• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2011

Халықтың асыл перзенті еді.. Көрнекті мемлекет қайраткері Әбілқайыр Досов туралы айтылмаған ақиқат

Тілеу Көлбаев,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик,

ҚР Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

«Ұлттар Советінің басты міндеті – мешеу қалған, тағдырдан зәбір көрген аз ұлыстардың мұң-мұқтажын, ынта құлшынысын анықтау...

Біздің жұмысымыздың алғашқы тәжірибесі көп нәрсені көрсетіп берді. Досов жолдас – соның ең айқын мысалы. Досов жолдас – Ұлттар Советінің мүшесі. Қазақ республикасының өкілі. Ең аш-жалаңаш, ең артта қалған Қазақ Республикасы өкілінің қызу да жалынды шешен, былайша айтқанда, Одағымыздың алдына көп мәселе қойған ең талапшыл азамат ретінде көрінуі кездейсоқ емес.

Досов жолдас қазақ шаруаларының ғана емес, жалпы шаруалардың атынан сөйлейді, ал біздің өкіметіміз жұмысшы мен шаруа одағы сияқты қондырма негізінде тұр».

М. И. Калинин.

(1924 жылы 29 қазанда ВЦИК-тің екінші

сессиясын жабарда сөйлеген сөзінен).

«Сіздерде берекелі астық өсірілді, бұған бір жағынан, әрине, ауа райының жағдайы – жаңбыр мен қардың көп болуы да қолайлы әсер етті. Мол өнімді алуда облыс басшылары ең алдымен «Біздің және сіздердің Досовтарыңыз» бастаған коммунистер мен барлық еңбеккерлердің зор қажыр-қайрат жұмсауы да үлкен рөл атқарады. «Біздің» деген сөзді айтқанда Әбілқайырдың Москвада ұзақ уақыт бойы ВЦИК-те, ал кейіннен ВКП (б) Орталық Комитетінде жұмыс істегенін еске алып отырмын. Қазақстанда басшы кадрлар жөнінде қиыншылықтар туғанда Досов сіздеге көмекке жіберілді. Біз оны жақсы жағынан білетінбіз...»

С. М. Киров.

(1934 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облыстық

партия комитетінің бюро мәжілісінде сөйлеген сөзінен).

Шежіре-тарих өз қойнауына қанша сыр бүгіп жатыр десеңізші! Зер салып үңілген сәтте өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлауға әзірленіп жатқан жасампаз еліміздің өткен жолындағы белестер, алуан асулар әрбір шыққан биігіміз үшін тері мен қанын төккен азаматтар тұлғасы айқын көрінеді. Сондай бел-белестерде жалынды ғұмыр кешіп, елінің, халқының бақытты болашағына бар өмірін арнаған аяулы азаматтарымыздың бірі Әбілқайыр Досов еді. Оның есімі, өмірі, ісі кезінде ел аузында аңыз болған, ақындар аузында жыр болған, С. Сейфуллин өзінің «Жолдастар» әнін осы Әбілқайыр мен М. Саматовқа арнаған. «Еңбекші табының шын қорғаушысы Әбілқайыр Досұлына арнадым» деп «Біздің ұлан» жырын жазған. «Қызыл сұңқарлар» пьесасындағы күрескерлер қатарында Әбілқайырды атаған. Сәбит Мұқанов «Менің мектептерім» романының үшінші кітабында ол туралы арнайы тоқталып, әділ де тамаша жылы пікірлер айтқан.

Әбілқайыр Досов  бұрынғы Ақмола губерниясы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысындағы Әйтен ауылының кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Ысқақ сирағы шыққан кедей болған. Қыстаудан жайлауға қоныс аударып, көшіп-қонуға да көлігі болмаған. Сондықтан ол қысы-жазы қолөнерді кәсіп етіп, арбаға доңғалақ, ыдыс-аяқ, тағы басқа да бұйымдар істеумен шұғылданады. Кейін бұлай күн көру мүмкіншілігнен де айырылады. Өйткені шикізат табатын орман-тоғайлар үстем таптың жер-су жөніндегі басқармасының қатаң бақылауына алынып, онда кедей таптың жүруіне, байлығын пайдалануына тиым салынады. Ысқақтың отбасында алты бала болады. Ал оларды асырау енді өте қиынға соғады. Сондықтан Ысқақ он жасар ұлы Әбілқайырды кісі есігіне беруге мәжбүр болды. Сәкен Сейфуллин жырлауынша:

Әкесі оның күндіз-түні,

Ауыр бейнет көрген күні –

Жылқы баққан.

Сорлы анасы тезек теріп,

Барлық күшін байға беріп,

Отын жаққан.

Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында Ә. Досовтың 1937 жылы 17 тамызында, Оңтүстік Қазақстан облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеп тұрған кезінде,  өз қолымен орыс тілінде жазылған өмірбаяны сақталған. Онда: «... шамамен 1909-1910 жылдары әкем мені алғаш рет ауылдас бай Сатыбай Байғүшевке бақташы-батырақшылыққа берді. Содан кейін Дәуіш Айтанов байдың, орыс кулактары                                    Н. Комарныйдың, А. Мельниковтың және басқалардың қарамағында істедім. Соңғы рет Қотыркөл станциясында Николай Хомуллоның батырағы бола жүріп, суретпен әуестендім, орыс алфавитін жаттап алып, әліппе оқи бастадым. Мұныма оның мұғалім ұлы Николай Николаевич Хомулло назар аударып, мені орысша сауат ашуға үйретті.

1914 жылдың күзінде Н. И. Хомуллоның ұсынысы бойынша Қотыркөлдегі станциялық мектепке түстім. Қыстыгүні мектепте оқып, жазғы каникул кезінде оның қарамағында жұмыс істейтін болып келістім. Бастауыш станциялық мектепті бір маусымда тәмамдап, 1915 жылдың күзінде Шучье станциясындағы жоғары-бастауыш училещеге орналастырылдым. Мұнда бір-ақ жыл оқыдым. 1916 жылы Омбы қаласындағы жетімдер мен панасыз балаларға арналған орыс-қырғыз (қазақ) пансионына орналастым. Омбыда ауыл шаруашылығы училещесінің студенті Мұхтар Саматовпен таныстым. Оның шақыруымен сондағы қазақ оқушы жастарының жиналыстарына барып жүрдім. Кейін Омбыда оқитын қазақ оқушыларының «Бірлік» мәдени-ағарту қоғамына мүше болып кірдім. Бастапқыда жекелеген ұсақ тапсырмаларды орындап жүрдім. Содан соң маған астыртын шығаратын студенттер журналы «Балапанды» шапирограф арқылы басып шығару және оның мұқабасына карикатулар салу тапсырылды.

Міне, осылайша мен қоғамдық-саяси жұмысқа тартылдым. «Бірлік» қоғамы ресми түрде қазақ оқушыларына көмек көрсететін мәдени-ағарту қоғамы болып аталғанымен, шын мәнінде ұлтшылдық бағдарламасы бар саяси қоғам болды. Қоғам жиналыстарында «мәдени» мәселелер ғана емес, саяси мәселелер де – ауылдағы саяси режим, жер, қалың мал, мектеп және тағы басқа мәселелер талқынатын.

Февраль революциясы күндерінде мен Омбы қаласының халықтық миллионері болдым. Содан кейін мамыр айында Омбы коалициялық комитеті жанындағы қырғыз (қазақ) секциясы мені Омбы уезінде комитет билігін және ұйымдарын құру жөніндегі нұсқаушы етіп жіберді. Ал 1927 жылғы маусымда қырғыз секциясы Көкшетау уезіне қырғыз уездік съезін шақыру жөніндегі нұсқаушы-комиссар етіп аттандырды. Маусымның аяғында Көкшетауда съезд өткізіліп, оған анығында кешегі билеушілер, ақсақалдар, рубасылар, молдалар жиналды. Уездік қырғыз комитеті сайланды. Комитет мүшелігіне ұсынылған менің кандидатурам өтпей қалды. Оған менің съезге қатысқан, өңдерін айналдырып шыға келген билеушілерге, ақсақалдар мен молдаларға қарсы айтқан өткір сөзім себеп болды. Солардың арызы бойынша мені қырғыз секциясы нұсқаушы-комиссарлық міндеттерді орындаудан алыстатты.

Осы күндері мен Көкшетау қаласында алғаш рет Сабыр Шәріпов және жергілікті гарнизонның әскери инженері Демецкий жолдастармен таныстым. Солар арқылы саяси партиялардың бағдарламаларымен танысып, өзім шеше алмаған, жете түсінбеген мәселелердің анық-қанығына жете бастадым. Біз барлық митингілерде, жиналыстарда монархиялық құрылысқа, қанаушыларға, приставтарға, жандармдарға, уездік бастықтарға, болыстық билеушілерге, ауыл атқамінерлеріне, рубасыларға қарсы болғанымызбен, съезге олар жай қатысып қана қоймай, комитетке де сайланып кеткендігі мен үшін қорқынышты болды.

Демецкиймен, Шәріповпен таныстық менің облыстық қырғыз съезіне деген көзқарасыма ықпал етті. Делегат болып сайланғаныма қарамастан, оған барудан бас тарттым. Көкшетау уездік совдепіне нұсқаушы болып жұмысқа орналастым. Маусымның аяғында Көкшетау қаласында Россия большевиктерінің социал-демократиялық партиясына өттім.

1917 жылғы қазанда оқуымды жалғастыру үшін Омбыға қайтып оралдым. Бірақ, көбінесе митингілер мен жиналыстарда жүретіндігімнен, Омбы жоғары-бастауыш училищесінің директоры Востриков мені училищеден шығарып жіберді. Осы кезге дейін алашорда партиясының бағдарламасы жарияланып қойылған болатын. Соған орай «Бірлік» қоғамы мүшелерінің басым көпшілігі алашорда партиясына еш кешеуілсіз қосылуды жақтайтындықтарын білдірді.

...Октябрь күндерінде Омбыда біздің тобымыз Советтер жағында белсене атсалысты. 1918 жылғы Чехославак төңкерісінен кейін (бұл кезде мен Омбы уезінде, ауылда жолсапарда жүргенмін) Омбыда қалуға болмайтын еді. Омбыдан далаға қашуыма тура келді. Үлкен қиыншылықтармен өз ауылыма келіп, 1918 жылғы жаз бойы жасырынып жүруге мәжбүр болдым. Бұл төзгісіз жағдай еді: орманда, қазақ ауылдары тастап кеткен қыстауларда қаңғып жүрдім. Күллі дүниеден бөлініп қалып, ешкіммен байланысым болмады, айналада не болып жатқанын білмедім. Тек большевиктерді тұтқынға алып жатқандығы жайлы қауесеттерді ғана естідім.

Қыс түскен соң бұл жағдай тіпті ерекше қиындады. Желтоқсанда, қаңтар айының басында мен орыс поселкелеріне біртіндеп келе бастап, оқиғаларға жақынырақ болуға тырыстым. Бұл орайда маған ауылдастарым көмек берді. Біздің болыстың қазақтары маған өте ықыласты қарады. Мұның өзіндік себебі бар. Өйткені, мен Көкшетау уезіндегі қожалықтарының саны 900-ден аспайтын шағын Керей руынан боламын. Сондықтан, олар мені большевик болғандықтан емес, кәдімгі рулас ағайын ретінде сақтауға тырысты. Тіпті мені керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін болыс бойынша арнайы қаржы жинау жүргізілгені де жадымда.

... Қаңтар айында мен Шучье станциясындағы гимназияға орналасуға әрекеттендім. Бірақ, бұл «оқуым» небәрі бір жарым айға ғана созылды. Тәжірибесіздігімнің, өз көзқарастарымды сақтықсыз айтуымның салдарынан мені станица атаманы Иванов тағы да тұтқындады. Тек кездейсоқ жағдайлардың жәрдемімен 1919 жылдың наурыз айында тұтқыннан қашып шықтым.

1919 жылдың жазында колчактік террор бұрынғыдан да күшейтілді. Большевиктерге іштартушыларды ғана емес, сонымен бірге поселкелерде әрбір оныншы адамды ату басталды. Бұл террор Көкшетау уезіндегі бірқатар селоларда ірі толқулар, наразылықтар туғызды. 1919 жылғы шілдеде орман ішінде Полиенко жолдастың басшылығымен партизан отряды ұйымдастырылды. Партизан отрядында маған Ақмоламен байланыс орнату тапсырылды. Колчак әскерге алған жас  орыстар мен қазақтарды кері қайтару, оларды партизан отрядына тарту міндеті жүктелді. 1919 жылғы қазанда Полиенконың партизан отряды Көкшетау қаласын алып үлгерген     5-інші армияға, ұмытпасам, 375-інші атқыштар полкі құрамына қосылды. Мені Көкшетау қаласына қалдырып, уездік ревкомның мүшесі әрі контрреволюцияға қарсы күрес жөніндегі уездік төтенше комитетінің төрағасы етіп тағайындады.

1919 жылғы желтоқсанда қайтадан өзімнің партиялық жағдайымды хаттадым. Себебі мені 1917 жылы өз қатарына қабылдаған Көкшетау партия ұйымы ретінде хатталмаған әрі Омбыда тіркелмеген болып шықты. Ол санының аздығына орай әрі Петропавл партия ұйымына кіретін Көкшетау тобының ячейкасы болып есептелген екен. 1920 жылғы маусымда БК (б) П Орталық Комиті Сібір бюросының қарамағына шақырылып, оның татар-қырғыз секциясының хатшылығына тағайындалдым. Сібір бюросының органы – «Кедей сөзі» қазақ газетінің редакторы қызметін қоса атқардым.

Поляк науқанының басталған кезінде мен Батыс Сібір саяси басқармасының қарамағына Сібірдің ұлттық бөлімдеріндегі арнаулы жұмыс жөніндегі инспектор ретінде ауыстырылдым.

1920 жылдың күзінде Қырғыз (қазақ) республикасының ұйымдастырыллуына байланысты мені БК (б) П Орталық Комитетінің ұсынысы бойынша Орынборға, Қырғыз обкомының қарауына жіберді. Қазақ Орталық Атқару Комитеті президиумының мүшесі және оның хатшысы, ал 1922 жылы Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. 1925 жылы бұрынғы Түркістан республикасынан Қазақстанға беріліп жатқан біріктірілген облыстардың (Сырдария және Жетісу облыстары) Түркістан облыстық ревкомының  төрағасы болдым. Сол жылы облревком таратылғаннан кейін Орал облаткомның төралығына сайландым.

1926 жылдың аяғы – 1927 жылдың басында Орталық Атқару Комитеті президиумы жанындағы Қазақстанның өкілі ретінде Москваға жіберілдім. 1927 жылы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті президиумының мүшесі болып сайландым. 1930-1933 жылдары БК (б) П Орталық Комитеті аппаратында жауапты нұсқаушы болып істедім. Содан кейін 1933 жылы Қазақ өлкелік комитетінің қарауына жіберіліп, Шығыс Қазақстан обкомының екінші хатшысы, ал 1934 жылдан 1936 жылға дейін Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы болып қызмет атқардым. 1936 жылдың қыркүйек айынан бері Оңтүстік Қазақстан обкомының хатшысы болып істеймін.

Ешқандай оппозицияға қосылған емеспін. БОАК-те, БК (б) П Орталық Комитеті аппаратында жұмыс істеп жүріп, троцкистермен, оңшылдармен және басқа да партия, халық жауларымен белсенді күрес жүргіздім. Москвада болған кезімде «Қызыл пролетарий» заводының ячейкасында есепте тұрдым,  БК (б) П Москва қалалық және Ленин аудандық комитеттерінің тапсырмаларының барлығын ұдайы орындап отырдым.

Партияда болған бүкіл уақыт ішінде ешқандай партиялық жаза алған емеспін.

Ә. Досов

17 тамыз 1937 жыл

Шымкент қаласы.

(«Көкшетау», 1991, 26 қараша).

Ұлы Отан соғысының еңбек ардагері Тасқара Мұқашевтің естелігінен: « ... Дос – Әбілқайырдың ұлы атасы. Ал менің ұлы атам Тәжібай онымен бірге туған адамдар. Достан Әбілқайырдың әкесі Ысқақ, ал Тәжібайдан менің әкем туған. Халқымыздың ежелгі ата тарату дәстүріне жүгінер болсақ, Әбілқайыр маған немере аға болады.

Ысқақ қартайған шағында 1937 жылы Степнякта қайтыс болды. Одан туған төрт ұл, бір қыз болған. Олардың ең үлкендері Әбілқайым мен Смағұлдың және кенже қызы Мәрзияның бала-шағалары қазір де Степнякта тұрады. Ал Әбілқайырдың Мамырбек деген інісінен ұрпақ жоқ. Осы Мамырбек пен Мәрзия біраз уақыт Әбілқайырдың тәрбиесінде болған. Мен Степняктан сегіз шақырымдай жерге қоныстанған бұрынғы Әйтен ауылында тудым. Әбілқайырдың да туған жері осы ауыл. Оның Әйтен аталу себебі де бар. Достың Әйтен деген ағасы болыпты. Өзі ақылды, ел-жұртына мейлінше силы адам екен. Кейін ауыл сол кісінің атымен аталып кеткен көрінеді.

Шамамен 40 шақты түндігі болған осы Әйтен ауылынан Әбілқайырды әкесі Ысқақ көршілес Қотыркөл станциясындағы орыс мектебінде оқуға берді. Өзі оқымаған, қараңғы бола тұрып, баласын оқытуға талпынып, оның осындай қадам жасауына не себеп болғанын кім білсін, бірақ, атамыздың мұндай парасатттылығына бүгінде әрі қайран қаласың, әрі шексіз разы боласың.

Әбілқайырдың анасы Жұпқар деген кісі. Ертеректе қайтыс болған, үй шаруасындағы қарапайым ғана қазақ әйелдерінің бірі еді. Совет өкіметі орнап, Әбілқайыр бүкіл елге танылған партия қызметкері дәрежесіне жеткенде елдегілер оның анасына құрмет көрсетіп, оны бұдан былай «Тұлпар» деп атап кетіпті.

... Мен ол кезде бала болсам да сонау отызыншы жылдарда Әбілқайырдың елге келгенін, осында көптеген жұмыстар атқарғанын білемін. Мұны әкем марқұмнан да талай естігенім бар.

Қазір мен сияқты қартайған қариялар жағы отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықты әлі де ұмытқан жоқ. Біздің 50 түндігі бар Әйтен ауылындағылардың жартысына жуығының аштықтан қырылғанын мен өз көзіммен көрдім. Сегіз-тоғыз жастар шамасындағы кезім, әкемнің жанынан қалмай Степняктағы шағын асхананы төңіректеп жүрген кезімді қайтып ұмытармын. Шешем байғұс даладан масақ теремін деп ол қаңғырып кеткен.

Міне, халықтың басына түскен сол бір сұрапыл ауыртпалық кезінде Әбілқайыр Досов бір жолы елге келіп, Казгородок селосындағы ата-аналары аштықтан өліп, жетім қалған балаларға  арнап жеке үй салуға көмектесті. Аштықтан бұратылып, өлім халіне жеткен талай балалар осында әкелініп, аман қалды. Өзімнің бірге туған Зейнеп деген апам мен Өтеген інім де осы балалар үйіне жеткізіліп, соның арқасында тірі қалды.

Ауданымызда Біржан атындағы совхоз бар. Бұрын ол «Восточный» деп аталатын. Ал Совет өкіметі орнағанға дейін ертерек заманда бұл араны Қойтас деп атайтын. Әр жерде шоштиған-шоштиған тастары көп осы Қойтас бұрын Әйтен ауылының жаз жайлауы болыпты. Әбілқайыр Досов осы жайлауда киіз үйде туыпты. Кейінде, бала күнімде, ол қасында Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов бар, Қойтас жайлауына келгенін мен өз көзіммен көрген едім. Осы маңайда «Шоқы» деген колхоз құрылды. Міне, осы колхозда алғашқы «Қызыл отауды» ұйымдастырып, оның жұмысына бағыт-бағдар берген де Әбілқайыр Досов болатын.

Бір кездері Степняк қаласы еліміздің алтын қорына өзінің сыбағалы үлесін қосқаны тарихтан белгілі. Мұнда бірнеше шахта, алтын  жуатын екі фабрика болған. Бірақ, әлгінде айтқанымдай, отызыншы жылдардың бас кезіндегі ашаршылық уақытында бұл шахта – фабрикалардың да жабылып қалу қаупі туған-ды. Өйткені, тамақ жоқ, халық аш. Күнкөріс үшін адамдар жан-жаққа бытырай бастайды. Ал елге алтын да керек, онсыз тағы болмайды. Дәл осылай қысылтаяң кезде Әбілқайыр Досов шахталар мен фабрикалардың жабылып қалмауына бар күшін салды. Ол өзінің ағайын-туыстарына дейін үгіттеп, жағдайдың бар қиындығын айтып, алтын жуатын фабрикаларға көлікпен отын тасуды ұйымдастырды. Маңайдағы ауылдардың адамдарын шахта мен фабрикаға жұмысқа тарта отырып, Әбілқайыр әрі олардың аз да болса «паек» алып, аштан өлмеуін, әрі алтын өндірісні тоқтатпауды ойлайды.

1934 жылы Степнякта С. М. Киров келгенде шахталардағы жағдай біршама түзеліп қалған еді. Бертінде Кировтың осында болғанын құрметіне «Интернациональная» деп аталатын орталық шахта ауласында оның мүсіні жасалып орнатылды. Сонымен бірге Степнякта алтын өндірісі жолға қоюға көп еңбегі сіңген осы араның төл перзенті, халқының ардақты ұлы болған Әбілқайыр Досовқа да ескерткіш орнатылса, не болмаса оны есте қалдырарлық басқа да бір шаралар қарастырылғанда, қандай жақсы болар еді.

Тек «әттең» дейсің де қоясың. Мені бар мұңым да, айтар тілегім де осы «әттеңге» байланысты. Егер бүгінгі ұрпақ Әбілқайыр Досов сияқты бар өмірін Совет өкіметін орнықтыру үшін бағыттап, сол жолда талай тайғақ кешуден өткен ардақты ағаларын білмесе, бағаламаса, оларға ең болмағанда туған жерінде бір белгі қоюды ойына алмаса, бұған қалай мұңаймассың. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қазір Степнякта, немесе жалпы Еңбекшілердер ауданында Әбілқайыр Досовты еске аларлық не бар?

Жарайды, бір кезде Әбілқайыр Досов жазықсыздан-жазықсыз «халық жауы» атанып, оның есімін атауға да тиым салынғаны белгілі. Бірақ, оның жаладан неқақтан-неқақ құрбан болғаны, елінің, халқының алдында ешқандай да кінәсі жоқ екені анықталды ғой. Содан бері де аз жыл өткен жоқ. Ал осы уақыт ішінде  Әбілқайыр Досовты өзге жерде емес, өзінің туып өскен жерінде халқына қайта табыстыру жөнінде не істеліпті? Бүкіл облысымыз болып әлі күнге жейін жалғыз Қотыркөл мектебіндегі шағын музейге» шүкіршілік етіп келеміз. Осы да дұрыс па, осы да әділдік пе?

Большевик Рузаевтің есімімен бүкіл аудан аталады. Сондай-ақ аудан орталығында оған қойылған ескерткіш те бар деп естимін. Ал сол Рузаев Әбілқайырдың тұстасы, серігі еді ғой. Осыдан кейін ауданының орталығында оған адам сияқты бір ескерткіш орнатуға, не орталық клубта, не мектептердің бірінде қазір жер-жерде бытырап жүрген құжаттарды жиыстырып, арнайы музей ашуға не бөгет болып келеді? – деген сұрақ көкейіңде тұрады.

Менің ойлауымша ештеңе де бөгет емес. Бәрі енжарлықтан, өткен тарихымызды білмеусізден, білген күнде бағаламауымыздан, құлықсыздығымыздан деп ойлаймын. Бұған және кешегі тоқырау заманының салқыны да тимей қойған жоқ.

Тек жалғыз-ақ тілегім сол, өзіміздің ардақты жерлесімізге туған жерінде лайықты ескерткіш боларлықтай игілікті шараларды да қарастырсақ дегім келеді. Бұл тілегімді ауданымыздағы Степняк қаласындағы тұрғылықты халық та теріс демес.

(«Көкшетау правдасы»,

1988 жыл, 20 маусым).

Әбілқайыр Досовтың кең байтақ республикамыздың  әр түкпірінде Совет өкіметін орнатып, социализм құрылысын өркендету ісіне қуатты құштарлықпен араласып, артында өшпес із қалдырғандығын естеліктер мен хаттарда жазылған жарқын мысалдар да айғақтайды. Мәселен, Әбекеңмен үзеңгілес болған мемлекет қайраткері Ермекқали Нығметов өз естелігінде    Ә. Досовтың Семей губерниялық атқару Комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде Қарқаралыда панасыз жетім балалар үйін аштырғандығын тілге тиек етеді. Павлодар қаласының құрметті азаматы, қарт ұстаз, еңбек ардагері Оспан Жәнібеков: «Семейге ауыл кедейлерінің балалары келіп жатқанмен, сондағы біз оқыған педагогикалық техникумға түсуге білімдері жетпейтін. Соны  ескерген Әбілқайыр өзі бас болып, «Қазақ ересек жастар мектебін» ашқызып берді», – дейді.

(«Лениншіл жас»,

1986, 28 қараша).

(Жалғасы бар).

1009 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы