• Мәдениет
  • 15 Наурыз, 2017

РАХМЕТ САҒАН АЛМАТЫ, АРМЫСЫҢ КРАСНОЯРСК!

Нұрлан ҚҰМАР

«Үркер» журналының бөлім меңгерушісі

Жалпыкомандалық есепте екінші орындамыз

Еліміздің ең үлкен шаһары болып саналатын Алматыда ХХVІІІ Қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Он күнге созылған бәсеке барысында әлемнің 54 мемлекетінен 1613 сайыпқыран спорттың 12 түрінен сынға түсті. Нәтижесінде 543 медаль сарапқа салынған дүбірлі дода барысында қазақ спортшылары 11 алтын, 8 күміс және 17 қола, яғни барлығы 36 жүлде санымен бейресми командалық есепте екінші орыннан көрінді. Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылу салтанаты өтті. «Қайырлы кеш, Алматы! Қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа FISU халықаралық студенттер спорты федерациясының атынан алғысымды білдіргім келеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке және спорт сүйер қауымға көп рахмет. Универсиаданың тарихында бұған дейін осыншама көрерменді көрмеген едім. Сіздерге көп рахмет!», — деді Халықаралық студенттер спорты федерациясының басшысы Олег Матыцин. Халықаралық студенттік спорт федерациясының жалауын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатовқа ресми түрде табыс-тады. «Келесі Универсиада Ресейде өтеді. Біз Красноярск делегациясының келгеніне қуаныштымыз. Универсиаданың арқасында достығымыз да нығая түсті. Красноярскіге келесі Универсиаданы сәтті өткізуге тілекшіміз. Алматы Красноярскіге дайындық шарасына көмектесуге әзір», — деді қала әкімі. Осыдан кейін, Бауыржан Байбек FISU жалауын Красноярскіге табыс етті. «Қонақжайлылығы үшін Алматыға алғысымды білдіремін. Келесі Универсиадаға дейін тура 752 күн бар. Бәріңізді Красноярскіде күтемін», — деді Э. Акбулатов. Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған қазақ қыздары шеберліктерін танытып, жанкүйерлерін қызық ойындарымен тамсандыруын қоймады. Сайысқа шыққан биатлоншы аруымыз Галина Вишневская 12,5 шақырым қашықтықтағы масс-стартта тағы да үздік шықты. Нысана көздеп мылтық атудың төрт шебінде бір-ақ рет қателескен Г.Вишневская бұл қашықтықты 36:15.4 минутта жүгіріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Күміс жүлде – украин қызы Ян Бондарьға, қола орыс қызы Лариса Куклинге бұйырды. Бұдан басқа биатлоншы қызымыз Елизавета Бельченко жақсы жүгіргеніне қарамастан, нысана көздеуде үш рет сүрініп, төртінші орында қалып қойды. Құраманың өзге биатлоншылары Александра Сасина масс-стартты 13-ші, Анастасия Кондратьева 15-ші орынға тұрақтады. Осылайша Г.Вишневскаядан басқа бұл сында сынға түскен 4 спортшының тек біреуі ғана жүлдеге ілікті. Биатлоннан 7,5 шақырымдық жарыс жолында сынға түскен Галина Вишневская топ жарды. Мылтық ату кезінде бір рет «сүрінген» спортшы қызымыз қашықтықты 21 минут 43,1 секундта жүгіріп өтті. Галина шын мəнінде əріптестерін шаң қаптырып кетті. Украиналық Яна Бондарь (+22.8) күміс, ресейлік Анастасия Егорова (+36.7) қола медаль алды. Қазақ- стандық құраманың биатлоншылары Дарья Усанова 7-ші, Анна Кисталова 8-ші, қазақстандық алғашқы алтынның «авторы» Алина Райкова 12-ші, Анастасья Кондратьева 21-ші орынға табан тіреді. Шаңғыдан жеке спринтте классикалық стильде жерлесіміз Иван Люфт топ жарса, екінші орынға ресейлік Владимир Флоров ие болды. Ал қола медаль оның отандасы Егор Березинге бұйырды. Фристайлшы Дмитрий Рейхерд параллельді могулдан алтын жүлдеге қол жеткізді. Финалдық бәсекеде ол ресейлік Сергей Шимбуевпен сынға түсіп, нәтижесінде 13:12 көрсеткішімен басым түсті. «Бұл менің ең соңғы универсиадалық жарысым. Жеңіске деген құлшынысым зор болды. Бұдан екі жыл бұрын алтынды қолдан беріп едім, бүгін, міне, көптен күткен арманым орындалды. Бұл медальдың мен үшін бағасы сол себепті де өте қымбат» деп ағынан жарылды Д.Рейхерд. Иә, Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында (2011 жылы) алтын, өткен Универсиадада (Гранада, 2015 жылы) күміс медаль таққан могулшыға туған жерінің қасиет-құдіреті көмектескен сияқты. Осы жарыста қыздар арасынан Юлия Галышева алтын жүлдегер атанса, ерлер арасында Павел Колмаков қола медальді еншіледі. Жанкүйерлер сенімін аралас командалық спринтте (6х1,1 шақырым) сынға түскен шаңғышыларымыз ақтады. Құрамында Анна Шевченко мен Олжас Климин бар жерлестеріміз 18:23.48 уақытымен ең үздік нәтижені көрсетіп алтыннан алқа тағынды. Екінші орынға Франция командасы (18:28.67) жайғасты. Қола медаль Ресей (18:29.50) спортшыларына бұйырды. Қазақстандық тағы бір жұп – Ольга Мандрика мен Сергей Малышев жұбы алтыншы орында (19:11,72) қалып қойды. «Алматы Арена» мұз айдынды спорт сарайында ерлер арасында қысқа бағдарламада мәнерлеп сырғанау жарысы төрт жарым сағатқа созылды. Жерлесіміз Денис Тен кезегі бойынша айдынға ең соңынан, 24-ші болып шықты. Ел намысын қорғаған Абзал Рахымғалиевтің айдынға алғашқы топпен бірге шықты. Мәнерлеп сырғанаудың ақырғы қорытындысында төрешілер А.Рахымғалиевті 7-ші орын лайық деп тапты. Екі жарыстың қорытындысы бойынша ол 12-орынға табан тіреді. Төрешілер еркін бағдарламада Денис Тен 172,06 балл жинады деген ұйғарым жасады. Алдағы қысқа бағдарламамен екеуін қосқанда қазақ спортшысы 266,97 балл жинап, алтын медаль алды. Бұл Қазақстан құрмасының 10-шы алтын медалы болатын. Бұл сында топ жарған 23 жасар Д.Тен қуанышын жасыра алмады: «Өз еліңде өтіп жатқан жарыста өнер көрсеткен кезде қатты қобалжиды екенсің. Мен де сондай күйді басымнан кештім. Бірақ жеңісті қолдан бермеу үшін барымды салдым. Оның үстіне сан мың жанкүйердің қолдауы мені қанаттандырды. Сол қолдаудың арқасында алдыма жан салмадым. Осы жеңісті жол алдағы уақыттарда да жалғасады деп үміттенем. Негізгі мақсатым – 2018 жылы алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында барынша зор нәтижеге қол жеткізу» деді Д.Тен. Иә, айтса айтқандай ел намысын абыроймен қорғап жүрген, Алматы қаласының тумасы Д.Тен келесі жылы Корея Республикасының Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы Олимпиадада топ жаруы ықтимал. Олай дейтініміз жерлесіміз бұдан үш жыл бұрын Ресейдің Сочи қаласында өткен XXII Қысқы Олимпиадада қола медальды олжалаған болатын. Әрі Д.Теннің шеберлігі жылдан-жылға артып келе жатқандығын ескерсек, келесі жылдың дәл осы уақытында басталатын дүбірлі додада отандасымыз бірінші орын алатыны сөзсіз болып отыр. Қыздар арасындағы қысқа бағдарламада мәнерлеп сырғанау жарысында отандастарымыз сәтті өнер көрсетпеді. Біздің қыздар бірінші және екінші топқа түсті. Мықтылар үшінші мен төртіншіде. Мәселен, біздің Айза Мамбекова 42,41 ұпай жинаса, Элизабет Тоқтамышева 69,01, Елена Родионова 69,02 ұпайға қол жеткізді. Жапон қыздары Рио Нихая 61,90, Хинаго Исобо 59,60 ұпайға ие болды. Шаңғышы қызымыз Анна Шевченко бір додада бір өзі мойнына бес медаль тақты. Бір алтын, бір күміс, 3 қола! Шаңғымен жүгіруден өткен 15 шақырымдық масс-стартта ең алғашқы күнгі бәсекедегі сияқты Аннаның жолын әдеттегідей ресейлік бәсекелестері Лилия Васильева (алтын) мен Анна Нечаевская (күміс) кесті. Ал ерлер арасында бұл қашықтықта бірінші орынды француз спортшысы Жоути Баптистеге берген Роман Еремин күміс, Антон Пантов қола медаль алды. Шорт-тректен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынында 1500 метрлік жарыста Оңтүстік Корея спортшылары шашасына шаң жұқтырмады. Жастар арасындағы чемпионаттар мен Әлем кубогы кезеңінің жүлдегерлері Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаның, Нұрберген Жұмағазиев пен Айдар Бекжановтың шеберлігіне сенгендейміз. Дегенмен кореялық шорт-трекшілер қандай қашықтыққа болса да жол талғамайтындықтарын бірден көрсетті. Финалдық жарыста 1000 метрге жүгірген Айдар Бекжанов пен Денис Никиша үмітімізді ақтай алмады. Жарысты тәп-тәуір бастаған сайыпқырандарымыз соңғы айналымдарда кореялық екі спортшыдан қалып қойды. Денис қолаға қол жеткізді, Айдар 4-ші орында қалды. Ал шорт-трекші қыздарымыз 500 және 1000 метрлік қашықтықта жүгіруден жүлдесіз қалды. Алайда, 3 мың метрлік командалық эстафетада төрт елден қатысқан әрбір 4 спортшы сайысында біздің Мәдина Жанбосынова, Ким Лонг А, Анита Нагай, Анастасия Крестова абырой болғанда, қола жүлдеге қол жеткізіп ел мерейін үстем етті. Конькимен жүгіруде ел қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Медеу мұзайдынында аяқталған конькиден 1000 метр қашықтықта жерлесіміз Екатерина Айдова қола жүлдеге қол жеткізді. Ең үздік нәтиже көрсеткен Ресей спортшысы Александра Качуркина (1:19:10) алтын медальға ие болса, екінші орынға оңтүстіккореялық Ким Хьюн-Юн (1:19:19) көтерілді. Үздік үштікті Екатерина Айдова (1:19:53) түйіндеді. Шорт-трекші спортшылардың сәтсіз өнері мен корей елінің жастарының бұл спортта бірнеше алтын ала берудің салдарынан бас жүлделердің саны жағынан Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары теңесті. Енді ерлердің 5000 метрлік эстафетасында сайыпқырандарымыз топ жарады деп үміттендік. Осы жолы корей өрендер топ жаратын болса, онда отандастарымыз үшінші орынға сырғып түсетін еді. Сол үшін де елдің елдігі сынға түскен сәтте Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша, Нұртілек Қажығалиев және Нұрберген Жұмағазиев сынды сайыпқырандарға айрықша сенім арттық. Алайда бұл кеште біздің жігіттерге алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. Олар қола медальді еншіледі. Бірақ жерлестеріміздің жағдайын Қытай спортшылары құтқарды. Аспанасты елінің өкілдері бас жүлдені олжаласа, Ресей құрамасы екінші орынды иеленді. Оңтүстік Кореяның оғландары бұл жолы жүлдесіз қалды. Универсиада ойындарының жартылай финалдық матчында Қазақстанның хоккейден құрама командасы Чехиямен кездесті. Бірінші кезеңде есепті чех Дэниел Арност ашты. Бірақ Константин Савенко көп ұзамай есепті теңестірді. Екінші жиырма минутта Чехияның қақпасын Дмитрий Гренц пен Павел Акользин бұзып, қақпаға шайбаларды тоғытты. Ойынның үшінші бөлігінде шайбаны қазақстандық Алексей Анциферов соқты. Осыдан кейін Қазақстан финалда Ресеймен кездесті. Бұл матчта ұлттық құрамамыз 0:1 есебімен ұтылып қалды. Жабылу салтанаты «Алматы-Арена» стадионында 1,5 сағатқа созылды. Көрермендер қызықты оқиғаларға толы шоу-бағдарламаларды тамашалады. Аталмыш шараға Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қатысты. Шараның қызықты сәттерінің бірі – келесі Универсиада ойындарының эфстафетасын қабылдап алатын Красноярск қаласының «визиттік картасы» еді. Осы елеулі оқиғаға байланысты, шараға Красноярск қаласының басшылығы мен шығармашылық тобынан тұратын делегация қатысты. Жабылу салтанатының шарықтау шегі – FISU жалауын келесі форум астанасы – Красноярск қаласына беру сәті болды. Көрініс жастар ұйымшылдығы мен Қазақстан халқы бірлігінің жарқын символына айналды. Қазақстанның студент жастары жалпыкомандалық есептегі екінші орнын сақтап қалды. Отандастарымыздың қоржынында 11 алтын, 8 күміс және 16 қола медаль бар. Оңтүстік Корея үшінші орында қалды. Олар 11 алтын, 5 күміс және 5 қоланы еншіледі. Көш басында – Ресей. 29 алтын, 27 күміс және 15 қоланы олжалаған көршілерімізді ешбір команданың қуып жете алмайтынын дәлелдеді. Жапония (6+12+10) мен Польша (5+2+5) үздік бестіктің қатарында. Бас жүлде алған мемлекеттердің қатарында Қытай (4+4+2), Франция (4+2+2), Италия (4+0+0), Беларусь (3+2+1), Украина (2+3+4), Чехия (2+2+5), Австрия (1+2+5), Канада (1+1+0), Ұлыбритания (1+0+0) және Латвия (1+0+0) бар. Сондай-ақ күміс пен қола медальді иемденгендер санатына Голландия (0+3+1), Швейцария (0+2+3), Германия (0+2+1), Австралия (0+2+0), Финляндия (0+2+0), Словения (0+2+0), Швеция (0+1+3), АҚШ (0+1+1), Словакия (0+0+2), Армения (0+0+1) және Норвегия (0+0+1) қосылып отыр. Бұл Универсиада ел тарихындағы ең нәтижелі көрсеткіш болып отыр. Бұған дейін, дәлірек айтқанда 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен қысқы студенттер сайысында Қазақстан командасы 5 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алған болатын. Бір байқағанымыз бұл бәсекеде қазақ балаларының қарасы тым аз болды. «Қысқы спортта неге қазақ жоқ» деген сұраққа бапкерлер өзге ұлттар болғандықтан, өздерін тартады деп жатқандар да баршылық. Алайда шындығында олай емес. Барлық олқылық өзімізде екендігін білмейміз. Мәселен, өзге ұлт өкілдері табиғатты жоғары бағалап, әрбір демалыс күндері қала шетіндегі көрікті жерлерге барып тыныстауды дағдыға айналдырған. Таяуда Рождество мерекесінде Медеу шатқалында, Шымбұлақ тау баурайында демалып жүрген орыс әріптестеріміз көріп таңдандым. Қазақ – тойшыл халық. Бұндай кезде қаракөз қандастарымыз болса мереке кезінде қонақ шақырып тойлар еді. Жасыратыны жоқ, елімізде қысқы спорт тауарларының бағасы шарықтап тұр. Мысалы, Шымбұлақта шаңғы мен сноубордты прокатқа алу бағасы 15 мың теңгеден басталады екен. Алматыдағы ең арзанқол деген «Limpopo» атты спорт дүкенінде шаңғы таяқшалары 2500, тау шаңғысы 24 900, тауға арналған бәтеңкелер 19 900, коньки 10 900, хоккейшілерге арналған коньки 11 900, шана 5900 теңгеден басталады. Қазіргі технология заманы жеткіншектеріміздің алтын уақытын алуда. Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Қала тұрмақ, ауылға талай барғанымда далада ойнап жүрген балаларды аз көремін. Интернет, гаджет, айфон, ұялы телефон, ноутбук және т.б. техникаға телміріп ойын ойнап, сурет салып, видео-роликтерді айналдырып үйден шықпауды қазіргі жасөспірімдер әдетке айналдырған. Кез келген автобусқа мініп қарасам қазақтың бойжеткен қыздарымыз ұялы телефонынан көзін алмай тесіліп қарап отырады. Заманауи технология жастардың санасын улап, денсаулығына зиянын келтіруде. Осыдан барып жастар қысқы спорт тұрмақ, жүгіре алмайтын дәрежеге жетті. Бұдан бөлек қазіргі жеткіншектер машинаға құмартып алыпты. Жаяу жүргенді ұнатпайды. Ал, жүру, секіру, жүгіру сынды қарапайым бөліктерден құралған жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, бұл спортты менсінбеген жастардың қысқы спортқа келуі екіталай. Қысқы спорты өте жақсы дамыған Норвегияда халықтың жартысынан көбі тұрақты түрде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады екен. Ол үшін елде барлық жағдай жасалған. Яғни, бұқаралық спортты дамыту арқылы, Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындаудың жеңіл жолын тапқан. Енді мына дерекке назар аударайық. Норвегияның 30-40 мыңдық қалашықтарының басым бөлігінде кем дегенде 200 шақырымдық велосипед жолы, 3 шаңғы жолы, халықаралық талаптарға сай стадион және өзге де спорт нысандары болады екен. Шаңғы жолдарының барлығы жарықпен қамтамасыз етілген. Яғни тәуліктің кез келген уақытында жаттығуға мүмкіндік бар. Ал спорт залы мен мұз айдыны кез келген елді мекенде бар. Бұл елде біздегідей мемлекеттің есебіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері жоқтың қасы. Себебі жас спортшыларды тәрбиелеу әртүрлі үйірмелер мен жеке спорт клубтарының есебінен жүзеге асады. Қазіргі күні Норвегияда кәсіпқойларға арналған 12 мыңнан асатын спорт клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, әуесқойлар үшін тағы сондай мөлшерде клубтар жұмыс жасауда. Мұның барлығында биатлон үйірмесі бар. Бұл жұмыстардың барлығы 1990-жылдардың басында елдегі «Спорт барлығы үшін!» атты науқанның аясында жүзеге асқан. Аталмыш шара аясында спортқа қолдау көрсететін арнайы қор жұмысын бастапты. Бұл қордан қаржы алған спорт клубтары өз аймағындағы барлық балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға міндетті көрінеді. Елбасымыздың 2020 жылға қарай ел халқының кем дегенде 20 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы тапсырмасын шын жүзеге асыруды қаласақ, бізге де Норвегияның тәжірибесіне сүйенгеніміз абзал.

488 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы