• Cұхбаттар
  • 04 Ақпан, 2013

«Медицина қателікті кешірмейді»

Сырым Ерболұлы,  № 5 қалалық клиникалық аурухананың бет-жақ хирургы:

–        Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз?

–         Мен 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім . 2003 жылы

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіне стоматология факультетіне оқуға түстім.  Оқуымды аяқтаған соң жекеменшік стоматологияда қызмет еттім. Екі жылдан кейін республикадағы ең беделді емханалардың бірі –  № 5 қалалық клиникалық ауруханаға қызметке ауыстым. Көп ұзамай бет-жақ хирургы болдым. Қазір осы салада қызмет етіп келемін. Осы аралықта дәрігерлердің білімін жетілдіру курстары мен бірқатар семинарларға, сонымен қатар халықаралық конференцияларға қатысып, мүмкіндігінше білімімді жетілдірудемін.

–   Еліміздің  медицинасы бүгінде қаншалықты дамуда?

–         Жалпы, еліміздің басқа аймақтарын  айту маған қиындау, дегенмен,

Алматының шеңберінде айтар болсам,  жаман емес деген баға берер едім. Десек те, уақыт өткен сайын адам да, ғылым да, техника, тиісінше медицина да дамып келеді. Сондықтан осы салада жүрген біз, яғни жас мамандар ізденуден жалықпауымыз қажет.

–   Бүгінде  жекеменшік стоматологиялық емханалар  қаптап кетті. Халық мемлекеттік емханаларға барғаннан гөрі жекеменшікке барғанды қалайды. Бұл пікір дұрыс па? Осы жөнінде бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз?

– Жекеменшік емханалар көп екені рас. Бұл мәселенің екі ұшы бар. Бірі – көп болған сайын келушілерге таңдау мүмкіндігі болады және стоматолог-мамандар арасында бәсекелестік пайда болады.  Нәтижесінде мамандардың біліктілігін арттырады. Ал кемшін тұсы – әдетте жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді көбейіп кеткен стоматологиялық емханалардың, ондағы дәрігерлердің білімі мен біліктілігін ешкім тексермейді. Мәселен, жекеменшік емханадағы маман теориялық түрде барлығын жақсы біліп, тиісті білімі болғанымен оның тәжірибесі аз немесе мүлдем болмауы мүмкін. Ал медицина қателікті кешірмейді. Теория қанша мықты болғанымен тәжірибе өте маңызды. Әрине, мемлекеттік емханаларда да өзіндік кемшіліктер жеткілікті, дегенмен, мұнда қанша жыл еңбек еткен білікті мамандар әлі де жұмыс істейді, олар жастарға мүмкіндігінше білгенін үйретіп, қатаң қадағалап отырады. Сол арқылы ақырындап үйренуге болады.  Ал халықтың қай емханаға сенетіндігі ол өзінің еркінде. Дегенмен, қазір біздің қоғамда ақшасын көп төлесең нәтижесі де жақсы болады деген түсінік бар. Ал мемлекеттік емханаларда көбіне ақысыз болғандықтан, қалтасы көтеретіндер жекеменшікке барады. Дегенмен, біздің емханада  адам аз деп айта алмаймын. Бұл жерде мемлекеттік мекеменің жекеменшіктен ілгері қалып тұрған тұсы – жарнама мен менеджменттің жоқтығы. Біз көбіне өзімізді жарнамалап, жетістігімізді көрсетуден қымсынамыз. Ал бұл нарық заманында өте қажет.

–  Қазір қоғам да, медицина да дамыды. Жаңа әдістермен емдеу түрлері де жетілген. Соған қарамастан неліктен жақ-бет ауруларының саны көп? Науқастар қандай жағдайда  ауруханаға жиі түседі?

–        Менің тәжірибемде тістің асқынған аурулары мен  көлік апатынан

жарақат алғандар жиі кездеседі.  Әсіресе, тістің түрлі асқынуларынан жақ-бет аурулары көбейді. Бүгінгі күнде стоматологиялық емханалардың барлығы – жекеменшік. Қалтасы таяз халық тісі іріңдеп, беті ісіп кеткенде ғана тіс дәрігеріне қаралады. Көбінесе, ауырған тісті уақытылы емдемегеннен науқастардың қарасы артты.

–   Отбасын құрып үлгердіңіз бе?

–Иә, осыдан үш жыл бұрын отбасын құрып, қазір бір ұл, бір қызым бар.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бала кезімнен әкемнің автокөлігінен түспеуші едім, оны шұқылап, жөндеу –   менің ермегім болатын. Әрдайым қолым май-май болып, автокөліктің астынан шықпайтынмын. Мектеп бітіргенде де машинамен байланысты оқуға түсемін деп ойлағанмын. Дегенмен, әкемнің кеңесімен тіс дәрігері болдым. Қазір өз мамандығымды қатты ұнатамын. Мені көргендер «кезінде майдан қап-қара болып жүрген сенің қолыңды тап-таза қалпында көру біртүрлі екен» деп күледі.  Дегенмен, қолым бос кезде отбасыммен бірге болғанды ұнатамын. Ұлым мен қызымды, келіншегімді қыдыртамын, әрине арасында машинаны да «жөндеп» қоямын.

– Дінге қалай қарайсыз?

–        Дінге көзқарасым жаман емес. Меніңше, дін және Аллаға деген сенім

әркімнің жүрегінде болуы тиіс. Сенім ұлғайған сайын сөзден іске көшеді. Әлі намаз оқымасам да жұмадан қалмауға тырысамын.

Сұхбаттасқан Жұлдыз Рысмаханова

402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы