• Руханият
  • 17 Сәуір, 2017

ЕРКЕБҰЛАН

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ 1991 жылы дүниеге келген. Жазушы-драматург «Рахымжан Отарбаев атындағы шәкіртақының» және журналистика саласындағы студенттерге арналған арнаулы сыйлықтың иегері. Республикалық жыр мүшәйраларының, шығармашылық және журналистика саласындағы байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Мақалалары мен өлеңдері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді.   КҮЙШІ ... Күйші тастан құйған мүсіндей тапжылмастан отырып домбырасын ұзақ төкпелетті. Бейне тарамысты саусақтарымен әр пернені басқан сайын ішінде шерменде болып қатып жатқан мұңы мен қуанышы, өкініші мен өмір жолындағы іздері телегей теңіз болып ағытылып жатқандай көрінді маған. Біз үнсізбіз. Тек қана күйшінің көңіл көкжиегінде қалықтаған сырлы да сазды күйлері өн бойыңды шымырлатып, бойыңды еркінен айырып билегендей әсер қалдырады. Алпыс екі тамырыңды қасиетті қара домбыра күмбірімен иіткен жиырма екі жасар дарынның өнеріне бір жағынан таңғала отырып, құдіретіне басыңды иесің. Талантының алдында еріксіз барлық ынта-жігеріңмен мойынсұнасың. Өнердің пәсін білетін көзі қарақты жан осындай жас таланттың өнері жолында өзін құрбан қылудан тайынбайтыны да күдік туғызбайтын секілді. Не бәрі жиырма екі жас! Құдды әрбір тартқан күйімен бірге сай-сүйегім күл болып үгітіліп бара жатқан сыңайлы. Мен де еріксіз өнерпаздың өнеріне басымды иіп, қошеметімді білдіргім келіп қозғала беріп едім, бейне күй сиқырымен бойымды тұралатып тастағандай. Алға ұмтыла бастап едім, екі иығымнан таудай зіл қара тас-пен басып тұрғандай қозғалтпайды. Әрі-бері қозғалуға шамам болмаған соң, алғысымды білдіргім келіп: «Өнеріңе мойынсұндым, аға!» дегім келіп еді, тістерім бір-біріне біте қабысып кеткендей, аузым ашылмайды. Күй болса әлі жалғасуда: ет-жүрегімді езілтіп барады. Әрбір күй тартылған сайын жүрегіммен ұғынып, маған қарама-қарсы отырған күйші екеуміз бір-біріміздің жанымызды жанарымызбен ғана түсінісіп отырмыз. Күй көшкен керуен іспетті бірінен соң бірі жалғасып жатыр, жалғасып жатыр... Жалғасқан сайын көңілімді басқан ақ мамық қарды күн болып еріткендей, жанарымның алды ыстық жасқа толып барады. Күйшінің пернені басқан саусақтары көз ілестірмей шапқан жорғадай қозғалады. Күй біресе көкке құс болып самғайды, тұлпар болып құйындата шабады, біресе таудан аққан бұлақтай сарқырайды, біресе садақтың адырнасын керіп тұрып атқан жебедей зулайды... Шыны керек, өнерпазбен бірнеше жылдан бері таныс болсам да, тіпті кездескен сайын талай рет өнеріне, шабытты шағына куә болсам да, бұлай кемерінен асып төгілген сәтін көргенім тұңғыш рет. Мен күйшінің жанарынан көзімді ала алар емеспін. Күйші де домбыраға жан бітіре ойнағанымен қоймай, екі ішекпен бірге күңіреніп отырғандай әсерде. Күйге жан-тәніммен еріксіз берілгендігім сонша, буындарым байланғанының үстіне байланып барады. Күйшінің жүрегі мен менің жүрегім егіз секілді: оның жанын ап-айқын ұғынып отырмын. Екі жарты бір бүтін болып қосылғаны секілді, екі адамның мұңы мен қуанышы, аға мен інінің сыйластығы, өнерпаз бен тыңдаушының сезімдері бір пернеде тоғысқандай. Өнерпаздың шалқыған талмас шабыты мен жүрек түбінде қонақтаған сезімі бірге келіп тұңғиықтан жанартау отындай қайнап шығып, домбыраның қос ішегі мен пернесіне құйылған сәтте ешбір шойын бөгей алмас құдіретке, жүректен төгілген өнердің қасиеттісіне айналады. Тыңдарманның жүрегіне жол тауып жататындығы да сондықтан. Тыңдарманды тілге келтірмей жан-тәнін баурап алып, жүрегіне жол таба білу... Сірә, өнерпаз бақыты дегеніміз осы шығар?! ... Кербез, толқи тартылған күйменен бірге менің ойым сан-саққа бөлінді. «Жанымда жүрген адамның тағы мен білмейтін қандай қырлары бар?!» деген ой санамды жаулай түсті. Япыр-ай! Шыныменен қызғанып отырмын ба?! Өзіме-өзім сене алар емеспін!. Бір кезде менің бұл пасық ойымды, қызғанышымды құптамағандай үй ішіне сәуле шашып тұрған жарық сөнді де қалды. Жарықтың сөнгенін де елемеген күйші домбырадан саусақтарын ажыратқан жоқ. Күй әлі жалғасуда: иығымдағы зіл қара тастар да қозғалтар емес, күймен байланған буындарым да тарқатылар емес. Ортаға тұтатылып балауыз қойылды. Жоғарыға қарай шарпи жанған балауыз үй ішін ымырттандырып жіберді. Қабырғаға өзімізден екі еселеніп түскен көлеңкеміз бен балауыздың тұрған жері ғана анық көрінеді. Балауыз өзінің бөлмені түгел жарықтандыруға шамасы жетпегенін түсінгендей, күй ырғағымен үндесіп баяу жанады. Тек бір-біріміздің жанарымыз ғана шала жанған шоқтай жылтылдайды. Көзімді балауыздан тайдырып, өнерпаздың жанарына салдым. Қараңғы түнде от болып жанып тұрған арыстанның көздеріндей жанып тұр. Жаны тартып отырған күймен бірге екендігін айқын аңғарасыз. Күй онан сайын мені баурап барады. Өнерпаздың жан-дүниесі бес саусақтай жанарында жазулы тұр. Күйдің құдіреттілігі сонша жанарыма үйірілген жасты одан әрі ұстап тұра алатын емеспін. Күйдің құдіретін түсініп, әлдебір тылсым сырына қаныққандай жанарымнан бір тамшы жас еріксіз ыршып түсті. Артынша дастарқанға тамған балауыз тамшысымен бірге жарысып ыстық жастар тамып жатты. Мен өз-өзімді түсінбей әлекпін. Бір ғана ұққаным: мені толқытып та, еріксіз жанарымнан жас ағызып отырған да – осы өнер құдіреті! Өнерпаз маған қарап тосын сый көргендей таңғалды, домбырасының үні бәсеңдеп кетті. Сірә, өзінің қара шанақ домбыраға тіл бітірген саусақтары мен жүрегінен ағытылып шыққан күйдің, жалпы бойындағы өнерінің құдіреті жан баласына осылай әсер етеді деп ойламағаны-ау! Жанарымнан бұлақтай саулап, бетімді жуған жаспен бірге күй де үзілді. Үні ажалдың тырнағында жатып, өмірді қимай, тірі қалуға қарманған жанша баяу барып өшті. Домбыраның даусы тынып, үй ішін қайтадан үнсіздік басты. Өзіме қарсы қадалып отырған жанарға не деп жауап берерімді білмей мен далмын. Дереу әңгіме тиегін ағытып, басқа тақырыпқа көшкім келіп еді, қарысып қалған жағым аштырмайды. Күйдің үзіліп қалғанына бес-алты минөт өтпестен өшіп қалған жарық жақсылықтың жаршысындай қайтадан жанып, үй ішіне сәуле төге қалды... ӘНШІ Үй ішіне нұрын төге жанған жарықпен бірге жаңа ән мен жыр келді. Көңіліңді керней шалқыған ән әуені домбырамен үндесіп, кеудеңе қуаныш отын жаққандай. Әсем сазды әуендер жүрегіңді тербейді. Бірнеше әндер шарықтап шырқалғаннан кейін сұлу тіркесті әндер бағанағы мұңды күй мен төгілген жастың өзі түгіл, іздерін де қалдырмай шайып әкеткендей. Бір сәт әнші дауысы көкке қалықтап шығып, жүрек түбінде жатқан сезімін ақтарып салды. Не деген ғажап?! Ғашық жүрек. Ғашық өлең. Ғашық әуен... Осының бәрі домбыра күмбірімен өз үйлесімін тауып, әншінің сұлу көмейінен құйылған шақта, кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Махаббат – от боп, көңілді – дерт боп күйдіріп, жүректен төгіледі: – Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған, Сонда жатыр мен көрмеген орындалмас бар арман. Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған, Шашың сенің жан баспаған жапандағы қара орман... Әрине, әнші көңілінде қиялындағы арман-аруға деген сағыныш та жоқ емес. Ғашық жүректі еріксіз қиналдыратын да, жүректен әсем әуен төгілдіретін де, махаббаттың азабын тарттыратын да, жүрегіңді тілімдеп қанжылататын да – осы сағыныш: – Жүрек тұнған сағыныш, Ән-жырымды алып ұш. Шын сүй-дағы өмірде, Махаббатың балын іш... Жан жүректі қинаған махаббаттың азабы да бар. Сағынысып көрінген ғашығымен қимай қоштасқан жігіттің жан-дүниесін бір сәт кең тыныстағы әнші ақтарып салды: – Жүрегім, Жылайды сен деп білемін. Тапсаңшы өзің бір емін, Көңілдің жайнаған гүлі едің. Қимаймын, Қимаймын, Дүниеге сенсіз сыймаймын, Әнімді саған сыйлаймын... Жиырма екі жасар таланттың жүрегін бұлқындырып, жарып шыққан махаббат әуендері көк аспандағы қара бұлтты ысырып тастап, әлемге жаңа дем бергендей шарықтап жатты. ЖЫРАУ ... Енді жырау кең тынысқа салып, жыр көмбесін ағытып жіберді. Өзге аймақтан ерекшеленіп тұратын Сырдың мақамы тез арада ұйытып әкетті. Бірінен соң бірі, кезек-кезегімен, ақайдар толқындай лег-легімен інжу-маржан жырлар төгілді. Көктен қасиетті жырдың дорбасының аузы ашылып, тыңдарман жүрегіне құйылып жатқандай. Сол жырды тыңдарманның жүрегіне құйып та, жыр дорбасының сиқырлы аузын ашып отырған да – осы жырау. Көкірегіңді саф алтындай нұрландырған Сыр сүлейлерінің термелері, нақыл-өсиеттері жеті түннің ішінде дүниені дүр сілкіндіргендей әсерге бөледі. Шарықтап шыққан адам айтқысыз жырау даусы көкте қалықтаған қыран секілді. Жырау бар дүниені ұмытқан. Кеудесін кернеген тасқын шабыт жолындағы тасты жаншып, өзендей арқырайды. Жастығының қуаты ма, әлде құрыштай кемеріне жетіп шыңдалғаны ма, кім білсін, әйтеуір, жырау дауысы жанымды елжіретіп барады. Жүрегім жырау даусын тыңдағанның үстіне тыпыршиды: әлденеге ұмтылып жете алмаған толқынға ұқсап бар күш-жігерімен жағаға бас ұрады. Ал, жырау үні сол дертіме шипа болғандай жанымды тыныштандырады. Құлагердей көсіле шапқан қайратты дауысқа шыдамай, жебе сөккен сауыттай қақырап кететіндей төрт қабырға теңселеді. Жырау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерімен қалың жұртты, жырқұмар көпшілікті тәнті етіп, ауыл-аймаққа «Бала жырау» атанған. Өзі елді тәнті ете жүріп, басынан қазақы бөркін тастамайтын. Осы қылығы үшін мектептегі ұстаздары мен құрбы-құрдастары оны «Кішкентай Абай» деп атайтын. Сол «Бала жыраудың», «Кішкентай Абайдың» бұл күндері елі қастер тұтар азаматқа, есімі елге жайылған арқалы жырауға, өнердің өшпес туын байрақ етіп, көмекейден шыққан әсем дауысы қоңыраудың сыңғырлаған үніндей жыр төгетін шабытына шаң жұқпас өнерпазға айналғанын қайтерсіз?! Бір жағынан ауызы дуалы ұстаздарының айтқаны шындыққа айналғанын «Тәңірдің сыйы» деп түсінгейсіз. Отырған жерін қара домбыра арқылы тез арада-ақ думанға айналдырып жіберетін серілігі тағы бар. Бір басында қаншама өнер тоғысқан десеңізші?! Менің ойымды жыраудың көмекейін жарып шыққан, құдіретті үнінен төгілген дастан бөліп жіберді. Бірден баурап әкетті. Тапжылмай тыңдап отырмын. Дастанның қуанышы мен мұңын, кейіпкерлердің қайғысы мен батырлығын қас-қабағынан ұғынып отырмын. Жырау жырлап отырған дастан – «Қарасай-Қази». Мені біресе толқытып, біресе жылатып, біресе ағалы-інілі жандар – Қарасай мен Қазидың ерліктеріне таңқалдырып жүрегіме жеткізе жырлады. Нағыз кәсіби әртіс дерсің. Іле-шала дастан аяқталысымен махаббат гимніне айналған ғашық жандардың хикаясы, жыр жібегі – «Қыз Жібекке» ұласты. Осы дастанды тыңдап отырып, даңғайыр жыраулар ұрпағы, текті талант Көшеней Рүстембековке академик Мұхамеджан Қаратаевтың берген бағасы есіме түсті: «Ол жырау ретінде ұлы ақындардың дастан-толғауларын орындады, жиырма екі жасар Көшеней – қазақ әдебиетінің мұғалімі, дарынды талант, белгілі жырау Рүстембектің баласы...» Ал, мен осы берілген бағаны қарсы алдымда отырған жиырма екі жасар өнерпазға арнар едім. Екеуін де байланыстырып отырған осы – жиырма екі жас. Жырау ұзақ әрі әсем қайырып барып тоқтады. Тыныстап, демін алған соң, сол баяғы салмақты, жайдары мінезімен әңгіме тиегін ағыта жөнелді. Дастан аяқталысымен менің өзегімді ащы өкініш тырнап өтті. Ол – жыраудың асыл арнасынан шөлімді басып, қанып сусындаған сәттің көрген түстей өте шыққаны. Бірақ, тағы да осындай сәттің туатынына үмітімді үзбедім. Қасиетті өнеріңе, талантыңның құдіретіне бас идім, асыл аға!... *** Өнер құдіреті... Өнер мен өмір тоғысқан ғұмыр... Не бәрі жиырма екі жас. Ой елегінен өткізіп қараған адамға жай айтыла салған сөздер. Ал, өнерінің құдіретін түсініп, оған куә болған адамға, керісінше, қадірлі де қасиетті сөздер. Біз жоғарыда әңгімеге арқау еткен өн бойына күйшілік, әншілік, жыраулық өнерлерді тоғыстыра білген жас талант иесі Еркебұлан Омаровтың шабытты сәттері – әлі талай жыр-дастанға, әңгімеге арқау болары һақ. Қасиетті жыр мен күйдің нәрінен қанып ішкен, өнерін-өмірім деп түсінетін жігіттің ертеңгі күні арқалы Көшенейге, көрерменнің сусынын қандыра жырлаған Қуандыққа, Манап пен Нартайға, жыр дүлдүлі Алмасқа, қазақ өнерінің шамшырағына айналары – ақиқат. Тек Алла тіл көзден сақтасын. ӘЛҚИССА Шындығында, бұл осыдан бақандай 9 жыл бұрын жазылған дүние. Жақында жеке мұрағатымнан сарғайып жатқан қағаздардың арасынан ойламаған жерден тауып алдым. Ол кезде Еркебұлан Омаров мақалада айтылғандай 22 жаста болса, мен әлі мектептің оқушысы болатынмын. Бос уақыт табыла қалса немесе демалыс күндері ауылдан қалаға, Еркебұланның үйіне асығатынмын. Әке-анамдай болып кеткен Тұрсынбек аға мен Айым апамның әңгімелерін, Еркебұланның жыр-термелерін тыңдауға құмартатынмын. Ол бір қапысыз, уайымсыз балаң шақтар еді. Қайран уақыт-ай десеңізші!. Сөйткен Еркебұлан бүгінде орда бұзар отыз жастың төріне шығып отыр. Кешегі бала шәкірт бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Білімі мен білігі, бабы мен бағы келіскен арқалы өнерпазға, елі сыйлаған ардақты азаматқа айналған. Бүгінде Еркебұланмен бұрынғыдай араласпасақ та, балғын күндердің естелігі болып жазылып қалған осы дүниені сол шақтағы ағалы-інілі сыйластығымыз бен достығымыздың құрметіне орай бір жерін өзгертпестен, сол күйінде ұсынып отырмын.

881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы