• Қоғам
  • 17 Қараша, 2016

ҚАЗАҚТЫҢ «HOMO-FABER»-і, ҚАЙДАСЫҢ? немесе интеллектуалдық ұлт қалыптастыру не үшін керек

Дина ИМАМБАЕВА

1973 жылы Алматы облысында туған.  Қазақтың Мемлекеттік қыздар педагогика-лық университетін  бітірген. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазіргі уақытта «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорында «Til-audit.kz» сайтының редакторы болып қызмет атқарады. 

Егер біз дәл қазір озық технологияның жалына жармасып үлгермесек, біздің ресурстарымыз бен территориямызды басқалар келіп басқарып, біздің қолымыздан келмегенді солар жасайтын болады. 

«Жігіт қадірі өнерімен өлшенер», бұл күннің өнері – жаңа, заманауи технология, ақылды құрал-жабдықтар, техника жетістіктері. Иә, осы дәуірге дейін де адамзат бір тарихи дәуірден келесі тарихи дәуірге жаңалықтар мен инновациялар арқылы өтті, қоғам дамыды, адамдардың сан алуан қажеттіліктерін қанағаттандырудың түр-түрі ойлап табылды. «Homo Sapiens»-тің ақыл-ой мүмкіндіктеріне адамзаттың тұрмыс-тіршілігі куә.
Ал, бүгінгі техногенді өркениетте жаңа адам – ең алдымен шығармашыл тұлға, ол бүгінгі және болашақ әлемнің қожайыны. Ол – «Homo faber» (латынша – «білікті адам»), дүниені құрал-саймандардың көмегімен басқарып, бақылап отыратын адам.  Шығармашылық эволюция нәтижесінде адам интеллекті жасанды нысандарды ойлап тауып, оларды өндірісте қолданады және үнемі жетілдіріп, түрлендіріп отыруға қабілетті. «Homo faber»  басты қажеттілігі тұтынуға негізделген, уақытын ойын-сауықпен, әзіл-қалжыңмен өткізуге құмар адамға –  «Homo ludens»-ке қарама-қарсы  тұлға. Әлем осындай адамдардың әрекетімен жаңарады, өзін-өзі жетілдіреді, дамиды, құлдыраудан құтылады, өзін-өзі сақтап қалады.  
Адам қоғам мүшесі ретінде икемді, жұмылғыш, өзгерістерге қабілетті болуы керек. Бұл оның білім деңгейімен, біліктілігімен, қайта оқуға қабілетімен, шығармашылдығымен өлшенеді.  Осындай мәдениет «білікті адамды» алып келеді. Адамдар жаңа идеяларға зерек болған сайын, өмірдің барлық саласында жаңалықтарды іске асыруға даяр тұрады. Яғни,  «инновациялық адам» дегеніміз – білікті, жігерлі, іскер, тапқыр, ұжыммен жұмыс істеуге бейім және үздіксіз білім алуға дайын адам. Мұндай адамдарды қоғам да, мемлекет те қолдауы тиіс. Жаңашыл, өнертапқыш адамдарға жол ашу елді, мемлекетті дамытады, алға сүйрейді. 
Дәл осы ғылымның дамуы, ғалымдардың еңбектері озық елдердің экономикалық өсіміне, әл-ауқатының жоғары болуына әсер етті. Жалпы, экономиканың кемелденуі техникалық прогреске тәуелді және ол үшін адамдардың мінез-құлқында ғана емес, мемлекеттік деңгейде де идеологиялық өзгерістер жүруі шарт. Айталық, еңбекке көзқарасты өзгерту, адал еңбекті дәріптеу, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды барынша жылдам игеруге құштарлық, осының бәрі тиісінше өндірістің, халықтың әлі-ауқатының өсуіне алып келеді.
Ұлттық экономиканың  табысқа жетуі ғылым мен білім нәтижелеріне тәуелді екендігіне дамыған елдер тәжірибесіне қарап көз жеткізу қиын емес. Жаңа дәуірде инновациялар мен жаңалықтардан бас тарту ел болашағына төнген қатер.Бұны сонау ХХ ғасыр басында-ақ Алаш зиялылары айтып кеткен, айталық, ірі саяси қайраткер Смағұл Сәдуақасов VI партконференцияда Қазақстан индустриясының шикізаттық бағытта болуын қолдаған Ф.Голощекинге қарсы шықты. Ол: «Өнеркәсіп мәселесі — қазақ кедейінің тағдыры, қазақстандық кедей тағдыры ауылмен ғана емес, қаламен де байланысты», - деп дәлелді пікірлер айтып, республика өнеркәсібін экономикалық сара жолмен дамытуға шақырған еді. Алайда, ұлт зиялыларының мұндай батыл пікірлері мүлдем ескерілмегені мәлім. 
Қазіргі күні де Қазақстанда экономиканы әртараптандыру бағдарламалары өз нәтижесін бере қойған жоқ. Сондықтан да V және VI технологиялық укладты қалып-тастыру міндеттері өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені, Қазақстанның өнеркәсіп саласында қалыптасқан жағдай негізінен ІІІ технологиялық укладқа сәйкес келеді – құрылыс материалдары өнеркәсібі, қара металлургия, металл өңдеу, ағаш өңдеу және т.б. (60%). 38% - IV уклад, ал ең жоғары V және VI технологиялық укладтар – 4%. Жоғары технологиялық дамуды білдіретін VI уклад бізде жоққа тән (0,1%).Еліміздегі өндірістің техникалық деңгейі батыс елдерінен кемінде 50 жылға артта қалған, мұның өзі ел экономикасы үшін ғана емес, егемендік үшін де  қауіпті. 
Осы тектес проблемаларды шешудің бірден бір жолы – жаңа технологияларға иек арту. Өнеркәсіптік төңкерісті бастан кешкен елдердің бәрі осы жолдан өтті. Олар қазір VI-укладта өмір сүріп жатыр. 
Әрине, елімізде өнеркәсіпті дамытуға көп көңіл бөлінуде, инновациялар тақырыбы Елбасының назарынан еш түскен емес. Мысалы, «Инновациялық Қазақстан-2020» Форумында Президент Н.Назарбаев «2020 жылы Қазақстан инновациялық типте жұмыс істейтін мемлекеттің барлық белгілері мен атрибуттарына ие болуы тиіс» деп атап көрсетті. Бұл үшін біршама жұмыстар атқарылып та жатыр. 
Айталық, Қазақстанда экспортқа шығатын өнімдер арасында шикізаттық емес өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыру міндеті қойылған. Бірақ, бұл міндетке қалай қол жеткіземіз? Соның бір жолы – шағын және орта бизнес. Еліміз үшін басым бағыттар: ғарыш, энергетика, биотехнологиялар, химия, телекоммуникация және байланыс саласы. Осы салаларда Қазақстанға өзге елдерде жоқ немесе әлемдік бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтер шығаруға бағыт ұстауы тиіс. 
Осындай талаптарға қарамастан, Қазақстан кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі шет елдермен салыстырғанда тым төмен – 4,3%. Индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған 770 кәсіпорын «мынау Қазақстанның бренді, инновациялық өнім» дейтін атқа лайық бір де бір өнім бере алмай отыр.    Салыстыратын болсақ, АҚШ-та инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі – 50%, Түркияда – 33%, Венгрияда – 47%, Ресейде – 9,1%, Эстонияда- 36%. 
Осындай артта қалушылықтың басты себебі елімізде  ғылымға жеткілікті көңіл бөлінбеуіне келіп тіреледі.  Ғалымдар, нарыққа озық идеялар ұсынатын талантты адамдар бар болғанымен, оларды пайдаланудың, идеяларын жүзеге асырудың дұрыс тетіктері іске қосылмаған. Оның айқын бір дәлелі – әлемдік нарықтағы ғылымиқамтымды өнімнің қазақстандық үлесі нөлге тең. Айталық, Еуроодақ елдерінде – 35%, АҚШ – 25%, Жапония – 11%, Сингапур – 7%, Оңтүстік Корея – 4%. Дәл осы ғылымиқамтымды өнімнің әлемдік нарықтағы үлесі сол елдегі ғылыми-техникалық саланың қай деңгейде екенін көрсететін басты көрсеткіш.
Соңғы жылдары Қытайдың экономикалық әлеуеті де, саяси салмағы да жедел өсіп келе жатыр. Бүгінгі күні Қытайда өндірілген жоғары технологиялық өнімдердің жалпы әлемдік көлемдегі үлесі үш есе өсті – 8-ден 24%-ға, сөйтіп ол АҚШ-тан кейінгі 2-орынға шықты. Халықаралық Интеллектуалдық меншік ұйымының ресми деректері бойынша, Қытайдың халықаралық патенттерге берген өтінімдері де 2006 жылдан бері үш есе өскен. 
Қазір  әлемнің ең ірі компанияларының рейтингінде Қытайдың 70 компаниясы тұр, ал 2002 жылы олар небары 11 болған.  Қытайдың осындай табысқа жетуінің бірнеше себептері бар, мысалы, - арзан жұмыс күші, ұлттық кәсіпорындарды қолдау, юаньнің тұрақтылығы, мемлекеттің күшті компанияларды дамыту стратегиясы және т.б. Пекиннің инновациялық саясатын шетелдік сарапшылар «прагматикалық техно-ұлтшылдық» деп атайды. Соның бір дәлелі, таяуда қытай юані доллармен тең дәрежеде әлемдік валюталардың бірі болатыны туралы ақпарат тарады. 
«Инновациясы жоқ елдің болашағы жоқ» дейді Свен-Тор Хольм, – атақты «Ideon» ғылыми паркінің негізін қалаушы, «Technology Transfer Foundation» компаниясының атқарушы директоры. Жалпы, инновациялық өнім дегеніміз не? Мұндай өнім атағына ие болу үшін бірнеше шарт қойылады: ол өнім елде бірінші рет сериялы түрде шығарылуы, сапалық жағынан жақсартылуы, отандық патенттер мен өнертабыстар негізінде өндірілуі міндетті. Сонда ғана оны инновациялық өнім деп атайды. Сонымен бірге өнімді шығару мерзімі үш жыл ғана инновациялық деп аталады. Ары қарай бұл өнім жаңғыртылып, жаңарып отыруы тиіс. Ал мұндай өнімді, тауар түрін ғалымдар, жаңашыл адамдар жасайтыны белгілі. 
Дүние жүзі бойынша көшбасшы компаниялар тобында тұрған Toyota Motor (Жапония), Microsoft (АҚШ), GlaxoSmithKline (Ұлыбритания), Siemens AG (Германия), Ford Motor (АҚШ), Sanofi-Aventis (Франция), Intel (АҚШ), Volkswagen (Германия), Nokia (Финляндия), IBM (АҚШ), Matsushita Electric (Жапония), Nissan Motor (Жапония) бұл жетістікке ғылым мен инновация жетістіктерін қолдану және оған ірі қаражат бөлудің арқасында ғана жетті. Бұл көрсеткіш осы елдердің даму деңгейін де білдіреді. Яғни, ХХІ ғасырда әлем елдерінің даму деңгейін айқындайтын бірден бір өлшем –  ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін қолдану, ғылым мен білімді көтеру. Бұдан былай дүние жүзіндегі бүкіл мемлекеттер экономикалық өсім көрсеткіштерінің жоғары-төмендігіне қарай бөлінеді. Бұл көрсеткішке ілесе алмағандар ұлт, мемлекет ретінде жойылады. Бұрынғыдай көш соңында ілесіп жүру бұл заманға тән емес. 
Мысалы, АҚШ-та жылына екі жүз мыңға жуық өнертабысқа патент алынады. Бұл инновациялардың іске асу қарқыны қандай екенін көрсетеді. Ал, Қазақстанда өнертабысқа берілген өтінімдер көлемі: 2011 жылы – 1600, 2012 жылы – 1468 өтінім, ал 2013 жылы – 2036. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда ондаған есе аз. Қазақстандағы ғылыми-зерттеу, конструкторлық мекемелерде 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді (Германияда 4 млн-ға тарта адам, Жапонияда – 5 млн адам осы салаға қамтылған). Ғылыми-зерттеу институттарына қолдау көрсетудің орнына жылдан жылға олардың бюджеттері мен қызметкерлерін қысқарту белең алып барады. Еліміз үшін бұл үрдістің салдары ауыр болмақ.   
Қолдау жоқ жерде талпыныс та төмен. Қазір бізде заманауи білікті мамандар, өнімді сатуды және ұсынуды білетін менеджерлер аз. Сапалы адами капиталға ие болу үшін, әсіресе, мамандар – адам капиталы үлкен рөл атқарады. Яғни,  инновацияларды барлық салаға енгізу үшін басты мәселе – адамдардың құзыреттілігі, шығармашылық және іскерлік қуаты болуы. Сонда ғана инновациялар мен білім ақшаға айналады. Ол үшін ғылымға ақша салу керек, ол ақша білімге айналады. Идеялардың іске асуы дегеніміз осы. Оған мемлекеттен бастап, бизнес саласы, ғылыми ұйымдар, оқу орындары, инновациялық-технологиялық компаниялар, жекелеген адамдар түгелдей қатысуы керек. Сонда ғана инновациялық жүйе қалыптасып, оның қызметі үйлесімді дамиды.Осы ретте жастарға жүктелетін міндет жүгі ерекше ауыр екені байқалады. 
Жаңа экономика шығармашылық пен білімге негізделеді. Міне, сондықтан да ҚР Президенті Н.Назарбаев интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын ұсынуы тегін емес. Адам капиталы – өсімнің басты негізі.Қазір бізде креативті топты – шығармашылық адамдарын көтермелеу, ынталандыру аса өзектіленіп отыр. Олардың білімдерін ел үшін пайдалану, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жандандыру сонда іске асады. Әсіресе, жастарды инженер-техник мамандығына, озық технологияны меңгеруге тарту қажет. 
Күні бүгінге дейін  экономикамыз біржақты дамып келеді. Экономиканың тек шикізатқа бағдарлануының зардабы қандай екеніне бүгінгі дағдарыс дәлел. Әлі күнге дейін экспорттың 90%-ын сол мұнай мен газ, пайдалы қазбалар алып отыр. Бүкіл бюджет саласы шикізат сатудан түсетін қаржыға тәуелді. Ал, шикізат нарығын әлемдік сұраныс пен баға билейді, бұл бағаның күннен- күнге құлдырауы біздің экономикамыздың одан әрі бәсеңдемесе, жуық арада көтеріле қоймайтынына анық дәлел. Тіпті, мұнайлы елде отырып, мұнай шикізатынан жасалатын полимерлерді, пластмасса, каучук, тұрмыстық химияны, гигиеналық заттарды шетелден дайын күйінде сатып аламыз. Міне, біздің әртараптандырылған экономикамыздың жай-күйі осындай. 
Шикізаттық бағыттан бас тартудың өзекті екенінің бір дәлелі ретінде мына цифр-ларды келтірейік:
-    1 кг шикі мұнайды сатудан 20-25 доллар пайда түседі; 
-    Тұрмыстық техниканың бір килограмы – 50 доллар;
-    1 кг авиациялық техника – 500 доллар;
-    Ал, информатика мен электроникадағы 1  кг ғылыми өнімнен 5000 долларға дейін пайда табуға болады (!).  
Осы ретте академик Аманжол Қошанов «Егер де ұлттық экономика инновациялық дамудың қазіргі қарқынымен жүре беретін болса, онда еліміз инновациялық үдерістердің сыртында қалады, ұлттық бәсекеге қабілеттілік қасиетінен мүлдем  айрылады» деп, дабыл қаққан болатын. Ғалымның бұл алаңдаушылығы негізсіз емес.Ешқандай шетелдік инвестор, сарапшы, ақылшы Қазақстанда инновацияның дамуына мүдделі емес, өйткені оларға бәсекелес қажет емес, керісінше, олардың дайын тауарын алатын нарық ретінде қажетпіз.  Міне, бұл біздің ел үшін инновацияларға негізделген экономика құрудан артық жол жоқ екенін тағы бір рет дәлелдейді.
Шетелден дайын технологияларды көшіре бермей, оларды өз бетімен жасауға деген шығармашылық қабілеттері бар адамдарды қолдап-қолпаштайтын, насихаттайтын, үлгі ететін, идеяларын іске асыратын кез келді. Қазақстанда қазір озық технологияларды қолданатын салалар белгілі, олар: ақылды индустрия, ақылды қала, өмір экологиясы, электронды коммерция мен медиа және т.б. Міне, жастар осы салаларға бет бұруы тиіс, олардан сапалы білім алуға ұмтылу, техникалық мамандықтарды игеру талап етіледі.Бұған біздің адами әлеуетіміз жеткілікті, қазақ қашаннан талантты, дарынды халық. Жастарымыз қазіргі ғаламдық жағдайларға бейімделуі керек. Және де ол жастардың тәрбиесі, дүниетанымы, тілі мен ділі қазақы болуы, ұлтшыл (осы сөзді айтудан қорықпайықшы), отаншыл, мемлекетшіл болуы құба-құп. Сонда біртіндеп қазақтың шығармашыл, инноватор, зияткер ұл-қыздары өсіп шығып, ұлттық мемлекетті, ұлттық экономиканы аяғынан нық тұрғызары сөзсіз. Өйткені, инновацияларда адами фактор маңызды деп жоғарыда айтылды.
«Ең қиын жолды таңдаңыз – сонда сізде бәсекелес болмайды» деген екен Шарль де Голль. Бүгінгі жастардың кумирі рок- поп музыка жұлдыздары емес, Билл Гейтс, Уоррен Баффет, Джек Ма, Марк Цукерберг, өзіміздің Марғұлан Сейсембаев, Ахметбек Нұрсила, Бауыржан Оспанов, Мейірбек Жұмабеков сияқты кәсіпкер азаматтар болуы тиіс. Олардың бәрі бүгінгі табысына адал еңбекпен, маңдай термен, жеке тәжірибесімен жеткен. Еліктесек те осындай адамдарға еліктейік.Мемлекет маған не береді деп күтіп отыра бермей, мейлінше өзін-өзі танытып, талпынса, тұлғалық қабілеттерін іске асырып, талмай ізденсе, нәтиже болары анық.

 

 

389 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы