жоғары шығармашылық тұлға. Сондықтан жазушы болу ол - үлкен жауапкершілік. Жазумен айналысатын адамдар бұл жоғары деңгейге көп уақыт өткеннен кейін жетеді. Жазушының қандай автор екенін уақыт анықтайды. Сызба - нұсқада көрсетілген тілдік бірліктер Ә. Кекілбайұлының жазушы, жазушылық сөзінің мағынасына берер субъективтік пікірін білдіреді. Осы арқылы ол жазушылық жолды таңдаған жандарға да, өзіне де зор шығармашылық талап пен кәсіби формула қалыптастырды. Өмірлік мұраты жалпыадамзаттық және ұлттық рухани игіліктер мен құндылықтарды қалыптастыру және дамыту жолындағы игілікті істермен біте қайнасып жатқанын көруге болады. Өзі айтқандай: «Фолкнер мен Маркес... Олар ел асып, жер асып жаңа жұмақ іздеген әулеттердің жанкештілік «одиссеяларын» жазды. Ал, біз болсақ, Мұхтар Әуезов бас-тап берген, тамұқ болса да, өз отанында, өз топырағында отырып, жоқты таппақ түгілі барынан айырылып, аяусыз тоналған шерменде қауымның бейшара тағдыры мен рухани мехнаттары жайындағы шерлі шежірені жалғасырып келеміз». Осы жолда жазушы, қайраткер Әбіш Кекілбаевтың адамдық болмысын биік ұстап, ұлттық тарихтың өзіміз танып үлгермеген шындығы мен шырғалаңын танытуда суреткерлік шеберлігіне адал болғандығын танимыз.

500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы