• Әдебиет әлемі
  • 02 Қыркүйек, 2011

Көктемде келер күннің таңбасы...

Ерлан Жүніс Жамбыл облысында дүниеге келген. Бүгінде республикалық «Айқын» газетінде қызмет істейді. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Саған, саған таңнан бұрын жетемін, Тауда болсын, қырда болсын мекенің. Терезеңді айқара ашып, Жастыққа Бір тал дала гүлін қойып кетемін. Саған, саған түннен бұрын барамын, Сансыз шамы сөнгенінше қаланың. Қымтай жауып ақ көрпеңді, Жастыққа Бір тал гүлін қойып кетем даланың. Саған, саған бұрын жетем өзімнен, Бұрын жетем сағыныштан, төзімнен. Есімімді ести алмай аузыңнан, Келбетімді көрмесем де көзіңнен. Саған, саған бұрын жетем мұңдардан, Бұрын жетем бұл қатыгез жылдардан. Сәтсіздіктен, тағдырыңнан, сынғаннан, Жалғызсырап, жыламсырап тұрғаннан. Бұрын жетем үміттен де, арманнан, Керексіз боп, лақтырылып қалғаннан. Қартаюдан, жас өмірің солғаннан, Сені ұға алмас жай кездейсоқ жандардан. Бұрын жетем көз жасыңнан төгілген, Сәттеріңнен шегінген де жеңілген. Күннен, түннен, мұңнан, жастан қорғаушы Періштеңе айналамын сенің мен. Қатал уақыт қайраңдатсын, тежесін, Қатал адам қара қолын кезесін. Тым алыста жүргенімді білгенмен, Тым жақында тұрғанымды сезесің. Көрген түсте кездессек біз, өң деп біл, Тар кезеңде жолықсақ біз, кең деп біл. Қара сәтте бір ақ сәуле жылт етсе, Саған, саған бұрын жеткен мен деп біл. *** Ауырсынып шықты бүгін түн мені, Жыларын да, күлерін де білмеді, Қуарын да, кетерін де білмеді, Ауырсынып шықты бүгін түн мені. Солай мені ауырсынып өткерді: Сағынышты, жалғыздықты, өкпемді; Қаралады, мазалады, жек көрді; Солай мені ауырсынып өткерді. Ай «аз ғана тынықшы» деп өтінді, Жұлдыз «бәрін ұмытшы» деп өтінді. Құшақтады, сүйді, өпті бетімді, Содан маған жеңіл болар секілді. Аңыз айтты, әрі мұңлы, әрі ізгі, Айта алмады аманатты, парызды, Айтты, айтты қарашаны, тамызды, Мен ертекке алданатын тәрізді. Бір мезгілде «ұйқы бер» деп сұрады, Бір мезгілде қып-қызыл боп жылады. Бір мезгілде, таусылды ма шыдамы, Талықсып кеп, талығып кеп құлады. Ауырсынып шықты мені түн бүгін, Ауырсына көрмеңдерші, құлдығым... Екі ғашық секілдендік екеуміз, Жек көретін бір-бірін... Ауырсынып шықты мені түн бүгін. *** Майлы бояу май айы, Жан-тәніңе түн жұғар. Көктем – мезгіл әйәйі, Құмары бар, тынжы бар. Әлі кебе қоймаған, Күн шуағы таңдағы. Әлі сөне қоймаған, Жаңбыр ізі – жап-жарық. Тағы тұрып... түн іші Бір ғасырға көнердім. Түзде – қоғам жұмысы, Үйде – ісі өлеңнің. Тағы түнмен таласып, Бір ғасырға жаңардым. Түзде – адам баласы, Үйде – әкесі адамның. Сана – заман шалығы, Көңіл – құстың тауысы. Ит даусының жарығы, Ай нұрының дауысы. Түннің жады – қыз жады, Жуар бәрін жаспенен. Жазу керек бізге әлі, Жазылмаған баспенен. Абдыру бар, алаң бар, Армандар бар құлаты. ...Жасарады адамдар, Қартаяды уақыт. *** Түнімен ауырды бұлттар, Желтоқсан жөтеліп шықты. Ештеңе таппадым ұрттар Уайымнан мықты. Жаңа жыр жазбадым түнде, Түсімде құстарды көрдім. Күбірлеп беймәлім тілде Шошына бердім. Көбелек ұшпайды қыста, Сағыныш – көшпелі алтын. Көрші қыз шықпады тысқа, Ақ қардан ұялды, бәлкім... Кешікпей көктем де келер, Газетке шығармыз күліп. Әлдекім бізге де сенер, әлдене біліп... *** Қараңғы бұрыштардан, Қараңдап көрінемін. Бармаған жұмыстардан Қайтуға ерінемін. Басқаның келісімін, Өзгеден сұрар тұста, Телефон желісінің Ішінен шығар тұста, Алдымнан сен кезіктің, Артында пешененің. Екеуміз тең кезіппіз, Алматы көшелерін. Қараңғы бұрыштардан, Қараңдап көрінеміз. Алмаған жұмыстардан, Қайтуға ерінеміз. Өттім Алып қала – алаңғасар, аңғал тым, Алданады қасынан да, досынан. Марғау бұлттар мағынасыз маңған түн, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Тұрды жігіт, қызды құшып, иіскеп Шылым иісі сіңіп қалған шашынан. Мен де талай, бәлкім солай сүйіскем, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Духаналар – жүзім қаны, нан жасы, Қайрауықтың күйіндей ме, ғасыл ән?! Көңілімде келер күннің таңбасы, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Вокзал, вокзал... Қайда асығар адамдар? Мен ғой менің ғасырыма асығам. Әлдеқайда әлдеқалай қараңдап, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Қаңғыбастар, қайыршылар, кезбелер, О, арымды қайда апарып жасырам?! Сезім де өлер, сенім де өлер, сөз де өлер, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Үнпарақтар, қорғандағы жазбалар, Жарнамалар, жол бойында жосыған. Бойжеткендер... Нені бұлдап назданар?! Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Тұрғын үйлер – берілмейтін, берілмес, Көшпес ақын, көше алмайды қосынан. Мұңлы жырдай тағдырыммен көрінбес, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Сезбей сезіп, ойсыз тағы ойланып, Кітаптардан күдіктеніп шашылған... Бәлкім бәрі бір-біріне байланып, Өтіп бара жатты ма үнсіз қасымнан?! 2012 жыл Таныс дауыс естілсе үй тұсынан, Балкондағы көршінің иті шығар… Өлең жазып шыққандай түні бойы Қала бүгін кеш тұрды ұйқысынан. Таңғы газет кешікті… кешігеді, Әтеш болмас ит әлі неше үреді. Өткен түннің баянын айтпақшы ма, Сымда отырған торғайлар есінеді. Мемлекеттің мерейлі естілді әні, Ол да таныс ақынның ескі ырғағы. Әдетінше кеш жатқан қала түнде, Әдеттен тыс несі екен кеш тұрғаны? Қала бүгін кеш тұрды… шар айналар, Шырайналар, айналған – арайланар. Жарық күнді көргендей мың жылдан соң, Неге аспанға үздігіп қарайды олар? Қамсыз жатқан халықты қара-құрым, Мешіт пенен шіркеуге қамады кім? Пенде болып ұйықтаған түнде ғана, Пайғамбар боп оянды қала бүгін. Бір сәтті де қия алмай түңілуге, Бір-біріне адамдар үңілуде. Бірі ойлады: «Өлуге бола ма екен?», Бірі ойлады: «Бола ма тірілуге?». Сонша үрейлі болар ма көк түнегі, Көрінбейтін көз неткен өткір еді! Тым құрыса, суретке түсіп қалар, Бір пайғамбар келсе екен деп тіледі. Қиын екен адамға көк сынағы, Болмыс әлі о, талай көп сынады. Келмеді ОЛ. Сонда олар бір-бірінен: «Пайғамбар емессің бе?» деп сұрады. Ізгі хабар әлдекім таратар ма, Таратар ма, тағар ма қара таңба? Сақталмаған түн өтті ешбір еске, Ақталмаған үміттің таңы атарда. Көктен сол түн әулие емес, сенім кепті, Адамзаттың күнәсі жеңілдепті. Ешкім бұғауланбапты жартасқа да, Айқышқа да еш адам керілмепті! Ештеңе де болған жоқ. Әлем аман. Сәл мысқылмен қарайды өлең оған. Таңғы газет кеп жетті, жазыпты олар: «Пайғамбар боп шығыпты пәлен адам!». Күнтізбенің жыртылған парағы – алтын... Жыртты, әлде жыртпады қала халқы. ...Сондай ма еді, япыр-ау, есімде жоқ, Януардың біріне қараған түн. *** Аққан жұлдыз, өткен қызды бақылап, Күттім оны, күттім оны не керек?! Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды, көбелек? Ол кешікті, жол кешіпті ол қалай, Адасты ма, кір шалды ма қанатын? Уақытты айтшы маған, толған ай, Уақытты айтшы маған, қара түн! Құлады ма, жылады ма, білмедім, Сыңары ма, тұмары ма ол басқаның? Сағат тілі қанша болды, гүлдерім, Сағат тілі қанша болды, тастарым? Жаңа жырым бар еді оған оқымақ, Жаңа сыйым бар еді оған керемет. Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды, көбелек? *** Гүл менен көбелек – Сергек өлеңге классикалық, символикалық әсем нұсқа. Әрі керемет, Әрі қысқа. Мыңжылдық мағына, Бір сәттік өлең. Оларға тағы да, Тағы да келем. Айтар сәт баянды, Дәл бүгін емес. ...Санамда оянды, Әлдебір елес: ...Ешкімді күтпеген, Ештеңе сұрамаған, Өзгеден, Әсіресе олардан (Гүл менен Көбелектен) Басталып кетіп белгісіздеу бір нүктеден, Беймәлім нүктеде кенеттен жоғалған, Жалығыс пен көнбістік жіптеріне ілінген, Ескі, Тым ескі Әдемі таңданыс пен әнтек жымиыстың көнерген Суреттері бар еді, әлдебір тұсы бүлінген, Бүлінген тұсын қартайған шебермен Бірге желімдеп, жаңартқан кезде Суретке тырс етіп көз жасым тамды... Ең ауыр сөз де Дәл бұлай ауыртпас жанды! Ол көктемнің суреті еді кешіккен, Ол сүйіктімнің суреті еді гүл терген! ...Азан дауысы естілді мешіттен, Қоңырау дауысы естілді шіркеуден. Мен үнсіз қалдым!.. Сәуірдегі силуэт ...Жылауға, жылауға аспан шах, Шақ қалған. Сәскенің тұсы еді. Сәуірдің сәулесі жасқаншақ, Қорғаншақ көлеңке түседі. Сәскенің тұсы еді. Сәкіде Отырды сұлулар сырласып. Уақыт сұрауға бекіне, Келдім мен бір тоқтап, бір басып. Жүрек не сұрамақ? Тіл нені? Лирика, қайтеді шегінсек? Сезімтал сәуірдің гүлдері, Сәуірдің бұлттары көңілшек. Жат еді желпілдеу, елбектеу, Бір мінез байлады, байлады. Сәуірде сезім бар сергектеу, Сәуірдің жалқаулау ойлары. Қуат жоқ аяқты басатын, Бар қуат ішімде алысқан. Сәуірдің ақ таңы – жас ақын, Сәуірде қоңыр кеш – данышпан. Елемей өткенді, өзгені, Тербелген көз алды неше гүл. Сылқылдап күлісіп өздері, Сыбырлап мәз болды жас өмір. Жымиып қоямын мен содан, Мен соған өзімше алданып. Бір қылық білместей ерсі одан, Жапырақ қарайды таңданып. Кешірші, жапырақ, бармаймын, Сұлудан уақыт сұрама! Кешірші, жақындай алмаймын, Алыстай да алмаймын сірә да. Осылай тұрайын, қарайын, Сұлуға, сәкіге, сәуірге. Жаныма көшіріп алайын, Көшіріп берейін дәуірге. Сәуірде мен білер сыр көптеу, Бұл дағы бір сырдың өлеңі. Сәуірде сұлулар үркектеу, Ақындар мазасыз келеді. Білсе егер уақыт мөлшерін, Сұлулар асығыс кетеді. Білмейін уақыт өлшемін, Ол мені білгені жетеді. Құпия Жап-жас қайың, кәрі бақ, Бәрі де бар, жоқ бәрі: Не ойлама – бәрі де А.Қ., Не сезінбе – А. Қ. бәрі. Ақ па қара, қара ма ақ? Күн сүргенді түн сүрер. ...Жас жүрегін жаралап, Жап-жас ақын күрсінер. Тү-С.,І.,М. – пайғамбардыкі, Өңім – пенде, Ақын кім? О.-й – мұңлықы, Зарлықы – сезім кешіп жатырмын. Ара ұшады: Ж.,Ж.,Ж., Гүлге қонар: М.,М.,М., Дүниенің Қ.-ы-З.-ығы – Дүниеде құмығы. Тоқылдағы: Т.,Т.,Т., И.,И.,И.-ір емені. Дүниенің сұқыты Сұлу деуге келед-І. Кәрі бақт-А. бір кісі С.-үйеніп тұр еменге... Бақи – Ф.,Ә.-нидің түсі Жорамалы – Ө.-лең бе?! Ұ.-ят тірі, Е.-с бүтін, Ә.-лем Д.-есе – бар өлең! Кешіп өтсе кешті кім, Кешпегімді берер ем! Тану ма бұл? Таңдану! Қарсы тұрса ғасырға ар! Жас сұлудың таңбалы Жастығында басым бар. А.Қ. қой бәрі, бәрі де А.Қ., Ақтан бастау – керегі. ...Бір уақытта кәрі бақ Айға қарап: «Е» деді...

582 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы