• Cұхбаттар
  • 13 Қазан, 2016

Жанель Мақажан, актриса: «Режиссерлерді отандық, шетелдік деп бөліп-жарғым келмейді»

Өнер жолын екі жасынан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан бастаған Жанель Мақажан - бүгінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының басты кейіпкерлерін ойнап жүрген актриса-лардың бірі. Қарашаңырақ театрда Ұлттық өнердің шолпан жұлдызы, Қазақстанның халық артисі Шолпан Жандарбекова сомдаған Ақтоқты ролін иеленген актриса еліміздің киноматография саласының дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді. Оған дәлел, биылғы жылы тұсауы кесілген Елбасымыздың өмір жолы жайлы түсірілген Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар тоғысқанда» фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан рөлі. 

–Театрдың актерлік құрамына қабылданғаныңызбен киноматография саласындағы жұмысыңызды да ақсатпайтын боларсыз? Жақын арада сізді қандай фильм-дерден көре аламыз?
–Алдағы уақытта «Тоқал» фильмі мен «Рождество в детском доме» фильмінен басты рөльдерде көре аласыздар. Екі фильмнің де премьерасы күз айында. 
– Бір сұхбатыңызда «болашақта дизайнерлік қырымнан танылсам», - депсіз. Театр, кино, қолөнердің жүгін бірге арқалаудың ауыртпалығы қандай? Барлығына үлгеретініңізге қарағанда уақытыңызды жоспарлап жүретін болғаныңыз ғой.  
– Әже-апаларымыздан бастау алған тігін өнері әулетімізде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өзім кішкентай кезімнен қуыршақтарға көйлектер тігіп үйренгем, ал нақты қолым жаттығып, киімдер тіге бастағанда 15 жаста болатынмын. Жалпы қандай қарбалас жұмыс болса да, спектакльден кейін де үйге барып іс тігу әдетіме айналып кетті. Өзім тігінді анамнан үйрендім, бүгінде кішкентай қызым да тігеді. Күніне 5-6 сағат қана ұйықтаймын. Уақытымды жоспарлаймын деп айта алмаймын, соған қарамастан, адамда ниет пен айналысатын ісіне сүйіспеншілік болса бәріне үлгереді екен. Алла қаласа, өзімнің жеке кәсібімді ашып, өз туындыларымызды қойғым келеді. 
– Ақтоқты бейнесін жасау - кез келген актрисаның арманы. Кезінде Қазақстанның халық артисі Шолпан Жандарбекова апамыз сомдаған Ақтоқтыны ойнау кім-кімге де осал тимейтіні анық. Осы рөліңіз туралы айтып берсеңіз.
– 90-маусым Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясымен жабылғанын өздеріңіз білесіздер. Ақтоқты, біріншіден, кез келген актрисаның арманы. Екіншіден, мәртебелі болғанымен машақаты көп бейнені ойнаудың жауапкершілігі мен жүгі ауыр. Сахнаға бір рет шығарған кейіпкерімнің жан-дүниесіне үңіліп, табиғат, болмысын аша алдым деп айту қиындау болар, сондықтан алдағы 91-маусымда дайындығымды шыңдап,  рөлімді сәтті шығаруға барымды саламын. Ал бағасын көрермендер береді.
– Сізге У.Шекспирдің «Лир патша» трагедиясынан Регана ролі ұсынылғанын білеміз. Алайда спектакльдің тұсауы кесілгелі өзіңізді бірде-бір рет бұл рөлден көре алмадық. Жалпы бұл бейнемен театр сахнасына қашан шығасыз?
– Өткен маусымда тұсауы кесілген спектакльде біздің құрам өнер көрсете алмады. Десе де, алдыңғы маусымда Регана бейнесімен сахнаға шығамын деп үміттенемін. Кейіпкеріме келетін болсам, Регана - шаруаны үндемей жүріп тындыратын жан. Ал өз басым «адамдардың ту сыртынан пышақ ұрғанша», бетіне айтқанды жөн санаймын. Соған қарамастан, ролім өзіме ұнайды.
– Екі жасыңыздан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өнер көрсеттіңіз. Ата-анаңыздың да аталған өнер ордасында еңбек еткенінен хабарымыз бар. Болашақта балаларыңыз да актерлік мамандыққа бет бұрса қарсылық танытар ма едіңіз? 
– Әкем Тимур Мақажанов - актер, режиссер, продюсер. Ал анам Бекзада Әбілхайырова Ғ.Мүсірепов театрында «Костюм» бөлімі мен «Тігін» цехының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалысқа шыққанына қарамастан еңбек жолын жалғастырып келеді. Екеуі аталған өнер ордасында танысып, шаңырақ көтерген болатын. Өзім де Ғ.Мүсірепов театрында өстім десем болады. Екі жасымнан спектакльдерге қатыстым. Ал балаларымды өнерге жақындатқым келмейді, себебі қыз болсын, ұл болсын өнердің жолы ауыр. Оларды спорт немесе кәсіпкерлік салаларынан көрсем деймін. Десе де, болашақта артист боламын деп  талаптанып, алдарына мақсат қойып жатса, көп қарсылық танытпаймын.
– Елбасымыз Н.Назарбаевтың өмір жолы туралы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде Президенттің анасы Әлжан роліне талас көп болған шығар. Режиссер бойыңыздағы қандай қасиет, қарым-қабілетіңізді байқап, сізге аталған рөлді сеніп тапсырды екен?
– Режиссердің не үшін мені таңдағанын білмедім, алайда маған осындай жауапкершілігі мол рөлді бергеніне  қуаныштымын. Бұл фильмдегі ең басты табысым, Ресейдің кино-режиссері Сергей Снежкинмен жұмыс істегенім деп ойлаймын. Сонымен қатар, М.Әуезов театрындағы әріптесім Еркебұлан Дайыровпен серіктес болдым. Онымен алғаш 2013 жылы Айдын Сахамановтың «Тағдыр» телехикаясында бірге жұмыс істеген едік. Бүгінде М.Әуезов театрының сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясында ол Ақанның, мен Ақтоқтының рольдерін ойнаймыз. 
– Еліміздің, Ресейдің режиссерлерімен киноматография саласында болсын, театр саласы болсын біраз жұмыс жасадыңыз. Солардың ішінде «мені өзгеше қырымнан ашты, шығармашылық шеберлігімнің шыңдалуына көп септігін тигізді» деп кімді баса айтар едіңіз?
– Маған бұл сұрақ бірінші рет қойылып тұрған жоқ, бәріне айтатыным бір жауап: режиссерлерді отандық, шетелдік деп бөліп-жарғым келмейді. Әр режиссердің өзінің көзқарасы, жұмыс істеу тәсілдері болады. Әрқайсысымен  жұмыс істегенде жаңа дүниелерді үйреніп, өзімізді әр қырымыздан жетілдіріп отырамыз. Ал өнерге деген жолымды ашты деп «Қалаға келген қыз» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірашев пен «Қош бол, Гүлсары» фильмінің режиссері Ардақ Әмірқұловты айтар едім. Ал Ресейдің режиссерлерінен «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде бірге жұмыс істеген Сергей Снежкинді жоғары бағалаймын. 
– Рөлдің сәтті шығуы актер мен режиссердің бір-бірімен ортақ тіл табысып, түсіністікпен жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Режиссерлермен ойыңыз бір жерден шықпай, келіспей қалған кездеріңіз болды ма?
– Келіспей қалған кезім болды. Мен ойнайтын қыздың өзін-өзі ұстауы, іс-әрекеті маған ұнамады. Сондықтан режиссермен осы рольге байланысты дауласа бастадым. Ақыры ойымыз бір жерден шықпағандықтан, мен фильмге түсуден бас тарттым. Алайда, ол режиссермен өмірде қарым-қатынасымыз, сыйластығымыз жақсы. Қазіргі уақытта араласып тұрамыз.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыстар тілеймін!

 
Сұхбаттасқан Мөлдір БЕКЖАН.

 

 

 

702 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы