• Мәдениет
  • 13 Қыркүйек, 2016

МҰРАЖАЙ – ТАНЫМ БАСТАУЫ

Рауза  Байділдаева, 
тарих пәні мұғалімі,
қоғамдық «Өлкетану» мұражайының қызметкері

«Біздің  заманымыз - өткен заманның баласы,
 келер заманның атасы»

                                          А. Байтұрсынов 

Жас ұрпақ дүние сырларын ақтара қарап, бүгінгі күннің көкейтесті сауалдарына жауап іздейді, қоғамның бұдан былайғы заңдарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне зейін қойып қарасақ, мұражай өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады. Өйткені, мұражай экспонаттары тарих негізі. Ол сонау ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдарын айғақтайды. Олай болса, мұражайды тарихи куәгер ретінде қарауымыз керек. Сондықтан да , бүгінгі күн әлем мемлекеттері арасында мұражайы жоқ елді кездестіру мүмкін емес. Бұл кез-келген халықтардың өзінің тарихы мен мәдениетіне деген көзқарасына немқұрайлықпен қарамай, болашақты өткен ғасырдың рухани жетістіктерімен ұштастыра отырып қалыптастыруға деген ұмтылыс жігерінің белгісі. Дегенмен, қай жерде қандай мұражай болмасын, олар өзінің алдына қойған басты міндетін мұражай қорындағы жинастырған экспонаттар негізінде халыққа мәдени-білім беру қызметін көрсету арқылы жүзеге асырады. Осы мақсатта мұражайлар өз қорларын түрлі экспонаттармен толықтырып, экспозиция бөлімдерін әсем безендіріп қана қоймай, олардың қарапайым көрермен үшін түсінікті болуын, кез келген экспонаттың тарихын, оның мәні мен мағынасын түсіндіруді қамтамасыз етуге тиіс. 
Мұражайдың негізгі жұмысы – тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу.
Ел тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарды өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы  таңқалдырып, тамсандыратын механизмнің бірі –Мұражай болып табылады. Қай ұлттың болмасын өзіне тән тарихы, өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашағы болады.Қазақ өткенін зерделеп, бүгінін бағамдап, болашағын болжап, алдына үлкен мақсат қоя білген дана халық.Адамзат ұрпағы  басынан кешкен ықылым заманды көз алдыңызға елестетіп ,оны көзбен көріп, көңілге түйгіңіз келсе, жарқын болашаққа нық сеніммен ой жүгірткіңіз келсе, әрине , мұражайға бас сұғыңыз. 05
Мұражай-ғасырлар үндестігі. 
Мұражай- мәдениеттің ғибадатханасы. Мұражай таным мен тарихтың қайнар көзі. Таным мен ғылыми -ағартушылық  мекеме ретінде мұражайларға кез келген қоғамда ерекше орын беріледі.Ертеңгі болашаққа нық, әрі сенімді қадам жасау үшін де біздің қызметіміздің берері аз емес.   
Мектеп мұражайлары көпшіліктің бастамасы бойынша ұйымдастырылады және жұмыс істейді. Мұражай құру мен оның жұмыстарына қатысулары аркылы оқушылар зерттеу жұмыстарының жаңа қырларын танып біліп, шығармашылық қабілеттері оянып қалыптасады. 
Осы орайда Елбасымыздың 2004 жылғы «Мәдени мұрасына» байланысты Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,Ы.Жақаев ауылының №149 «Қызылту» орта мектебінде «Өлкетану» мұражайының негізі қаланып, 2009 жылы мектеп  директорының №1 бұйрығына сәйкес,қаңтар айының 3-ші жұлдызынан бастап арнайы мұражай қор сақтаушысы тағайындалып, жұмыстар атқарып келеді. 
Мұражайларға жүктелген  аса маңызды бірі   міндеттердің   тарихи-мәдени  ескерткіштерді қалпына келтіру, сақтау, рухани тәрбиеге пайдалану, дәріптеу. Мұражайдың  негізгі жұмысы – тарих  арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи  оқиғаларды  насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты  рухани-адамгершілік  және патриоттық  рухта  тәрбиелеу. 
Мұражай ең алдымен –таным, тәлім-тәрбие орны, ғылыми-ағартушылық орталық.Сондықтанда  біздің  алдымыздағы өзекті міндет – ұрпақ тәрбиесіне, ұлтымыздың болашағын тәрбиелеуге үлес қосу. 
«Естігенің естен шықса, көрген қалар көңіліңде, бір нәрсені жасап ұқсаң, ұмытылмас өміріңде», – деп Шығыс даналығында айтылғандай, мұражайда семинарлар, конференциялар, кездесулер, сыр сұхбаттар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. 
Мектеп дирекциясының қолдауымен мұражайда жинақталған материалдарымнан 2014 жылы  «Ауыл тарихы-Өлкенің айнасы»  және  «Шерлі шежірелі шындық» атты екі кітап жарық көрді. Оқушылар аудандық,  республикалық және Халықаралық Дипломдармен марапатталып,  жұмыстар кітапшаларға шықса, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» кітапшасына Болатқызы Аружан, Бектұрған Асылзат, Тойбек  Елжанның  аттары енді. 
Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері оқушылар және ауыл тұрғындары  қолда бар құнды жәдігерлерімен бөлісіп,өз қолдауларын үнемі көрсетіп отырады.
Қорыта айтқанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық рух көрсеткіші болып тұр. Сондықтан осы берілген мүмкіндікті жіберіп алмай  халықтың қадыр-қасиетін,оның болмысын айқындап, келешек ұрпаққа қалдыруда бір кісідей тың жігермен жұмыс жүргізілуі тиіс.

 

 

487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы