• Әдебиет әлемі
  • 13 Ақпан, 2017

ҚАРДЫҢ БИТІ

Ержан ЖАУБАЙ

1984 жылы Моңғолияның Цэнгэл ауылында туған. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде оқыған. Бүгінгі таңда «Арғымақ.kz» порталында бас редактор.

Ал тоқтат жүрегіңді, Былай тарт күрегіңді. /Салшылардың әнінен/

Биылғы ақпанның соңы шаңыттанып, қатты қарлы боран болмаса да, шаруа баққан қарапайым халыққа тым жайлы тиіп тұрған жоқ. Әсіресе нәпақасын Қобда өзенінің тасуынан табатын салшылар үшін онша қолайлы емес. Жылда осы уақытта Елікті мен Жағаштайға жетіп, Өлгейдің құрылысына, тіпті, сонау Қаракөлдің жиегіндегі Хобдаға дейін жөнелтілетін жуан-жуан бөренелерді қос көлдің жағасына түсіріп тастайтын еді. Биылғы күн райының қолайсыздығы қарадай тобанаяқтатып, жүрген-тұрғаннан қардың битін сұратып, зарықтырып қойғаны мынау. - Застаптан келген-кеткен бар ма? Қардың биті түсіп пе?- деп сұрасады кездесе қалса бір-бірінен. - Жақында ғана пәленшекең барып келіпті, жылт жоқ дейді. Қардың биті емес, шыңылтырлап, қылау түсіп тұрған көрінеді, – деседі оған екінші біреуі. Бұлардың застап деп отырғандары Сырғалының қос көлі – Қотан мен Қозы көлінің ортасында орналасқан Монғолияның ең батысындағы №1 заставасы. Елікті, Қараоба, Сарыбұлақ өңірлерінен құрылысқа керекті ағаш дайындайтын салшыларға жер жағдайынан, қардың аз-көптігінен тіл жеткізіп отыратын осы заставадағы әскерилер. Заставадан жүрген-тұрғандар арқылы хабар келгенде Қобда басына ағаш дайындауға ойдағы салшылар да жапатармағай аттанады. Монғолияның батысындағы қазақ аймағы Баян-Өлгей 1941 жылы орнаған. Осы аймақтың орталығының құрылыс жұмысына керекті ағаш-материалдарды қаладан 200-250 шақырым алыстағы таулы-орманды өлке – Сырғалыдан тасыған. Ол кезде тікелей тартылған автожол болмағандықтан, Сырғалының қос көлінен бастау алып, Баян-Өлгей қаласын ортасынан бөліп ағатын Қобда өзені пайдаланылды. Өзенмен сал арқылы ағаш жеткізуге, әсіресе, Сырғалыға жақын, әрі сол сұмынның жеріне қарасты болғандықтан Цэнгэл сұмынының азаматтары көптеп тартылды. Ақпан айының аяғы, наурыздың басында Цэнгэлден 100 шақырымдай жердегі жергілікті халық «Қобда басы» атап кеткен Сырғалы өлкесінен құрылысқа жарамды бөренелерді кесіп, даярлап, көл жағасына атпен сүйреп әкеліп қоятын болған. Маусым туып, көлдің мұзы еріп, су молая жаңағы даярлаған бөренелерін сал ғып байлап, көктемгі су тасқынымен ағызып, Баян-Өлгей қаласына жеткізетін. Цэнгэлдің ең алғашқы салшысы – Қазыбай деген кісі. 1938 жылдан бастап сал айдаған. Бұл өлкеде сал айдау 50 жылға жалғасып, 1988 жылдары тоқтады. Мұнан кейін бұрынғыдай қар түспейтіндіктен Қобда өзені де қатты тасымайды. Әрі машина-техника да молайып кетті. - Жарықтық, биыл қардың биті молынан түскен екен. Мына түрімен қанша қалың болса да, мына қарды бір апта да жатқызбас. - Айтпа деймін. Қап-қара болып, өңірді қарала-қожалаққа айналдырған екен. Күйе ғой, бұл дегеніңіз. Бір апта бұрын Аққолдағы азғана үйлі салшыларға Өлгейге кетіп бара жатқан заставаның бастығы жолай соққан болатын. Биыл жайырақ болса да қардың биті қалың түскенін, қырда ауа райының жақсы екенін жеткізген. Содан азық-түліктерін қамдап, белді аттарын әзірлеп, көрпе-төсектерін даярлап, Қобда басына аттанған салшылардың Қутұмсықтың бөктеріне жеткен беттері осы. - Мағауия, қарасұр мен Мисызкөкті қарға көп салмаңдар. Ертең күніміз соларға қарайды. Жануарлар, нән қарағайды ұшынан тағып берсең де сүйрей береді ғой – деді ол шеті мен бұл шетіне көз бұлдырайтын қар басқан көлдің жағасына келгенде салшыларды бастап жүрген Мыса. Оның бұлай дейтін де жөні бар. Ертең қарағай ішінен таңдап қиып, бұтағын бұтап, ақбауырлап қабықталған он-он екі метрлік жуан бөренелерді көл жағасына жеткізу үшін бөрененің жуан басынан мұрындықтап тесіп, атпен сүйреу керек. Сонда басқа аттар орнынан қозғалта алмаған дөңбекті бұл екеуі шөпек құрлы көрмей дырылдатады. «Әуп, бісіміллә» деп екі шеті екі-үш шақырымға созылған көлдің қарын бұзып, арғы шетке шығу үшін қыстай жемде тұрған, екі күндік жүріске ширап, дом болып жараған қарагер атты жігіт ағасы алға түсті. Ат кеудесін соғатын еспе қардың беті шамалы қабыршақты еді, Мыса күмістелген ерінің пыстанмен бастырылған аткөрпесінің астынан түйенің сірі төстік терісінен ыңғайлап жасалған бауырынтақ алып берді. - Мә, мынаны төсқалдағынан асырып, кеудесіне байлап қой. Әйтпесе қазір қар мұзы кеудесін қанатып, жүргізбейді. Сосын қорғаншақтап, қарды тілмей қояды – деді. Үнсіз ғана бауырынтақты ат кеудесіне байлаған серігі «Біссіміллә!» деп атқа қонды. - Былтырғы саргер  қай маңда екенін білесің ғой. Соған туралап тарта бер, – деді өзі де атқа қонып жатқан Мыса. Қарагер талайдан қар бұзып дағдыланып қалған жылқы болу керек, бүршікпен тағалаған алдыңғы аяқтарымен қарды пергілей басып жүріп кетті. Аппақ айдынның бетінде қаздай тізілген жиырма шақты аттылы шұбырып барады. Қанжығаларында жүзіне былғарыдан балтақап кигізілген ақ балталарының сабы бұлғаңдайды. Ең соңында құнан нардай қарасұр ат пен көк атты жетелеген, бетінде аздаған қорасанның дағы бар шомбал қара Мыса. Биыл қардың биті жай түсіп, уақыттың тығыздығынан көп ағаш дайындалған жоқ. Десе де, бір табаққа жиырма бөренеден, әр салшы жиырма-жиырма бес табақтан сал дайындап қайтты. Құдай бұйырса, жақын күндерде Қобда басына қайта аттанбақ. Оған дейін тарту арқан, шыжым, азық-түлік, т.б. керек-жарақтарын түгендеп, жолға қамдану керек. Шыжым демекші – судың ағысымен қатты ағып келе жатқан он бес-жиырма табақ салды тоқтатуға өте берік шыжым керек. Оған әндақ-мұндақ, жіп-суларың шақ келмейді. Соны ескерген салшылар өткен жолы ағаш дайындай барғанда отарда жатқан екі қос жылқыны түнімен ұрлап күзеп қайтқан. Енді ауылдың бар қатын-қалашы жиналып, сол қылдан шыжым мен тарту арқан есіп жатыр. Анау қаладан келетін «сері салшылар» секілді май шыжым бұларда қайдан болсын. - Жазғытұрғы қараөзектен бері дамыл таппаған ескек желдің сұры жаман, биыл ақбас кемпір оянбаса не қылсын? - Ойбай-ау, отағасы-ау, қайдағыны айтпасаңызшы. Құдай сақтасын, ақбас кемпір оянбай-ақ қойсын деңіз. Ол оянса, өзі кешігіп басталған сал маусымы бекерге көлге қамалып жатып қалады ғой. Ақбас кемпірді қойып, Жетіөткелдің шілігінің өзі шілделігімізді шығарып жіберер. - Осы биыл Шәкеңнің денсаулығы қалай екен? Шиеттей балаларын асыраймын деп ол кісінің де көрмегені жоқ-ау. Сәлем беріп, кіріп те шықпадық. Ертең өзің айтпақшы, Жетіөткелдің шілігіне келгенде сол кісіні іздейміз ғой – деді Мыса. - Ол сушы шал әлі тың. Жар қапқан талай ақбауырды  сол кісі шығарып беріп жүр ғой. Қандай ағынға, қандай тереңге болсын тайсалмай түседі, жарықтық. Сүйегі асыл ғой – деді жігіт ағасы серігінің сөзін қостағандай. – Ертең жылқыдан келген соң барып қайтайық. Отырған шығар, сабазың, Ақтомпақтың астында, Ұланқұсынға баласына кетпесе. Ағаш дайындауға мініп барған аттарын ауыстырып, Қобда басына, салды ағызып келуге барарда мінетін аттарын ұстап алмаққа Оралбай байдың жылқысына беттеген екеудің әңгімесі осындай болды... Бұлардың сушы шал деп отырғандары осы өңірге белгілі қара күштің иесі Шәкербай шал. Жасы егделеп қалса да, қармауы қайтпаған ақсақал жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер көп. Туған өлкесі Марқакөлден Жуңғоға өтіп, одан осы Қобда бетіне тұрақтап қалған Шәкербайды білетіндер үш ағайынды дейді. Бірақ оны туысым деп іздеп келген жан баласын Аққолдағы азғана ауыл әлі көрген жоқ. Не де болса Шәкербай шалдың қара суда балықтай жүзетін сушылдығы осы өңірдегі салшылар үшін жақсы болды. Жетіөткелдің шілігінде сан тарам болып кететін Қобда өзені салды жарға соғып, тарту арқанды шешіп тастай береді. Сондайда әр аралдың мойнына мініп қалған салды шығартып алу үшін Шәкербайға қайда болса да салшылар қосар ат шаптырып алдыртады. Салшылар көл жағасына саргерлерін тігіп, табақ-табақ салдарын байлай бастағалы да үш күннен асты. Белдікке тізген он бес-жиырма ағашты бір табақ етіп байлап, жылқының қылынан жуан етіп ескен қосақ арқанмен бір-біріне тіркеп жатыр. Бәрінің кигені қарасаннан келетін сушақай. Белдікке байланып, діңгегі орнатылып, ескегі мен сүймені үстіне тасталған табақты көлдің жиегіне, ат сауыры көмілер жерге дейін сүйреп барып тіркестіріп жатыр. Он бес-жиырма табақ – бір сал. Көлдің мұзы толықтай еріп кеткен. Тек аяққы көлдің ортасындағы Құлыбай аралының мойынында ғана бір отау қалыпты. - Құдай бұйырса, бүгін ел орынға отыра көлге біркелкі түсіп кетейік. Кешкі тасқынмен жетер жерімізге жетіп те қалармыз. Жел де оңынан – Құлынембестен аса соғып тұр. Түнде желдің бағыты өзгермейді. Алла ісімізді оңғарса таңға жақын Қутұмсықтың құмына да ілініп қалармыз, – деді Мыса тағы бір байланып біткен табақты атпен сүйреп, көл айдынындағы салға тіркеп келген соң. - Иә, ертең күндіз көз барда қысаңның иіріміне салды жұтқызбай, аман-есен өтіп кетсек, одан кейін Жиреннің тесіп өтпесі де қол созымда ғой. - Е, Алла, ақбас кемпірден сақтай гөр, - десіп салшылар қауырт қимылдай бастады. Әркім өздерінің шауып салынған арнайы белгілері бар бөренелерін табақ-табақ етіп байлап, көлге шығарғанда, мезгіл шынымен де құтпан намазының уақыты болған еді. Салшыларды басқарып жүрген Мыса қасына ат айдайтын баланы шақырып алып: - Бізді таң ағара құйғаннан күтерсің. Аттарыңа абай бол, қазіргідей уақытта жем жеп тұрған жылқыға ит-құс тиіскіш келеді. Әлгі атаңның жаман шитісін мойныңнан тастама. Ұйықтап қалып, аттардан айырылып қалма. Айтпақшы, үнемі ерімен жүрген аттар аунағыш келеді. Ерін бауырына алып кетпесін. Әсіресе, ана жаталақшып қалған Қоңыршұнақты байқа, - деді. Он төрт-он бес жастағы атшы бала іңір қаранғысында қосағасының сөзін мақұлдап, бас изеумен болды. - Ал, жолың болсын! Астыңдағы атыңды болдыртпай, аналарды да әредік ауыстырып мін. Тентеккөктен басқасын, – деді ұзаңқырап кеткен ат айдаушы баланың артынан дауысын шығара айқайлап. Сөйтті де өзі сушақайымен көлдің суын қара санына дейін кешіп келіп, ең соңғы салдың ең соңғы табағына мінді. Табақтан табаққа адымдай аттап, бас табақта салдың күрегін ұстап отырған жігіт ағасының қасына жайғасып жатып алдағы жолды сөз қылды. - Жиреннің тесіп өтпесінен аман өтсек, Қызылқияда жүк салмасақ  болмас. Биыл жол жөндейтіндер де жоқ, әмбе жиырма бес табақ салды сүйменің қанша мықты болса да алып жүру оңай емес, – деді. - Иә, отағасы, оныңыз рас. Жол жөндеушілер өткен күзде су қайтқанда келіп Тошантының қара тасы мен Құлынның жарын тегістеп еді. Ақаралға ештеңе істемей кетіпті ғой. Қызылқия да оңай оспақ болмай тұр. - Қап, жаңа жағада кіші дәретке барып алайын деп тұрып, әлгі балаға сөйлеймін деп ұмытып кеткенімді қарашы, - деді Мыса екінші тіркемедегі табақтың үстіндегі арнайы дәрет үшін қойылған шымға таман бара жатып. - Е, отағасы, осы сізден сұрайын деп ұмыта беремін. Қазыбай туралы айтып беріңізші? – деді Мыса табиғи талабын орындап, қасына жайғаса бергенде серігі. - Ой, оның не сұрайтыны бар. Қазыбай осы өңірде алғашқы болып Қозыкөлге сал байлаған адам. 1938 жылы дәл осындай көктемнің көкөзегінде салмен көл бетіне шыққан Қазыбай осы өлкенің адамдарының қарсылығына ұшырады. - Жаңағы өзіңіз айтқандай, сал үстіндегі дәрет сындыруы көлденең келді деген рас па? - Рас. Мына застаптың аяғында отыратын біреу аты жаман ауруға шалдығыпты. Соны Қазекеңнен көрген. Сал айдаймын деп суға дәрет сындырды деген желеумен қудалаған. Әуелі қолдарына түссе өлтіріп тастай ма деген күмәнмен Қазыбай қашып, қазіргі «Қазыбай дара» деп аталатын дараға барып бекініп жатып, ақыры ары – Алтай бетіне өтіп кеткен. Қазыбайдан кейін сал айдауды үкімет қолға алып, арнайы ағаш дайындап, жеткізіп бергендерге әртел арқылы қолақыларын төлейтін болды, - деді Мыса. Екеуі әңгімемен отырып байқамаған екен, маңайдағы қарайлас жылжыған салдағылар дабырласып, бір-біріне айғайлап белгі бере бас-тапты. Бұлар да не болды, не болды дескенше болған жоқ, Жалаңаш жақ беттен қатты күн күркіреп, терісінен жаңбыр аралас желдің лебі біліне бастады. Бұйра толқындар дөңбектерді шылп-шылп аймалауынан-ақ істің оңға бас-пасын аңғарған салшылар ақбас кемпірдің оянғанын бірден білді. Көл беті ақшашақтана толқып, ұзындығы он-он екі метрлік жуан-жуан бөренелерді шөмшектей лақтыратын адуынды толқындарды салшылар «ақбас кемпір» атап кеткен. Ақбас кемпір өткен жылы салы ағытылып кетіп, айдын ортасында бір ғана ақбауырға жармасқан бір салшыны Қутұмсықтың құмына шаншып кеткені бар. Асау толқын бассауғалап бөренеге жармасқан адамды бөренесімен қоса жағаға лақтырғанда жердің құмдақтығының арқасында ғана аман қалған еді. Мына түрімен бүгін де ақбас кемпір біраз әбігерге салатын түрі бар. Бұл «кемпірдің» ләйлісіне көніп, кейде апта бойы қамалып жататын кездер болады. Мыса жандәрмен болып көлге сүймен салып еді, он екі-он үш метрлік сүймен бойлай қоймады. Демек, бұлар жағадан алыстап, Ақсудың арнасына жеткен. Бұл да болса дәтке қуат. Кері серпіген толқын әлсіз болып, шүмекке тартқан көл ағысынан жаңылмаса, ертең сәскеге дейін межелі жерге жетуге болады. Расында солай болды. Ертеңінде сиыр сәскеде бұлар ат айдаушы бала шыршырдан дайындаған аққұйрық шәйді Қутұмсықтың құмайтында сораптап отырды. Бұл бір айға созылатын қызық та қатерлі сапардың басы ғана еді. Алда жылдамдығы 40-45 км/с-тан асатын Жиреннің тесіп өтпесі мен Ботамойынның шаты, иірімі жиырма табақты шыр айналдырар Кемпірмойын, бір салды төрт бөліп жүк салдыратын Қызылқия мен Ақарал күтіп тұр еді. Дегенмен, осының бәрі жан аман болса, Өлгейге жетіп, өз-өздеріне тиесілі қолақыларын алып, шілденің 11-12-сіндегі үкімет тойын тамашалап қайтқанда бір күнгідей де болмай ұмыт болады. Шышырдың шәйіна қанған салшылар шыжымдап қойған салдарын шешіп, қайта мінгенде әлдекім даланы жаңғырта: «Мен салшы, сал айдаған бала жастан...» - деп бастай жөнелді. Умақ-шумақ болып Қысаңға қарай жөңкілген салдағылар қосыла кетті. Көл ән салып барады. Сал ән салып барады. Гүрілдеген, сарылдаған, сылдыраған, сылқ-сылқ күлген, шылп-шылп сүйген өзен суы әнге әуен қосатындай. Азғана ауылдан шығып, азғана өмірлерінде көп еңбек ететін салшылардың сал үстіндегі маусымы жалғасып барады...

1. Қардың биті – көктемде қардың бетін жауып қалатын күйе тәріздес қара зат. Таулы өлкелерге көп түседі. Қардың биті түскен соң қар тез кетеді. 2. Саргер – ұзын ағаштардың бастарын бір-біріне түйістіріп, жапа секілдендіріп тіккен қос тәрізді үй. 3. Бүршік – қыста ат мұздан таймас үшін тағалайтын емшекті таға. 4. Табақ – бір салда 15-20 табақ, бір табақта 20-25 бөрене болады. 5. Шыжым – салдың зәкірі. Жағаға тоқтаған салды арнайы қазыққа немесе жағадағы қарағайға байлап қоятын берік жіп 6. Май шыжым – трос. Бертін келе барлық салшылыр трос пайдаланған. 7. Ақбауыр – сүйреуге ыңғайлы болуы үшін бір бүйірінің қабығын аршып тастаған ұзын бөренелерді кейде ақбауыр деп те атайды 8. Белдік – салдың табақтарын байлау үшін 15-20 ағашты көлденең жатқан екі ағаштың үстіне тізіп байлайды. Сол көлденең ағаштарды белдік дейді 9. Сушақай – түйенің алдыңғы аяғының терісін бітеу күйінде сойып алып, оның басын етік секілдендіріп тіккен суға киетін аяқ киім 10. Діңгек – салдың рулі 11. Сал жұтқызу – өзен, көлдердегі иірім жерлер салды өзіне тартып, шыр айналдырып шығармай қояды. Соны салшылар салды жұтты деп атайды. 12. Тесіп өтпе – жылдамдығы 40-45 км/с-тан асатын өзен ағысы қатты болатын жерлер. Мұндай ағыстар Қобда өзен бойында 3-4 жерден кездеседі. 13. Арнайы белгі – салшылар көктемде ағаш дайындағанда әркім өз ағашына белгі салып отырған. Сал байлайтын уақытта шатаспас үшін. 14. Ат айдаушы – салшылар өзен ағысымен бірге сал үстінде болғанда өзенді жағалатып олардың аттарын айдап отыратын бір адам болған. Және аттар үнемі ерімен айдалған. 15. Жүк салу – ағыны қатты, өзен арнасында салға кедергі болатын қойтастары көп жерлерге келгенде салшылар 20-25 табақ салды 4-5-тен бөліп, шағындап өткізіп отырған. 16. Жол жөндейтіндер – сол кезде салдың жолындағы үлкен тастар, жарқабақтар, аралдар арнайы жол жөндеушілердің көмегімен алынып тасталып отырған. Сал бөгетсіз ағуы керек. 17. Әртел – салшыларды ұйымдастырып, Аққолда құрылған алғашқы артель 18. Ақсудың арнасы – Қотан көлінің (басқы көлдің) басынан құйылатын Ақсу өзенінің арнасы көлді бойлай, Қозыкөлге (аяққы көл) апарар шүмекке қарай арна тартып жатады. Бұл тұста көлдің астыңғы ағысы әжептәуір болады. 19. Шыршыр – қардың суын ертіп пайдалану. Көл суының лай болуына байланысты көбінде салшылар қарды ерітіп пайдаланған. 20. Үкімет тойы – 11 шілде Монғолия Республикасының тәуелсіздік күні.

524 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы