• Мәдениет
  • 17 Қараша, 2016

ҚАРАБАУ МЕН АЛМАТЫНЫҢ АРАСЫ

Ана жылы, дәлірек айтқанда, еңсені басқан нарық қыспағынан әлі де мойын босата қоймаған алағай да бұлағай уақытта Мереке Құлкеновтің туған ауылы–Қарабауға жол түскені бар-ды. Ұмытпасам ыбылжыған көктем уағы, жаңбыр суы қара жолдың кез келген тұсын кертіп, ойып, үгіп тастаған. Адым аштырмайды, жүріс өнбейді.

Былайғы кезде тұйықтау, түртпектеп әрнені өзің сұрамасаң шешіле қоймайтын Мерекеңіз Миялыдан шыға бере-ақ әйелі ұл тапқандай жадырасын; екі көзі ескілеу мәшиненің кіршеңдеу терезесінде, әрекідік ұшырасатын шоқ қамысты былай қойғанда, қарайған қара бұтаны да (бұған дейін жыңғыл бұтағын көрмегендей) біз пақырға ежіктеп түсіндірумен келеді. Сен тыңдап отырсың ба, әлде түстік асты қайдан ішсек екен деп шоқалақ жолдан зәрезап болған көңілді немен алдарқатарыңды білмей қабағың кіржиіп отыр ма, онымен санасатын Мереке жоқ. Бізді дәл бір бұрын-соңды адам аяғы баспаған құм ішіндегі жұмақ өлкеге жетелеп келе жатқандай. Айдарынан жел еседі.
Келдік, көрдік. Құдай-ау, Құлкеновтің аузының суы құрып айтқан Қарабауы құдды біздің ауыл ғой. Әр төбенің басына шашырай қоныстанған жатаған үйлер; жалғыз көше, жалғыз монша, жалғыз дүкен, жалғыз клуб. Ойдан-қырдан жинап-тергендегі көзге түсері осы. Жалғыз клубты жекешелендіріп алған әлдекім қаладан әйдіңгірдей коттедж саламын деп, жанталасып кірпіштерін тасымалдап жатқан. Мереке сірә, оған да мән бермеді-ау деймін. Жүрегі алып ұшады. Неге бұлай? Ауылға барған сәтте біздің де осындай күй кешетіндігіміз рас па?! Міне, сексенінші жылдардың орта шенінде әдебиетке «мен келдім, мені көрдіңдер ме?» дегендей тасыраңдап емес, әдемі иба, әдемі иіріммен, тіпті жазған-сызғаны өз көңілінен шыққанына сенімді бола тұра, соның өзін әлдекімдерге жүрексіне ұсынып, жүрексіне жауабын күтіп жүруге дағдыланған менің тұстастарым–Әлібек, Құлбек, Жұмабай, Серік, Дидахмет, Тұрысбек, Рақымжан, Қуандық, Жолтайлар да дәл осындай қазақы ауылдардан шыққан-ды. Сол ауылдан шыққан азаматтар әдебиетке азды-көпті еңбек сіңіргендерін бұлдамастан, әкім-қаралардан сый-құрмет, биліктегілерден сөлкебай дәметпестен, біреудің ала жібін аттамай, көкіректеп біреулердің алдарына да түспей, көш соңында да қалып қоймай, осы күндеріне шүкірлік айтып, ың-шыңсыз алпыс жылдықтарын тойлап жатыр. Кеше Серік Асылбековтің тойы, бүгін Мерекенің... Той жалғаса беретін тәрізді. Лайым солай болғай.
Иә, ауыл демекші, ауыл–күллі қалам ұстаған ағайынның алтын бесігі. Мұнымыз әбден айтыла-айтыла жауыр болған сөз болар, дұрысы, ауыл бізді әдебиетке итермелеген «мастер-класс», аузымызды алғаш рет «аққа» тигізген «аудитория». Себебі, Мереке секілді бәріміз де ауылдағы жалғыз моншаның, жалғыз дүкеннің дұрыс жұмыс істемейтіндігі туралы хабар жазудан бастағанбыз. Отыз жол мақаланың соңына тіркелген аты-жөнің–сені өзгелердің ортасынан ойып алып, зәу биікке бір-ақ секірткен секілді еді ғой. Бәлкім, сөздің киесі болатындығын, тасқа басылған дүниенің артында ап-ауыр салмақ жататындығын, ақ қағазға кез келген нәрсені тықпалап жаза берудің де абырой әпермейтіндігін сәл де болса сол ауылда жүріп түсінген болармыз. Міне, тырнақ алды «туындыңның» тұңғыш «лабораториясы» сені одан әрі қиялдауға жетелейді, ел ішіндегі қараулыққа, алалыққа көнбеуге үгіттейді, сұлулыққа шомылдырады, ақыры көршінің бойжеткен қызына ғашық етеді, о бар болғыр онжылдықты бітірер-бітірместен әскерден келген әлдебіреуге тұрмысқа шығады да кетеді. Жүрегің қан жылайды, көзіңнен үзіліп түскен мөлдір тамшыны да елемейсің. Көңілің алай-дүлей. Арғы жағыңнан әлдене лықсып келеді де, от-жалыны тұла-бойыңды күйдіріп-жандырып тағат таптырмайды. Жалғызсың, мүлдем жалғызсың. Мазасыз ұйқысыз түндерді бастан кешесің, тоқал тамның төбесіне шығып алып, жұлдызбен тілдесетінің де осы тұс; тірі адамға мұң шақпастан біразға дейін томаға-тұйық жүретінің де осы тұс. Бәріміздің басымыздан өткен осы драма біртіндеп, бірінің басы бар да аяғы жоқ, екіншісінің аяғы бар да басы жоқ, поэзияның күймелі көшіне мүлдем маңайламайтын өлеңсымақтар ара-кідік қағаз бетіне түсе бастайды. Оу, жанның рақаты осы екен ғой, буырқанып, бұлқынған ішкі әлемің субұрқаққа шомылғандай жай табады. Кейін есейіп ел қатарына қосыларсың, қатырма жағалы жейде киіп көктен түскендей ыздиып жүрерсің, тіпті екінің бірінің қолы жете бермейтін жұмсақ креслоға да жайғасып үлгерерсің, бірақ бәрібір бұлардың бәрі жиналып келгенде сол туған ауыл сыйлаған жан драмасының мөлдір бас-тауына жете алмайды. Шерағаңның балалық шағымдағыдай түс көре алмадым дейтіні де содан болар. Ал туған топыраққа табаның тиген сәтте кенет әлгі суреттерге жан еніп, жалғыз клубтың қирап жатқандығына қарамай, төңірегің таныс, бейтаныс бейнелерге толып, дәл сондағыдай көңілің алып-ұшып керемет қиял әлеміне еніп кететін болсаң, Мерекешілеп  айқұлақтанбағанда қайтпексің?!
Ауыл  әсері,  ауылдағы  елеусіз   боп   көрінетін кісілердің өзі кейіннен мықты кейіпкеріңе айналып, қимас досыңдай кітаптан-кітапқа көшіп, сенімен бірге өмір сүруін жалғастыра береді. Менің тұстастарымды былай қойғанда ауыл тақырыбына қалам сілтемеген жазушы жоқ. Би-ағаңнан, Бейімбеттен бері қарай... Орыстар оған «деревенская проза» деп ат қойып, айдар тағып әлдеқашан меншіктеп алған.
Неге екендігін қайдам, белгілі қаламгер, Президент сыйлығының лауреаты, республикаға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей», «Махаббат мұнарасы», «Біздің қоғам» секілді жинақтардың авторы, баспагер Мереке Құлкеновтің алпыс жылдығына орайластырып мақала жазу керек болғанда осы штрихтардың оқыс ойға оралғаны рас еді. Мейлі, одан бергі жерде Мереке Рақымжан Отарбаевпен бірігіп Махамбет өмірін айшықтаған «Бас» драмасын жазсын, онысы ауыз толтырып айтарлық жүлдеге ие болсын, «Жәңгірхан» пьесасының авторы атансын, қалай дегенде де сол Қарабаудан қойны-қонышын тыққыштап шыққан өмірлік азық–әлі күнге дейін оның керек-жарағына молынан жарап-ақ келеді. Сексенінші жылдардың соңына таман Мерекенің «Жазушы» бас-пасынан «Үрей» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Оннан астам көркем әңгімелері топтастырылған-ды. Дәл қазір республикаға белгілі «Өлке» баспасының құлағын ұстаған Мерекеге кітап шығарудың қандай қызық-шыжығы барлығын білмеймін, ал ол кезде «Жазушы» баспасының аттарынан ат үркетін қаламгерлерінің сынынан сүрінбей өтіп, жинақ шығару дегеніңіз– айта қаларлықтай оқиға болатын. Ол жылдары жастарды арқасын қағып, «Жалын» баспасына қарай жөнелтіп салатын. «Жазушыдан» әңгімелер жинағын шығарған Мерекенің аузының салымы барлығына іштей тілеуқор болғанымызбен, екінші жағынан көреалмаушылықтан емес, шынайы шығармашылық қызғанышпен кітапты барынша індетіп, мұқият оқығандығымыз рас-ты. Алақандай жинаққа енген әңгімелері бізді де бірден баурады. Көп сөзділіктен ада, алғашқы эпизодтың аяғына шыға алмай, орта жолдан тағы бір кейіпкер бейнесін сомдауға қатысты-қатыссыз деталдар килігіп, тектен-тек шаршатып бітетін ұзақ-сонар баяндау жоқтың қасы. Нақ, қолға ұстатқан өмірдің өзіндей, адамдардың елеусіз ауызеке диалогтарынан да бұрқыраған ауыл исі аңқып тұрады. «Жаңбырдан кейін» әңгімесіндегі Мәрзия кемпірді алайық. Өзінің күнделікті кәкір-шүкір тіршілігінен басқа елдік, жерлік мәселелерге онша көп бас ауырта қоймайтын, сөйтіп жүріп-ақ сол ұстамды мінез-құлқымен айналасының қошеметіне бөленген әжелер оның Қарабауында да, біздің Көнебөгенде де толып жүр. Тіл-аузымыз тасқа, толып жүр дегенді бергі жағымен айтты деп қабылдаңыздар, әйтпесе Мерекенің Мәрзиясы секілді ауылға айбар болған үлкен кісілердің де қаралары сирексіді ғой. Біздің өзіміз алпыс-ты алқымдаған соң о кісілерге не жорық. Сол Мәрзия кемпірдің үйлі-баранды болып, бой тіктеп келе жатқан қызы ойламаған жерден қайтыс болады. Алланың жазуына не шара. Мұндағы қам көңілділіктің жалғыз емі–уақыт. Қара жамылып, жылап-сықтағаннан өлген адам тіріліп келсе, кәні! Мәрзия да тіктеліп жан-жағына қарай бастайды... Бұл қалай, көңілді қобалжытатын тіршілік пе, әрине солай, арадан сонша уақыт өтсе де әлі күнге дейін қызының басы қараймаған. Іші ашиды, өзгелер үшін  қам кірпіш моланың салынған, салынбағаны айта қаларлық құбылыс та болмауы мүмкін. Ал ауыл адамдары үшін оның орны ерекше. Ауыл менталитетін, ауыл психологиясын жазулы хаттай жақсы білетін жазушы Мәрзия кемпірдің жан күйзелісі, реніші арқылы-ақ оны биік коллизияға жеткізе білген. Мәрзия кемпір ренжісе күйеу баласына ренжиді, соның сөлекеттеу жүріс-тұрысына ренжиді. Марқұмның басын қарайту–артында қалған тірілердің парызы. Парызды түсіне білу де көрегендік, әм ақылдылық. Жығылғанға жұдырық дегеніңіз әне, Мәрзияның өзін-өзі іштей жеп, шаршап жүргендігі аз еді. Күйеу баласы енесінің көзін бақырайтып қойып, жас мүрденің топырағы құрғамай жатып әлдекімге үйленіп алады. Оу, шынашықтай кемпір үшін бұдан өткен қорлау, бұдан өткен басыну болар ма!
Бірақ тумысынан жаңғақтай жаратылған Мәрзия бүйтіп ар-намысын аяққа таптатпайды. Адамгершілік сезім сынға түсер сәтте табан астынан ширығып, найзағайдай жарқылдап шыға келетін мінезі бәрімізді тәнті етті. Және ауылдың қарапайым кемпірін осынша жан жадыратарлық сүйіспеншілікпен суреттей білген Мерекеге де ризашылығымыз шексіз-ді. Мәрзия бейнесін жасауда қиыннан қиыстырып, арамтер болмай-ақ, қарапайым ауыл тіршілігінің де драматизмге толы екендігіне оқушысын сендіре білген жазушыға әрдайым шығармашылық сапардан олжалы оралғайсың дегеннен басқа не айтарсың! «Үрей» де, «Жарық беруші» де бір деммен оқылатын шымыр дүниелер. Бертінде Құлкеновтің осы алақандай кітабына көптеген қаламгер ағалары ағынан жарылып  пікірлерін білдірді. Ол бізді де кәдімгідей қанаттандырды.
Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетіне» редактор болып тұрған тұста өндірдей жас жолбарыстардың біразы сол төңірекке топтасқан-ды. Олар жәй, күнделікті нәпақасын айырып, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» кебін киіп, тып-тыныш жүріп, ізетті жігіттер атанған жоқ. Ол тәуелсіздігіне енді ғана ие болған елдің қай шаруасы да аяғын нық басып, белін тіктеп кете алмай, адымдап алға жылжуынан кібіртіктеуі көп, күн сайын күрмеулі проблемаларының алдыңнан андағайлап шыға келетін қиын-қыстау тұсы еді ғой. Әсіресе, елдің әлеуметтік жағдайы тұйыққа тірелді, рухани әлемнің келешегі де күңгірт тартты. Ал жанына жиналған жас жолбарыстарын «уақытылы жемдеп», орынды жерінде әкелеріндей еркелетіп, арқаларынан қаға білетін Шерағаң оларды тар кабинеттің тақтай столында шегелеп ұстамай, мойындарына зіл батпан тақырыптар жүктеп, қиын-қиын жорықтарға жұмсайтын. «Қ.Ә»-нің сол тұста жазбаған, араласпаған мәселесі болды ма десеңші! Әдебиеттің күрделі шаруаларына бастап, Арал тағдырына, мұғалім беделіне, «Қайрат» командасындағы бірен-саран қазақ баласының хал-жағдайына дейін сан алуан проблемаларды көтеріп, нөмір сайын тынбастан жазып жатты. Газет беделі де биіктеді. Ал оның бас редакторынан ірілі-ұсақты партия басшыларынан бастап, совхоз директорларына дейін кәдімгідей именетін, кәдімгідей сескенетін, түптеп келгенде  құрметтейтін.
Біздің Мереке Құлкенов досымыз да осындай сәттерде Шерағаңмен бірге қызмет істегендігін әркез мақтанышпен айтып жүреді. Өзінің де қаламы төселді. Өткір-өткір публицистикалық мақалаларымен тоғышарлыққа қарсы ашық айқасқа шыққан қаламы ұшқыр, ойы жүйрік қаламгерлердің бірі болды. Оның «Қ.Ә»-інде жарияланған «Арылу», «Пысық жігіт», «Жатақханадағы сәбилер», «Бір сабақ жіп», «Волга» мінген балалар» деген көсемсөздері көркем әдебиет секілді жылдам оқылды. Өз оқырмандарын тапты. Мерекенің мақалаларын іздеп жүріп оқитын жанашырларының қарасы көбейді. Жас қаламгерге мұның өзі кәдімгідей абырой-бедел еді. Осы публицистикалық мақалаларында пайдаланған элементтердің біразы кейін оның әдеби шығармаларынан көрініс  тапты. Публицистика ұшқыр жанр ретінде жұрттың көкейінен шығып, белгілі бір дәрежеде әдебиеттің де туын тіктеген болса ол сірә, Мереке секілді жігіттердің  арқасы болар.
Шерағаң жайында, ол кісінің елге сіңірген еңбегі жайында майдан қыл суырғандай етіп, әркім-ақ айтқысы келер. Екпіндетіп, жалаулатып бірінен соң бірі сөз асыруға тырысар. Бұл да заңдылық, әрине. Мұнан бір-екі жыл бұрын Мереке  «Ұлттың бақыты немесе мен білетін Шерағаң» дейтін шап-шағын ғана мақала жазды. Мұнда шектен тыс көтермелеу де, көңілдің көк дөненімен жөңкілген пафос та жоқ-ты. Шымырлап шынайы жүректен шыққан қарапайым тіркестер: «Қазақ әдебиетінде талант қандай көп болса, жазғанын өзге түгілі өзі оқи алмайтын талантсыз халтуршиктер де мол болатын. Әдетте халтуршиктер топырлатып көп жазады. Шала пісті өлеңсымақ, әңгімесымақтарын «Қазақ әдебиетіне» әкеледі, бірақ өткізе алмайды. Несін айтасыз, ол кезде басқасын айтпағанда талғам бар еді ғой. Талантқа қашанда құшағы ашық, мейірімі мол Шерағаң халтураға келгенде мызғымас қара тас, маңайлатпайды...». Сірә, осы түйінге баршамыз ойланбастан қол қоятын болармыз.
Мерекенің өзгелерден тағы бір өзгешелігі, ол саналы ғұмырында мүйіздері қарағайдай-қарағайдай өңшең сұңғыла редакторлармен қызметтес болды. Ең алғаш Фариза апамызға жолықты, санаулы уақыт ішінде «ет пен терінің арасында жүретін қанды іріңнен арылып», сейіс баптаған арғымақтай жер тарпып, жұлқынып шыға келді. Ол «Пионерде» өткізген жылдарына да дән риза. Мерекедей шәкірт тәрбиелегендігіне ақын апамыз да қуанышты болар. Қуанышты болатын себебі, мұнан бір-екі жыл бұрын Астанадағы Конгресс-Холлда өткізген шығармашылық кешінің тізгінін Фариза апамыз жүрексінбестен және үлкен сеніммен Мерекенің қолына ұстатты. Кеш аса мазмұнды өтті. Жасыратыны жоқ, біздің шығармашылық кештеріміз де жаттанды стереотиптен шыға алмайтын болды ғой. Сол кештегі есте қаларлық тағы бір жаңалық, ақын апамыз зәулім сарайға жиналған жыр сүйер қауымды алалаған жоқ. «Бүйтпесе Фариза Фариза болар ма?!» деп жатты көпшілік. Нөмірлеп әкім-қараларға да билет таратпапты. Зал қызметкерлерінің мұндайда дөкейлер келеді деп алдыңғы орындықтарды қорғаштап, шыбын қондырмайтын әдеті ғой. Шақыру билетінде орын көрсетілмеген соң кім қайда отырамын десе де ерікті. Қызық болды, қызық болғанда ырғалып-жырғалып, ыңырана қозғалып кештің басталуымен ішке әрең кіретін «жайсаңдар мен жақсылар» мына «тәртіпсіздікке» таң-тамаша болып, состиып тұрды да қалды. Алдыңғы қатарда ине шаншар орын жоқ. Кері шығып кету және ыңғайсыз, сосын бірін-бірі итерісіп, артқы жақтағы бос орындарға жайғасты. Міне, сөйтіп сол жолы бәлкім, тұңғыш рет поэзияны пір тұтатын жыр сүйер қауымның мерейі үстем болды. Мұны жиналған қауым Фариза Оңғарсынованың қарапайым оқырманға көрсеткен  құрметі деп түсінді. Өкініштісі, осы үрдістің ғұмыры тым қысқа болды. Келесі шығармашылық кеште баяғы «орын қорудың» әуейі қайта басталды. Бұл ессіздік пен алаңғасырлыққа не істерсіз!
Мереке үшін Мұхаңның, ақын Мұхтар Шахановтың да жөні бөлек. Елге адал қызмет істеген екі депутатты білемін дейді қаламгер досымыз. Оның бірі–1907 жылы май айында Думаның мәжілісіне Столыпинның реформасына ашықтан-ашық қарсы сөйлеп, орыс помещиктерінің мүддесі үшін орыс шаруаларына қазақтың шұрайлы жерлерін алып беру арқылы бүтін бір халықтың құқын аяққа таптады деп, патша өкіметін батыл айыптаған Бақытжан Қаратаев болса, екіншісі–Желтоқсан көтерілісіне байланысты Жоғарғы Кеңестің мінбесінен өз ойларын ірікпей батыл айтып, сол қанды оқиғаға байланысты қатып қалған тұжырымдардың быт-шытын шығарған арқалы ақынымыз Мұхтар Шаханов еді дейді. Бұған не алып-қосарсыз.
Бұл күнде баспа да көп, баспагер де көп. Ал шығып жатқан топан кітаптар одан да көп. Құлкенов басқаратын «Өлке» баспасы несімен есте қалды десек, ол алғаш рет көп томдық шығаруды қолға алды. Әбіш Кекілбаевтың көп томдығы осы «Өлке» баспасы арқылы ғана оқырманға жетті. Күнделікті жұмыс бастылықтан мұрнына су жетпей сүрнігіп жүретін жанның бірі осы Мереке. Сөйтіп біріне тартса біріне жетпейтін уақыт арасынан аракідік мүмкіндік тауып, іштей сілкініп, былайғы дүниенің бәрін ұмытып, қағазға шүйлігетіндігі және бар. Аз жазады, аз жазғанның бәрін саз жазадының қатарына қосуға болмас, дегенмен Мерекенің жазған-сызғандары көбіне-көп «ондыққа» дөп тиіп жатады. Жазушы Рақымжан Отарбаев шығармашылығы туралы жазған мақаласы да айтар ойының салмақтылығымен, нақтылығымен құнды. Рақымжанның кесек турайтын тіл байлығына алғашқылардың бірі болып баға берген және сол пікірін ұстамдылықпен дәлелдеген де Мереке болар. Сондағы бір сөйлем әлі есімде. «Егер жазушы өзінің шығармасы арқылы адам баласын өмір сүру дегеніміз дүние жинап, үлде мен бүлдеге бөлену деген ұғымнан сақтап қала алса–ұлы шығарма жазғаны». Басымызды тауға да, тасқа да ұрып тынбай ізденіп жүрміз дегендегі түпкі мақсатымыз да осы емес пе екен?!
Дүние жүзінің біраз жерін аралады. Америка, Франция, Англияңыз одан қалған жоқ. Бірақ Құлкенов әсем Алматыдай жұмақ қаланы әлі кездестірмепті. Алматыны сұмдық жақсы көреді. Бұл да өзінің сөзі: «Ұлан-ғайыр еліміздің әр түкпірінде өмірге келіп, ес біліп, ат жалын тартқан әрбір таланттың өз бағын сынап, тағдырымен бетпе-бет келер мекені–Алматы. Шығыс пен Батыстан, Оңтүстік пен Солтүстіктен құдай берген талантының жетегінде келіп бір-бірімен тоқайласатын жері де қасиетіңнен айналайын–Алматы. Алматы қазақ дарындары мен таланттарының рухани ата күлдігі. Біз жеңу мен жеңілудің, өсу мен өшудің, тану мен танытудың не екенін Алматыда түсіндік...»
Міне, Қарабаудан басталған қасқа жол Атырау асып Алматыға тоқайласты. Қарабау мен Алматының арасын кім өлшеп көріпті. Және оның қажеті қанша! Бізге керегі, сол жолдың үлкен жүректі азаматтың өсу, есею, жан-жақты жетілу, өзін-өзі тану жолына айналғандығы. Біраздан бері соған куә болып келеміз,  куәгер бола берейік.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ, 
жазушы.

456 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы