• Қоғам
  • 30 Қазан, 2017

«ОМАРХАН – НҰРЖАМАЛ» КЕСЕНЕСІ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Әділ НЕСІПБАЕВ,

Абайтанушы, қоғам қайраткері, Алматы қаласы М.Әуезов атындағы ауданның 2006-2009 жылдардағы әкімі. Халықаралық Білім беру корпорациясының президенті.

Жүрегіме жақын сенің есімің, Әкем десем,Анам десем несі мін. Жарқыраған көк тасында көшеңнің Ізі қалған Сәкен бәтіңкесінің,-деп жырлаған ақын ағамыз Төлеген Айбергеновтің өлеңін жатқа білетін «шіркін, өз жігерімізді, білімімізді көрсете алып, әсем қала Алматыға жас маман ретінде қызметте қалсақ» деп армандаған жастардың қарасы көп болатын. Мені де сол арман жетелеп, заң факультетін бітіріп өзім білім алған шаңырағымда – Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ға жас маман жолдамасымен жұмысқа орналастым. Алматы қаласы әрдайым саяси, мәдени шаралардың күретамыры. Тек қана идеологиялық тұғырда ғана емес, республикалық деңгейдегі іс-шаралардың мұрындығы болып келеді. Осындай ізгі шараның біріне қатысқаным – менің бақытым деп білемін. 1993 жылдан бастап республика халқы Ұлы Абайдың 150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту үшін жаппай дайындалды. Мемлекет деңгейінен тиісті үкімдер шығарылды. Бұл шара арқылы еліміздің тәуелсіздік алғаннан соң ұлтымызды алғаш паш ететін, біздің бетке ұстаған кемеңгер ұлымызды ұлықтаумен бірге, дана Абай мен тәуелсіз мемлекет құрған қазақты әлемге таныту мақсат. Халқымыздың табиғатына сай осы зор мүмкіншілігін пайдалану парыз еді.Ал, осы шаралардың барлығында Алматы қаласының әкімдігі өзінің сол тұстағы астана әрі бас қала ретіндегі салмағын көрсетті. Әкімшіліктің тапсырмасы бойынша мен қалалық құрылыс және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары ретінде іс-сапарға баратын болдым.Республикалық деңгейде талап қойылған жұмысқа мұқият болу өз алдына, хакім Абайдың мерейтойына қызмет көрсету арманым еді. Оған қоса жүректегі ақынға деген терең махаббат сезімі алып ұшты. Тапсырма аталған шараға байланысты бір-бірінен жеке дара қабылданбайтын Абай мен Мұхтар Әуезовке тікелей байланысты болатын. 150 жылдыққа келген қонақтардың міндетті түрде М.Әуезовтің туған ауылына баратыны хақ.Мұхтар Омарханұлының Бөрілі ауылында ғұмыр кешіп,сол жерден мәңгілік мекен тапқан әкесі мен шешесі «Омархан-Нұржамал» кесенесінің құрылысын салу Алматы қаласының еншісіне тиген.Сол құрылыстың басы-қасында болып,қаржыны жеткізу маған тапсырылды. Ол банкімен жіберілген қаражат уақтылы мердігерлерге жетпей жатқан экономикалық қиын кез еді, бұл.Сол тұстағы Алматы қалалық қаржы басқармасының басшысы Т.Әбдіқадіров орындалатын қаржылық іс-әрекеттердің «жабық ақпарат» екенін жеткізе келе, осыған байланысты менің де қауіпсіздігіме тікелей қатысты жайларды түсіндірді.Тапсырма берілерден бұрын қала әкімдігінің қызметкерлерінің арасында өткізілген іріктеудің талаптарына сай менің мүмкіншілігімнің басым болғанын қадай айтты. Сонымен мен құрылыстың жүргізілуін қадағалап, жұмыстың қаржыландыру мәселесін шешіп келетін болдым. Қала басшылығы,«Іс-сапардан соң берген ақпаратыңнан Бөріліге өзіміз барып көріп келгендей болайық» - деп, қандай баяндама дайындап келу менің іскерлігім мен жауапкершілігіме байланысты екенін түсіндірді. Осыған қоса ақпан айында Астанада барлық өңірдің басшыларымен жиналыс өткізілетінінен хабардар болдым. Қалада мерейтой ауқымында аталған құрылыстан басқа да көптеген салада жұмыстар жасалатыны белгілі. Сол жиында Алматы қаласының Абайдың мерейтойын атап өтуге дайындықтары тыңдалатынын түсіндім. Төбем көкке жеткендей боп тапсырманы жоғарғы деңгейде орындайтынымды айттым.Іс-сапарға дайындалу барысында құрылыс жабдықтарының қандай өңірден жеткізілетінін анықтап алғанмын.Картасымен қоса екі араның қашықтығын,уақытын,керекті шығындарын,орындалу мерзімдерін және техникалық талаптарға сай сұраныстарды қанағаттандыру үшін керекті ақпараттарды толық дайындап өзімнің тікелей басшым, М.Серғазинге көрсетіп, мақұлдатып алдым. Қаңтар айының 15- ші жұлдызында даланың ұлы перзенттері Абай мен Шәкәрім,Мұхтарларды өмірге әкелген Шыңғыстау өлкесіне жол тарттым. «Ұлы істе Алла да жар» демекші, жолым болды. Семейде мерейтойға байланысты өкіметтік комисия жұмысын қарқындатып жатқан уақыт.Менің қарамағыма автокөлік, жауапты қызметкерді бекітіп берді. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен екен. «Қаражат уақтылы келсе жақсы болар еді-ау» деп жүрген белсенділердің көңілі жай тапты. Олардың көңілі көтерілмей қайтсін,ауқымды қаражат жеткізілген еді. «Күлшелі бала – сүйкімді» дегендей, мені Алматыдан келген қадағалаушы емес, сыйлы қонақтай қарсы алды. Жетісудан жеткен мен Жидебай ауылына барып Абай мен Шәкәрімге арнап салып жатқан құрылыс кешеніне тағзым жасадым. Қандай ғажап!Аспанмен таласқан екі кесенені көргенде ұлыларын ұлықтаған халықтың перзенті екеніме кеудемде мақтаныш ұялады!Амфитеатрдың ортасына тұрып сол жердегі жұмысшыларға Абай мен Шәкәрімнің екі-үш өлеңін жатқа оқыдым. Осы арада бала кезімде естіген аңызға айналған әңгімені айта кетейін. Ауылда Сержан есімді ағамыз – Ұлы жүздің «Ноқта ағасы» Жалайырдың ұрпағы тұратын. Иманы саламатта болғай!Руын айтпаса түйіні шешілмейтін мәселе бұл. Ағамыз тік мінезді,ақиқатты ашық айтатын адал азаматтардың бірі болғаны елге белгілі.Осы ағамыздың кезінде: «...Менің атамның басына Абайдың өзі келіп зиярат жасаған», деп айтқанын естіген едім.Сөзіне балалықпен мән бермеген екенмін,әттең! Өсе келе Абайдың Жетісуда болғаны жайындағы аңызға айналған ақпараттарды оқып,ойға келдім. Бірде Қордайға Абай келеді.Жолда Аңырақай шайқасы болған жерлерден өтеді. Шайқаста шейіт болған батырлардың басына дұға оқытады,құдайы тамақ таратады.Ал батырлардың арасындағы ірісі – түмен басшысы Жалайырдан шыққан Шоқпар батыр. Батырдың жерленген орны Шоқпар ауылының оңтүстік шығысында шамамен он бес-жиырма шақырым жерде. Ол жерден оңтүстікке қарай тіке жолмен Алатауға қарай шықсаңыз Қордайда боласыз. Ал енді,ұлтын ұлықтаған дана, хакім Абайдың Жетісуға сапары анық болса, қазақтың болашағы шешілген Аңырақай шайқасында шейіт болғандарға зиярат жасағаны да шындыққа айналмақ. Енді әңгімемді іс-сапарыма бұрайын. Сол жолы, әрине Бөрілі ауылындағы Мұхтар ағамыздың мұражай-үйінде болдым.Мұражайға күніне екі-үш рет кіріп тұрдым,ол жердегі жәдігерлермен толықтай таныса алдым.Өйткені, мұражайда да дайындық жұмыстары жүргізілуде еді.Қазақтың көрнекті жазушысы әрі драматургының туған мекен-жайымен егжей-тегжейлі танысу барлық жанға арман. Алланың маған жіберген шапағатын қуана қабылдап,ойымды тереңдететін ақпараттарға мұқият болдым. Абайды сүймейтін азамат жоқ, ал данышпанды бізге терең таныстырған суреткердің табаны тиген жерде болу, ұлылардың өміріне куә жәдігерлермен танысу – мен үшін Абай мен М.Әуезовті тірідей көргендей әсерге бөледі. Толыққанды баяндама үшін барлық құрылыс жұмыстарын айналдыра,жеке бөлшектерін, панорамалық фотосуретке түсіріп, фото-альбом дайындадым.Құрылыс жобасының қалай іске асырылып жатқанын толықтай суреттейтін анықтама-баяндама жасап, Алматыға жеткіздім.Басшылық еңбегімді лайықты бағалады.Ең бастысы, халық жабыла көтерген жүктің бір бұрышына өзімнің иығымды тигіздім дей аламын.М.Әуезовтің еңбектерінен өзімнің өмірге деген көзқарасыма бағдар алып жүргендіктен,осылардың бәрін менің әдебиетті сүйетін азамат ретіндегі бақытым деп білемін.Толғанған бір сәттерде М.Әуезовтің 100 жылдығында арналған республикалық байқауында бас жүлде алған Жарасқан ақынның өлең шумақтары еске түседі: Біреулер Шекспирмен шендестірді, Біреулер Бальзакпенен белдестірді... Бір табан бізге жақын орыс қой деп, Біреулер Толстоймен теңдестірді...

Кезеңнен қилы-қилы көрдің мәзір... Аласың! Алып тындың орныңды әзір! «Шығыстың Шолоховы» едің кеше, «Әлемнің Әуезові» болдың қазір!

Қанатын кең дүниеге жайған жансың, Жанатын қараңғыда қайғы-ормансың! Болса егер Алаш үшін Абай Құдай, Алаштың баласы үшін- Пайғамбарсың! - деп жырлаған ақынның жүрегінен шыққан жыр ұлтым деп соққан жүректі тебіренткеніне куәміз! Ал енді,М.Әуезовтің мәңгілік мекен тапқан Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы бойындағы алаңдағы құлпытастағы Абайдың «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы,өлмейтұғын артына сөз қалдырған»деген өлең шумағын оқығанда, дана Абай осы ғұлама сөзді М.Әуезовтің керемет дарын жазушы боларын біліп,осы асыл сөзді әдейі арнаған ба деген ой келеді.Қазақтан өзін зерттейтін бірден-бір азаматтың боларына кәміл сенген ғой. Тағдырым тұңғыш рет М.Әуезовті маған мектепте таныстырса, ержетіп, махаббат сезімі шарпыған шағымда өзім ізденсем, есейе келе қызмет бабымен, бағым жанып жазушыға тағы бір рухани қадам жасағандай болдым. 2007 жылы М.Әуезовтің 110 жылдығында Абай атындағы Опера және балет театрында баяндамасына оқта-текте ғана бір қарап, екі сағат аралығында мінбеде мүдірмей М.Әуезов туралы баяндамасын тыңдатқан ұлтымыздың біртуар азаматы Қазақстанның Еңбек Ері Ә.Кекілбаевтің сөзінен соң,біз әлі де М.Әуезовті толыққанды танып біле қоймаппыз деген ойда болдым.Ия,бұл мүмкін де емес,өйткені уақыт өткен сайын әр қырынан көрінетін М.Әуезов – әдебиеттің мәңгілік ғұмырына жол сілтеген дарын сәулесі дегім келеді.Сол жарық сәуле күннен-күнге үстемеле бермегі талассыз. Мақтанышпен айта алатыным, Қазақстандағы жалғыз әкімшіліктік аумақ – Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы ауданда атқарушы биліктің басшысы (әкім) болдым.Аудан – еліміздегі ең ірі 582 мың тұрғыны бар аудан. Осы ауданның қаламыздың үлгі алатын бөлігі болуына қызмет жасадым, мақсатымды іске асырдым.Әлеуметтік-экономикалық тұғырда М.Әуезов ауданы бірінші орында болды.Қазақстан Жазушылар одағының кітапханасы біздің ауданда орналасқанын пайдаланып 110 жылдыққа орай республикалық әдеби кеш ұйымдастырдық. Сол кеште ақын Т.Медетбек аудан қызметкерлерінің М.Әуезовтің еңбектерін жақсы білетінін атап айтты.Бұл бізге берілген жоғарғы баға еді.Ғұлама жазушының мұражай-үйіне,театрына міндетті түрде барып тұруымыздың, жиі-жиі кештер өткізетініміздің нәтижесі болар, бала кезімде үйдегі кітапханада кітаптар реттігі оңнан солға қарай болатын. Кітаптар реттігі М.Әуезовтің мұражай-үйінде де солай.Әкем Сағымбек пен шешем Жамал ұстаз болған. Қазір менің жеке кітапханамдағы кітаптардың саны алты мыңнан асады. Олар да оңнан солға қарай орналасқан. Мәселе, кітаптардың санында емес,оның әрқайсысын оқығанымда,қандай кітап болса да, мазмұнын айта алатындығымда. Мен әдебиетші емеспін, жәй ғана оқырманмын, 2014 жылы Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына арнап Қазақстан Жазушылар одағының жобасымен елімізде алғашқы рет «ДАРА ОҚЫРМАН» кешін өткіздім. Осы форматта соңғы рет Одақ кезеңінде 1988 жылы Л.Филатов өткізгенін білесіздер. Екі сағатқа созылған сол кеште ақындардың өлеңдерін жатқа оқыдым,өзім жүргіздім,залдан келген сұрақтарға ақындардың өлеңдерімен жауап бердім. Сөзімнің соңын осындай бір әсерлер негізінде жазылған төмендегі өлең жолдарыммен аяқтағым келеді: Санамда менің тұрады, Тұрады ылғи бір егес. Қаламгер Ұлы болғанда, Оқырман неге Ұлы емес?

Әлемнің жасын құрғатып, Тұңғиығына шым батып. Ұлылар жазған шындықты, Жүрекпен ұғу шын бақыт.

Өмірдің өзі өлең ғой... Өлең ғой өмір дегенің. Өмірді емес сондықтан, Абайды жаттап келемін.

Абайды жатқа оқысам, Өзің-ақ досым байыпта... Қазақтың барша Ақынын, Абайдай сүйсем айып па?

Жаттаймын мәңгі Абайды, Өлең,Жыр менің тынысым... Артынан ерген Абайдың, Қарындастары мен інісін!

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы