• Әдебиет әлемі
  • 25 Наурыз, 2017

Көк белдердің гүлденгенін қаладым

Гүлбақыт ҚАСЕН

1975 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультінде, Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясының заң факультетінде білім алған. Мемлекеттік қызметкер. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Жетісулық «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығының үйлестірушісі. Жетісудан шыққан қаламгерлердің шығармашылығы мен жас дарындарды насихаттау жұмыстарын жүргізіп, «Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Сен менің еліме бар», «Жұматай – жыр қағаны» атты кітаптарды құрастырды. «Құсқанаты», «Бақыт гүлі» атты жыр жинақтарының авторы.

Құсқанаты

Аспан сілкіп түсірген құсқанатын, Құсқанаты соңынан қыс қалатын. Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай – Әшекейге әдемі қыз тағатын. Құсқанаты – секілді үкілі арман, Үкілі арман жолында бүкіл арман. Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын, Періштесін аспаннан күтіп алған. Қылаулаған ұшқыны үміттердің, Құсқанаты, сен соны біліп келдің... Тамсандырдың. Сағыныш сарайына – Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің. Жазғытұрым жауатын құсқанаты – Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын. Жастық пенен қарттықтың белгісіндей, Күн ұзарып, түн мерзім қысқаратын. Құсқанаты – төгілген жыр қауырсын, Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың... Саусағына... ақынның жүрегіне – Қонақтайсың әлемді жырлау үшін... *** Көңілдің де қысы, жазы, күзі бар, Ал, көктемде сұлулық бар біз ұғар. Теңіз толқып, тау теңселіп кетердей... Жыр ғұмырда қандай сыр бар қызығар? Сүйіп кеткен, сүйікті еткен, көктемім – Мен өзіңмен биіктемін, көктемін. Қалап тұрам құс біткеннің ән салып, Алтын күннің шұғыласын төккенін. Көк белдердің гүлдегенін қаладым, Алма ағаштың бүрлегенін қаладым. Мені көріп мейірімді Жер-Ана, Деп тұрғандай «айналайын, қарағым». Еркеледім. Еркесі етті мына әлем – Құс жолымен жетелейді бір әуен... Мына өмірге қайта келу бұйырса, Мен бәрібір ақын болып туар ем, ...ең бақытты ақын болып туар ем! Наурыз жыр Ұлы дүбір. Ұлы күні Ұлыстың – Жетісуға нұрын төккен күміс Күн. Шайқалмасын, бақ-береке бесігі – Шығыс елі, түркі бауыр, туыстың. Ұлыс күнгі әсем ән мен жыр ғажап, Бұлақ ағып, шешек атпау қырға – жат. Жібігенде Самарқанның көк тасы – Ұлытауға ұлар қонған бір ғажап. Жерұйыққа жеткен Наурыз асыға, Жеті өзенім бурқанып тасыған. Аралап жүр Қызыр ата құт болып, Бақ дарытсын үлкенім мен жасыма! Күн менен түн теңелетін Жыл басы – Жеті өзеннің кеңи түскен жылғасы. Салтанаттың сәні, тойдың ажары – Тұлпарлы ер. Қыздың шолпы, сырғасы. Ақбоз үйлер, Алтыбақан, Көрікті ел – Ұлттық болмыс, ұрпағыма көрік бер! Сәукелелі қыз алдында перизат – Намыс туын жыққан емес бөрікті ер. Ағаш егіп, көзін ашқан бұлақтың, Мың аттыға сәлем берген бір атты. Құстар сайрап, Наурыз әні қалықтап, Қыраттарда қызғалдақтар бүр атты. Әз Наурызда әппақ көңіл, ақ жүрек – Наурыз көже – ақ дастархан. Ақ тілек. Уысыма ақ ірімшік толтырып, Ұлысыма жыр төгейін бақ тілеп! АЛТЫНЫМ І Солай. Нақтылайтын ойдың қойып нүктесін. Айдан анық басқа жауап күтпесім. Қымбаттым-ау, неткен таза жан едің, Əңгімеміз бітпесін! Сондай(!)... Баға беріп, өмір заңын топшылар, Биiк тұлғаң. Тым аласа топ шынар. Қымбаттым-ау, дəл өзіңдей ең ғажап - Алтын адам жоқ шығар! Қалай(?)... Қалай, жаным, байқамағам? Нелiктен? Улап кеткен. Жалған-сезім елiткен. Ұйқыдағы аруыңды... Алтыным, Оятуға келіп пе ең?.. ІІ Ұйықтап жатып шарпыламын деміңе, Жаратқаннан сауға сұрап емiме. Ханзадалар мекенінен жеттің бе? Бір шаhарды құрбан етіп меңіме! Қас-қабағын бағып жаудың, елдің де, Алып-ұшып қияндардан келдің бе? Ақ дидарлы аруыңның, Алтыным, Белбеуiне бір кенішті бердiң бе? Заңғар-заңғар таулар қалған жолыңда – Біз жолықтық. Тағдыр жатыр соңыңда... Өмірімнің алтын кілті, Қымбаттым, Жұдырықтай жүрегің мен қолыңда! Көз байлаулы. Көңіл – алаң, ой – алаң, Түс көремін... Түрлі түске боялам. Күдеріңді үзбе, үміт ұшқыным... Сәл мызғып ап, мен бір күні оянам! Алтыным! ІІІ Ат дүбірі... Құстың үні... құлақта, Тәкаппар тау, құзға ойымды құлатпа! Ұзап кеткен анау көштен қалыспай, Сыңсу айтып сыңғырлайды бұлақ та. Ақ күймені жарыстырып желменен, Жарыстырып құла дүзде белменен. Алтыным-ау! Бағыт алдым қайда мен? Есендеспей туған елмен, жерменен... ...Өңім деймін – өңім емес! Түс көрем, Ұқсас түсті қатарынан үш көрем. Арманымның аспанынан құс көрем, Қауырсын жыр қанат қақты, Ұшты өлең! Шашылады әппақ шапақ ұшардан, Ақбоз ат та еркіндікте тұсалған. Алтыным-ау! Жүрегімде ән салды – Ақ күймеге қонақтаған құс-арман... Ат дүбірі... Құстың үні... құлақта, Ояндым ба? Еш жауап жоқ сұраққа. ... Алып қашқан көңіл күйдің күймесі, Алтынымның мекеніне тұрақта! Сүмбілем Мен туғанда жарық төккен Сүмбілем, Екеуміздің тағдырымыз – бір, білем. Жұлдыз біткен жасай алмас жорамал – Сен сөнгенде, Мұңға шомып үлгерем... Тылсым сырды ұғындырар адамға, Шаттық емес, ой жетелер қадамға. Жалғыздықты, оқшаулықты сеземін, Жете алам ба қадіріңе? Бағамда ... Ғарыш көктен сәуле шашқан Сүмбілем, Ақ нұрыңмен түрленеді түн кілем. Ғылым тілі – Сириус деп атаған, Тылсымдүние... Аңсап өтем кімді мен? Туар жұлдыз. Сыр айта ма ғасырға, Тамыз соңы, қыркүйектің басында – «Сүмбіленің суы жүріп пе екен?» деп Сұрайтыны несі жұрттың расында... Сүмбіленің құйылғанда жаңбыры, Төгіледі бар аймаққа таң нұры. Өзен суып, жер көдесі көк болар, Тіршіліктің ғарышпен бір тағдыры. Жылт-жылт етсе көк жарықты жарқылың, Ойға батам әппақ сәулең арқылы. Өміріме шуақ құйған Сүмбілем – Тағдырымның тартуы...

717 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы