• Руханият
  • 13 Қараша, 2017

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕДІ?

немесе аяқдоп шеберлеріміздің ұлттық рухы қашан оянады?

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі. Шахматтан спорт шеберлігіне үміткер, жеңіл атлетикадан өткен жарыстардың жүлдегері.     Қазақ футболын әлемдік деңгейге қайтсек көтереміз деген сұрақ барлық жанкүйер қауымын алаңдатары анық. Аяқдоп шеберлеріміз жанкүйерлерді қуантып, әлем тамсанатын әдемі ойын-өрнегін қашан көрсетеді? Бұл сұрақ баяғыдан бері көкейкесті мәселеге айналғаны белгілі. Осы сұрақтар жақында аяқталған футболдан 2018 жылғы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасының көрсеткен сәтсіз ойындарынан кейін көкейкесті бола бастады. Бұдан он бес жыл бұрын ұзақ жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде ұлттық құрамамыз Азия футболының (АФК) аймағынан шығып, Еуропа футбол одағына (УЕФА) мүшелікке өткенде, осы спорт түрі десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер қауымның қазақ футболының алдынан жаңа көкжиек ашылғандай, қандастарымыз әлемнің ең керемет алаңдарында аты әлемге әйгілі ойыншылармен иық тіресе доп тебетін болды деп қуанғаны есімізде. Алайда, Европа мен Азия құрлығының футболын салыстыруға келмейтіні белгілі. Шағын мемлекеттен құралған, христиан дінінің әр тармағын ұстанатын, негізінен роман, славян, неміс тектес этностық топтарға кіретін еуропалықтар доп тебуде шебер екендігін үнемі дәлелдеп келеді. Ал Тәуелсіздік алғанына 26 жыл толған қазақ футболшылары тәжірибесі көп батыс футболшыларымен иық тіресе доп тебе алмайтынын байқатты. Дегенмен, бұған қарап сылтау айтуға келмейді. Өйткені, егемендігін бізден бір жылдан кейін, яғни 1992 жылы алған Хорватия футболшылары талантты екендігін бірнеше рет дәлелдеді емес пе?! Мәселен, 1998 жылы Францияда өткен доп додасына алғаш рет қатысып, қола жүлде еншілеп, сенсация жасағаны жадымызда. Сол байрақты бәсекеде азулы Голландия, Англия, Аргентина мемлекетімен бірге тең дәрежеде ойнай отырып қапы қалдырғанын, тіпті финалға шығуға да бір табан жақын қалып, алаң қожайындары француздарды қатты қыспаққа алғанын көргенбіз. Осындай футболды көргеннен кейін әлемде жер көлемі жағынан ойып тұрып 9-шы орынды еншілейтін Қазақстан құрамасы да осындай нәтиже көрсете ме деп үміттенген едік. Өйткені, Қазақстан мен Хорватияны жер көлемі жағынан салыстыруға келмейтіні белгілі. Еліміздің 14 облысының ішінде, тіпті бір аймақтың территориясына да жетпейтін Хорватия халқы нағыз дарынды екендігін іштей мойындамауға лажымыз қалмады. Славян этносына жатқанымен, орысқа жақындығы алыс-тау, католик дінін ұстанатын бұл халық неткен еңбекқор, шыдамды, ең бастысы доп техникасын қалайша шебер меңгерген деп таңғаласың. Бұдан басқа бұл мемлекет 1998 жылдан кейін де талай рет Әлем және Европа чемпионатында тұрақты қатысып жүргенін, іріктеу аясында топтық ойындарды бірінші орынды еншілеп жүргенін де көріп жүрміз. Бірақ, футбол спорт, яғни өмір сияқты бұнда да жаттандылық жоқ. 2018 жылғы Ресейде өтетін әлем біріншілігінде өз тобында абайсызда Исландияны алға жіберген Хорватия, енді қосымша ойын арқылы әлем біріншілігіне қатысуға арналған ойынын өткізеді. Ал, Исландия футболы да қазір көркейіп келе жатқанын білеміз. Соңғы 2016 жылғы Францияда өткен Еуропа чемпионатында азулы Португалиямен топта тең ойнағанын, 1/8 финалда тәжірибелі, футболдың отаны Англияны қапы қалдырғаны таңғаларлық емес пе?! Бұл топта қазақ халқының туысқаны болып келетін Түркия футболшылары өз тобында 4-ші орынды еншіледі. Қарап отырсақ, УЕФА-да доп теуіп жүрген мұсылман елдері Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Албания мемлекеттері үнемі артта келе жатқаны өкінішті-ақ. Е, яғни бесінші топта Қазақстан құрамасы Польша, Дания, Черногория, Румыния, Армениямен бірлесіп сынға түскен болатын. Алғашқы іріктеу кезеңнің матчында жап-жақсы бастаған сияқты едік. Астанада азулы Польшаны қабылдап, 0:2 есебімен ұтылып жатып, ақыры поляк қақпасының саңылауын тауып, көрсеткішті теңестірдік. Левандовски, Капустка, Милек сияқты жұлдыздардан құралған поляктармен иық тіресіп ойнағанын көргенде, қазақ футболы көркеюге қарай бет алды деп ойладық. Алайда бұл жай ғана сенсация болғанын содан кейін түсіндік. Сырт алаңда барлық қарсыласымыздан ұтылдық. Мәселен, Тәуелсіздігін біз сияқты жаңадан алған Черногорияға 5:0 есебімен ұтылғанын қалай түсінуге болады. УЕФА-ға кіргеніне көп болмаған Черногория Балқан түбегінде Югославиядан бөлініп шыққан хорваттар сияқты дарынды халық екендігін дәлелдеп берді. Тіпті өз алаңымызда да черногорлықтарға 3:0 есебімен ұтылып, жалпы көрсеткіш бойынша 8:0 болғанын білгенімізде не дерімізді білмей қалдық. Осы жерде қазақ футболшыларының намысы, шеберлігі, жауапкершілігі қайда деген сұрақ мазамызды алды. Тобымызда сырт алаңда Данияға 4:1, өзіміз сияқты КСРО-дан бөлініп, енді ғана егемендігін алған Арменияға 2:0, Польшаға 3:0, Румынияға 3:1 есебімен ұтылдық. Өз алаңымызда Данияға 3:1 есебімен жеңілгеніміз тағы бар. Тек өз жерімізде Польшамен 2:2, Армениямен 1:1 және Румыниямен 0:0 есебімен тең түскеніміз көңілімізге аз да болса медеу болары анық. Осылайша, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін өте сәтсіз өткізді. Өз тобымызда өткізген 10 матчтың біреуінде футболшыларымыз жеңіске жете алмай, үш ұпай ғана еншіледі. Бұл соңғы 11 жылдағы ең нашар көрсеткіш болды. 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде ұлттық құрамамыз бір ғана ұпай жинаған болатын. Ал келесі іріктеу кезеңінде (Еуропа чемпионаты-2008) 10 ұпай еншілеген. Бұл әзірше Қазақстанның ең үздік нәтижесі саналады. Қазақстан құрамасының әлем және Еуропа чемпионаттарына іріктеу кезеңінің нәтижелеріне келер болсақ, Еуропа чемпионаты – 2016 іріктеу аясында 5 ұпай, Әлем чемпионаты – 2014 – 5 ұпай, Еуропа чемпионаты – 2012 – 4 ұпай, Әлем чемпионаты – 2010 – 6 ұпай, Еуропа чемпионаты – 2008 – 10 ұпай жинаған екенбіз. Қашанда болмасын әрдайым өз тобымызда соңғы орында қалып жүрген қазақ футболы қашан көгерер екен?! Бізге қарағанда Тәуелсіздігін жақында алып, УЕФА-ға таяуда кірген черногориялықтар талантты халық екендігін дәлелдеді емес пе?! Бізбен қатар доп тепкен қаратау халқы біздің тобымызда үшінші орынды еншіледі. Әрі көш басындағы поляк пен даттарды да біраз қобалжытқаны бар. Ал Қазақстан құрамасын жалпы есепте ірі есеппен ұтты. Бұл, әрине қазақ футболы үшін үлкен сын болғалы тұр. Міне, осылайша үш ұпайды жинап көш соңында қалдық. Бұл жағдай дәстүрге айналғаны белгілі. Қашанда болмасын іріктеу кезеңдері аясында соңғы орында қалып жүрген қазақ футболшыларының жағдайы қазір мәз емес. Қазақ футболы неге көгермей жүр? Осы сауалға сараптама жүргізелік. Біріншіден, еліміздің құрамында қазақ ұлтының футболшылары аз. Дарындылар ауылдан шығады демей ме?! Алайда ауылда өскен қаракөздеріміздің көбісі футболдан гөрі, бокс, күреспен айналысқанды жөн көреді. Екіншіден, барлық олқылық өзімізде болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, қалыптасқан психологиямыз көптеген игі істерге тұсау болып тұр. Қазақ қонақжай, тойшыл халық. Көп уақытымызды бос отырыстарға өткіземіз. Ал, кез келген спорт үнемі тер төгу керектігін ескерсек, үнемі бас қосуда отыратын қазақ халқынан қандай спортшы, қандай футболшы шығады?! Бұдан басқа өзіміздің кертартпа қырсықтығымыз, жалқаулығымыз, жасқан-шақтық деген қасиеттер де баршылық. Үшіншіден, футбол клубтарымызға үнемі шетелдік футболшыларды пәленбай қып-қызыл ақшаға сатып алу сәнге айналды. Осындай қомақты қаржыны жергілікті спортшылармызды баптауға бөлінсе, жағдайы нашар отбасыларға бөлінсе құба-құп болар еді. Төртіншіден, футбол саласында білімділік жетіспейді. Мейлі пиар немесе басқа тұрғыда болсын, насихат, тәжірибелі бапкер, қою ісі дұрыс жолға қойылмаған. Дарындыларды байқап, оны спортқа тарту жоқтың қасы. Нарықтық заманда «өзіңді-өзің насихаттамасаң ешкімге керек емессің» деген қағида қоғамымызға еніп алған. Осы жерде қаншама таланттар базарда арба сүйреп, Алматыдағы Сейфуллин көшесінде жұмыс іздеп жүргенін көріп жүрміз. Айта берсек, көптеген себептері бар. Оны айтып, түгендеп жатудың қажеті шамалы. Ең бастысы, олқылық-тарымызды жойып, дарынды жасөспірімдерді футболға көбірек тартсақ нұр үстіне нұр болар еді. Жастар – ел болашағы. Сондықтан жас-тарымызға дұрыс тәрбие беріп бокс, күрес т.б. басқа спорт түрлеріне тартсақ, құба-құп.

284 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы