• Білім-ғылым
  • 30 Қазан, 2017

БІЗ ЕКЕУМІЗ

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.   АҒАЙЫНДЫЛАР Менің тете өскен Бектан есімді жалғыз ағамның шын аты – Бектұрсын. Әкем мен анамның айтуы бойынша, көптен перзенттері болмай, Бектұрсын құдайдан жалынып-жалбарынып жүріп сұрап алған бала. Сондықтан да біздің үйде ағамның үстіне ешкім шыбын қондырмайды, оның айтқаны – заң, айтқанына көнеміз, айдағанына жүреміз. Тете інісі болған соң, қорлық-зорлық атаулыны көретін баяғы мен. Іштей қалап тұрмасам да, оның ескі киімдерін киемін. Үйдің еркесі болған соң, әкем базардан сатып әкелген киімді Бектан қалай болса солай киеді, әсіресе, сол кезде таптыра бермейтін бәтеңкенің өкшесін қисайтып, берекесін кетіреді. – Бектан, – деймін мен оған жалына сөйлеп, – аяғыңдағы бәтеңкеңді қисайтып кимеші, оны сенен кейін мен киемін ғой! Әй, дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ ағатайым менің сөзімді құлағына да қыстырмайды, аяқ киімін одан бетер қисайтып, бір айдан соң: «Әй, малайым, мә, мынаны ки!» – деп лақтырып кеп жібереді. «Құлдың» қолынан не келеді, қарсыласуға болмайды, қисайып әбден бітуге айналған бәтеңкенің өкшесін қалпына келтіріп, майлап, аяғыма киіп аламын. Небәрі қырық шақты үйі бар шағын ауылдағы балалардың атаманы да – Бектан. Өзінің шығармайтыны жоқ, атаманның бұйрығы бойынша, өз үйлерімізден апаларымыз жинап қойған құрт-ірімшіктерді ұрлап жейміз. Күз болса, кезек-кезек өз бау-бақшаларымызға ұрлыққа түсіп, алма-өрік, қауын-қарбыз жейміз. Сұрағанымызды әке-шешелеріміз бермейді емес, береді, бірақ ұрлап жеген – тәтті. Асық, ләңгі, футбол ойнауды да ұйымдастыратын Бектан ағам. Бұл ойындардан әбден жалыққан кезде бала біткен Төлбай жәкемнің ауылдағы жалғыз шатырлы үйінің жанында «кино» көреміз. Жайсан, Өлмес, Момын қолдарына кішкентай айналарын алып, күннің шағылысқан сәулесін үйдің көлеңкелі қабырғасына түсіріп, әрі-бері қуып, бала біткен көретін «киномыз» – осы. «Кино» басталардың алдында мен міндетті түрде «мотор» болып дырылдаймын. Қашанғы дырылдап, екі бетім бүлк-бүлк етіп, «мотор» бола берейін, кейде болмаймын деп қиқаңдаймын. – Әй, Котовксий, – дейді Бектан атаман тақыр басымнан бір шертіп – ауылға анда-санда келетін киношы ағай моторсыз кино көрсете ала ма? Көп қиқаңдама, мотор боласың! Атаманның айтқанына көнбей қайда барасың, тағы да «мотор» болуға тура келеді. Ауылдың аңқау балалары ол кезде реформа болып, ақшаның ауысып тұратындығын қайдан білсін. Ол кездерде бүгінгідей қаптап кеткен мейрамдар өте аз болатын. Оның есесіне Ынтымақ және Бейбітшілік мерекесі – 1 май мен Октябрь мерекесі – 7 ноябрьді қызыл туды алаулатып, айқай салып ұрандатып өткізуші едік. Осы мерекені Бектан екеуміз асыға күтеміз. Өйткені, әкем ағам екеумізге міндетті түрде үш сом беретін. Ол кезде үш сом дегенің мектеп оқушысы үшін үлкен байлық. Колхоз орталығындағы азық-түлік дүкеніне барып, пешеней, кәмпит, лимонад алып, қарық болып қаласың. 1-май мерекесін асыға күтіп жүрген бір күні Бектан маған тамаша бір ой айтты. – Доқтырхан, – деді ол маған қулана қарап. – Сен 1949 жылы туғаныңды білесің бе? – Иә, апам сөйдейді ғой. – Ал, мен 1947 жылы туғанмын, – деді Бектан маған жақындай түсіп. – Мейрам күні тәтем екеумізге ақша береді емес пе, егер шыққан ақша 1949 жылғы болса, мен саған беремін, ал, 1947 жылғы болып жатса, маған бересің. Бұған қалай қарайсың? Әкем беретін ақшаны мен түгел алатындай болып, келісе кеттім. Сағызша созылған мейрам да жетіп, тәтем екеумізге көптен күтіп жүрген ақшаны берді. Жап-жаңа үш сомдық қолымызға тиісімен, асыға-аптыға шыққан жылына қарадық. Менің де, Бектанның да ақшасы 1947 жылы шыққан болып шықты. Қолыма әрең түскен үш сомдықты қимай тұрсам да ағама бердім. Уәденің аты – уәде. Осы мерекеде орталықтағы дүкенге жүгіргенім жоқ, пешеней, кәмпиттен қағылдым. Ендігі бар үмітім – 7 ноябрь мейрамы болатын. Бұл мейрам да жетті-ау! Тәтем ескі әдеті бойынша Бектан екеумізге ақша ұсынды. Бұл жолы да ағамның жолы болып, көрші ауылдағы дүкенге жүгірді. Келесі жылы болатын май меркесін асыға күттім. Өкінішке орай, әкем берген екі-үш сомдық та 1947 жылы басылған болып шықты. Осымен үшінші рет мерекедегі бар қызықтан қағылып, үйдің жанындағы үлкен ағаштың жанында көңілсіз отыр едім, біреу арқамнан қақты. Жалт қарасам, Жамбыл қаласында оқитын Оңалбек көкем екен. Орнымнан тұрып, көңілсіз сәлем бердім. – О, батыр, бұл не отырыс, бүгін мейрам емес пе? Бала біткен Петровкаға қарай жүгіріп барады. Саған не болған? – Ақшам жоқ, – дедім міңгірлеп. – Тұрлыбек жәкем саған ақша бермеді ме? – деді Оңалбек көкем жаныма отырып. – Тәтем беруін берді, бірақ, ол ақшаны мен уәде бойынша Бектанға ұсындым. – Қандай уәде? – деді көкем таң қалып. Мен болған жағдайды тәмпіштеп айтып берген кезде, Оңалбектің ішек-сілесі қатып күліп, отырған орнынан құлап қала жаздады. – Бектан сені аузыңды аңқитып алдаған екен, – деді ол күлкісін әрең тиып, – Қожанасыр інім-ау, ақша деген жылда шыға бермейді. 1947 жылы шыққан ақшаның енді қашан ауысатындығын бір құдайдың өзі ғана біледі. Тез жүгір, Бектан үш сомыңды құртпай тұрғанда қайтарып ал. – Ой, өтірікші! Саған алданғанды көрсетейін! – деп колхоз орталығына қарай тұра жүгірдім... Небәрі қырық шақты шаңырағы бар кішкентай елді мекенде бірде-бір орыс тұрмаса да, ауылымызды аты орысша – Красный пахарь. Шақпақ өзенінің жағасына орналасқан ауылда біз қатарлы оншақты бала бар, бәріміз бір-бірімізге жақын туыс болып келеміз. Бірақ, бала балалығын қоя ма, кейде болмашы нәрсеге қораздарша шоқысып қалатынымыз бар. Балалардың ішіндегі ең күштісі – Өлмес. Бектан атаман көп жағдайда сонымен шатасып, төбелесе кетеді. Бойы қортық болса да, қарулы Өлмес оған көне қоймай, басымдылық танытып бара жатса, «соғысқа» мен де білек сыбана кірісіп кетемін. Сөйтіп, Өлместі ағайынды екеуміз жабылып жатып, төпелеп тастаймыз. Туған ағаң атаман болған соң қиын екен, маған үйде де тыныштық бермейді. Әкем мен апам жоқ болса, мені үйдің ауыр жұмысына салып қойып, өзі шырт түкіріп жатады. Бұл «құлдыққа» қашанғы шыдаймын, кейде қарсылық көрсетуге тура келеді, бірақ, Бектан үлкендігін көрсетіп, мені май құйрықтан тебетіні бар. – Бектан, – деймін мұндайда ызаланып, – қарап тұр, сен ертең-ақ Өлмеспен төбелесесің. Бұдан былай саған болыссам, көзім шықсын. Өлмес сені өлтіре сабап жатса да, саусағымды қимылдатпаймын, соны біліп қой! Бірақ, бауырдың аты – бауыр емес пе, айтқан сөзімді сол күні-ақ ұмытып кетемін. Бектан мен Өлмес ескі әдеттері бойынша болмашы нәрсеге келісе алмай, төбелесе кетсе, жұдырығымды түйіп, ағама жақтаса кеткенімді өзім де аңғармай қаламын. Ал, атаман ағам болса, бұл жақсылығымды ертесіне-ақ ұмытып, мені қайтадан «құлдыққа» салып қояды. Малдың тезегін мен тазалаймын, үйдің ауласын да мен сыпырамын. Ауылдың шетіндегі бастаудан су әкелетін де баяғы малай – Доқтырхан. Бірде үйдегі сиыр мен биенің жас тезегін тазартып жатыр едім, жаныма Оңалбек көкем келді. Қолында үлкен газет. Мені жанына шақырып, газеттің бірінші бетіне жарияланған суретті көрсетті. Қап-қара шойындай негр қолындағы кісенді үзіп, қайсарлана қарайды. Әлгі суреттің астына үлкен әріптермен «Бостандық жасасын!» деген сөз жазылыпты. – Доқтырхан, – деді немере ағам – көрдің бе, негрлер де бостандық алып жатыр. Сен мына Бектанға қашанғы құл болмақсың? Малайлықтың қамытын қашанғы киіп жүре бермексің? – Кімнің құлдықтан құтылғысы келмейді ғой дейсің. Бірақ, Бектанға күшім жетпейді, кит етсем, сабап тастайды, – дедім қолыма қайтадан күрегімді алып. – Мен ауылда бір айға жуық боламын. Егер қаласаң, саған төбелесуді үйретемін, бокс дегеннің не екенін білесің бе? – деді Оңалбек көкем газетін жинап жатып. – Білемін, – дедім көңілсіз. – Білсең, ертеңнен бастап шарбақтың артына кел. Жаттығуға кірісеміз. Бостандық алатын кез келді. Үйдің жұмысынан қолым қалт етіп босай қалса, Төлбай жәкемнің үйінің артындағы шарбаққа қарай жүгіремін. Жарты айға жуық ішінде бокстің не екендігін кәдімгідей біліп қалдым. Қолыма қолғап киіп алып, Оңалбек көкемнің командасымен құм салынған қапшықты соққылаймын, секіремін, жүгіремін. Көкем екеуміз бокстасып, ұрымтал жерден соғудың небір тәсілдерін үйрендім. «Құлдықтан» бостандық алу үшін керек болып қалар деп, студент туысқаным кәдімгі жабайы төбелестің бірнеше ұтымды айла-тәсілдерін үйретті. – Бостандық алуыңа осы да жетеді, – деді Оңалбек көкем қалаға жүрер алдында, «құлдықтан» құтылам деп жүріп, Бектанды нокаутқа жіберіп жүрме, накдаун да жетіп жатыр. «Іздегенге сұраған» демекші, ертесіне атаман ағам айтқан тапсырмасын орындамағаным үшін, анығын айтқанда, жұмыстан оралатын әкем мен шешеме сары самаурынға уақытында шай қоймағаным үшін мені біраз төмпештеп алды. Мен қорғанысқа көштім. Өмірінде қарсылық көрмеген ағам жұдырығын ала жүгірді. Күнде рингке шығып жүрген боксерша «стойка» жасап, қарсыласымның иегінің астынан қатарынан екі қатты соққы жасадым. Жаңа ғана қоразданып тұрған Бектанның екі аяғы аспаннан келіп, өзі де құлады, су құйылған сары самаурын да құлап түсті. Ішімнен онға дейін санадым, Бектан орнынан тұрмады, бокс тілімен айтқанда нокаутқа кетті. Ол сәлден соң есін жинап, орнынан кирелеңдеп тұрып жатты. Қарсы жүріп жанына бардым. – Ал, енді қанша ұрыссаң да өз еркің. Баяғы қоразданып тұратын ағам жоқ, жүні жығылып, кәдімгідей жасқанып қалыпты. «Мынаны жын ұрып кеткеннен сау ма?» дегендей, маған таңдана қарап қалыпты. – Сен бұлаққа барып су әкел, ал, мен самаурын қайнататын отын жарайын, тәтем мен апамның жұмыстан келетін уақыты болып қалды, тез қимылдайық. Мен де Бектанға таңдана қарап қалыппын. Баяғы бұйыра сөйлеп, қоқаңдайтын ағам жоқ, дауысы біртүрлі бәсең. Қатты қол жұмсағаныма іштей өкініп, аяп кеттім. Сөзге келмей, екі шелекті қолыма алып, ауылдың шетіндегі бастауға қарай зыта жөнелдім. Осы оқиғадан соң Бектан маған бекерден-бекер соқтықпайтын болды. Сол жылы бойым сорайып өсіп кетіп, ағамның ескі киімдері маған сыймай қалды... күзге қарай әкем аудан орталығы – Бурное селосына алып барып, өмірімде бірінші рет судай жаңа костюм мен қара сүліктей әдемі бәтеңкі сатып алып берді. Осы кезде Бектан 15-ке, мен 13 жасқа толып, балалықпен мәңгілік қоштастық. БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ КЕРМЕК ДӘМІ Менің әкем де, шешем де жалғыз еді, екі жарты бір бүтін болып өмір сүріп жатты. 74 жас ғұмыр кешкен әкем Тұрлыбектің көрмеген азабы жоқ. 1937 жылғы қиын заманда егіні жиналған бидай алқабынан төрт қадақ масақ жинағаны үшін 12 жылға сотталып кете барыпты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Балқашта үлкен құрылыста жүрген жерінен «Отан алдындағы кінәмді қаныммен жуамын» деп соғысқа сұранады. Халық жауы ретінде түрмеде отырғандықтан, Маршал Рокосовскийдің майданына, айыптылар батальонына тап болады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, 1944 жылы бір қолынан айырылып, елге оралыпты. Жеңістен кейін 1947 жылы ағам – Бектұрсын, 1949 жылы мен, одан кейін Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл атты қарындастарым, Мықтыбек деген інім дүниеге келіпті. Ініміз бес жасында ойламаған жерден ауырып, қайтыс болып кетті. Ес білгелі көп қиындық көріп өстік. Анам Құлхан аурушаң болды. Әкем колхозда бригадир, мұрап болып еңбек етіп, күндіз-түні шапқылайды да жүреді. Ол кезде ай сайын жалақы алу қайда? Еңбек ақыларын жыл қорытындысында бір-ақ алады. Он екі ай бойы салақтап жүріп, алатыны – бес-алты қап бидай, болмашы ғана тиын-тебен. Бізге ешкім айтпаса да, әке-шешеміздің жағдайына қарап, ағам екеуміз ерте есейдік. Бектұрсын 12 жасында, мен 10 жасымда ауыр еңбекке араластық. Мектепте оқып жүрсек де, анамыздың орнына екі гектар қант қызылшасын күтіп-бағамыз. Қызылша дақылын өсіру – өте қиын жұмыс. Ол егістік алқап бетіне қылтиып шыққан соң, жекелейсің. Ала жаздай алқапты қара сора басып кетеді. Күні бойы ыстық аптаптың астында жүріп, қаптап өсіп кеткен арам шөптерді үздіксіз жұлып әуре боласың. Қызылшалы алқапты өз уақытында суғарып тұрмасаң, өнім тұрмақ, дәнеңе де жоқ. Қызылшаны жеке және колхоздың малынан қорғайтын қарауыл да – біздер. Әлі есімде, 1963 жылы екі гектар жерден мол өнім өсірдік. Тазаланған қант қызылшасын аудан орталығы – Бурный селосындағы қант қабылдау пунктіне жібермек болып, плантация басына келсек, кешегі тау-тау болып үйіліп жатан қызылшадан түк те қалмапты. Колхоздың сүт фермасының бес жүзге жуық сиыры осында емін-еркін жайылып жүр. Қараусыз мал қызылша біткенді аяқтарының астына таптап, әбден рәсуа етіпті. Ағайынды екеуміз сонау ерте көктемнен бергі еңбегіміздің босқа кеткеніне қапаланып, жылап жібердік. Не істерімізді білмей дал болып тұрғанымызда, қызылша басына әкем мен анам жетті. – Арқа еттерің арша, борбай еттерің борша болып, еңбек етіп едіңдер, қарақтарым. Жұмыстарың еш кетті-ау! – деп анам да көз жасына ерік берді. Әкем болса, қарақошқылданып, тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиып қалған. Көп ұзамай-ақ, ауылдың бригадирі Қайып та келді. – Анау ант ұрған Айтқұл кеше ішіп алып, сиырлар қорадан шығып кетіпті. Обал-ай, обал-ай! – деп атынан түсе берді. Бригадир айтқан Айтқұл бақташы бізге туысқан болып келеді. Былайша айтқанда, бір атаның ұрпағымыз. Қапсалан бабамның Дәуірбай, Сәуірбай, Байбарақ, Байназар есімді ұлдары болған. Менің әкем Дәуірбайдың баласы, ал, Айтқұл болса, Байназардың туған немересі, яғни Дулатбай атамның бес ұлының бірі. – Қайным-ау, жарты жылғы еңбегімізді еш етіп, сиырлардың аяғына таптатқаның қалай?! Құдайдан үмітің бар ма сенің? Бізді сыйламасаң да, әлі қабырғасы қатпаған екі баламның еңбегін сыйласаң қайтеді?! Неткен оңбаған, жетесіз жан едің? Алла-тағала бар болса, сазайыңды берсін! – деп әрең шыдап тұрған апам айқай салды. Әлгі дөңкиген неме апамнан кешірім сұраудың орнына: «Әй, қақпас, аузыңды жап!», – деп анама тап беріп, кеудесінен итеріп жіберді. Айтқұлдың осыншама иттікке барғанына шыдамаған әкем бақташыға қарсы ұмтылды. Өзі арық, бір қолы шолақ шал Айтқұлдың ішінен түйіп жіберіп еді, ол кісі сиыр біткен кеміріп жеп, әбден бүлінген қызылшаның үстіне құлап түсті. Көз алдымда соққыға жығылған әкем мен шешемді шырылдай қорғап, әлгі дүлейге қарсы ұмтылдым. Ол мені де аяған жоқ, тоқпақтай жұдырығымен қатты соққанда, қалпақтай ұшып түстім... Әрі қарай не болғанын білмеймін, есімде, үйде бір-ақ жидым. Апам суланған орамалымен ісіп кеткен бет-аузымды басып, жылап отыр. Менен екі жас үлкен ағам Бектұрсынның жүзі адам шошырлықтай түнеріп кеткен, жұдырығын тастай етіп түйіп алған. Әлі мектеп қабырғасына бара қоймаған Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл есімді қарындастарым үрпиісіп, бәрімізге жаутаң-жаутаң етеді. Тоқал тамның кіре берісіндегі есікке жақын отырған әкем: «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген осы деп ауыр күрсінді. Бөтен емес, жақын туыстарыңнан көрген зорлық пен қорлық жаман нәрсе. Осы оқиға әкем мен шешемді бір күннің ішінде қартайтып жіберді. Бір тәуліктің ішінде Бектұрсын екеуміз де ересек тартып кеткендей болдық. Бәріміздің жанымызды жегідей жеген бұл оқиға жабулы қазан күйінде қалып, қолдан келер шарамыз болмады. Ала жаздай еңбегімізді еш етіп, елдің көзінше ата-анамды, мені шырылдатып сабаған Айтқұл біздің шаңыраққа келіп, кешірім де сұраған жоқ. Қазақ-қазақ болғалы небір ұлы аналарымыз дүниеден өткен. Домалақ Ана, Тұмар Ана, Қызай Ана, Айғаным Ана, Зере Ана дегенде бүкіл иісі қазақ бас иеді. Олардың даналығы, мейірімділігі, жүрегінің ақша қардай тазалығы, жанының даладай кеңдігі таусылмас жыр. Есімдері аңызға айналған ұлы аналарымыз ізгіліктің, жақсылықтың, мейірбандықтың, ынтымақ пен бірліктің, адам баласына деген үлкен сүйіспеншіліктің өшпес іздерін қалдырды. Осы күнге дейін тілімізді, дінімізді, салт пен дәстүрімізді сақтап, егеменді ел болып отыруымыз – солардың арқасы деп білемін. 1970 жылдардың аяғында туған ауылыма барып, есімі бір Жуалыға ғана емес, бүкіл Республикаға белгілі Октябрь Революциясы орденді, ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың басқарма бастығы, КПСС ХХV съезінің делегаты Жүрінбай Медетов ағамызға сәлем бергенім бар. Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірден көргені мен түйгені мол ел ағасы әлденеге ренжулі, онсыз да қалың қабағы түсіп кеткен. – Аға, жайшылық па, бірдеңеге қатты ренжіп отырсыз ғой, – дедім ағаммен амандасқан соң. – Ауылдағы ағайындарыма қатты қапа болып отырмын, – деді Жүрекең көңілсіз үн қатып. – Бұрын Тәңірберген бабамыздан тараған ұрпақтың ынтымағы, ауызбірлігі қандай еді! Қазір бір-бірінің үйіне кірмейді, бір-біріне жау. Бірін-бірі көре алмай күндейді, өсек айтады, аяқтарынан шалуға даяр. Бұл не деген сұмдық! Осының бәріне қатындар кінәлі. Ағайын бір-бірінен алыстап, ұрпақ тозып барады. Мен сол кезде елге сыйлы Жүрінбай Медетов ағамның сөзіне онша мән бере қойған жоқ едім. Қазір ойлап отырсам, бұл сөздер ащы болса да, үлкен шындығы бар болып шықты. Көпке топырақ шашудан аулақпын, ауылымызда елдің бірлігін, ынтымағын ойлайтын әзиз жанды аналарымыз көп болатын. Өкінішке орай, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді емес пе? Жақсы болсын, жаман болсын, әрбір перзент анасының сөзіне сенеді, оны тыңдайды. Ережеп, Айтқұл секілді туысқандарымның қатыгез болып өсуіне аналарының тәрбиесі ықпал етуі ықтимал. Кім біледі, бәрі де мүмкін... * * * 1963 жылы Қазақстанда тыңның көтерілісіне 10 жыл толуына орай, Бектұрсын 15 жасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сол кездегі СССР Жоғарғы Совет Президиумының Төрағасы Л.И.Брежнев қол қойған Жарлықтың көшірмесі мен күміс жалатқан медальды көпке дейін сақтап, кейін Карл Маркс атындағы колхоздың орталығы – Петровка селосына көшкенде жоғалтып алып, қатты өкініп қалдық. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, біз де жетіліп, өсіп, ата-анамыздың сенімін ақтадық. Бектұрсын Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіріп, ауылда біраз жылдар мұғалім болған соң, Алматыға қоныс аударды. Жастайынан жыр әлеміне жақын бауырым поэзия әлеміне өзіндік ізденіспен келіп, ақын атанды. Бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, лайықты бағасын алды. Мен КазГУ-дің журналист даярлайтын факультетін бітіріп, көп жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдарында басшы қызметте болдым. Проза, сатира тақырыбына қалам тартып, оннан астам кітаптарым жарық көрді. Деректі кино саласында да жемісті еңбек етіп, отызға жуық деректі фильмдердің режиссері әрі авторы атанып, көптеген халықаралық конкурстардың бас жүлдесіне ие болған жағдайым бар. Үлкен қарындасымыз Тұраркүл жоғарғы білімді бухгалтер-экономист, Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында көп жылдар бойы бас бухгалтер болып еңбек етіп, бүгінгі таңда құрметті еңбек демалысына шықты. Арнаулы орта білімі бар ортаншы қарындасымыз – Құраркүл Алматыда тұрады, көп жылдар бойы медицина саласында жемісті еңбек етті. Ең кенжеміз – Райкүлдің негізгі мамандығы мұғалім. Бүгінде кәсіпкер, Астана қаласында еңбек етеді. Құдайға шүкір, бәріміз де өмірден өз орнымызды тауып, дүниеге қажетті бір-бір кірпіш болып қаландық. Өмірден үлкен бақытымызды тауып, үбірлі-шүбірлі болып, немере сүйдік. Бір өкініштісі, Бектұрсын ағамыз арамыздан тым ерте кетті. Ағамыздың орны ерекше еді. Ол артында ұрпақ, үлкен әдеби мұра қалдырды. Осыны ойлап, сәл де болса, көңілімізді жұбатамыз. Бәріміз де Бектұрсынды осы күнге дейін сағынамыз. Ағамыз бұл жалған дүниеге ақ көйлекпен келіп, о дүниеге де ақ жейдемен кетті... ТӨРТІНШІ ЖЕҢЕШЕ Бектұрсын ағам бұдан бұрын да екі рет үйленіп, дүркіретіп той жасағанбыз. Бұрынғы жеңгелеріміз кінәлі ме, жоқ ағамыздан бір шикілік шықты ма, әйтеуір қос жеңгемізбен де тұрмыс құрып жарытпады. Бекең «Ер кезегі үш рет» деген мәтелді еске алған болу керек, енді үшінші рет үйленгелі жатыр. Артынан ерген жалғыз інісі, тете өскен бауыры ретінде болашақ жеңгемізді менімен таныстырды. Шынымды айтсам, болашақ жеңгем маған бірден ұнамады. Бойы бір тұтам, беті тарғыл-тарғыл, маған өтірік жағымпазданып, қылмың-қылмың етеді. Алған білімі жоқ, тындырып жүрген жұмысы да шамалы, бай іздеп жүрген кәрі қыздардың бірі екендігін ешкім айтпаса да іштей сезіп тұрдым. – Бектан-ау, – дедім ертесіне бауырымды әдейі іздеп барып – «мешкей деген жақсы ат емес», осыдан бұрын екі рет қатын жібердің. Бірінші жеңгеміз жаман-ақ болсын, ал, екінші жеңгеміз дұрыс әйел еді ғой. Оны өзің де мойындайтын сияқтысың. Өйткені, Алматыда пәленшебай жыл үйсіз-күйсіз қаңғырып жүріп, әрең алған екі бөлмелі пәтеріңнің бір бөлмесін бөліп бердің, жеңгеммен еріп кеткен екі қызыңа көмектесіп тұрасың. Мен егер адам танитын болсам, талап қылып алайын деп жүрген қызың – нағыз мыстанның өзі. Абайла, саған тиіп алып, басыңа әңгір таяқ ойнатып жүрмесін, мені айтпады деме, екі-үш жылдан соң анау қатын сені жалғыз бөлмеңнен қуып шығып, көшеде қаңғып қалма. – Қойшы, қай-қайдағыны айтып, қара аспанды төндірмей, – деді Бектан менің сөзімді жақтырмай. – Білесің бе, армандаған бақыт құсым алақаныма қонбай жүріп, енді қонды. Жеті жерден қарсы болсаң да, осы қызға үйленемін. Босқа сөйлеп, бір-біріміздің басымызды қатырмайық, той қамына кірісейік. – Бектан, – дедім бірінші рет үйленгеніңде жаны жаннатты жатқыр әкем Тұрлыбек пен анам Құлхан Жамбыл облысының түкпір-түкпіріндегі туған-туысқандарын, құда-жекжаттарын шақырып, бар жиған-тергенін шашып, дүрілдетіп той жасады. Бұл тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда! Екінші рет шаңырақ көтергенде де, сені жерге қаратпайық деп, Талдықорғаннан Шымкентке дейін жайлап жатқан небір игі жақсыларды шақырып, ел аузының суы құрып жүретін тамаша той өткізіп бердік. Үшінші қатыныңа да дүркіретіп той жасамақ ойың бар. Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» деп бекер айтпаған. Бұл жолы той жасауға да, құда күтуге де жағдай жоқ, бауырым. Жамбыл жақтағы үш қыздан, күйеу балалардан сен ұялмасаң да, мен ұяламын. Оншақты жақын достарыңның басын қосып, атап өтемін десең, қарсылық жоқ. Әй, қайдам, мен адам танитын болсам, мына сумаңдаған қыз саған опа бере қоймас. Ол алақаныңа пыр етіп қонып, пыр етіп ұшып кететін бір шымшық. Қанша ашуланып-туласам да, жалғыз ағамның көңіліне қарап, Алматы облысында тұратын құдалардың алдынан өтіп, шағын той өткізіп бердік. Араға жарты жыл өткізіп, Бектұрсынның жалғыз бөлмелі пәтеріне соқтым. Өтірік болса да жалпылдап тұратын баяғы жеңгем жоқ, сазарып отырып, суып қалған шайын әрең берді. Байқаймын, Бектұрсын да жаздағыдай лапылдап тұрған жоқ, екі көзі көбелектің қанатындай жылп-жылп етіп, бірдеңесін жоғалтып алғандай төмен қарағыштай береді. Ұзын сөздің қысқасы, арада бір жарым жыл өтпей жатып, екеуі ажырасып тынды. Сот жалғыз басты әйел, бір жаста нәрестесі бар деп, жалғыз бөлмелі пәтерді жеңгемізге қалдырып, Бәкең далада қалды. Қайта-қайта қатыннан ажырасып, үй-жайын тастап кету оңай дейсің бе? Басқа біреу болса, жүні жығылып, ит қуып кетер еді. Ал, біздің Бәкең оған пысқырып та жүрген жоқ. – Ойпырмай десеңші! Сен нағыз әулиенің өзісің, – дейді Бектұрсын соттың ажырасу туралы шешімін алған күні – бұл әйел саған қатын болмайды, шымшық болып ұшып келіп, шымшық болып пыр етіп ұшып кетеді деп айтқаның әлі есімде. Сол сөзің айнымай дәл келді. Пәтеріңнен айырылсаң далада қаңғырып қаласың деген едің. Ол да дәл болып шықты. Анау Серік Байхонов досың бекер айтпайды. Шынында да, сен әулиесің! Қатын жолда, бала белде, сен босқа уайымдама, бауырым, бір мәнісі болар. Ақ жүректі, кең пейілді, дүние-мүлікке пысқырып та қарамайтын ағаңның аузының салымы бар, аман болсын... ЛЕНИННІҢ ҚАТЫНЫ МЕН КАРЛ МАРКСТЫҢ БАЛАСЫ Жуалы ауданында қойы қоралас, ауылы аралас жатқан екі ауыл бар. Біріншісі – Ленин атындағы, ал екіншісі – Карл Маркс атындағы деп аталатын осы екі кеңшар Алматы – Ташкент жолының қос жағасына орналасқан. Екеуінің арасы да онша қашық емес, небәрі төрт-бес шақырымдай. Бірде ақын Бектұрсын Тұрлыбеков елге жолы түсіп, үлкен жолдың қиылысында туған ауылы – Карл Марксқа баратын жолшыбай бір көлікті күтіп тұрады. Төбесі ашық, күн шақырайып тұрған аялдамада қолында түйіншегі бар, ұршықтай ғана, бет-аузын әжім жолдары шимайлаған кішкентай кемпір тұр екен. Өзі өте асығыс, көлік бұрылатын үлкен жолға қайта-қайта қарағыштай береді. – Көлік біткенді жер жұтып қойған ба, қараң қалғыр. Күнге балық құсап қақталып тұрғаныма ет пісірім уақыт болған шығар. Карл Маркстағы кенже қызым біраз жинап қойған жүн-тері бар деп сәлем айтып жіберіпті. Соны бүгін қалаға жеткізіп алуым қажет. Сол жүн-қыбырды базарға жеткізіп тастайтын көліктің реті келсе жақсы-ақ болар еді. Анау күйеу бала, сірә, қойда болар. Қап, Бөрібайдың тракторының сынып қалғанын қарашы. Ол сынбаса бүйтіп әуре болар ма едім. Өз-өзінен сампылдай сөйлескен кемпір енді Бектұрсынға бұрылды. – Балам, қолыңдағы сағатыңның қанша болғанын айтып жіберші? – Төртке он минөт қалды, апа. – Қап, біраз уақыт болып қалыпты-ау! Бүгін үлгере алмайтын болдым. Ойпырмай, көлік біткен қайда құрып кеткен өзі, – деп кішкентай кемпір тұрған орнында тыпыршып кетті. – Апа, қызыңыз жинап қойған жүн-қыбырды қайтесіз? Текемет етіп басасыз ба? – дейді Бектұрсын қарап тұрмай, кемпірді сөзге тартып. – Мына заманда текемет басқан менің не теңім, – деді кішкентай кемпір ернін сылп еткізіп. – Құдай бере салған өгіз арба сияқты көнбіс бір балам бар. Ауылда трактор айдайды, қазір тауда шөп шауып жатыр. Шиеттей жеті-сегіз баланы асырап отырған трактордың бір тетігі сынып қалыпты. Бастықтарына барса, «Жұмыс керек болса, керекті затыңды өзің тауып ал, қайта-қайта келгіштеп, онсыз да ашып жүрген миымызды ашыта берме» десе керек. Міне, содан бері екі тәулік өтті. Сол құрып кеткір темір-терсекті таппаса болатын емес. Калхоздың жұмысы десе балам аянып жүрген жоқ. Ебін тауып, өзімізге де шөп жеткізіп тас-тайтыны бар. Онсыз болмайды, қолымызда біраз мал бар. Құдай қаласа, кенже қызым дайындап қойған жүн-қыбырды сатып, баламның тракторына өте қажет болып тұрған тетікті алып берсем жақсы болар еді. Солай қарағым, қазір босқа қарап отырсаң, аштан өліп қаласың. – Апа, нағыз нарық заманының кемпірі екенсіз. Тепсе темір үзетін кейбір жігіттердің сіз сияқты қауқары жоқ. Сіз мықтысыз апа, аман болыңыз! – деді ақын жігіт кәдімгідей сүйсініп. – Айтпақшы, өзіңіз қай ауылда тұрасыз? – Мені сұрап тұрсың ба, шырағым? Лениннің көп қатынының бірімін ғой. Жаңа айттым емес пе, Карл Марксқа қызым байға тиіп, сонда кетіп барамын. Бектұрсын шыдай алмай, мырс етіп күліп жібереді. – Әй, бала, неге жетісіп ыржалаңдап күлесің? Әлде маған сенбей тұрсың ба? – дейді кішкентай кемпір жақтырмай. – Лениннің қатыны екенімді жұрттың бәрі біледі. Кенже қызымның Карл Маркске байға тигені де өтірік емес. – Жоқ, апа, сізге күліп нем бар? Есіме басқа нәрсе түсіп кеткені, – деді Бектұрсын күлкісін әрең тиып. – Мен де Карл Маркстың көп балаларының бірі боламын. Алматыдан ауылға келе жатырмын. – И... Айналайын... Карл Маркстың баласы болсаң, бөтен емес екенсің ғой, – деді кішкентай кемпір жайдары қалпына түсіп. Осы кезде дәл жандарына көп зарықтырып күткізген тепеңдеген кішкентай сары автобус тоқтай беріп, кемпір мен ақын көлікке бет алды. БАТЫР ЖӘНЕ АҚЫН Бар мақсатты жақсылыққа арна ғып, Армандаудан жалықпадық, талмадық. Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып, Екеуміз де сөз өнерін таңдадық, – деп маған жыр жолдарын арнаған ақын Бектұрсын Тұрлыбеков менің тете өскен туған ағам еді. Мықты ақын болатын, маңдайымызға сыймай кетті. Әдебиетке, поэзияға кіршіксіз адал ақын «Абайдан соң, Мұқағалидан соң өлең жазып әуре болудың керегі жоқ!» – деп, бір жарым мың жолдан астам өлеңдерін өртеп жібергенін жақын досы, ақын Болат Үсенбаев айтып бергенде қайран қалдым. Аузын ашса, көмекейі көрінетін Бектұрсын адам біткеннің бәрін дәл өзіндей пәк, таза, адал көретін. Өкінішке орай, қулық пен сұмдықты білмей өткен кіршіксіз жанды, ақ жүректі ақынды өмір де, адамдар да көп алдады. Дарын емес, қарын билеген мынау жалған өмірдегі екіжүзділікке, аярлыққа, сатқындыққа, қатыгездік пен дүниеқоңыздыққа көне алмай, нәзік жаны шыдай алмай өмірден әбден түңіліп, үзіліп кетті... Ұмытпасам, 1981 жылдың көктемі еді. Біздің отбасымызға Дәурен атты шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, оның үстіне көптен күткен пәтерге қолымыз жетіп, арқа-жарқа болып жатқанымызда Алматыдан Бектұрсын ағам келіп, құтты болсын айтты. Сол күні ағайынды екеуміз өмір туралы, қоғам, адам туралы көп сырластық. Сәл үнсіз қалған Бектұрсын маған сұрақ қойды: – Доқтырхан, қазақта қанша Советтер Одағының Батыры бар? – Жаңылыспасам, 103-тен асады. – Көп болса екі-үш адамға ғана қателесіп тұрсың, қазақ ұлтында 105 Совет Одағының Батыры барлығы – нақты шындық. Міне, осыдан-ақ біздің халықтың нағыз ержүрек, батыр ұлт екенін аңғаруға болады. Темір пердесін түсіріп, ақиқат пен шындық ешқашан да айтылмайтын мына заманда көп нәрсені білмейді екенбіз. Немістік фашистермен болған сұрапыл Ұлы Отан соғысында да көптеген әділетсіздіктер болғандығын жақында оқып, жағамды ұстадым. Інім-ау, сен білесің бе, соғыста асқан ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы бір емес, үш рет Совет Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. Бірақ, бір ұсыныс та өтпеген, масқара ғой мынау! Жер бетінде жақсылық пен ізгіліктен гөрі жамандық, қорқаулық көбейіп барады. Бір күні онсыз да күңіреніп жатқан Жер-Ана қарс айырылып кете ме деп қорқамын. Осы көктемде 28-панфиловшы паркінде болып өткен Жеңіс күніне қатыстым. Олар Бауыржан Момышұлын хан көтеріп, шын көңілдерімен қошеметтеп, құрметтеп жатты. Иә, «Біз қап ішінде жатпайды» деп бекер айтпаған. Сұңқардың аты – сұңқар, тұлпардың аты – тұлпар. Ерте ме, кеш пе, Баукең өзінің лайықты бағасын алды. Оған сен екеуміз куә болып, әділдік салтанат құрады деп қуанатын боламыз әлі. Біздің ағалы-інілі әңгімемізді Жуалыдан келген немере ағамыз Оңалбек бұзып жіберді: – Ау, батырлар, әлі философия соғып отырсыңдар ма, көлік дайын, ауылға жүрейік. Мен Жуалыға келе жатып, Бектұрсынның жаңағы айтқан әңгімесін ойлаумен болдым. Ол кезде мен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқаратынмын. Жаз айының бір күні жұмыс орныма ерте келсем, кабинеттегі қара телефон безектеп жатыр екен. Тұтқаны асығыс көтеріп, Бектұрсын ағамның дауысын бірден таныдым. Дауысы бір түрлі, өзі алқынып тұр. – Естідің бе? – деді ағам. – Жайшылық па? – дедім мен шошып кетіп. – Бауыржан Момышұлы қайтыс болды, – деп Бектұрсынның дауысы қарлығып шығып, – әділдік пен шындықтың алмас қылышы еді, ол да өте шықты жарқылдап. Үні жыламсырай шыққан ағам телефон тұтқасын тастай берді. Баукеңнің дүниеден озғанына сегіз жылдан астам уақыт өткенде ақиқат кеш те болса салтанат құрып, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. Сол күні бүкіл иісі қазақ қуанып, туған әкелері батыр атанғандай бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Өзім қызмет атқаратын Қазақ теледидарының бас ғимаратынан шыға берісте радиода жұмыс істейтін Бектұрсын ағаммен қарсы ұшырасып қалдым. Бір топ әріптестерінің ортасындағы бауырым бүгін ерекше көңілді, қуаныштан жарқ-жұрқ етеді. – Маған сенбей тұрсыңдар ғой, – дейді жанындағы жолдастарына – сенбесеңдер, мына менің інімнен сұраңдар. Осыдан дәл сегіз жыл бұрын келінім бауырыма маңдайы торсықтай ұл туып беріп, құтты болсын айтып, сонау Жамбылға барғанмын. Сонда ерте ме, кеш пе Бауыржан Момышұлы Совет Одағының Батыры атағын алады дегенмін. Доқтырхан, айтшы мына жігіттерге, солай дегенім өтірік пе? – Рас болғанда қандай! «Баукең батыр болады, әділдік патшалық құрып, бәріміз шын қуанатын күн де алыс емес», – деген сөзіңіз де есімде. Міне, сол күнге де жеттік. Бәріңізді осы үлкен қуанышпен құттықтаймын! – деп ең бірінші Бектұрсынды құшақтадым. – Міне, естідіңдер ғой, – деді ағам жас балаша қуанып. – Иә, менің інім дұрыс айтады, бүгінгі қуанышқа бүкіл Алаш баласы ортақ. Сендерге көрімдік берейін, жүріңдер. Жас балаша аңқылдаған Бектұрсын бізді Қазақ радиосының қарама-қарсысындағы «Қымызханаға» бастады... Жылдар өткен сайын туған жер өзіне тартып тұрады, Жуалыға жиі соғамын. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жете берісте өзіндік болмысымен ерекшеленетін шағын өзен бар. Оны жергілікті халық Теріс деп атайды. Жарықтық, Теріс десе – Теріс. Табиғаттың дегеніне бағынбай, өрге, Алатауға қарай ағады. Осы қасиетті өзенге қарап, ешкімге ұқсай бермейтін мінезі, тұлғасымен ерекшеленіп тұратын, ақиқат пен шындықтың үшкір найзасы Бауыржан Момышұлы мен дүниедегі жақсылық пен ізгілікті, әділеттілік пен адалдықты өмір бойы іздеп, шырылдап өткен ақын Бектұрсын Тұрлыбековті есіме аламын...

658 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы