• Білім-ғылым
  • 13 Қараша, 2017

Аманханның айтылмаған сыры

Әдебиет кезеңнен тұрады. Абай дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ әдебиеті өрлеу үстінде. Әсіресе, «Абай жолы» жазылған социализм кезеңінде біздің әдебиет шарықтау шыңына шықты. Туған жер мен Ананы, ғарыш пен алтын дәнді жырлаған небір шығармалар өмірге келді. Жөргекте социализм иісі аңқып тұрғанмен туған жер мен асыл анаға деген абзал жүректер сағат тіліндей лүп-лүп соқты, жаңашыл ізденістер бой көтерді. Әдебиет алып қалам иелерін шығарды, олардың көбі сыйлық алып тұғырға көтерілсе, көбі жұрт көзіне ілінбей жатты. Олар нағыз таланттар еді. Біз де бүгін «Ол кім?» деген айдарымыздың қақпасын аша отырып, осындай қалам иелерімен жас толқынды таныстыруды мақсат тұттық. Қалам иесінде сан - қырлы мінез-құлық бар, ол сонысымен ерекше. Ең бас-тысы – адалдық пен тазалық. Айдарымызды ерекше талант иесі Аманхан Әлімнен бастасақ деп отырмыз. Айдарға үн қосамыз деген қалам иелеріне жол ашық. Тек бүрмелі шапанның белбеуі бос болмасын. «Ол кім?» - ел – жұрттың білмегенін білдірер жаңа айдар деп қабылдаңыз.

 (Екінші пікір)

Аманхан – еркек. Ол сағаттар бойы моншада отырып, алпыс екі тамырын жібітіп, сыпыртқымен ұрынады, будан бойына нәр алады. Сөйтіп, үйге кеп қызыл шай ішіп, бір сәт бұл дүниеде өзінің бар екендігін біледі. Бұл оның апта сайынғы бұлжымас ережесі, екінің бірі елей бермейтін заңдылық. Ол – шахмат ойнайды. Жеңе қалса мәз болып, өз шеберлігін өзі насихаттап, Аян көкесін әсте алға шығарғысы келмейді. Жеңілсе қабағы түйіліп, шалт басып дәлізді бір айналып кеп, қайта сайысқа шақырып, өмір шіркін жеңу мен жеңілуден тұратындығын әрең мойындап, еңсесі түсіп, тарам – тарам шахмат тақтасын тарс жауып, асығыстығын айтып, жолға шығып кетеді. Ол – ақын. Ақындығы ана сүтімен келген сиректің бірегейі. Әсіресе, жас кезіндегі балғын жүректен шыққан жан-жары Күләйға арнаған лирикасы - махаббат жырлары екінің бірін естен тандырып, әдебиеттің алтын сандығының қақпағын еркін ашып, кең сыйып кетті. Ол Әбділда, Хамит, Қуандық, Сағи, Тұманбай соққан қазақ лирика мектебінің 70 – ші жылдардағы жаңа құрылысшысы. Ол – сыншы. Өлеңнің түте-түтесін шығарғандарды атар оғы болмай тебірене айтқан сөзі де, ақ қағазға түскен дәлелді талдауы да өзінше. Арқасы қозып, аспандап кетер сәттері де аз емес. Ақындардың көбі прозаны жол үстіндегі жолаушыдай жүрдім- бардым қолға алып, бекеттен түсерде керек қылмай біреуге бере салады. Ол болса, қазақ прозасын Толстой, Достоевский, Әуезовпен салыстыра оқып, досы Қуандыққа дейін қара сөздің жақсысы мен жаманын теңдестіріп отырады. Әсіресе, қояншық тақырыбына қалам тартқан досы – менің әңгімелерімді талдауы орыста Достоевский, қазақта Қуандықтың «басқа түскен соң баспақшыл» болып, қинала қалам тартқан образ сырын ашуы –әдебиеттегі жаңа сөз, құпия – қазанның қақпағын ысырып тастап, ел- жұртқа білмегенін білдірумен бірдей. Ол – адал жар, абзал әке. Қаламға тазалығы алып шаңырақты өгіздей өрге сүйреген текті әкенің қайсар бейнесі. Әке бола білмеген адам қайдан қаламгер болсын. Ол – Меккені көріп қайтқан, бізден гөрі Пайғамбарға бір табан жақын туған Илхам перзенті. Алласы аузынан түспеген, бес уақ дәретін былғамаған тегі терең мұсылман баласы. Дегенмен... тініне жабысқан шыдамсыздығы да жоқ емес. Алыс сапардан оралғанда ойы он саққа кетіп, адами қасиетті алға сала отырып, ақындық пәк көңілмен қырлы ыдыстан қызуы 40 градус су ішіп қоятын сәттері де жоқ емес. Бәрін дәретімен жуып тастап, Пайғамбар жасынан асқанда көп нәрсеге жирене қарап, соңынан еріп, қасиетті қалам ұстағандарға ағалық, аталық сөз айтатын болды. Бұл да ақын басына жарасып тұр. Кей сәттерде социализмнің арзаны мен тәуелсіздіктің қымбаты тұсауын байлағандай болады. Қырлы ыдыс көз алдына көлең – көлең ете қалғанын оңашада ой бөліскенде айтып та қояды. Біреу білер, біреу білмес, жұрт бұрылып кеп еріксіз еміренер бір артықшылығы – ол қазаққа сіңген такаппар ұлағатты жұрағаттың өкілі. Өзгелердің ішінде өзін тік ұстап, өз мақамынан айнымай, мақтаса кет әрі емес, мақсатына жеткен жан. «Мақтану сіздерден жұққан» деп, тініне қылшық түсірмей өзін арашалап алған азаматты айтсайшы. Әуезов пен Қалтайдың, Асқардың білгенін бойына сіңіріп, керек жерде жария етіп жүрген сирек жігіт. Ол осындай. Қуандық Түменбай

 

351 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы